Ойын-сауықТағамВегетариан өмір: қазақ қызы неге қайта ет жеуге мәжбүр болды?

Вегетариан өмір: қазақ қызы неге қайта ет жеуге мәжбүр болды?

2 маусым 2026
6 мин
Фото: Tamga Media / ЖИ

Дана Сансей алты жыл бойы ет жемей, вегетариан болған. Дегенмен денсаулығы сыр беріп, амалсыз етсіз өмірден бас тартты. Tamga Media-ға ол вегетариан боламын деген адамдар нені ескеруі керек екенін айтып берді. 


Анықтама: Вегетариан – кез келген ет (құс, мал еті) пен балықты мүлдем жемейтін, бірақ жануардан алынатын сүт, жұмыртқа, бал сияқты өнімді тұтына беретін адам. 


«Сүйікті қозымды асып жеп қойды»


Дана 2011 жылы Талдықорғанда мектепте оқып жүргенде еттен бас тартқан. Себебі үйіндегілер сүйікті қозысын сойғаннан кейін, еттен түбегейлі жеріп кетіпті.


Дана: 

«Кішкентай кезімде ауылға барғанда бір қозымен үнемі ойнайтынмын. Оның көз алдымда өсіп келе жатқанын көріп, қатты бауыр басып қалдым. Жоғарғы сынып оқып жүргенде ауылға барсақ, әлгі қозымды сойып, етін асып жеп қойыпты. Бұл маған ауыр тиді. Оның үстіне, бұған дейін маған бір танысым жануарларды қалай қатыгездікпен соятыны туралы бірнеше фильм көрсеткен еді».


Дана сол күннен бастап-ақ ет жемей қойған. Кейін университетке түскен соң, экологияға әсері мен басқа да себебін зерттей бастаған. 


Қазақ қоғамында вегетариан болу қиын ба?


Қазақ отбасында біреу ет жеуден бас тартса, жұрт оны бірден ұға қоймайды, дегенмен Дананың отбасы мен туыстары мұнысын барынша түсінуге тырысқан. Ал университеттегі достары қалжыңдап, жиі тиісетін. Қызығы сол, оны алғашында ең көп сынаған досы кейін өзі де вегетариан болып кеткен.

«Алғашында анам бұл шешемімді қабылдап, маған бөлек тамақ пісіріп беріп жүрді. Бірақ ішінен "Бұл бір-екі айға созылатын нәрсе, қазақтар етсіз өмір сүре алмайды, бәрібір ет жейтін болады" деп ойлапты. Туыстардың үйіне қонаққа барарда анам алдын ала "Дана ет жемейді" деп ескертетін. Олар таңғалып, не пісіріп беретінін білмей жатса да, дастарқанға міндетті түрде салат пен етсіз тағам қоятын», – дейді ол. 


Дананың сөзіне қарағанда, 15-20 жыл бұрын Қазақстанда вегетариан болу қазіргіден әлдеқайда қиын еді. Өйткені мұндай адамдар күнделікті тұтынатын өнімдер дүкенде жоқтың қасы. 

«Сол жылдары Қазақстанда қазіргідей авокадо, сұлы немесе бадам сүті деген мүлдем болмайтын. Студенттік асханада жейтінім – картоп езбесі, күріш және салат. Бүкіл ақпаратты YouTube-тан, шетел блогерлерінен алып, оларға қарап үйрендім. Кейін Астанада жалғыз вегетариан дәмханасы ашылғанын естіп, сол жерге жұмысқа тұруға бел будым. Соның арқасында шикілей жейтін тағамдарды, тіпті зығыр ұрығынан қытырлақ жасауды үйреніп алдым», – дейді Дана.


«Aмалсыздан қайта ет жеуге тура келді» 


Дегенмен біраз уақыт тек таза идеяның жетегімен жүрген Дананың денсаулығы сыр бере бастайды. Кешке қарай қатты шаршап қала берген. Энергиясы сарқылып, ештеңеге күш-қуаты да, ынтасы да болмайтын.

