Якудзаның Жапонияда өмір сүріп жатқанына бірнеше ғасырдың жүзі болды. Олар туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды, компьютерлік ойындар да бар... Ал олардың денесіндегі татуировкалары, киім үлгісі мен өзгеше әдеттері әлемдік поп-мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.
Қазіргі Жапонияда полиция бақылауы күшейіп, қатал заңдар қабылданса да, бұл қылмыстық ұйым неге мүлде жойылып кетпей отыр? Жапон қоғамы мен мафияның арасында қандай байланыс бар? Материалда осы феноменнің астарлы сырын бірге тарқатып көрейік.
Ойыншылар мен саудагерлерден бастау алған қылмыстық империя
Якудзаның шығу тарихын әдетте Эдо дәуірінде (1603–1868 жылдары) өмір сүрген екі үлкен топпен байланыстырады.

Бірінші топ – бакутолар (кәсіби құмар ойыншылар). Олар жасырын құмар ойындарын ұйымдастырып, өсімқорлықпен (жоғары пайызбен ақша беру) айналысты. Сонымен қатар қарызды күшпен қайтару арқылы маңына ұйымдасқан топтарды жинады.
Екінші топ – тэкиялар (көше саудагерлері). Олар жәрмеңкелер мен базарлардағы сауда орындарын бақылауда ұстап, сатушылардан салық жинады әрі өз аймағында «тәртіп» орнатты. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл кәдімгі рэкет еді.
Уақыт өте келе бұл топтарда кинодан көретіндей таныс сипаттар қалыптасты: темірдей тәртіп, қатаң иерархия, меншікті аймақ және өзіндік жазылмаған заңдар. Топ басшысын – оябун («өгей әке»), ал оған бағыныштыларды – кобун («өгей балалар») деп атады. Мұндай отбасылық-кландық жүйе ұйымды біріктіріп, билікті ешкімге жібермей ұрпақтан-ұрпаққа беріп отыруға мүмкіндік берді.
Бір қызығы, «якудза» сөзінің түп-тамыры да құмар ойынынан басталады. Дәстүрлі жапон картасында 8-9-3 комбинациясы ең пайдасыз, ұтылыс комбинациясы саналатын. Бұл сандар жапонша «я-ку-дза» болып айтылады. Сондықтан бұл атау бастапқыда «жолы болмайтындар» дегенді білдіріп, кейін бүкіл мафияның басын біріктіретін терминге айналды.
Ал жапон мафиясының нағыз гиганты – «Ямагути-гуми» (Yamaguchi-gumi) кланы. 1915 жылы Кобе портында қарапайым жұмысшылардан құралған шағын топ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тез ұлғайып, елдегі ең жойқын ұйымдасқан топқа айналды. «Ямагути-гуми» қазір де Жапониядағы ең ықпалды қылмыстық ұйым болып отыр.

Неліктен оларға мүлде тыйым салынбады?
Таңғаларлығы, якудза әлемдегі ең ашық әрекет ететін қылмыстық ұйымдардың бірі болды.
Бірақ Жапония билігі оларды ресми түрде заңды деп таныды дегенді білдірмейді. Бар мәселе ұзақ уақыт бойы ел заңнамасы мұндай ұйымға мүше болудың өзін бөлек қылмыс деп есептемегенінде еді.
Егер адам нақты қылмыс жасаса, есірткі саудасымен, алаяқтықпен айналысса немесе біреуге шабуыл жасаса, ол жауапқа тартылатын. Ал белгілі бір қылмыстық топтың мүшесі болғаны үшін адамды түрмеге отырғызуға соттың қауқары жетпейтін еді.
Заңдағы мұндай шектеу таңғаларлық жағдайға әкеліп соқтырды. Полиция якудзаның штаб-пәтерін, жетекшілерін толық біле тұра, «мұнда қылмыскерлер жиналды» деген уәжбен офисті жауып тастай алмады.
Осылайша, қылмыстық империялардың штаб-пәтерлері заңды компаниялар сияқты ашық жұмыс істеп жатты. Есіктеріне маңдайша ілініп, визиткалар басылып, байланыс нөмірлері ашық көрсетілді.
Бұл ашықтықты түсіндіретін тағы бір себеп бар. Көзге көрініп тұрған ұйымды бақылауға полицияға әлдеқайда оңайрақ, себебі тәртіп сақшылары мафия басшыларын, олардың мекенжайы мен ішкі құрылымын беске білді. Содан да мемлекет нақты қылмыстарды тергей отырып, бұрыннан ашық әрекет ететін топтарды сырттай бақылап отыруды қолайлы көрді.

Жапония тыйым салудың орнына оларға қысым көрсетті
1990 жылдардың басында бұл бағыттағы саясат түбегейлі өзгерді. 1991 жылы Anti-Boryokudan Act заңы қабылданып, ол 1992 жылы өз күшіне енді. Жаңа Заң ұйымдарды ресми түрде bōryokudan (жапон тілінен аударғанда «күш көрсетуші/зорлық-зомбылық топтары») деп белгілеп, олардың әрекетіне қатаң шектеулер қойылды.
Осыдан кейін оларға қаржылық және әлеуметтік қысым күшейді. Банктер шот ашуды тоқтатты, бизнес өкілдері олармен келісімшарт жасаудан бас тартты. Жылжымайтын мүлік пен сақтандыру саласындағы шектеулер мафияның ашық әрекет етуіне мүмкіндік бермеді. Кәсіпкерлер үшін якудзамен серіктес болу былай тұрсын, оларға жай ғана орын немесе қызмет ұсынудың өзі өте қауіпті іске айналды. Бұл стратегия өз жемісін берді.
1991 жылы Жапония полициясы якудзаға мүше болған адамдардың саны шамамен 91 мың еді. Ал 2025 жылдың соңына қарай олардың қатары 17,6 мыңға дейін азайды. Оның 9,4 мыңы топтардың ресми мүшелері болса, қалған 8,2 мыңы олармен байланысы бар адамдар. Бұл заң күшіне енгелі бергі ең төменгі көрсеткіш.
Осы жерде заңды сұрақ туындайды: егер олардың саны бес есеге азайса, біз неге олар туралы әлі де айтып жүрміз?
Якудза көлеңкеге кетті, бірақ жоғалған жоқ
Мафия қатары сирегенімен, қылмыстық әлемнің сипаты өзгерді. Бұрынғыдай қатал тәртібі мен меншікті офисі бар дәстүрлі кландар полиция үшін оңай жемге айналды. Сондықтан жаңа заманның талабына сай якудзаның қылмыстық әлемі ашық жүйеден жабық жүйеге бас тартты.

Бүгінде мафия көлеңкелі алаяқтыққа, жалған шоттарға, анонимді арналарға бет бұрды. Негізгі табыс көзі әлі де есірткі, құмар ойын мен жасалған заңсыз әрекеттерден түскенімен, кибер-алаяқтық бірінші орынға шықты.
2025 жылғы ресми дерекке сүйенсек, ұсталған якудза мүшелері мен олармен сыбайлас тұлғалардың ішінде 875 адам дәл осы алаяқтық істері бойынша жауапқа тартылған. Салыстырмалы түрде айтсақ, дәстүрлі заң бұзу бабы бойынша бар болғаны 385 адам ұсталды.
Осылайша, дәстүрлі кландардың орнын tokuryū – желіде жасырын түрде әрекет ететін, құрамы анонимді жаңа буын қылмыстық топтар шықты.
Жаңа мафия
Ал tokuryū тобының ішкі құрылымы мүлде басқаша. Олардың тұрақты құрамы, белгілі жетекшісі, тіпті бекітілген иерархиялық жүйесі де болмауы мүмкін. Олар орындаушыларды әлеуметтік желілер мен анонимді хабарландырулар арқылы жинап, тапсырма орындалған бойда іздерін суытып отырады.
Нәтижесінде дәстүрлі якудза топтарына мүлде қарама-қайшы жаңа жүйе пайда болды. Баяғы ұйымдасқан топ иерархия мен жеке беделге сүйенсе, бұл жаңа үйым нақты бір алаяқтық операция үшін ғана бірігетін уақытша топтар сияқты әрекет етеді.
Жапон полициясы мұндай жасырын топтарды өте үлкен қауіп деп есептеді. Олар өз мақсаттары үшін якудза мүшелерін де, шетелдік қылмыскерлерді де, жеке операцияларға жалданатын қарапайым адамдарды да пайдалана алды. Бұл ортада ең төменгі сатыдағы орындаушы бұйрықтың қайдан келгенін де, ұрланған қаржының түпкілікті кімнің қалтасына түсетінін де мүлде білмейді.

