Заманауи өнер галереясына кіріп, қандай да бір картинаның немесе инсталляцияның алдында тоқтап: «Мұнда өзі не болып жатыр?» деп түсінуге тырысқан кездеріңіз болды ма? Мұқият қарап тұрған сияқтысыз, тіпті жанындағы түсіндірме жазуды да оқып шықтыңыз, бірақ одан ештеңе түсінікті бола қоймайды. Дәл осы кезде көпшіліктің ойына «1+1» фильміндегі белгілі эпизод оралатыны сөзсіз. Ол жерде Дрисс түсініксіз абстракцияны көріп: «Біреудің мұрны қанап кеткеніне отыз мың төлеу керек пе?» деп таңғалады ғой. Галереяға келесі барғанда осындай ыңғайсыз күйге түспес үшін, Tamga Media заманауи өнер туындыларын қалай қабылдап, олардың астарында қандай мағына жатқанын ұғудың жолдарын зерттеп шықты.
Жалпы, неден бастаған дұрыс?
Ең алдымен мынаны түсініп алу керек: заманауи өнер – залдың ортасында біреу байқаусызда тастап кеткендей көрінетін түсініксіз картиналар мен заттармен ғана шектелмейді. Музейлерде картиналарды, мүсіндерді, видеоларды, инсталляциялар мен перформанстарды көруге болады. Мысалы, перформанс суретшінің немесе қатысушылардың іс-әрекеті арқылы көрсетілсе, инсталляция тұтас бір бөлмені алып, сол кеңістіктің өзін өнер туындысына айналдырып жібере алады.
Оның үстіне, «заманауи» деген сөзге қарап, бұл туындылар жақында ғана жасалды деп ойламау керек. Шын мәнінде, бұл біздің дәуіріміз бен таяу өткен шақтың өнері. Қазір бізге оғаш немесе біртүрлі көрінетін әдістердің көбі ХХ ғасырдың ортасынан ауа басталған. Айталық, заттың сыртқы түрінен гөрі негізгі идеясы алдыңғы орынға шығатын концептуалды өнер сонау 60-жылдары-ақ дүниеге келген.

Ендеше, мұндай туындылар неліктен түсінбеушілік тудырады? Өйткені біз көбіне оларды өзіміз үйреніп қалған ескі қағидалармен бағалауға тырысамыз. Картинаға қарап, өзімізге таныс бейнені немесе оқиғаны іздейміз, ал мүсінге қарап, оның қаншалықты шебер жасалғанына баға береміз. Бірақ заманауи суретші көрерменге мүлдем басқа нәрсені ұсынуы мүмкін: мысалы, заттардың бір-бірімен байланысы туралы ойлануды, кеңістікке назар аударуды немесе бірнеше сағатқа созылатын іс-әрекетті бақылауды.
Бұл кез келген түсініксіз жұмысты «керемет, данышпандық туынды» деп қабылдау керек деген сөз емес. Керісінше, егер сізге қандай да бір туынды ұнамай қалса, «өнер туралы білімім таяз екен» деп өзіңізді кінәлаудың да қажеті жоқ. Түсінбеу – қалыпты жағдай әрі өнерді танудың бастапқы нүктесі. Бұл жердегі ең бастысы – бірден асығыс қорытынды жасамау және тым қатаң кесіп-пішіп айтпау.
Өнерді тануға жол ашатын жеті сұрақ
Музей мамандарының пікірінше, туындының жасырын сырын бірден ашуға ұмтылмай, ең алдымен оны байыппен тамашалау қажет. Нью-Йорктегі Заманауи өнер музейінің (MoMA) тәжірибесіне сүйенсек, көрермен алдымен өзіне көрінген бейнені сипаттап, одан алған әсерімен бөлісіп, содан кейін барып баға бергені дұрыс. Мұны іс жүзінде қолдану үшін мына бірнеше сұраққа жауап іздеп көрген жөн.