«Үнемі анализ тапсырып қадағалап жүрдім. Басында В12 дәрумені азайып кетті, кейін ағза бейімделгенімен, темір мөлшері қатты түсіп кетті. Осылай, анемияға шалдыққан соң, амалсыздан қайтадан ет жеуге тура келді», – деп түсіндіреді ол.


Дана аздап ет жеп бастаған соң шаршағаны басылып, күш-қуаты қалпына келген. Бірақ бірнеше жылға созылған вегетариан өмірден кейін ет жеу оңайға соқпаған. 

«Басында түрлі ой мазалады, өзімді кінәлі сезінгендей де болдым. Бірақ ағзама, өзіме рұқсат берген соң, ол ойдың бәрі кетті. Шыны керек, ет өте дәмді. Қызыл етті ерекше жақсы көремін», – дейді ол.


Вегетариан болу ағзаға қалай әсер етеді?


Дананың бұл жағдайы кездейсоқ емес. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, ұзақ уақыт ет жемеген адамдарда, әсіресе әйелдерде В12 дәрумені мен темір тапшы болады. В12 дәрумені адамның жүйке жүйесі дұрыс жұмыс істеуі және қанның үнемі жаңарып отыруы үшін қажет. Алайда ол өсімдіктердің құрамында мүлдем болмайды. Бұл дәрумен жетіспесе, адам миының жұмысы нашарлап, салдарынан қан азаюы мүмкін.


Оған қоса, өсімдіктен алынатын темір адам ағзасына өте нашар сіңеді. Мәселен, Швецияда жүргізілген зерттеуге сәйкес, ет жемейтін мектеп жасындағы қыздардың 70%-ына жуығында темір тапшылығы бар болып шықты. Ферритин, мырыш, кальций мен йод тапшылығы да жиі кездеседі. Ал қатаң диета ұстайтындарда ақуыз бен омега-3 (DHA және EPA) мөлшерінің аз болуы бұлшықет, гормон және ми қызметіне зиянын тигізеді. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдер үшін бұл өте қауіпті. 


Сондықтан дәрігерге жиі тексеріліп, міндетті түрде В12, D дәрумендерін, темір, кальций, йод қоспаларын ішу қажет.


Медицина еттен бас тартуды толықтай зиян демейді. Диета сауатты жоспарланса, оның ғылыми дәлелденген пайдасы көп. Көптеген мета-талдаулар бойынша, вегетариан диетасы жүрек-қан тамыр ауруларынан болатын өлім қаупін 13–32%, ал ишемиялық инсульт қаупін 30-40%-ға дейін төмендетеді. Сонымен қатар холестерин деңгейін түсіріп, 2-типті қант диабетіне шалдығу қауіпін 25%-ға дейін азайтатыны расталған. Ет жемейтіндердің салмағы мен денесіндегі майы әлдеқайда аз болады.


Дана қазір қалай тамақтанады?


Қазір ол өзіне қатаң шектеу қоймайды, қызыл ет пен балықты да жей береді. 

«Дегенмен тамақты таңдап жеуге тырысамын. Үнемі баланс керек: ет жесем де, міндетті түрде көкөніс пен жеміс қосып жеймін.Тек тауық етін ұнатпаймын. Маған жерорта теңізі, түрік және грек асханасы қатты ұнайды», – дейді ол.


Дана вегетариан болғысы келетіндерге ең бастысы денсаулықты қадағалау қажет екенін ескертеді. Міндетті түрде жылына кемінде бір рет толық медициналық тексеруден (чекап) өтіп, ағзаны бақылау қажет.

«Әр адамның ағзасы әртүрлі: біреудің ағзасы етсіз өмірді оңай қабылдайды, ал енді біреуге бұл мүлдем жақпауы мүмкін. Қазақстанда жүргенде мені вегетариан болу идеясы ғана ұстап тұрды, бірақ түрлі фактор бұған мүмкіндік бермеді. Ақыры денсаулық пен баланс бәрінен маңызды екенін түсіндім», – дейді ол.

Бөлісу: