Зумерлер ешқашан ірі ақшаны ұсақтап көрген жоқ, автобуста жолақысын қолма-қол төлемеді, тіпті қалтасына тиын салып, оны санап та әуре болған емес. Олар үшін ақша – экрандағы сан, кассадағы QR-код, аударым түскенін ескертетін хабарлама. Зумерлер – электрон ақшаның ішінде өскен алғашқы ұрпақ. Олар үшін бұл жаңа технология емес, үйреншікті әдет. Осының әсерінен олардың ақша жұмсау мен жинауға көзқарасы да бөлек. Tamga Media жастардың цифрлық қаржылық сауатын зерделеп көрді.
Қолма-қол ақшаны қолдану азайып барады
2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан азаматтары 92,1 триллион теңгеге 7,1 миллиард рет онлайн төлем жасаған. Бұл былтырғы транзакциямен салыстырғанда 5,1%-ға, ал сомасы бойынша 4,2%-ға көп. Демек, отандастарымыз күн сайын 509 миллиард теңгеге жуық сомаға 39 миллионнан астам онлайн төлем жасады. Оның үстіне, бұл төлемдердің 90%-ы интернет-банкинг, мобильді қосымшалар мен QR-код арқылы өтті.
Ал қолма-қол ақшаның жағдайы басқа. 2026 жылдың алғашқы жартысында банкоматтан ақша шешу көлемі былтырғымен салыстырғанда 12,5%-ға азайған. Банктердің суперапп қосымшаларында ақша төлеу мен аударудан бөлек, оны жинайтын функциялары да бар.
Бүкіл елдегі онлайн төлемге көшу трендін жастар бастаған. Олар банк қосымшаларын, QR-код арқылы төлем жасауды, оған қоса телефон нөмірі бойынша ақша аударуды бәрінен бұрын үйренді.

Ақша жинау статистикасы
Зумерлер туралы «ақшаны оңды-солды шашады» деген стереотип — жаңсақ пікір. Бір жағынан олардың 34%-ында мүлде қаржы қоры жоқ. Бұл бумерлермен (16%) салыстырғанда екі есе көп. Ал жинағы бар зумерлердің 10%-ы ғана ол ақшаға жарты жылдан астам өмір сүре алады. Яғни, басқа буындармен (миллениалдар, X ұрпағы, бумерлермен) салыстырғанда, зумерлердің жинаған ақшасы ең тез таусылып қалады.
Екінші жағынан, 2025 жылы зумерлердің 58%-ы жинаған ақшасын көбейткен. Бұл миллениалдардан (54%), X ұрпағынан (47%) және бумерлерден (39%) көп. Сондай-ақ олардың 81%-ы ақша жинауды басты орынға қояды. Тіпті 69%-ы ақша құртпау үшін ойын-сауыққа, дайын тамаққа, әртүрлі жазылымға жұмсайтын шығынын азайтты.
Олар әлеуметтік желіде көріп жүргеніміздей ысырапшыл емес. Ақшаны да «бір күні керек болар» деп жайдан-жай жинамайды. Нақты мақсат қойып, оған банк қосымшасындағы автоматты алгоритмдер арқылы жетеді.
Бумерлер, миллениалдар мен зумерлер ақшаны қалай жинайды?
Әр буынның ақшаға деген көзқарасы мен оны сақтау психологиясы мүлде бөлек. Бұрынғы аға буын қаржыны көзден таса, қауіпсіз әрі алуға қиын жерде ұстауға үйренді.
Ата-әжелеріміз бен бумерлер ақшасын банкке апарып, қолмен жазылатын қағаз кітапшаға (сберкнижкаға) түсіріп қоятын. Жинаған қаржыдан аздап болсын алу үшін олар міндетті түрде уақыт бөліп, киініп, банк бөлімшесіне арнайы баруға мәжбүр еді.