Менің көз алдымда не тұр? Автордың ойын бірден тауып алуға асықпаңыз. Одан да көзге көрінген детальдарға мән беріңіз: қандай заттар бар, қай түс көбірек, неден жасалған, қозғалыс немесе дыбыс байқала ма? Мәселен, «жерде кәмпиттер шашылып жатыр» деу – бұл жай ғана алғашқы байқау.
Қандай күй кешіп тұрмын? Бұл жұмыс сізді қорқытуы, ашуландыруы, қызықтыруы немесе ішіңізді пыстыруы ғажап емес. Мұндай әсерді дәл қандай деталь тудырғанын ұғынуға тырысыңыз. Бұл да шығарманы түсінудің бір жолы, бірақ сіздің эмоцияңыз суретшінің негізгі идеясымен дәлме-дәл келуі міндетті емес.
Неге бәрі осылай қойылған? Заттардың өлшеміне, тұрған орнына, жарық пен бос орындарға назар салыңыз. Әсіресе инсталляцияда көрерменнің қай тұста тұрғаны, оның ішінде еркін жүре алатыны үлкен рөл атқарады. Кейде байқалмай қалған тұсты көру үшін артқа шегініп немесе басқа бұрыштан қараудың өзі жетіп жатыр.
Тақтайшада не жазылған? Шығарманың аты, жасалған уақыты мен материалы бізге көп нәрсені айтып бере алады. Оның негізгі ойын ұғу үшін кейде ақпаратымен мұқият танысқан жөн. Мәселен, сырттай қарапайым тас болып көрінгенімен, жақындап қарасаңыз, ол мінсіз жасалған муляж (көшірме) болып шығуы мүмкін. Сонымен қатар, туындының атауы сіздің алғашқы ойыңызды мүлде басқа арнаға бұрып немесе өзіңіз байқамай қалған маңызды бөлшекті көрсетіп беруі ғажап емес.
Маған қандай мән-жай (контекст) белгілі болуы керек? Жұмыстың қай жерде және қандай жағдайда пайда болғанын, суретшіге қандай оқиғалар әсер етуі мүмкін екенін және оның неліктен дәл осы материалдарды таңдағанын біліп алыңыз. Автордың өмірбаянын бастан-аяқ оқып шығу міндетті емес. Кейде шығарманың әлдеқайда түсінікті болуына бір ғана тарихи дерек жеткілікті.
Менің болжамым оқып-білгеніммен сәйкес келе ме? Түсіндірмені оқығаннан кейін туындыға қайта оралыңыз. Бәлкім, енді сіз бұрын кездейсоқ болып көрінген детальдарды байқайтын шығарсыз. Немесе сізде басқаша болжам пайда болуы мүмкін. Ең бастысы – бұл ойдың неге негізделгенін түсіндіре білу.
Енді мен бұл жұмыс туралы не айта аламын? Бұл жерде «тек осы ғана дұрыс» деген нақты бір жауап жоқ. Өз көзіңізбен көріп, көңілге түйгеніңізді негізге ала отырып, жеке пікіріңізді қалыптастырсаңыз да жетеді. Суретшілер көрерменге дайын жауап бермей, өзінше ой түйіп, қорытынды жасауына әдейі еркіндік қалдырып жатады.

Орындық пен кәмпит үйіндісі: мұның бәрі өмірде қалай жұмыс істейді?
Біз негізгі қағидалармен таныстық, енді теориядан практикаға (іс жүзіне) көшетін уақыт келді. Бірнеше танымал туындыны мысалға ала отырып, оларға сырт көзбен қарағанда байқала бермейтін тереңірек мағынаны көру үшін жаңа алған білімімізді қолданып көрейік.
Айталық, 1965 жылы америкалық Джозеф Кошут «Бір және үш орындық» (One and Three Chairs) деген жұмысын көрсетті. Сырттай қарасаңыз, түк қиындығы жоқ: кәдімгі жиналмалы орындық, оның суреті және сөздіктегі «орындық» деген сөздің үлкен етіп жазылған мағынасы тұр. Бірақ бүкіл мән осында жасырынған! Суретші заттың өзін, суретін және мәтінді қатар қойып, көрерменге «осының қайсысы шын мәніндегі орындық?» деген сұраққа жауап іздеуді ұсынады. ХХ ғасырдың 60-жылдарында бұл өте батыл шешім болды. Өйткені мұнда басты рөлді форма емес, идея ойнайды. Бұл еңбек концептуалды өнердің жарқын үлгісі, ал Кошут оның басты өкілдерінің бірі саналады.

Феликс Гонсалес-Торрестің тәсілі тіпті таңғаларлық.
Ол 1991 жылы «Атаусыз (Лос-Анджелестегі Росстың портреті)» – Untitled (Portrait of Ross in L.A.) деген туынды жасап шығарды. Бұл – жылтыр қағазға оралған кәдімгі кәмпиттердің үлкен үйіндісі еді. Оның бастапқы белгіленген салмағы шамамен 79 келі болған. Көрмеге келген адамдарға ол кәмпиттерді алуға рұқсат етілген. Сол себепті кәмпит тауы біртіндеп азайып отырған, бірақ қажет кезінде оны қайтадан толтырып тұрған. Жұмыстың атауы автордың сол жылы ЖИТС (СПИД) дертінен көз жұмған жақыны Росс Лейкокқа арналған (ал 79 келі – оның сау кезіндегі салмағы екен). Осы қайғылы тарихты білген соң, адамдар алған сайын азайып жатқан кәмпиттерге мүлде басқа көзбен қарай бастайсыз. Бұл жай ғана тәттілер емес, сүйікті адамның көз алдыңда сөніп бара жатқанын бейнелейтін, өмірдің өткіншілігі мен сағыныш туралы өте әсерлі туынды екенін түсінесіз.
Ал 1974 жылғы Нам Джун Пайктің «TV Buddha» жұмысы қазіргі бітпейтін бейнебақылау камераларын еске түсіреді. Көз алдыңызға елестетіңіз: теледидарға қарап тұрған Будда мүсіні, оны камера тікелей эфирде түсіріп, бейнесін сол экранға шығарып жатыр. Нәтижесінде Будда теледидардан тек өзін ғана тамашалап отырғандай тұйық шеңбер шығады. MoMA мамандары бұл дүниені адамның өз-өзіне үңілуімен және экрандардың дүниетанымымызға қалай әсер ететінімен байланыстырады.Автор қазіргі заманда адамдардың смартфонға телміріп, өз-өзін үнемі экраннан көретін әдетін сол кездің өзінде-ақ дөп басқан.

Тағы бір мысал, қытайлық суретші Ай Вэйвэйдің Sunflower Seeds («Күнбағыс дәндері» немесе пістелері) туындысы. 2010 жылы ол Лондондағы Tate Modern галереясында 100 миллион фарфор (қыш) пістеден тұратын экспозиция ұсынды. Олардың әрқайсысын Қытайдың Цзиндэчжэнь қаласының 1600-ге жуық шебері қолмен жасап, бір-бірлеп бояп шыққан. Алыстан қарағанда пістелердің бәрі бір-бірінен аумайтын сияқты көрінеді, бірақ жақынырақ үңілсеңіз, әрқайсысының әртүрлі екенін байқайсыз. Қарапайым ғана көрінетін бұл инсталляцияның астарында – жаппай өндіріс, ауыр қол еңбегі және миллиондаған көпшіліктің ішінде жеке адамның қалай жоғалып кететіні туралы терең ой жатыр.
Бұл туындылардың барлығы әртүрлі жасалған, бірақ оларды біріктіретін бір ортақ тұсы – алғашқы әсер әрқашан ең басты мағынаны көруге мүмкіндік бере бермейді. Кейде шығарманың қалай жасалғаны мен тарихын білу керек, кейде қолданылған материалдардың сырына үңілу қажет, ал кейде жай ғана асықпай тағы бір мәрте мұқият қарап шығу жеткілікті.

Ал бәрібір ештеңе түсінбесем ше?
Өнер тарихын біліп, оның түрлі бағыттарын ажырата алу, әрине, пайдалы. Бірақ музейге бару үшін өнертанушы дипломы болуы міндетті емес. Оның үстіне, көрген туындының бәрін бірдей ұнату, толық түсіну немесе «ғажап шедевр» деп қабылдау шарт емес. Суретшінің не айтқысы келгенін біліп, мән-жаймен танысқаннан кейін де «бұл маған ұнамады» деп айтуға толық құқығыңыз бар. Бұл қалыпты жағдай.
Ең бастысы – өнерде «міндетті түрде осылай болуы керек» деген қатып қалған қағида жоқ екенін ұмытпаңыз. Иә, суретшінің немесе куратордың жазғанын оқып көп нәрсені түсінуге болады, бірақ олар сіздің көкейіңіздегі барлық сұраққа жауап бермеуі де бек мүмкін. Сондықтан, жай ғана қиялға беріле салмай, көзбен көрген нақты детальдар мен фактілерге сүйене отырып, туынды туралы өз ойыңызды, өз тұжырымыңызды емін-еркін жасай берсеңіз болады.
Сондықтан, келесі жолы алдыңыздан шым-шытырық картина, біртүрлі зат немесе түсініксіз перформанс шықса, «мені алдап кетті» деген оймен, қабағыңызды түйіп кетіп қалуға асықпаңыз. Одан да оған мұқият үңіліп, жанындағы тақтайшаны оқыңыз да, өзіңізге бір-екі сұрақ қойыңыз. Содан кейін оқып-білген жаңа ақпаратыңызбен шығармаға қайтадан бір көз салып көріңіз. Бәлкім, бұл туынды сіздің ең сүйікті жұмысыңызға айнала қоймас. Есесіне, бұдан былай музейге бару – өзіңіз мүлдем дайындалмай келген қиын емтихан сияқты көрінбейтін болады.



