Мектепте үнемі беске оқып, олимпиадаларда жүлделі орындар алып, мұғалімдердің көзіне түскен баланы көпшілік болашағы жарқын болады деп сенеді. Бәрі «осы бала бір жерді тесіп шығады» деп мақтаудың астына алады. Алайда мектепті үздік тәмамдағандардың бәрі бірдей жоғары қызметке орналасып, кәсіп иесі болып, айрықша жетістіктерге жете бермейді. Ал кезінде сабақ үлгерімі төмен болған оқушылар есейгенде табысты адамға айналғанын жиі байқаймыз. Осы тұста «неге мұндай болады?» деген сұрақ туындайды. Tamga Media осы сауалдың жауабын іздеп көрді.
Мектеп баланы өмірге емес, сабаққа дайындайды
Мектептегі баға баланың оқу бағдарламасын қаншалықты меңгергеніне байланысты қойылады. Оқушы сабақты уақытында орындаса, ұстазды мұқият тыңдаса, ережені есте сақтаса, тәртібі түзу болса, ешкімге сөз қайтармаса бәріне жағады. Жақсы баға алып, мұғалімдердің сүйікті оқушысына айналады. Ал ересек өмірде адамның алдына мүлде басқа міндеттер қойылады. Мысалы, есейген адамның белгілі бір жетістікке жетуіне өзгемен тіл табысуы, келіссөз жүргізе алуы, шыдамды болуы, тәуекелге бара алуы, шешім қабылдауы, эмоциясын басқаруы, жаңа жағдайға бейімделе алуы, табандылығы маңызды рөл атқарады.

Developmental Psychology ғылыми журналында осы мәселеге қатысты көлемді зерттеу жүргізілген. Ғалымдар адамдардың 16 жастағы мектептегі нәтижелерін 23 жас кезіндегі кәсіби, қаржылық және эмоциялық жағдайымен салыстырған. Авторлар «мектепте қалай оқыды?» деген сұрақ пен «ересек өмірі қалай қалыптасты?» деген сұрақтың арасындағы байланысты тексерген. Зерттеу қорытындысы бойынша, мектептегі үлгерім жасөспірімнің ересек өмірге жоспар құруына айтарлықтай көмектеседі. Білім мен интеллектуалдық қабілет адамның мүмкіндігін кеңейтеді. Баланың білімді болуы сүйікті мамандығына оқуға түсуіне, университетте де білімімен көзге ілігуіне ықпал етеді. Ғалымдар мектепте жақсы оқу маңызды екенін, бірақ ол адамның болашағын анықтайтын жалғыз фактор емесін айтты. Баға болашақ өмірдің дайын сценарийі емес. Адамның табысқа жетуіне білімімен қоса, интеллекті, психологиялық жағдайы, танымдық қабілеті де маңызды.
«Өте жақсы оқушы» синдромы
Бала үнемі үздік болуға тырысып, қателесуден қорқатын болса, бұл «өте жақсы оқушы» синдромының белгісі болуы мүмкін. Мұндай балалар өзінен тым көп нәтиже күтеді. Бір жерден қателессе, қатты уайымдап, өзін кінәлап жерден алып, жерге салады. Кейде төрт деген баға алғанының өзінде сәтсіздік деп қабылдайды. Мұғалімнен, ата-анасынан сөз естісе сағы сынады. «Жақсы оқысам ғана ата-анам мені мақтайды» деген түсінік қалыптасуы мүмкін әрі олардың көңілінен шығамын деп өзі не қалайтынын түсінбей қалады. Бақылау, емтихан кезінде қатты уайымдап, сары уайымға салынады. Бұл әдет ересек кезге жалғасып, адамның өзіне тым жоғары талап қоюына, сын қабылдай алмауына, адамдармен тіл табысуына, өзгелердің пікіріне байлануына және кез келген қателіктен қорқуына әкеледі.

Мектеп пен өмірдің сынағы екі бөлек
Мектеп оқушысы алдына бақылаудан жақсы баға алуым керек, тоқсанды үздік аяқтауым тиіс, олимпиададан жүлде иегері атануым керек деген секілді нақты мақсат қояды. Бұл жерде баланың мақсаты түсінікті, уақыты да белгілі болып тұр.
Ал ересек өмірде адамның мақсат-мұраты тез орындала қоймайды. Мамандығыңмен жақсы жерге жұмысқа орналасу үшін, кәсіп бастау, қаржылық жағдайды жақсарту үшін бірнеше ай емес, бірнеше жылды артқа тастауға тура келеді. Осы тұста адамға білімнен бөлек, ерік-жігері мен талабы көмекке келеді.
Дәл осыған қатысты АҚШ-та қызық зерттеу жүргізілген. Зерттеушілер 11 мыңнан астам курсанттың көрсеткіштерін талдаған. Нәтижесінде мектепте үлгерімі жақсы болған курсанттар оқу материалын тез меңгеріп, сабаққа тез бейімделіп кеткен. Алайда ұзақ мерзімді тапсырмаларға келгенде мәселелер туындаған. Яғни адамның мақсатына жетуі үшін білімі жоғары, танымы терең болуы аздық етеді. Адамның жігерлігі, табандылығы да айрықша рөл ойнайды.
Психолог және зерттеуші Анджела Дакворт өзінің «Grit» кітабында баланы жас кезінен табандылыққа, қайсарлыққа үйретудің тәсілін атап өтеді. Ол ата-ана баланың алдында тұрған қиындықты бірден алып тастамай, оны біртіндеп жеңуге үйрету керегін айтады. Бала үй жұмысын орындай алмаса, ата-ана оған «көмек көрсетіп» барлығын өздері орындай салады. Оның орнына «қай жері қиын болып тұр? Тағы бір рет байқап көрейік» деп баланы қызықтыру керек. Бала осы әрекеттен қиындық кездессе, бірден бас тартпай, басқа жолын іздеуге болатынын түсінеді. Мұндай қасиетке ие адамдар алғашқы сәтсіздіктен кейін тоқтап қалмайды. Ол қателігін талдайды, тәсілін өзгертіп, қайта әрекет етеді. Өжеттігі, қайсарлығы жоқ адам өмірдегі алғашқы үлкен сәтсіздіктен кейін өзіне күмән келтіріп, көп мүмкіндіктерден аяқ тартып қалып жатады.

Биыл Labour Economics журналында жарияланған зерттеуде зерттеушілер мектептегі ортаның адам болашағына әсерін анықтаған. Табанды, қиындыққа берілмейтін оқушылармен дос болған балалардың ересек шақтағы табысы орта есеппен 4,2 пайызға жоғары болған. Әсіресе жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға мұндай ортаның ықпалы көбірек әсер еткен.
Үлгерімі төмен оқушылар қалай алға озып кетеді?
Кейбір балалар мектепте жоғары нәтиже көрсетпегенімен, кейін өзіне қызық саланы тауып алады. Мысалы, бала есепті шемішкедей шақпауы мүмкін, бірақ адамдармен тез тіл табысып кетеді. Ал біреуі сабаққа қызықпайды, алайда техникаға әуес. Енді бірі жазба жұмыстарына нашар болғанымен, кәсіпке икемді болуы ықтимал.
Сабағын «жарытпаған» адамдардың табысты болып кетуінің себебі:
Тәжірибелік интеллект деңгейі жоғары: мектеп бағасы көбіне теориялық білімді тексереді. Ал үлгерімі төмен балалар ерте жастан мәселені шешуге, адамдармен тіл табысуға және қиындықтан шығудың амалын табуға бейімделеді.
Сәтсіздіктен қорықпайды: нашар баға алып үйренген балалар сәтсіздікті трагедия ретінде қабылдамайды. Олар тәуекелге бел бууға, жаңа нәрсені байқап көруге дайын тұрады. Олар шешім қабылдаудан, креативті ойлаудан қорықпайды.

Ішкі мотивация: олар баға немесе мақтау сөз үшін емес, өздеріне шынымен қызықты іс тапқанда ғана бар ынтасымен жұмыс істейді.
Нәтижеге жұмыс істейді: үздіктер процестің мінсіз болғанына бас қатырса, «үштік» алатын оқушылар мәселенің ең қысқа әрі тиімді шешімін табуға тырысады.
Ескерту! Біз бұл мақалада түбі үлгерімі нашар оқушы үздікті басып озады деуден аулақпыз. Керісінше, білім адамның мүмкіндігін кеңейтеді және алдағы таңдауына жол ашады. Біз тек жақсы баға баланың жалғыз жетістік өлшеміне айналып кетпеуін ескертеміз. Сондықтан баланың бағасынан бөлек, оның бойында қалыптасқан қасиеттерге де назар аударған жөн. Қиын тапсырманы орындауға қанша рет тырысты? Қателескеннен кейін тағы әрекет жасады ма? Өз ойын жеткізе алды ма? Көмек сұрай алды ма? Соған назар аударыңыз дейміз.
Ата-анаға нені ескеруі керек?
Баланың жақсы оқығанын, сыныбының алды болғанын әуелі ата-анасы қалайды. Үнемі бірінші болуды талап етеді. Дәл осы талап оның өз құндылығын ұмытуына әкеліп соғуы мүмкін. Балаға қателесуге болатынын, бір іс ойдағыдай шықпаса, қайта талпынып көруге ешқашан кеш емес екенін үйрету керек. Сондықтан баланың бағасын ғана емес, талпынысы мен еңбегін де бағалаңыз.
Баланың жолындағы барлық кедергіні алып тастамай, сол кедергіден өте алатындай сенім қалыптастырыңыз.

Балаңыз өзін бағасынан, жүлдесінен, жетістігінен бөлек тұлға ретінде сезіне ме? Оған «қандай баға алсаң да, сен мен үшін қымбатсың. Ал қателессең, оны бірге түзете аламыз» десеңіз, оның ішкі тірегі қалыптасады.
Қорытындыласақ, ересек өмірде тапсырманың жауабы алдын ала берілмейді. Адам мамандық таңдайды, жұмыс ауыстырады, жаңа ортаға бейімделеді, қателеседі, сәтсіздікке ұшырайды және қайта тұрады.
«Мектепте нашар оқыған бала өмірде міндетті түрде жетістікке жетеді» деу де, «үздік оқушы ғана табысты болады» деу де дұрыс емес. Мектеп бағасының болашаққа әсері бар болғанымен, адамның үлкен өмірдегі жетістігіне табандылығы, әлеуметтік дағдылары, ортасы әсер ететінін ескерген жөн.




