EdTechITВиртуалды кейіпкер қалай алаяқтардың құралына айналады?

Виртуалды кейіпкер қалай алаяқтардың құралына айналады?

17 сәуір 2026
5 мин
Как вертуальный
ЖИ инфлюенсер Айтана Лопес | Instagram: @fit_aitana

Олар «лайк» басып, жекеге хат жазады, тіпті ішкі сырын ақтарағандай болады,  ал кейін ақша сұрайды. Әлеуметтік желілерде сырттай тірі адамнан аумайтын, бірақ іс жүзінде жалған парақшалар қаптап барады. Олардың кейбірі өзінің жасанды екенін ашық айтса, енді біреулері айлар бойы шынайы адам кейпіне еніп, ақша сұрайтын ыңғайлы сәтті күтеді. Тұтас бір индустрияға айналған "цифрлық егіздер" әлеміне қалай еніп кеттік? Бұл тұзақтан неге ешкім айналып өте алмады және еліміз бұл қауіпке қарсы қандай тосқауыл қойды? Tamga Media cаралап көрді.


Алаяқтықтың жаңа дәуірі: цифрлық кейіпкерлер қалай жасалады?


Қазіргі алаяқтар бұрынғыдай біреудің суретін ұрлап, «кэтфишингпен» айналысып отырмайды. Бүгінгі алаяқтыққа арналған парақша – арнайы алгоритммен құрастырылған тұтас бір цифрлық өнім.


Мұндай парақшалардың сырт келбетін нейрожелі жасайды. Экрандағы бейне өмірде жоқ болса да, адамнан айнымайтындай шынайы көрінеді. Өмірбаяны да нысанаға алынған адамның талғамына қарай әзірленеді. Егер алаяқтың көздегені дәулетті ер адам болса, парақшада саяхат пен аспаздыққа әуес сұлу бойжеткеннің бейнесі пайда болады. Ал жалғызбасты әйелдерді құрыққа түсіру үшін табысты шетелдік инженердің немесе шымыр денелі, залдан шықпайтын ер азаматтың тұлғасы жасалады. 


Бұдан да өзгеше форматтар бар: өзін инвестор немесе криптосарапшы, екінші деңгейлі жұлдыз, танымал жаттықтырушы немесе коуч ретінде таныстыратын ЖИ кейіпкерлер де бар. Олардың міндеті романтика емес, қаржылық сенімге кіру: кейін жалған болып шығатын «тиімді» инвестициялық платформаны кеңес ретінде ұсыну.


Бұл кейіпкерлердің бәріне ортақ нәрсе – мінсіз сырт келбет пен профильдегі идеал өмір. Бұл – назар аудару керек негізгі белгілердің бірі.


Шынайы мысал: мыңдаған жалған әскери адамдардың аккаунты


2024 жылы америкалық Atlanta News First телеарнасы жүргізген зерттеу Facebook пен Instagram желілерінде әскери тақырыптағы мыңдаған ЖИ-аккаунтты әшкереледі. Бұл профильдерде жараланған сарбаздардың, ардагерлердің немесе «жат елде қызметте жүрген» жас әскери қыздардың суреттері қаптап тұрды. Олардың астында «отбасымды сағындым» немесе «ақыры үйге қайтатын күн туды» деген сияқты жүректі елжірететін мұңды жазбалар болған. Отансүйгіш америкалықтар суреттегі адамдардың өмірде жоқ екенін сезбестен, оларға аямай «лайк» басып, ақ тілегін жаудырып, жазбасын жаппай бөліскен.


Шын мәнінде, мұқият үңілген адамға жасанды интеллектің қателері мен «былықтары» менмұндалап тұрды. Атап айтсақ, біреуінің қолында алты саусақ болса, енді бірінің әскери формасында «Army» сөзінің орнына «Amry» деп қате жазылған, тіпті тудың үстіндегі жұлдыздар саны да қисынға келмейді. Бірақ адамның көзі әуелі сыртқы жылтыраққа түсетіндіктен, мұндай ұсақ-түйекке назар аудармайды. Ал алаяқтар үшін сол «алғашқы әсер» – ең басты қармақ.


Әскери бейнені жамылу алаяқтар үшін таптырмас айла: бұл «қызмет бабымен» кездесудің мүмкін еместігін, байланыстың үзіле беретінін және «билетке ақша жетпей қалды» деген сияқты кез келген шұғыл ақша сұрауды ақтауға өте ыңғайлы. Мұндай алаяқтардың құрған торын бүгін де табу қиын емес,  Instagram немесе Threads желісінен #militarygirl немесе #soldiersofinstagram тегтерін іздесеңіз болғаны.


Дипфейк деңгейі: Илон Маск оқиғасы


Тағы бір атышулы оқиға – Threads желісіндегі Илон Масктың дипфейк-бейнесімен байланысты. 2025 жылдың қаңтарында АҚШ-тың Лафайет қаласының тұрғыны өзін миллиардер ретінде таныстырған аккаунтқа сеніп, 60 000 долларынан айырылды. Хат жазысу бірте-бірте бейнеқоңырауға ұласқан. Онда Илон Масктың дауысы болмаса да, оның өте шынайы дипфейк-бейнесі қолданылған. Бұл әйелді сендіруге жетіп артылды: ол «Tesla көлігін жеткізіп беру және ақшалай сыйлық алу» үшін сыйлық карталары (gift cards) арқылы қаражат аударған. Федералды тергеушілер бұл ақшаны қайтару мүмкін емес екенін растады.


Алаяқтық масштабы: сандар не дейді


Sumsub мамандарының мәліметі бойынша, 2025 жылдың басында дипфейк-алаяқтықтардың саны оның алдындағы жылмен салыстырғанда бірден 700% өскен. Norton компаниясының мәліметінше, тек 2025 жылдың соңғы үш айында таныстық желілеріндегі 17 миллионнан астам алаяқтыққа тосқауыл қойылды. Бұл – былтырмен салыстырғанда 19% көп. Ал аңғал жандардың «махаббат» іздеп жүріп алданған шығыны LexisNexis Risk Solutions дерегі бойынша, үш миллиард доллардан асты. Бұл тек алыстағы Американың статистикасы немесе бізге қатысы жоқ өзге әлемнің дерегі емес. Бұған басты себеп – технологияның тым қолжетімді, ауқымды және ең бастысы, арзан болып кеткені.


ЖИ-дің жақсы жағы да бар


Жасанды интеллект жасаған блогерлердің бәрін бірдей алаяқ деуге болмайды. Кейінгі екі жылда өзінің цифрлық бейне екенін ашық айтатын «виртуал инфлюенсерлер» қатары қалыптасты. Мәселен, Instagram желісінде миллиондаған оқырманы бар Lil Miquela Prada және Calvin Klein сияқты әлемдік брендтермен жұмыс істеп жүр. Жапонияның Imma, Кореяның Rozy, тіпті 2025 жылы Уимблдон турниріндегі репортаждарға «тірі адамдай» араласып, жұртты таңғалдырған Mia Zelu – осы үрдістің айқын дәлелі.


Бұл нарық заңды әрі ашық. Бизнес тұрғысынан да өте тиімді. Виртуал жұлдыз шаршамайды, жанжал шығармайды және көңіл-күйіне қарай қаламақы талап етпейді. Бірақ бұл құбылыстың екінші жағы да бар: көрермен цифрлық кейіпкерлердің бар екеніне бой үйретіп, уақыт өте келе олардан келетін қауіпке бейжай қарай бастайды. Ал сақтықтың бәсеңдеуі – алаяқтар үшін таптырмас мүмкіндік.


Фейкті қалай анықтауға болады? 


Киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылар ЖИ аккаунттарға тән бірнеше тұрақты заңдылықтарды атайды.


Бірінші белгі – адам сенгісіз мінсіздік. Бұл ең айқын белгі болуы мүмкін. ЖИ кейіпкердің әр суретінде бет-әлпеті мінсіз: терісі тегіс, симметриясы керемет, бірде-бір сәтсіз кадр жоқ. Суреттердің фоны көбіне бұлдыр, ал басқа адамдар көрінбейді. Дегенмен мұндай мінсіз бейнеге де мұқият қарасаңыз, құлағының немесе тісінің пішіні сәл оғаштау, шаш жиектері бұлдырлау екенін, денесі артқы фонмен бірігіп кеткенін байқауға болады. 


Дегенмен мінсіз бейненің бәрі бірдей ЖИ деп ойламаңыз. Кәсіби суретшілер, модельдер мен сұлулық блогерлері де желіде мінсіз көрінеді. Бірақ бұл – фотошоп пен өңдеудің (ретуш) жемісі. Дегенмен шынайы адамның суреті қанша өңделсе де, оның артында тірі жан тұр. Оның жүзі уақыт өте келе өзгерсе де, түрлі қырынан түсірілген суреттерінде бәрібір таныс келбет, ортақ үйлесім сақталады.


Ал жасанды интеллект жасаған бейне бұған қарама-қайшы. Нейрожелі әр суретті жеке-жеке құрастыратындықтан, беттің нақты геометриясын «есте сақтай алмайды». Сондықтан суреттен суретке көшкенде мұрынның пішіні, көздің арақашықтығы сияқты ұсақ детальдар сәл құбылып, келбеті өзгеріп отыруы мүмкін.


Екінші назар аударатын жайт. Парақша бұрыннан ашылғандай көрінгенімен, барлық суреті бір уақытта салынған. Суреттердің стилі тым мінсіз, кездейсоқ түсірілген сәтсіз кадрлар мүлдем жоқ. Шынайы адамның парақшасында әрдайым цифрлық «қоқыс» (сапасыз фотолар, кездейсоқ видеолар) болады.


Үшінші – тікелей байланыстан қашу. Бейнеқоңырауға шығу туралы ұсынысты түрлі сылтаумен кейінге шегереді. Егер қоңырау бола қалса, ол алдын ала мұқият жоспар құрады. «Тікелей эфирге» шығу немесе кенеттен дауыстық хабарлама жіберу туралы өтініш оларды абдыратып, тақырыпты тез өзгертуге мәжбүрлейді.


Төртінші – кездейсоқ дүниелер үшін ақша сұрау. Алаяқтар әдетте әңгімені ірі сомадан бастамайды. Көбіне «кім маған кофе алып береді», «жеткізу қызметіне көмектесші» немесе «жалақыға дейін қарыз бере тұршы» деген сияқты болмашы өтініштер айтады. Сырт көзге бұл түкке тұрғысыз ұсақ-түйек көрінгенімен, алаяқтың көздегені де – осы. Бірақ ұмытпаңыз: мұндай әңгіме дәл осы сәтте тағы ондаған, тіпті жүздеген адаммен қатар жүріп жатыр. Осы «ұсақ-түйекті» құрыққа ілінген жандардың санына көбейтсеңіз, соманың қаншалық қомақты екенін бағамдай беріңіз.


Norton компаниясы жүргізген зерттеу көңіл көншітпейтін деректі ашты. Экспериментке қатысқандардың тек 46%-ы жасанды интеллект жасаған суретті тани алған. Яғни, жұрттың жартысынан көбі «қолдан жасалған» бейне мен тірі жанды ажырата алмаған.


Қазақстан: Орталық Азиядағы алғашқы заң


2025 жылғы 17 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Орталық Азиядағы алғашқы «Жасанды интеллект туралы» Заңға қол қойды. Заң 2026 жылғы 18 қаңтарда күшіне енді.


Басты жаңалықтардың бірі – жасанды жолмен жасалған контентті міндетті түрде таңбалау. ЖИ арқылы әзірленген кез келген суретке, видеоға, аудиоға немесе мәтінге екі түрлі белгі қойылуға тиіс: бірі – алгоритмдер мен фактчекерлер автомат түрде тану үшін қолданылатын «машина оқитын» белгі, екіншісі – техникалық білімі жоқ қарапайым пайдаланушыға түсінікті визуал таңба. Заң жасырын белгілерге немесе көрінбейтін ұсақ жазуларға тікелей тыйым салады: ескерту тайға таңба басқандай анық болуы керек.


Таңбалау үшін жауапкершілікті қарапайым қолданушы немесе платформа емес, ЖИ жүйелерінің иелері көтереді. Заң бұзғандарға айыппұлдар қарастырылған: жеке және лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 1 АЕК - 4 325 т), шағын бизнеске – 20 АЕК, орта бизнеске –30, ал ірі бизнеске – 100 АЕК.


Заң адамның психологиялық әлсіз тұстарын пайдаланып, оны алдауға бағытталған ЖИ жүйелеріне тыйым салады. Алаяқтар жасайтын «жалған бейнелер» мен дипфейктер де заңға қарсы, оны жасағандар мен таратқандар жазаланады.


Бұл нені өзгертеді және нені өзгертпейді


Заң маңызды қадам болғанымен, ол барлық мәселені шешетін әмбебап құрал емес. Оның құзыреті Қазақстан аумағында ғана жүреді, ал жалған ақпарат (фейк) жасауға арналған құрылғының көбі шетелде орналасқан. Алаяқтық әрекеттердің өзі де көбіне мұндай құқықтық реттеуі жоқ өзге елдерден жүргізіледі.


Контентті таңбалау талабы сақталған жағдайда ғана тиімді. Жалған парақша ашатын алаяқтың «нейрожелімен жасалған» деген ескертуді өз еркімен қоймасы анық. Сондықтан бұл заң, ең алдымен, нарықтың адал қатысушыларына – медиа саласына, жарнама агенттіктері мен әзірлеушілерге арналған. Ол алаяқтықты түп-тамырымен жоймаса да, қоғамда ашықтық мәдениетін қалыптастырады.


Өзіңізді қалай қорғауға болады


Ең сенімді қорғаныс – қарапайым сақтық қағидаларына оралу. Еш ескертусіз, кенеттен бейнеқоңырау шалуды талап етіңіз. Сонымен қатар, таныстық басталған желіден тыс жерде адамның «цифрлық ізін» тексеріп көріңіз: LinkedIn-дегі парақшасы, өзге әлеуметтік желілері мен кәсіби қауымдастықтардағы белсенділігіне назар аударыңыз. Тіпті, профильдегі суретті «кері іздеу» (reverse image search) арқылы тексеріп шығудың да пайдасы зор.


Өміріңізде бірде-бір рет бетпе-бет көрмеген адамның ақша сұрауы – қауіптің нақты белгісі. Хат алмасуыңыз айларға созылып, арада шынайы сезім пайда болғандай көрінгеніне де алданбаңыз. Есіңізде болсын: алгоритм жақындықты шебер ұқсата алғанымен, ақшаңызды шын алаяқ иемденеді.


Егер сіз интернеттің қазақстандық сегментінде күмәнді парақшаға тап болсаңыз – Дезинформациямен күрес орталығына немесе ҚР Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне хабарлассаңыз болады.

Бөлісу:

Виртуалды кейіпкер қалай алаяқтардың құралына айналады?