Әлемде жыл сайын 3 000-нан астам випассана курсы өтеді, оған 300 000-ға жуық адам қатысады. Орталықтарға бірнеше ай бұрын кезекке тұрады. Бірі мұндай курстардан ішкі сұрақтарына жауап іздесе, бірі гаджеттер мен интернеттен алыстап демалғысы келеді, ал енді бірі өмірін жаңа парақтан бастағысы келеді. Анастасия Вонсович випассанаға жыл сайын барады. Ол өзінің ішкі әлемімен бетпе-бет келудің маңызын Tamga Media оқырмандарына айтып берді.
Үнсіз қалу мәдениеті
Үнсіздік сақтау дәстүрі адамзаттың ең көне рухани тәжірибелерінің бірінен бастау алады.
Индуизмде мауна сананы тыныштандыруға арналған рухани тәжірибе болған. Бұл туралы б.з.д 800-200 жылдар аралығында жазылған Упанишад еңбектерінде де айтылады. Ол кезде риши тақуалары айлап, тіпті жылдап орманға кетіп қалатын. Индуистер ақыл-ойды бейтарап құрал емес, адамды нәпсі мен құштарлық соңынан еріп кететін, үнемі алаңдатып тұратын мазасыз құбылыс деп санайды. Ал ақыл-ойдың сыртқы әлеммен байланыс орнату үшін және өз қалауыңды іске асыру үшін сөйлеу керек деп саналған. Айтылған әр сөз ойлануды қажет етеді, ал әр ой келесі ойды туғызады. Сонда үнсіз қалу – осы бітпейтін шынжырды үзу.
Ришилердің өмірі төрт кезеңге (ашрамға) бөлінген: шәкірт, отағасы, орман тұрғыны мен кезбе дәруіш (саньясин). Отағасы ретіндегі міндетін аяқтап, бала-шағасын өсіріп, отбасын аяққа тұрғызған соң, бүкіл жоралғысын жасап болған адам бәрін тастап, үйінен кететін. Бұл уақытта оның алдында мүлдем басқа мақсат тұрады деп есептелген. Сыртқы міндеттер орындалды, ендігі кезек ішкі дүниемен жұмыс. Орманда үнсіз қалу өмірдің де, тұлға болып дамудың да келесі сатысы болған.

Буддизм бойынша, адам іштей мазасызданғанда ақыл-ойы әр нәрсеге бір елеңдеп, жауап қайтара береді. Сана үнемі жағымды нәрсеге ұмтылады, жағымсыз дүниеден қашады, ал бейтарап дүниені елемейді. Бұл – автомат түрде жүретін реакция, яғни санкхара. Қозғалмай, үнсіз отыру осы реакцияны дер кезінде байқап, сананы билеуіне жол бермейді. Уақыт өте келе сезімдер әлсіреп, ақыл-ой бәрін шынайы қалпында көре бастайды. Бұны аничча, анатта, дуккха, қысқаша айтқанда – бәрінің өткінші екенін, адамда тұрақты бір болмыстың (меннің) жоқтығын және тіршіліктің қанағат әкелмейтінін түсіну дейді. Дүниеге осылай қарау – нағыз ояну.
«Випассана туралы бірінші рет 15 жыл бұрын естідім. Таныстарымнан үнсіз қалу, медитация мен сөйлемеу жайлы білгенде "Бұл менің қолымнан келмейді, 10 күн бойы сөйлемей отыра алмаймын" деп ойладым. Ретриттегі ең қорқынышты нәрсе осы сияқты көрінді.
Арада көп жыл өтіп, випассанаға барғанымда бәрі басқаша болып шықты. Сөйлемеу – ең рақат сәттердің бірі. Үнсіз қалу, ешкіммен тілдеспеу, ешкімге жымимау. Випассанаға дейін мен көп нәрсені байқап көрдім: астрология, Лила ойыны, холотроп тыныс алу, йога, рухани тренингтердің түр-түрі мен психологтарға бару. Өзімді жақсы танимын деп ойлайтынмын. Бірақ ішкі әлеміме тереңірек үңілгім келген сәт туды. Адам жаратылысынан басына қиындық түскенде ғана есін жиып, өзін тануға тырысады ғой. Бәрі жақсы болып тұрғанда өзін іздеу деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейді. Ол кезде мен ауыр қарым-қатынасымды тоқтатқанмын, айырылысу да қиын болған еді. Шіркеуге тығылып, бәрінен қашып кеткім келді, бірақ ол қолымнан келмейтін сияқты көрінді. Содан сөйлемей отырып, медитация жасайтын випассана есіме түсті. Әдетте қыста Азия елдерінде демалатынмын. Бұл жолы сол демалысымды Шри-Ланкадағы випассанада өткізуді жөн көрдім», – дейді Анастасия Вонсович.
Монах болған бизнесменнің ретриті
XX ғасырдың екінші жартысында адамдар жаппай үнсіздік ретритіне бара бастады. Оған випассана көп әсер етті.
Бирмадан шыққан ұстаз Гоенка 10 күнге созылатын арнайы үнсіз қалу курсын ойлап тапты. Қазір бұл курс дүниежүзіндегі жүздеген орталықта тегін өтеді. Сатья Нараян Гоенка 1924 жылы Бирмада үнді саудагерлерінің отбасында туған. 30 жастан асқанша медитацияда шаруасы да болмаған, бүкіл ойы тек бизнесте еді. Бірақ кейін басы қатты ауырып, ешқандай ем қонмай қойған соң, осы тәжірибеге бет бұрады. Біреулер оған У Ба Кхинге баруға кеңес береді. Ол Бирмадан шыққан медитация ұстазы еді, ол кезде мемлекеттік қызметте істейтін әрі медитация курстарын жүргізетін.
У Ба Кхин випассана әдісін таратқан, ал оны өзі Ледi Саядо деген монахтан үйренген. Бұл монах XIX ғасырдың соңында, британиялық отарлау заманында өмір сүрді. Сол кезде монастырлардың ықпалы азая бастаған соң, медитация тәжірибесі ұмытылып кетпесін деп, оны сақтап қалғысы келді. Сондықтан ол медитацияны тек монахтарға емес, қарапайым адамдарға да үйрете бастайды. Оған дейін Бирмада бұл әдіспен тек монахтар ғана айналысатын.

Гоенка У Ба Кхинадан медитацияны 14 жыл үйренеді. Кейін 1969 жылы Үндістанға ата-анасының қал-жағдайын білуге барып, сонда біржола қалып, сабақ бере бастайды. 1976 жылы Махараштра штатының Игатпури қаласында Дхамма Гири деген бірінші тұрақты орталық ашылады. Ол жер әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. 2013 жылы Гоенка өмірден өткен кезде оның бұл мектебі әлем бойынша 170-тен астам жерде істеп тұрды.
«Маған ретритке бару кәдімгі түрме сияқты көрінді.
– дейді Анастасия Вонсович.
Өйткені ол жерде ештеңе ұстауға болмайды: жалғыз қаласың, ешкіммен сөйлеспейсің, кітап оқуға, музыка тыңдауға, телефон қарауға да тыйым салынған – бара салып бүкіл гаджетіңді өткізіп жібересің. Менің бірінші ретритім Шри-Ланкадағы бір орталықта өтті. Ол жақтың жағдайы, шыны керек, мәз емес еді. Өзі кедей ел болған соң, жағдайы да соған сай болды. Біз жунглидің ішіндегі бөлек, бірақ өте кір бөлмелерде тұрдық. Оның үстіне 40 градус ыстық, ыстық су атымен жоқ, айнала толған өрмекшінің ұясы, дәретханадан секіріп шығатын бақалар мен дәу тарақандар бар (біреулердің бөлмесіне тіпті жылан да кіріп кетіпті). Бірақ осының бәріне қарамастан, бұл ретрит өмірімдегі ең ұмытылмас сәттің бірі болды. Өзіме осындай сыйлық жасағаныма қуанамын»
Гоенка бұл әдісті меңгеру үшін кемінде 10 күн керек деп есептейді. Оның алғашқы бірнеше күні ойды жинақтауға, бесінші күні випассананың өзіне, ал қалған уақыт тәжірибені бекітуге кетеді. Курсты қысқартқан тиімсіз, өйткені шала дүние өмірді өзгертпейді.
Бұдан бөлек Гоенка мектебінде 20, 30, 45 және 60 күнге созылатын ұзақ курстар мен бұрыннан қатысатын адамдар үшін арнайы бағдарламалар бар.
«Алған әсерімнің күшті болғаны сондай, үйге келген соң да тәжірибені тоқтатпадым. Сөйтіп, қай елде жүрсем де, жылына кемінде бір рет орталыққа баруды мақсат еттім. Қазір випассана – өмірімнің бір бөлшегі. Жыл сайын бір рет медитация курсынан өтуді және тағы бір рет 10 күндік қызметке ерікті болып баруды әдетке айналдырдым», – дейді Анастасия Вонсович.

Орталықтың ішкі жүйесі
Әлемдегі ешбір випассана курсының белгіленген бағасы жоқ. Орталықтар тек осы жолдан өткен ескі шәкірттердің өз еркімен қалдырған қаражатына жұмыс істейді. Жаңадан келген адам курс бітпейінше ақша төлей алмайды, өйткені дхамма сатылатын тауар емес. Мұндағы ұстаздар да ешқандай ақы алмайды. Ас дайындау, тазалық сияқты жұмыстың бәрін «дхамма-севактар», яғни еріктілер атқарады. Олар осылай өзгелерге қолғабыс етіп, қызмет етіп, тәжірибе жинайды.
Випассана орталықтарында ешкімге айлық төленбейді. Олар тек бұрын курстан өткендердің қалдырған ақшасы мен волонтерлердің арқасында жұмыс істеп тұр. Ал волонтерлер бұл жерге курсқа қатысып жатқандарға көмектесуге келеді. Көмектесу – белгілі бір жұмысты атқару. Бірі тамақ пісірсе, бірі үстел әзірлейді, енді бірі айналаны жинап, ыдыс-аяқ жуады.
«Бұл – үлкен еңбек. Мұндай іске араласқан маған қатты ұнайды. Кезінде басқалар мен үшін осылай жүгіріп қызмет етті, енді менің де солар сияқты жақсылықпен жауап қайтарғым келеді. Шыны керек, курсқа қатысып медитация жасаған жақсы ма, әлде волонтер болып көмектескен жақсы ма – оны өзім де білмеймін», – дейді Анастасия Вонсович.
Әлемдегі барлық орталықтың күн тәртібі бірдей: таңғы 4:00-де тұру, 6:30-ға дейін медитация жасау. Содан кейін таңғы ас ішіп, қайтадан медитацияға отырады. Күндізгі 11:00-де – түскі ас (бұл сол күнге соңғы тамақтану). Тек жаңадан келгендерге сәл жеңілдік жасалып, кешкі бесте жеңіл-желпі тіскебасар беріледі. Осылай, күні бойы медитация жасап, 21:30-да ұйқыға жатады.
«Өмірде бәрін қалт жібермей бақылау мүмкін емес, бірақ бәріміз соған тырысамыз. Жұмысты, үйді, жақындарын үнемі уайымдап, бәрін қадағалап үйренген жандарды випассана жақсы емдейді. Ең қиыны, таңғы төртте тұрып, кешкі тоғыз жарымда жату екен. Басында «үзілісте ұйықтап алармын» деп ойлайсың, кейін ұйқың шайдай ашылады. Бойың сергіп, күшің тасып, көңіл-күйің көтеріліп қалатындықтан, күндіз ешкім көз ілмейді. Көбі «денем ауырып, шыдамай қаламын ба» деп қорқады. Бірақ ол жақта ыңғайлы отыру үшін барлық жағдай жасалған: түрлі жастық пен арнайы құралдар жеткілікті», – дейді Анастасия Вонсович.
Келген сәттен бастап 10-күннің таңына дейін өзгелермен сөйлесуге, бір-біріне қарауға, ымдасуға немесе хат жазуға мүлдем болмайды. Тек тәжірибеге қатысты сұрақпен ұстазға, ал тұрмыстағы мәселемен менеджерге жолығуға болады. Телефон, кітап, күнделік пен қалам сияқты заттардың бәрін келген бойда өткізесіз.

Ерлер мен әйелдер бір аумақта болса да, бөлек тұрады, тамақты да, медитацияны да бөлек жасайды.
«Гоенка жүйесіндегі випассана жайлы айтсақ, барлық елде бірдей өтеді. Қазір мен Израильдемін, мұндағы орталық өте тамаша, жағдайы жағынан әлемдегі ең үздіктердің бірі деседі. Бірінші рет барсаңыз, әуелі өзіңізге жетуге ыңғайлысын таңдаңыз. Ал жайлысын қаласаңыз, Үндістан, Шри-Ланка немесе Непалды емес, Еуропаны қарастырып көріңіз – ол жақта жақсы нұсқалар бар. Ал адамдар барлық жерде бірдей ашық әрі мейірімді», – дейді Анастасия Вонсович.
Курстан не күтуге болады?
Бұл жерде Гоенканың бір-бірімен байланысты үш түрлі тәсілі үйретіледі. Алғашқы үш жарым күн Анапанаға арналады. Мұнда тек мұрынның асты мен үстіңгі еріннің арасын, яғни табиғи тыныс алуды бақылайсыз. Демді қолдан реттеудің немесе көз алдына бірдеңе елестетудің қажеті жоқ, тек бақылау керек. Гоенка бұны «пышақ қайрау» сияқты деген: келесі кезеңдегі нәзік сезімдерді байқау үшін санаңыз барынша өткір әрі жинақы болуы керек.
Випассана төртінші күннің кешінен басталады. Мұнда басыңыздан бақайға дейін және керісінше, бүкіл денені кезекпен сезінесіз. Мұндағы басты міндет – тек бақылау. Жақсы сезімге де, жағымсыз сезімге де ешқандай реакция білдірмеу қажет. Гоенка бұндай реакцияларды «санкхара» деп атаған, адам дәл осының кесірінен зардап шегеді. Бәрін байқап, бірақ сабыр сақтап отырсаңыз, іште жаңа уайым пайда болмайды, ал ескілері біртіндеп өшіп кетеді.
Метта-бхавана соңғы, яғни 10-күні басталады. Бұл – өзіңе және айналаңдағы тіршілік иесінің бәріне жақсылық тілейтін медитация. Осылай, адам біртіндеп шынайы өмірге оралады.
Анастасия Вонсович:
«Мен үшін випассанаға бару – миды толық тазартумен бірдей.
– Анастасия Вонсович
Бұл іштей сабыр сақтап, өзіңе тірек табуға көмектеседі. Санаңыз тазарып, ұйқыңыз реттеледі, бойыңызға қуат бітіп, әр сәттен ләззат ала бастайсыз. Эмоцияңыз бен денеңізді басқарып, айналаңызға да, өзіңізге де мұқият қарайтын боласыз. Нәтижесінде жүйке тынышталып, тәннің ауырғаны да басылады. Негізі бүкіл дерт ойдан басталады, ал випассана соны емдеуге көмектеседі. Мұның өмірде пайдасы ұшан-теңіз, сондықтан әр адамның бұл тәжірибеден өткенін қалаймын».
Психикаға әсері
Кейінгі 20 жылда Гарвард университеті мен Висконсин университетинің ғалымдары арнайы зерттеу жүргізген. Олар ұзақ уақыт медитация жасағанда ми кәдімгідей өзгеретінін байқады. Мысалы, миымызда өткенді қазбалап, болашақты уайымдай беретін бөлік бар. Оны ғалымдар «мидың пассив режим желісі» (DMN) деп атайды. Медитация кезінде дәл осы бөлігі демалады екен. Сонымен бірге мидың эмоцияны реттейтін аймағындағы сұр заттың құрылымы өзгереді, яғни адам өз сезімдерін жақсырақ басқара бастайды. Оған қоса күйзеліс гормоны – кортизол деңгейі де біршама төмендейді.
Бірақ бұның екінші жағы да бар. Ретрит кезінде жиі «тазару дағдарысы» болады. Сана тынышталғанда, іште бұғып жатқан ескі жан жарақаттары, қорқыныш пен үрей сыртқа шығады. Сондықтан мықты орталықтарда мамандар бірден көмектеседі әрі жаңадан келгендерді бірден ауыр режимге салмайды. Сол себепті Гоенка орталықтарына тіркелгенде арнайы анкета толтырылады, онда психоз, ауыр депрессия және ПТСР (жарақаттан кейінгі күйзеліс) белгілері бар адамдарға бұл курсқа қатысуға болмайтыны ескертіледі.
Анастасия Вонсович:
«Випассана өмір мен қиындықтарға басқа қырынан қарауды үйретті. Әрине, мен де пендемін, кейде ашуға бой алдырамын. Бірақ қазір тез басылатын болдым, босқа жүйке тоздырғым келмейді. Бұл тәжірибеден кейін өзіме де, айналама да мейіріммен қарай бастадым. Ішкі дүниемді көбірек түсініп, өз сезімім мен тәніме құлақ түруді әдетке айналдырдым. Қазір күнделікті таңдау жасағанда, ненің керек, ненің артық екенін ішім сезеді. Бұл мүлдем қателеспеймін деген сөз емес, бірақ қазір қате үшін өзімді жегідей жемеймін. Ең бастысы, дүниеде ештеңе мәңгілік емес екенін ұқтым. Випассананың басты сабағы да осы – “аничча”, яғни бәрі өткінші. Сондықтан бүгін бас ауыртып жүрген мәселенің де ертең-ақ ұмытыларын білемін»
Ал сын айтушылар не дейді?
Гоенка мектебін сынаушылар да аз емес. Олардың басты уәжі – курстың тым қатаң жүйеге бағынуы. Дүниенің қай бұрышында болсын, 10 күндік бағдарлама бір заңдылықпен өтеді: Гоенканың сол баяғы таспаға жазылған дәрістері мен өзгермейтін күн тәртібі. Мұндай жүйе бәріне ыңғайлы болғанымен, ұстаз бен шәкірт арасындағы тірі байланысты жояды. Ал бетпе-бет сөйлесу – буддизмде өте маңызды.
«Алғашқы ретриттің алтыншы немесе жетінші күні еді. Батып бара жатқан күнге қарап отырып, кенеттен жылап жібердім. Ешқандай себеп те, ерекше ой да болған жоқ – жай ғана жаным рақаттанып, ішім ризашылыққа толды. Күніне 10 сағаттан медитация жасағанда сана тазарып, күнделікті өмірдегі бүкіл артық уайым мен сыртқы шу жоғалады. Күнделікті тіршілікте біз ішкі дауысымызды тұншықтырып, өзімізге сырт айналып жүреміз ғой. Ал випассана адамды өз-өзімен табыстырып, өз ішіне үңілдіреді. Мен оны шынайы болмыспен, жанмен қауышу дер едім», – дейді Анастасия Вонсович.

Ұстаздардың көбі Гоенканың випассананы буддизмнен бөліп, діннен тыс әдіс ретінде таныстырғанын құптай бермейді. Мұндай қадам медитацияны бәріне қолжетімді еткенімен, тамырынан ажыраған ілімнің әсері азаяды дейді.
Психологиялық қолдаудың жоқтығы да үлкен мәселе. Толық үнсіздікте күніне 10 сағат отыру – адам психологиясына үлкен салмақ. Күйзеліске шыдамай, жүйкесі қатты сыр берген қатысушылар да болған. Мұндай сәтте ұстаз көмекшілерінің де дәрмені жетпей, қол ұшын соза алмаған жағдайлар кездескен.
Дегенмен мұндай кемшіліктер Гоенка мектебінің жетістігіне көлеңке түсіре алмайды. Дәл осы жүйе XX-XXI ғасырларда медитацияны әлемдегі ең танымал тәжірибеге айналдырды.
«Ретрит біткен соң, күнде таңертең және кешке бір сағаттан медитация жасау керек. Әрине, қарбалас тіршілікте жұмыс, үй мен бала-шағадан уақыт табу оңай емес.
Орталықта көмекші болып жүргенімде, осы әдісті серік еткен ескі шәкірттермен араласудың сәті түсті. Ішкі дүниесі мүлдем бөлек жандар екен. Көңілдері таза, өте мейірімді, жайдары, әзілқой. Сөйте тұра, олар да біз сияқты отбасын бағып, жұмыс істеп жүр. Жай ғана олар уақыт тауып, өмірлік жолын айқындап алған».
- Анастасия Вонсович.



