Винсент ван Гогтың есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Оның «Жұлдызды түн», «Күнбағыстар» картиналары, автопортреттері мен сары түстер басым пейзаждары әлемдік өнердің ең танымал туындыларының қатарына жатады. Алайда суретші көзі тірісінде мұндай атаққа ие бола алмады. Оның шығармашылығы мен ерекше стилі тек қайтыс болғаннан кейін кеңінен мойындалып, жоғары бағалана бастады. Tamga Media тілшісі әйгілі нидерланд суретшісінің өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасады.
Винсент ван Гог 1853 жылы Нидерландыда дүниеге келген. Өмірінің әр кезеңінде ол өнер туындыларын сатумен айналысып, мұғалім болып жұмыс істеген, кейін дін қызметіне де бет бұрған.
Кәсіби түрде сурет салуды Ван Гог шамамен 27 жасында бастаған. Оның шығармашылық жолы небәрі он жылға жуық уақытқа созылғанымен, осы қысқа мерзім ішінде суретші аса мол мұра қалдырды. Ол шамамен 900 майлы бояумен салынған картина және 1100-ден астам сурет пен эскиз жасаған. Бұл оның шығармашылық қарқынының өте жоғары болғанын көрсетеді.
Неге оның суреттері бірден танылмады?
Ван Гог өмір сүрген XIX ғасырдың соңында өнер әлеміндегі талғам мен көркемдік бағыттар біртіндеп өзгере бастады. Парижде жүрген кезінде ол импрессионистер мен неоимпрессионистердің шығармаларымен танысып, олардың жаңа тәсілдерінен әсер алды. Осы кезеңнен бастап суретші бұрын жиі қолданылған күңгірт түстерден алыстап, ашық әрі қанық бояуларды, қысқа және анық қылқалам іздерін қолдана бастады. Алайда оның мұндай стилі сол кездегі көпшілік үшін әдеттен тыс еді.
Ван Гог табиғатты дәлме-дәл көшіруге тырысқан жоқ. Ол түсті эмоция жеткізудің құралы ретінде пайдаланды. Мысалы, аспанды жай ғана көк, ал ағашты жасыл етіп салудың орнына, олардың түсін өз сезіміне қарай өзгертті.
Бүгінде бұл тәсіл бізге қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ сол кезеңдегі көрермен үшін мұндай сурет салу батыл шешім болды.
MoMA зерттеуінде Ван Гогтың Париждегі кезеңінен кейін түстерді ашық қолдана бастағаны және бояудың өзін картинаның маңызды бөлігіне айналдырғаны атап көрсетіледі. Уақыт өте оның шығармашылығы постимпрессионизмнің маңызды бағыттарының біріне айналды.
«Ол тірісінде бір ғана картина сатты» деген рас па?
Бұл – Ван Гог туралы ең көп тараған фактілердің бірі. 1888 жылы салынған «Арльдегі қызыл жүзімдік» картинасын 1890 жылы Брюссельдегі Les XX көрмесінде бельгиялық суретші әрі коллекциоер Анна Бох сатып алды. Тео ван Гогтың есеп кітабында 1890 жылғы 6 наурызда Бох картина үшін 400 франк төлегені жазылған. Ван Гогтың өзі де ағасына картинаның Брюссельде сатылғанын жазған.
Бірақ «бір ғана картина сатылды» деген тұжырымды шындық деп қабылдауға болмайды. Кейінгі зерттеулер оның бірнеше жұмысын тірісінде сатып немесе айырбастап берген болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан өнер тарихшылары бүгінде «өмірінде тек бір картина сатты» дегеннен гөрі «өте аз картинасы сатты» деген тұжырымды қолданып жүр.
Ван Гогты расымен ешкім байқамай келді ме?
Ван Гогтың жұмыстары оның көзі тірісінде бірнеше көрмеге қойылған. Зерттеулер бойынша, 1887-1890 жылдары Парижде оның картиналары кемінде тоғыз-он көрмеде көрсетілген. Алайда көрмелерге қатысқанына қарамастан, оның жұмыстарына берілген сын-пікір көп болмады. Өйткені оны өнер әлемінің көпшілігі әлі айтулы суретші ретінде қабылдамады.
Ол кезде Парижде суретшілер өте көп болды. Көрмеге қатысу автоматты түрде атақ әкелмейтін. Ван Гогтың жұмыстары кейде көзге түрпідей тиетін техникасы үшін сыналды, ал оның ерекше бояу тәсілін көпшілік бірден түсінбеді.
Ерекше стиліне қарамастан Ван Гогты қолдаған адамдар да болды Солардың бірі – інісі Тео. Ол өнер дилері болып жұмыс істеп, Винсентке қаржылай көмектесіп қана қоймай, оның шығармашылығын кәсіби ортаға таныстыруға тырысты.
Ван Гогтың хаттарының басым бөлігі Теоға жазылған. Бұл хаттардан суретшінің картиналары туралы ойларын, қандай түсті не үшін таңдағанын және өнерге деген көзқарасын білуге болады.
Ван Гогтың атақты картинасы – «Жұлдызды түн»
Бүгінде «Жұлдызды түн» әлемдегі ең танымал картиналардың бірі. Ван Гог оны 1889 жылы Францияның Сен-Реми қаласындағы ауруханада болған кезінде салды.
Ван Гог терезеден көрген табиғат көрінісін өз қиялымен біріктірді. Аспандағы жұлдыздардың орналасуы мен жарығын суретші әдейі өзгерткен. Бұл тәсіл кейінгі заманауи өнерге үлкен ықпал етті.
Бірақ картинаның өзі Ван Гогтың тірі кезінде бүгінгідей әлемге танылған шығарма болмады. Картина тек 1941 жылы Нью-Йорктегі Museum of Modern Art қорына енді.
Суретшінің талантын әлемге таныстырған – оның келіні
Ван Гог 1890 жылы 37 жасында қайтыс болды. Ол өмірден өткен кезде өнеріне қызығушылық енді ғана артып келе жатқан еді. Metropolitan Museum of Art мәліметінше, көз жұмар уақытында оның жұмыстары сыншылардың назарын аудара бастаған: картиналары Париждегі Salon des Indépendants көрмелеріне бірнеше рет қойылды, ал 1890 жылы Брюссельдегі Les XX көрмесіне қатысты.
Ал кейін бұл үдерісті оның отбасы жалғастырды. Ван Гогтың қазасынан соң оның шығармалары інісі Теоға қалды. Тео да көп ұзамай қайтыс болған соң, оның әйелі Йоханна ван Гог-Бонгер Винсенттің мұрасын насихаттауға кірісті.

Ол картиналарды көрмелерге шығарып, кейбірін мұқият сақтап, Ван Гогтың Теоға жазған хаттарын жариялауға күш салды. Ван Гог музейінің мәліметінше, суретшінің кейінгі халықаралық танымалдылығы мен атағының қалыптасуына Йоханнаның еңбегі үлкен әсер еткен.
Суретшінің еңбегін бағалауға қоғамның өзі әлі дайын болмады
Ван Гогтың картиналары бір күнде құнды болып кеткен жоқ. Оларды алдымен салған адамның өзі қорғады, кейін бірнеше адам байқады, одан соң сыншылар жазды. Ал ақыр соңында басқа суретшілер оның стилін жалғастырды.
Бүгінде «Жұлдызды түнге» қарап, оның неге соншалық танымал болғанын түсіну оңай.
Ван Гогтың ең танымал картиналарының ерекшелігі неде?
Ван Гогтың бүгінгі атағын тек «Жұлдызды түнмен» байланыстыру жеткіліксіз. Оның шығармашылығында әр кезеңге тән өзіндік із бар.
Мысалы, «Картоп жегендер» картинасын ол 1885 жылы Нидерландтың Нюэнен қаласында салды. Суретте кешкі ас үстіндегі шаруалар бейнеленген. Ван Гог олардың күнделікті еңбегі мен ауыр тұрмысын көрсетуге тырысып, әдейі күңгірт түстерді таңдаған. Ол бұл картинаны суретші ретіндегі өзіндік «визит картасы» деп санады.

Ал 1888 жылы Францияның Арль қаласында салған «Күнбағыстар» сериясында суретшінің түске деген көзқарасы мүлде өзгереді. Ван Гог сары түстің бірнеше реңкін пайдаланып, қарапайым гүл шоғын өте жарқын композицияға айналдырды. Ол күнбағыстардың бес нұсқасын жасаған, бүгінде олардың әрқайсысы әлемдік өнердің танымал туындыларының қатарына жатады.
Соңғы жылдарындағы тағы бір ерекше жұмысы – «Бадам гүлі». Ван Гог бұл картинаны 1890 жылы дүниеге келген жиені Винсент Виллемге сыйлық ретінде салған. Көк аспандағы гүлдеген бұталар жаңа өмірдің белгісі ретінде алынған: бадам ағашы көктемде алғаш гүлдейтін өсімдіктердің бірі. Осы картиналардан Ван Гогтың шығармашылығының қалай өзгергенін көруге болады.

Талантты суретшінің есімі қандай нысандарға берілді?
Ван Гог қайтыс болғаннан кейін оның есімі өнер тарихында ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі музейлерде, ескерткіштерде және мәдени орталықтарда сақталды.
Ең белгілісі – Амстердамдағы Ван Гог музейі. Мұнда суретшінің картиналары, суреттері мен хаттарынан тұратын әлемдегі ең ірі коллекциялардың бірі жинақталған.
Бірақ Ван Гогтың мұрасын көру үшін Амстердамға ғана барудың қажеті жоқ. Нидерландының өзінде оның өмірімен байланысты бірнеше музей мен мәдени орын бар.
Суретшінің туған жері Зундертте Vincent van GoghHuis жұмыс істейді. Орталық дәл Ван Гог дүниеге келген жерде орналасқан және оның балалық шағы мен отбасы туралы әңгімелейді.
Ал Нюэненде Van Gogh Village Museum бар. Бұл жерде суретші 1883–1885 жылдары өмір сүріп, шығармаларының едәуір бөлігін жасаған. Қалада оның өмірі мен шығармашылығына қатысты 24 орын мен 14 тарихи ғимарат сақталған. Дәл осы кезеңде ол «Картоп жегендер» картинасын салды.

Ван Гогтың құрметіне қойылған ескерткіштер де бар. Мысалы, Зундерт қаласында суретші мен оның ағасы Теоға арналған ескерткішті әйгілі мүсінші Оссип Цадкин жасаған. Ал Эттен-Лерде Ван Гогтың алғашқы шеберханасы орналасқан жерге оның мүсіні қойылған.