Миллениалдар мен X ұрпағы аздап цифрлық дәуірге аяқ басып, қолында банк картасы болса да, ақшаның бір бөлігін шкафтағы конвертке немесе шыны банкаға салып жинады. Өйткені ол кезде ақшаны қолға алу үшін белгілі бір физикалық кедергілерді еңсеру керек болатын: орныңнан тұрып, шкафты ақтару немесе жоғарыда тұрған банканы алу қажет еді. Ақша алу қиындығы адамды райынан қайтарып, артық шығыннан сақтайтын табиғи тежегіш ролін атқарды. Демек, ақшаға жету неғұрлым қиын болған сайын, ол соғұрлым ұзақ сақталатын.
Ал зумерлер керісінше, ақшаны өте оңай жұмсайды. Телефонды бір шертсе болды, Apple Pay немесе бір батырманы басып-ақ бөліп төлеу дайын тұр. Сондықтан жастар ақшасы желге ұшпас үшін өздеріне арнайы ережелер мен әдістер ойлап тапты. Оған қоса жаңа трендтер мен сөздер де пайда болды.
Cash stuffing (конвертке ақша салу)
TikTok-та #cashstuffing хэштегі 700 млн-нан астам қаралым жинады. Жастар қолма-қол ақшаны шығарып, «пәтерақы», «тамақ», «демалыс» деп жазылған конверттерге салады.
Ескі әдіс болғанымен, ондағы мақсат екітүрлі. Бұрын ата-әжелеріміз ақшасына есеп жүргізу үшін конвертке салса, зумерлер ақшаның жұмсалып жатқанын көзбен көріп, қолмен сезіну үшін осылай істейді.
Loud budgeting (үнемдеу туралы айту)
2024 жылы шыққан жаңа ұғым. Ақшаңыз бола тұра, оны жұмсағыңыз келмейтінін еш қымсынбай ашық айту.
Бұрын «ақшамды үнемдеп жүрмін» деу ұят сияқты, тіпті жоқшылықтың белгісіндей көрінетін. Қазір трендке сай, «мен ресторанға бара алмаймын, ақшамды үй алуға жинап жүрмін» деп ашық айту қалыпты нәрсеге айналды.
Round-up saving (ұсақ ақшаны жинау)
Бұл банк қосымшасындағы функция.
Зат сатып алғанда, артық қалған тиын-тебенді жинаққа аударып отырады. Мысалы, 1 240 теңгеге кофе алсаңыз, оны 1 300 теңге деп есептеп, арасындағы 60 теңгені жинап қояды.
Байқалмай қалатын осындай ұсақ ақша уақыт өте келе үлкен қаржыға айналады. Бұл – баяғы тиын салатын банкінің электронды түрі. Айырмашылығы тиын цифрлық форматта әрі өзінен-өзі жинала береді.
Savings goals ( ақшаны банк қосымшасында жинау)
Жастар ақшаны әртүрлі мақсатқа бөлек жинайды.
Қосымшада «Балиге саяхат», «жаңа телефон» немесе «қысылғанда жұмсайтын ақша» деп әрқайсына бөлек шот ашып қояды. Ақшаның қанша пайызы жиналғаны көрініп тұрады. Осының арқасында құдды біройын ойнап отырғандай, қызығып жинайды.

Тағы не өзгерді?
Зумерлерге банк бөлімшелерінің болуы міндетті емес. Олар телефонындағы қосымшаны пайдаланады. Жастардың 55,7%-ы үшін банктің бөлімшесі мен менеджерінен бұрын, оның қосымшасы маңызды. Банк таңдағанда ең алдымен соған қарайды. Сондықтан да жастар арасында телефондағы банк қосымшасын қолданушылар жыл сайын 12,4%-ға көбейіп жатыр.
Ақша туралы кеңесті де банкке барып сұрамайды. Жастардың 62,5%-ы қаржы туралы білімді әлеуметтік желіден, әсіресе YouTube-тен іздейді. Түптеп келгенде, қазіргі жастар ақша ұстауды лентадағы видеоларды ақтарып отырып-ақ үйреніп алады.