Ал олардың атақты офистеріне не болды?
Ірі топтардың әлі де болсын кейбір ғимараттары бар. Мысалы, 2024 жылы Токио соты Синдзюку ауданындағы Sumiyoshi-kai тобының бас кеңсесін пайдалануға уақытша тыйым салды. Ал 2025 жылы топтың Минато ауданында жаңа бас нысаны пайда болды. Яғни, бұл штабтар толығымен жойылып кеткен жоқ, бірақ якудза осы ғимараттардың кесірінен енді үнемі соттасып, шектеулермен күресуде.
Жаңа офистер ашу да әлдеқайда қиындады. Жылжымайтын мүлік иелері оларға ғимаратты жалға беруден бас тартады, ал кейбір аудандарда якудзаның штаб құруына және жиналыстар өткізуіне арнайы заңнамалық тыйымдар салынған.
Бүгінде Жапонияда мафия штабын әлі де кезіктіруге болады. Бірақ олардың кәдімгі бизнес сияқты ірі бизнес-орталықтардан заңды түрде кеңсе жалдап, еркін жұмыс істеп отырғанын елестетудің өзі қиын.
Ал татуировкалар, кесілген саусақтар мен «ар-намыс кодексі» қайда қалды?
Бұл дәстүрлерсіз якудза туралы әңгіме толық болмас еді. Денені жапқан irezumi дәстүрлі татуировкалары шынымен де бұл топтардың басты визуалды символына айналды. Алайда бұл татуировкалар қазір иелеріне тек мәселе тудырып жүр. Денесінде суреті бар адамдарды моншаға (онсэн), бассейнге немесе фитнес-клубқа кіргізбейді. Мафияның кесірінен Шығыс Азияда денесін әрлеген қарапайым тұрғындарға да күмәнмен қарайтын теріс стереотип әлі күнге дейін сақталған.
Сонымен қатар, жазалау немесе топ басшысына бағыныштылықты білдіру белгісі ретінде саусақтың бір буынын кесу – юбицумэ ритуалы кең тараған. Қызықты факт: тарихи тұрғыдан алғанда, шынашақтың бір бөлігінен айырылу қылышты ұстау қабілетін әлсіретіп, адамды өз кланына одан бетер тәуелді ететін болған.

Бірақ бұл салт та біртіндеп жойылып барады. Себебі қазіргі якудза үшін басты мақсат – көзге түспей, тасада қалу.
Ал «Бусидо ар-намыс кодексімен» байланысты жағдай тіпті қызық. Кино мен әдебиет якудзаны темірдей тәртібі, өзіндік моралы бар, қатаң костюм киген серілер етіп көрсетті. Бірақ іс жүзінде олар қылмыстық әрекетінен, алаяқтықтан, есірткіден, құмар ойындарынан және басқа да заңсыз схемалардан ақша табатын қарапайым қылмыстық ұйымдар. Ал иерархия мен тәртіп тек жүйенің ақаусыз жұмыс істеуі үшін қажет.
Олай болса, олар неге әлі күнге дейін жойылмай келеді?
Якудзаның қолында әлі де зор капитал, жылжымайтын мүлік пен үлкен ықпал бар. Билік олардың экономикалық арналарын кескенімен, ресурстар ешқайда кетпеді. Адамдарының бір бөлігі кетіп қалды, кейбір топтар ыдырап кетті, ал бизнестің бір бөлігі арадағы дәнекерлер мен жалған компаниялар арқылы жұмыс істей бастады.
Десек те, мемлекет саясатының нәтиже бергенін мойындаумыз керек. 30 жыл ішінде мафия мүшелерінің саны 81%-ға азайды. Бүгінде якудзаға заңды өмір сүру де, бұрынғыдай бизнес жүргізу де оңай емес.
Бірақ ұйымдасқан қылмыс кез келген мафиядан да өміршең. Алаяқтық, есірткі, заңсыз ақша мен арам жолмен байығысы келетіндер барда, қылмыстық астыртын орта қайта түлеп, өмір сүрудің жаңа жолын таба береді.



