МәдениетТұлғаларВивальди және «Жыл мезгілдері»: ғасырлар сынынан өткен шедевр

Вивальди және «Жыл мезгілдері»: ғасырлар сынынан өткен шедевр

18 қыркүйек 2026
4 мин
«Любимая ученица Вивальди» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Антонио Вивальди – заманынан оза туған әйгілі композиторлардың бірі. Үш ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның «Жыл мезгілдері» топтамасы ескірмей, көпшіліктің сүйікті классикалық әуеніне айналды. Вивальди табиғат көріністерін музыкамен бейнелеп қана қоймай, скрипка мен оркестрдің мүмкіндігінің жаңа деңгейін көрсетті. Оның шығармалары Еуропаның басқа композиторларына, соның ішінде Иоганн Себастьян Бахқа да ықпал еткен. Tamga Media Антонио Вивальдидің шығармашылығына тоқталып, “Жыл мезгілдерінің” не үшін ескірмейтінін зерделеп көрді. 


Қызыл шашты “абыз”


Антонио Вивальди 1678 жылы Венецияда дүниеге келген. Оның әкесі – Джованни Баттиста Вивальди шаштараз болып бастап, кейін кәсіби скрипкашы атанған. Антонионың алғашқы ұстазы да осы әкесі еді. 


Вивальди 1703 жылы діни қызметкер атанады. Бірақ оның негізгі кәсіби жолы шіркеумен емес, музыкамен байланысты еді. Бұл кезеңде музыкант скрипкашы, композитор, ұстаз және опера қойылымдарын ұйымдастырушы ретінде жұмыс істеді. Қызыл шашына байланысты оны кейін «Қызыл аббат» (Il prete rosso) деп атаған.

1710–1720 жылдар — Вивальди шығармашылығындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. 1711 жылы оның L'estro armonico («Үндестік шабыты»)  атты концерттер жинағы жарық көрсе, ал 1725 жылы Il cimento dell'armonia e dell'inventione («Үндестік мен тапқырлық сайысы») еңбегі басылып шықты. Осы екінші жинақтың алғашқы төрт концерті кейіннен әлемге «Жыл мезгілдері» деген атаумен кеңінен танылды. 


Пьета: Вивальди шығармашылығындағы маңызды кезең 


Вивальдидің шығармашылығын түсіну үшін Венециядағы Ospedale della Pietà мекемесін білу маңызды.


Бұл қайырымдылық мекемесінде ата-анасыз және қараусыз қалған қыздар тәрбиеленді. Мұнда олар музыкадан білім алып, ән айтып, түрлі аспаптарда ойнады. Кейін пьетаның музыкалық ансамбльдері Венецияда үлкен беделге ие болды. 


Вивальди 1703 жылдан бастап Пьетада мұғалім болып жұмыс істеді. Ол қыздарға скрипка үйретіп, ансамбльдерге жаңа шығармалар дайындады. Кей кезеңдерде мекемеден тыс қызмет атқарғанымен, Пьетамен байланысын өмірінің соңына дейін үзген жоқ.


Мекеме Вивальди үшін маңызды шығармашылық орта болды. Себебі кәсіби музыканттарды өз қарамағына алып, олар үшін көптеген концерттер жазды. Кей шығармаларын пьеталықтардың қарым-қабілетіне қарай бейімдей алды.


Сондықтан Пьетаны Вивальдидің «музыка зертханасы» деуге болады. Бірақ «осы орта оның шеберлігінің тез өсуіне тікелей себеп болды» деп кесіп айтуға ғылыми негіз жеткіліксіз.

«Жыл мезгілдері» қалай дүниеге келді?


Көпшілік «Жыл мезгілдерін» біртұтас шығарма деп қабылдайды. Шын мәнінде, бұл – төрт скрипка концертінен тұратын топтама.


Олар Вивальдидің 1725 жылы Амстердамда жарық көрген Op. 8 Il cimento dell'armonia e dell'inventione («Үндестік пен қиял сынағы») атты 12 концерттік жинағының алғашқы төрт шығармасы. «Жыл мезгілдерінің» құрамына мыналар кіреді:

  • «Көктем» (La primavera, RV 269);

  • «Жаз» (L'estate, RV 315);

  • «Күз» (L'autunno, RV 293);

  • «Қыс» (L'inverno, RV 297).

Бұл концерттердің барлығы жеке скрипка, ішекті аспаптар және бас партиясына арналған.

Вивальди әр концертте жыл мезгілінің белгілі бір көріністерін музыка арқылы бейнелейді. «Көктемде» құстардың сайрауы, бұлақтың сылдыры мен найзағай; «Жазда» аптап ыстық пен дауыл; «Күзде» егін жинау мерекесі мен аңшылық; «Қыста» салқын ауа райы, жаңбыр, мұз үстінде сырғанау мен қысқы жел суреттеледі.


Сондықтан шығарманы жай ғана «төрт мезгіл туралы музыка» деу аздық етеді. Вивальди тыңдарманға белгілі бір оқиғаны әуен арқылы бейнелеуге тырысқан.


Музыка мен өлең бір-бірін толықтырады


«Жыл мезгілдерінің» тағы бір ерекшелігі – төрт концерттің әрқайсысы сонеттермен байланысты.


Сонет – белгілі бір құрылымы бар қысқа өлең түрі. Вивальдидің төрт сонеті жылдың әр мезгіліндегі табиғат пен адамның әрекетін сипаттайды. Музыка сол мәтіндегі көріністерді дыбыстық тәсілдермен бейнелейді.


Мысалы, «Көктемде» құстардың дауысы скрипка партиясындағы қайталанатын әуендер арқылы беріледі, ал найзағайдың жақындауы жылдам әрі қуатты музыкалық қозғалыспен сезіледі.

2024 жылы Fondazione Giorgio Cini жанындағы Italian Antonio Vivaldi Institute шығаратын Studi vivaldiani журналында музыка зерттеушісі Рудольф Раштың «Жыл мезгілдеріндегі» музыкалық және мәтіндік белгілердің арақатынасын зерттеген мақаласы жарық көрді. Зерттеу Вивальдидің музыка мен сонет арасындағы байланысты жүйелі құрғанын талдайды. 


Вивальдидің Бахқа әсері


Антонио Вивальди музыкасы Еуропа елдеріне де тарады деуге болады. Соның ішінде Германияға жетіп, Иоганн Себастьян Бахтың назарын аударды.


Бах Вивальдидің бірнеше концертін клавесин мен органға арналған шығармаларға қайта өңдеген. Музыка зерттеушісі Х. Джозеф Батлердің зерттеуінде Бахтың сақталған транскрипцияларының ішінде Вивальдидің 21 түпнұсқа концертіне негізделген 23 нұсқа бар екені көрсетіледі. Бұл транскрипциялар негізінен Бахтың Веймардағы кезеңіне, шамамен 1713–1717 жылдарға жатады.


Бұл – Вивальдидің Бахқа әсерін көрсететін нақты музыкалық дәлелдердің бірі. Бах оның шығармаларын жай ғана орындап қоймай, олардың құрылымын өз шығармашылық тәжірибесіне енгізген.


Вивальдидің есімі қалай қайта жаңғырды?


Бүгін Вивальдидің есімі бүкіл әлемге белгілі. Бірақ композитор қайтыс болғаннан кейін оның музыкасы ұзақ уақыт бойы көлеңкеде қалған.


1741 жылы “қызыл шашты абыз” Венада қайтыс болды. Музыкатанушы Майкл Тэлботтың зерттеуіне сәйкес, Вивальдиге телінетін 770-тен астам шығарманың басым бөлігі XX ғасырдың ортасына дейін музыка әлеміне танылмай келген. 


XX ғасырда зерттеушілер Еуропаның кітапханалары мен мұрағаттарынан Вивальдидің қолжазбаларын тауып, зерттеу көзіне айналдырды. Осы кезеңде композитордың музыкасы концерттік сахнаға қайта оралды.


Бүгінде Венециядағы Fondazione Giorgio Cini құрамындағы Italian Antonio Vivaldi Institute оның шығармаларының қолжазбалары мен тарихи басылымдарының көшірмелерін, заманауи басылымдар мен ғылыми әдебиеттерді сақтайды. Институт қорында Вивальди музыкасының шамамен 4 мың аудиожазбасы да бар.

Бөлісу: