Ойын-сауықӘдебиетXXI ғасырда ең көп сатылған 10 кітап

XXI ғасырда ең көп сатылған 10 кітап

7 тамыз 2026
5 мин
Фото: alamy.com

Бірнеше жылда бір рет әлемде бәрі жарыса талқылайтын ерекше кітап шығып тұрады. Оны әріптесіңіз де, көршіңіз де, әлеуметтік желідегі блогерлер де айтып жатқан соң сатып аласыз. Кейінгі 26 жылда мұндай кітаптар аз болған жоқ, бірақ санаулысы өте сирек кездесетін мәдени құбылысқа айналды: олар бойынша фильмдер түсіріледі, ондаған тілге аударылып, ал кейіпкерлері бір буынның сүйіктісіне айналды. Сонымен бұл қай кітаптар?


Рейтингті қалай жасадық?


Кітаптардың нақты қанша данасы сатылғаны туралы деректі оңай емес: баспалар қанша сатылғаны жөнінде ақпаратты жасырып қалады, ал дүкендер тек өз дерегін береді. Дегенмен біз мәліметті NielsenIQ BookScan деректерінен, баспалардың ресми есептері мен аналитикадан жинадық.


Тізімді кітаптың атағына байланысты емес, жалпы тиражына қарай (көптен азға) реттеп шықтық. Оған қоса алғашқы томы  2000 жылдан кейін шыққан кітаптарды ғана қостық. Сол себепті тізімнен «Хәрри Поттер» мен «Сақиналар әміршісін» таба алмайсыз.


«Тентек балақайдың күнделігі», Джефф Кинни

  • 2007 жылы шықты

  • 275 миллионнан астам данасы басылды

  • 70-тен астам тілге аударылды

Бұл кітап мұндай тізімдерде жиі атала бермейді. Соған қарамастан, соңғы 20 жылда оның танымалдығы да, сатылымы да бәсеңдеген емес. Тентек балақай Грег Хеффлидің комикс түрінде жазылған күнделігі миллиондаған баланың кітап оқуға ынтасын оятты.


Серия 2007 жылдан бері The New York Times бестселлерлер тізімінде жалпы саны 800 аптадан астам уақыт болды. Кітап желісімен түсірілген үш фильм әлемдік прокатта 250 миллион доллардан астам табыс тапты. Бұл ірі блокбастерлермен салыстырғанда көп болмауы мүмкін, бірақ балалар фильмі үшін өте жоғары көрсеткіш.


«Перси Джексон», Рик Риордан

  • 2005 жылы шықты

  • 180 миллионнан астам данасы сатылды

  • 40-тан астам тілге аударылды

Посейдонның ұлы екенін білген жасөспірімнің хикаясы тұтас бір буынға «Хәрри Поттер» сияқты әсер етіп, оқырмандарды грек мифологиясымен жақынырақ таныстырды. «Перси Джексон және олимп құдайлары» сериясының алғашқы бес кітабының өзінің АҚШ-та 100 миллион данасы тарады. Ал басқа серияларын («Олимп батырлары», «Кейн хроникалары», «Магнус Чейз») қоса есептегенде, кітаптарының жалпы таралымы 180 миллионнан асты.


2010 және 2013 жылдары шыққан екі фильм әлемдік прокатта 426 миллион доллар жинады. Ал 2023 жылы Disney+ платформасында сериал жарық көргеннен кейін, кітаптарға қызығатындар қайта артып, сатылымы тағы да өсті.

«Сұрдың 50 реңі», Э.Л. Джеймс

  • 2011-2012 жылы шықты

  • 165 миллионнан астам данасы сатылды

  • 50 тілге аударылды

Студент Анастейша Стил мен кәсіпкер Кристиан Грей туралы роман бастапқыда «Ымырт» желісімен жазылған фанфик ретінде дүниеге келген. Алайда кейін оны шабыттандырған түпнұсқадан да танымал болды. Әдебиет сыншылары қанша сынаса да, роман The New York Times бестселлерлер тізімінде 133 апта бойы болды.


Трилогия желісімен 2015-2018 жылдары түсірілген үш фильм әлемдік прокатта 1 миллиард доллардан астам табыс тапты. Сыншылардың теріс пікірі бұл жолы да кітаптың да, фильмдердің де танымалдығына әсер ете алмады.


«Ымырт», Стефани Майер

  • 2005-2008 жылы шықты (4 кітап)

  • 160 млн-нан астам данасы сатылды

  • 49 тілге аударылды

Мектеп оқушысы Белла мен вампир Эдвардтың махаббат хикаясы жасөспірімдер фэнтезиіне үлкен серпін берді. 2008 және 2009 жылдары серияның төрт кітабы да USA Today бестселлерлер тізімінің алғашқы төрт орынды қатар иеленді. Бұл нәтижені әлі күнге дейін ешбір жазушы қайталай алған жоқ.


Серия желісімен түсірілген бес фильм кинопрокатта 3,3 миллиард доллардан астам қаржы жинап, Белла мен Эдвардты ең танымал жұпқа айналдырды.

«Аштық ойындары», Сьюзен Коллинз

  • 2008-2004 (негізгі трилогия) шыққан

  • 100 млн-нан астам данасы сатылды

  • 50-ден астам тілге аударылды

Кітапта болашақтағы қатыгез қоғам бейнеленеді. Онда билік жыл сайын жасөспірімдерді бір-бірімен өлімге дейін шайқастыруға мәжбүрлейді. Осы сайысқа қатысқан Кэтнисс Эвердин әділетсіз жүйеге қарсы шығып, әлемдегі миллиондаған оқырман үшін еркіндік пен қарсылықтың символына айналды.


Серия желісімен түсірілген бес фильм әлемдік прокатта 3,3 миллиард доллардан астам табыс тапты. Ал 2025 жылы жарық көрген «Торғын таң» кітабы алғашқы аптаның өзінде 1,5 миллион дана сатылып, осы серия тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.


«Айдаһар татуы бар қыз», Стиг Ларссон

  • 2005 жылы шыққан

  • 100 млн-нан астам данасы сатылды

  • 44 тілге аударылды

Жазушы Стиг Ларссон романының әлемде бестселлерге айналатынын білмеді. Ол бірінші кітап жарық көргенге дейін бір жыл бұрын, 2004 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды.


Шығарма желісі бойынша екі фильм түсірілді: швед нұсқасы 2009 жылы, ал Голливуд нұсқасы 2011 жылы шықты. Осы туынды – тарихтағы ең көп сатылған электрон кітап.

«Да Винчи коды», Дэн Браун

  • 2003 жылы шыққан

  • 80 млн-нан астам данасы сатылды

  • 44 тілге аударылды

Роман жарық көрген сәттен-ақ қоғамда қызу пікірталас тудырды. Луврдағы жұмбақ кісі өлімінен кейін профессор Роберт Лэнгдон діни құпиялар мен тарихи жұмбақтардың ізіне түседі.


Кітап желісімен 2006 жылы фильм түсірілді. Басты рөлді Том Хэнкс сомдаған туынды әлемдік прокатта 760 миллион доллардан астам табыс тауып, Роберт Лэнгдон туралы кейінгі фильмдердің («Періштелер мен жындар», «Инферно») түсірілуіне жол ашты. Тарихшылар романдағы кейбір деректердің бұрмаланғанын бірнеше рет айтқанымен, бұл кітаптың танымалдығы мен сатылымына еш әсер еткен жоқ.


«Атом әдеттері», Джеймс Клир

  • 2018 жылы шықты

  • 25 млн-нан астам данасы сатылды

  • 60-тан астам тілге аударылды

Осы тізімдегі ойдан шығарылған кейіпкері жоқ жалғыз туынды. Мұндағы басты идея: адамның кім болатынын үлкен шешімдерден емес, күнделікті кішкентай әрекеттерден байқалады. Кітап New York Times бестселлерлер тізімінде бес жылдан бері үздіксіз тұр.


Шығарманың шыққанына сегіз жыл өтсе де сатылымы бәсеңдеген жоқ. Көркем әдебиетке қарағанда мұндай нон-фикшн туындының ұзақ уақыт сұраныста болуы өте сирек кездеседі.

«Жұлдыздар кінәлі», Джон Грин

  • 2012 жылы шықты

  • 23 млн-нан астам данасы сатылды

Оқиға обыр дертіне шалдыққан екі жасөспірім жайында. Шығарма қиындыққа қарамастан өмірге қуануды, сүюді және армандауды баяндайды. Автор туындыны 16 жасында рактан қайтыс болған жақын құрбысы Эстер Эрлге арнаған.


Шығарма желісі бойынша 2014 жылы фильм түсірілді. Басты рөлдерде Шейлин Вудли мен Энсел Элгорт ойнаған туынды 12 миллион доллар бюджетпен 307 миллион доллардан астам қаржы жинады.


«Жоғалған әйел», Гиллиан Флинн

  • 2012 жылы шыққан

  • 20 млн-нан астам данасы сатылды

  • 40-тан астам тілге аударылды

Бұл роман психологиялық триллер жанрына көзқарасты өзгертті. Әйелі із-түзсіз жоғалғаннан кейін, басты күдік оның күйеуіне түседі. Алайда тергеу тереңдеген сайын ешкімге, тіпті оқиғаны баяндаушының өзіне де сенуге болмайтыны белгілі болады.


2014 жылы режиссер Дэвид Финчер роман желісімен фильм түсірді. Розамунд Пайк пен Бен Аффлек ойнаған туынды 61 миллион доллар бюджетпен түсіріліп, әлемдік прокатта шамамен 371 миллион доллар табыс тапты. Розамунд Пайк осы рөлі үшін «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Ал «Хәрри Поттер» қайда?


Тізімді шыққан жылы бойынша шектемесек, «Хәрри Поттер» көш бастайтын еді. Бүкіл сериясы 600 млн-нан астам данамен таралып, 80-нен астам тілге аударылған. Ресми түрде бірінші кітап «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» 1997 жылы шықты. Осы себепті рейтингке Р. Л. Стайнның “Goosebumps” топтамасы (400 млн дана, 1992 жыл) мен «Сақиналар әміршісі» де (150 млн дана, 1954 жыл) кірмеді.


Джордж Мартиннің «Мұз бен от жыры» циклы да осылай: алғашқы кітабы 1996 жылы жарық көргендіктен, таралымы 90 млн-нан асса да тізімде жоқ.


10 кітаптың қатарына кірмесе де, оқырманын тапқан кітаптар


Таралымы жағынан көшбасшыларға жол берген кітаптар:

  • «Батпырауық қуған бала» (Халед Хоссейни, 2003) – осы романның таралымы 12 млн-нан асты.

  • «Prada киген сайтан» (Лорен Вайсбергер, 2003) – Мерил Стрип ойнаған фильм кітапты культке айналдырды, ал таралымы шағын.

  • «Ала пижама киген бала» (Джон Бойн, 2006) – 11 млн-нан астам данамен таралып, мектеп бағдарламаларына енді.

  • Марк Мэнсонның 2016 жылы шыққан «Алаңсыз болудың қыр-сыры» кітабы өзін-өзі дамыту жанрында «Атом әдеттері» кітабымен бәсекелес әрі сатылымы да одан кем түспейді.

Бөлісу: