ӘлемдеҚаржыБір заңбұзушылық – жарты жалақы: Қазақстанда жылдамдықты асырғаны үшін төленетін айыппұл расымен жоғары ма?

Бір заңбұзушылық – жарты жалақы: Қазақстанда жылдамдықты асырғаны үшін төленетін айыппұл расымен жоғары ма?

4 қыркүйек 2026
5 мин
«Need for Speed: Жажда скорости» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Жылдамдықты тиісті межеден 65 км/сағ-қа, асырсаңыз, 173 000 теңгеңіз желге ұшады да кетеді. Ал бұл – елдегі медианалық жалақының тең жартысы. Қалтаға кәдімгідей салмақ. Енді дәл осылай Лондон көшелерінде жүйіткісеңіз, не боларын елестетіп көргіңіз келе ме? Мұнда айыппұл 3 375 долларға дейін барады, ал біздің валютаға шаққанда 1,5 миллион теңгеден асып жығылады. Осы орайда Tamga Media жол ережесін бұзудың шын мәнінде қаншаға түсетінін есептеп, Қазақстан мен өзге елдердегі жағдайды саралап көрді. 


Қазақстанда көлікпен желдей ессеңіз, қандай айыппұл салынады?


Бізде айыппұлдың бәрі айлық есептік көрсеткішке (АЕК-ке) байланған. 2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге, барлық есеп осыдан шығады. 

  • Жылдамдықты 10-20 км/сағ-қа асырсаңыз, 5 АЕК, яғни 21 625 теңге. 

  • 20-40 км/сағ асырсаңыз, 10 АЕК (43 250 теңге).

  • 40-60 км/сағ асырсаңыз, 20 АЕК (86 500 теңге).

  • Ал 60 км/сағ-тан жоғары асырғандарға – 40 АЕК, яғни 173 000 теңге арқалайсыз. 

Айта кетсек, шектеулердің бәрі жолдың нақты бір бөлігінде белгіленген ресми жылдамдыққа қатысты. Мәселен, жол белгісі немесе трассадағы тәртіп 90 км/сағ-пен жүруге рұқсат беріп, ал сіз 110 км/cағ-пен зымырап бара жатсаңыз, бұл жылдамдықты 20 км/сағ-қа асыру болып саналады да, айыппұл соған сай жазылады.


2025 жылдың қарашасынан бері мемлекет жай айыппұлдың әрдайым сабақ болмайтынын ұққан сияқты. Содан бері 40 км/сағ-тан аса жылдамдық асырғандарға кей жағдайларда айыппұлмен қоса, бірден көліктің нөмірін тәркілеу немесе жүргізуші куәлігінен жарты жылға дейін айыру жазасы енгізілді. Оған қоса, қала сыртындағы трассаларда ең жоғарғы рұқсат етілген жылдамдық 120-дан 110 км/сағ-қа төмендетілді. 


Іргедегі көршілердің жағдайы қалай?


Іргелес отырған соң, тұрмысымыз да, айыппұлымыз да шамалас шығар деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ олай болмай шықты. Қырғызстанда айыппұлды уақытында төлегендерге 70% жеңілдік бар. Соның арқасында жылдамдықты 10–20 км/сағ-қа асырғандар бары-жоғы 1 000 соммен (шамамен 5 000 теңге), ал 60 км/сағ-тан асырғандардың өзі 15 000 соммен (79 500 теңге) құтылып кетеді. Біздікімен салыстырғанда төрт еседей арзан. Бірақ мұның шегі бар сияқты: 2026 жылдың жазында көрші елде жазаны қатайту туралы заң жобасы қолға алынды, демек арзан айыппұлдың ауылы алыстап барады.


Өзбекстан болса екі ортадағы бағытты ұстанады. Мұнда барлық төлем базалық есептік шамаға (БЕШ) байланған (2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1 БЕШ – 440 000 сум, шамамен 17 200 теңге).

  • Жылдамдықты 20 км/сағ-қа дейін бірінші рет асырсаңыз – 1 БЕШ (шамамен 17 200 теңге);

  • 20-40 км/сағ аралығы – 5 БЕШ (шамамен 86 000 теңге);

  • 40 км/сағ-тан асып кетсе – 9 БЕШ (шамамен 150 000 теңге).

Ал егер осы ережені бір жыл ішінде қайта бұзсаңыз, айыппұл бірден 25 БЕШ-ке (шамамен 430 000 теңге) бір-ақ өседі де, үстіне екі жылға жүргізуші куәлігіңізден айырыласыз. Өзбекстан заңы біріншіде кешіргенімен, екіншісінде аямайды.


БАӘ-дегі айыппұл Қазақстанмен шамалас


Заңы қатал саналатын Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жағдайды көрелік. Елде тәртіп өте қатал: камералардан бөлек, жан-жаққа жасанды интеллектісі бар радарлар қойылған. БАӘ үкіметінің ресми порталында бекітілген нақты тарифтік кесте бар:

  • жылдамдықты 20 км/сағ-қа дейін асыру – 300 AED (шамамен 37 570 теңге),

  • 21-30 км/сағ асыру – 600 AED (шамамен 75 140 теңге),

  • ал 51-60 км/сағ асырғандарға – 1 500 AED (шамамен 187 860 теңге) айыппұлмен қоса 6 айып ұпайы жазылады әрі көлігі 15 күнге тәркіленеді.


Ал 80 км/сағ-тан аса жылдамдық асырсаңыз, төлем 3 000 AED-ке (шамамен 375 720 теңге) дейін жетіп, 23 айып ұпайы беріледі және көлігіңіз 60 күнге айып тұрағына кетеді. Ал бір жыл ішінде 24 айып ұпайын жинап алсаңыз, 3-тен 6 айға дейін жүргізуші куәлігіңізбен қош айтысасыз.

Азияның заңы басқа: ақшадан ұпай қорқынышты


Қытай үкіметі жұртты ақшамен қорқытпайды, мұнда бәрін ұпай жүйесі шешеді. Әр жүргізушіге жылына 12 ұпай беріледі, ол таусылғанда жүргізуші куәлігі тәркіленіп, ереже бұзған адам теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберіледі. Жылдамдықты 20-50%-ға асырғандағы ресми айыппұл – 200 юань айналасы (шамамен 13 800 теңге). Ал заңды одан да өрескел бұзғандар 2 000 юаньға дейін айыппұл арқалап (шамамен 136 620 теңге), бірден 12 айып ұпай иеленіп, жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылады. Ал егер жылдамдықты рұқсат етілген шектен 50%-дан аса асырсаңыз, барлық 12 ұпай бір мезетте күйіп кетеді де, куәлік сол жерде тәркіленіп, іс қылмыстық жауапкершілікке дейін баруы мүмкін.


12 ұпай жинағандарға бір апталық қайта даярлау курсына барып, теориялық емтиханды қайта тапсыруға тура келеді. Ал емтиханға келмесеңіз, куәліктен біржола айырыласыз. Қағаздағы айыппұл сомасы тым шағын көрінгенімен, ережені бұзғанда төлейтін басты өтеуіңіз – ақша емес, ұпайларыңыз болмақ.


Жапония айыппұлды
нақты кестемен есептейді.

  • Жылдамдықты 15 км/сағ-қа дейін асырсаңыз, айыппұл 9 000 иенадан (шамамен 26 220 теңге) басталады да, әрбір артық 5 км/сағ үшін 3 000 иенадан (шамамен 3 800 теңге) қосылып отырады.

  • Жылдамдық 35 км/сағ-тан асып кеткенде айыппұл 35 000 иенадан асады (шамамен 101 200 теңге). Бірақ мәселе тек ақшамен шешілмеуі де мүмкін. Жапонияда кәдімгі жолда 30 км/сағ, ал магистральда 40 км/сағ-тан асырғандар тек ақша төлеумен құтыла алмайды, жаза қылмыстық іске айналады.

Оңтүстік Кореяда айыппұл сомасы әлдеқайда төмен екен.

  • Жылдамдықты 20 км/сағ-қа дейін асырғандар 30 000-40 000 вон (шамамен 9 660-13 340 теңге) төлесе,

  • 60 км/сағ-тан асырып жібергендер 130 000 воннан жоғары (шамамен 42 780 теңге) айыппұл арқалайды.


Ереже бұзудың әр түріне арналған толық тарифті KoROAD Жол қауіпсіздігі агенттігі ресми түрде бекітіп қойған. Бұл елде мектеп маңында сақтық өте жоғары: мұндай аймақтарда жылдамдық шегі 30 км/сағ-тан аспауы тиіс, ал ереже бұзғандар екі есе артық төлейді.


Скандинавия елдері: Айыппұл табысыңыздың пайызымен есептеледі


Скандинавия елдерінің тәртібі мүлдем бөлек. Финляндия айыппұлды “әділ” жолмен есептеуге көшкен. Яғни, айыппұл нақты бекітілген кестемен емес, ереже бұзған адамның тапқан табысына қарай есептеледі. Мұнда айлық жалақыдан ең төменгі күнкөріс деңгейі – 255 еуро (шамамен 137 000 теңге) алып тастап, қалған соманы 60-қа бөледі. Осылайша «бір күннің құны» шығады. Кейін бұл санды жылдамдықтың қаншалықты асып кеткеніне байланысты белгіленетін күн санына көбейте салады.


Жылдамдықты 30 км/сағ-қа асырғаны үшін 121 000 евро (шамамен 64,4 млн теңге) айыппұл арқалаған миллионердің оқиғасы осыдан шыққан. Ереже бұзған адамның табысы тым жоғары болған, ал формула бәріне ортақ. Егер айына 3 000 евро табатын қарапайым жүргізуші дәл осылай заң бұзса, оған кесілетін айыппұл шамамен 540 евро (шамамен 287 960 теңге) болар еді.

Норвегияның жөні бір бөлек. Мұнда айыппұл ауқатты адамға да, қарапайым тұрғынға да бірдей қымбат. Норвег заңнамасының ресми шкаласына сүйенсек,

  • шектеуі 60 км/сағ және одан төмен аймақта жылдамдықты 10 км/сағ-қа дейін асырсаңыз 3 350 крон (шамамен 163 500 теңге) айыппұл арқалайсыз.

  • шектеуі 90 км/сағ-тан жоғары аймақта 36-40 км/сағ асырсаңыз, 16 700 крон (шамамен 815 150 теңге) төлейсіз. Ал одан да қатты асырғандардың ісі айыппұлмен емес, сотпен болады.


Ең қызығы, Норвегияда да айып ұпайларын тағайындайды. Оны Statens Vegvesen жол басқармасы нақты ереже бұзғаны үшін береді. Жылдамдық асырғанға әдетте 2-3 ұпай беріледі және ол 3 жыл бойы сақталады. Үш жыл ішінде 8 ұпай жинап алсаңыз, жүргізуші куәлігіңіз уақытша тоқтатылады. Ал куәлікті қайтарып алған соң есеп нөлден қайта басталады. Яғни Норвегияда ірі сома төлеп бір рет құтылуға болады, не болмаса ұсақ ереже бұзушылықтарды жинай беріп, соңында куәліктен айырылып қалуыңыщ да мүмкін. Айтпақшы, мұнда тарифтер тұрақты өсіп отырады, соңғы рет 2026 жылдың ақпанында ғана айыппұл көлемі тағы бір рет индекстелді.


Швеция заңы бұлардың жанында сәл жеңілдеу. Мұнда айыппұл жүргізушінің табысына байланбайды, бәріне ортақ нақты бекітілген тариф бар. Швеция үкіметінің ресми порталында көрсетілгендей, айыппұл мөлшері жылдамдықты 1-10 км/сағ-қа асыру – 1 500-2 000 швед кроны (шамамен 72 680-97 060 теңге), ал 35 км/сағ-тан асып кетсе, 4 000 крон (шамамен 194 120 теңге) болады. Финляндияның салыстырғанда бұл аз болып көрінеді, дегенмен біздің елдегіден 3-5 есе жоғары.


Батыс Еуропа мен АҚШ


Германия 2025 жылдан бастап тәртіпті тіпті қатаңдатты. Қала сыртында жылдамдықты 21 км/сағ-қа асырсаңыз, 100 еуро (шамамен 53 360 теңге), ал қала ішінде дәл осылай ереже бұзсаңыз , 115 еуро (шамамен 61 180 теңге) төлейсіз. Егер елді мекен ішінде 31 км/сағ-қа асып кетсеңіз, айыппұл 260 еуроға (шамамен 138 460 теңге) жетеді, оның үстіне бір айға жүргізуші куәлігіңізден айырыласыз. Тәртіп күшейгені сонша, неміс заңы енді ұсақ-түйек ереже бұзудың өзін кешіруден қалды. 


Ұлыбританияда Финляндияның жүйесіне ұқсас, тек мұнда жоғарғы шек белгіленген. Айыппұл нақты сома емес, ереже бұзған жүргізушінің апталық табысының пайызы (175%-ға дейін). Ең азы – 100 фунт (шамамен 62 100 теңге), ал автомагистральдағы өрескел тәртіп бұзушылық үшін ең жоғарғы шек – 2 500 фунтқа (шамамен 1 552 500 теңге) дейін барады. Дегенмен елде тіпті ең қалталы азаматқа 2 500 фунттан (шамамен 1 552 500 теңге) артық айыппұл салынбайды.

АҚШ-та бір тудың астында 50 бөлек жүйе бар. Мұнда тәртіпті федералды үкімет емес, әр штат өзі белгілейді. Жылдамдықты 10 миль/сағ-қа (16 км/сағ) асырғандар үшін орташа айыппұл – $130 (шамамен 59 800 теңге) айналасы. Бірақ әр штаттағы айыппұл көлемі айырмашылығы жер мен көктей:

  • Нью-Мексикода $25 (шамамен 11 500 теңге) болса,

  • Калифорнияда $234-қа (шамамен 107 640 теңге) жетіп асып жығылады.

  • Джорджия штатында екі жолақты жолда 75 миль/сағ (121 км/сағ) немесе кез келген басқа жолда 85 миль/сағ (137 км/сағ) жылдамдықпен ұсталсаңыз, негізгі айыппұлдың үстіне «аса қауіпті жүргізуші» мәртебесі үшін тағы $200 (шамамен 92 000 теңге) мемлекеттік алым қосылады.

  • Вирджинияда жағдай тіпті қиын. Жылдамдықты межеден 20 миль/сағ-қа (32 км/сағ) асырсаңыз немесе 85 миль/сағ-тан (137 км/сағ) жоғары айдасаңыз, бірден абайсыз жүргізу бойынша қылмыстық іске ұрынып, сотты болуыңыз да ғажап емес.


Дәл осындай қатал тәртіп Флоридада да бар. 


Сонымен, бізде айыппұл жоғары ма?


Көрші елдерге көз салсақ, жағдай әртүрлі. Жолда тым еліріп, жылдамдықты 40–60 км/сағ-тан асыратындар үшін Қазақстанның айыппұлы екі көршімізден де қатал. Үстіне көлік нөмірін тәркілеу немесе куәліктен айыру қаупі тағы бар.


Жылдамдықты шектен тыс асырғанға 173 000 теңге төлеу бір қарағанда оңай соқпас. Бірақ үңіле келсеңіз, олай да емес: көрші елдерде де, Араб Әмірліктерінде де айыппұлдың бет алысы осы шамалас. Ал Еуропаның қасында біздің жүйе тіпті жұмсақ. Оларда «бай болсаң, көп төлейсің» деген ереже жүреді. Яғни, бірдей жылдамдықпен ұсталған екі жүргізуші қалтасының қалыңдығына қарай екі түрлі айыппұл арқалайды.


Осыдан кейін мынадай ой келеді: бізге де айыппұлды тек бұзған ережеге емес, жүргізушінің табысына қарай кесетін осындай тәртіп керек пе?

Бөлісу: