Ойын-сауықТағамҰзақ өмір сүрудің құпиясы: Жерорта теңізі асханасы неге әлемдегі №1 диета?

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы: Жерорта теңізі асханасы неге әлемдегі №1 диета?

2 тамыз 2026
4 мин
Фото: Pexels

Кейінгі 150 жылда адамзаттың өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай артты. Бірақ ұзақ өмір сүру – сау болу деген сөз емес. Қазір отырықшы өмір салты мен дұрыс тамақтанбаудың кесірінен созылмалы аурулар әлемдегі ең басты өлім себебіне айналды. Осы орайда дәрігерлер мен ғалымдар назары бір ғана нәрсеге ауып отыр. Бұл – Жерорта теңізі асханасы. Түрлі зерттеу бұл диетаның арықтауға ғана емес, емдік қасиеті де орасан екенін дәлелдеді. Tamga Media ЮНЕСКО-ның адамзат мұрасы тізіміне енген бұл тамақтану үлгісінің құпиясын талдап көрді.


Жерорта теңізі асханасы қай жерге тән?


Көпшілігіміз «диета» деген сөзді естігенде аштықты немесе қатаң тыйымдарды елестетеміз. Алайда Жерорта теңізі асханасы уақытша шектеу емес, дәмді әрі өте пайдалы өмір салты.

Атауы айтып тұрғандай, бұл – Жерорта теңізін жағалай орналасқан елдердің ғасырлар бойы қалыптасқан тамақтану дәстүрі. Бұл аймаққа негізінен Оңтүстік Еуропадағы Италия, Испания, Грекия және Оңтүстік Франция кіреді. Оған қоса бұл диетаға Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың Ливан, Марокко сияқты теңіз жағалауындағы елдердің де асханасы тән. 


Бұл асхананың негізгі ережесі қандай?


Бұл мемлекеттердің климаты ұқсас, күні ыстық әрі топырағы құнарлы. Сондықтан олардың дастарханынан күн көзіне піскен көкөністер, теңізден жаңа ауланған балық және ең бастысы, зәйтүн майы ешқашан үзілмейді.


Бұл диетаның мәзірі өте қарапайым:

  1. Көкөністі, жеміс-жидекті, бұршақты (ноқат, үрмебұршақ), түрлі жаңғақты және тұтас дән-дақылды (қара нан, сұлы, қарақұмық) күнде тұтыну керек.

  2. Салат пен тамаққа тек табиғи зәйтүн майы қосылады.

  3. Балықты, теңіз өнімдерін, жұмыртқаны, тауық етін және ірімшік, айран сияқты сүт өнімдерін аптасына бірнеше рет жеу керек.

  4. Ал қызыл ет (сиыр, қой), шұжық сияқты өңделген өнімдер және тәтті-пәттіні өте аз жеу керек. 

Ең басты құпия тек тамақта емес. Бұл өмір салты көп қозғалуды және тамақты отбасымен, достармен бірге, асықпай, жақсы көңіл-күймен ішу керек. Дастархан басында телефон мен теледидардан бас тартып, жақындармен әңгімелесу – күйзеліс гормоны саналатын кортизол деңгейін төмендетеді. Бұл – асқорытуды жақсартып, тамақтың бойға толық сіңуіне көмектесетін нағыз психологиялық терапия іспетті.


Бұл тамақтану түрі несімен пайдалы?

  1. Жүрек пен қан тамырларын қорғайды

Жүрек-қан тамырлары аурулары – адамды өлтіретін әлемдегі №1 аурудың бірі. Бірақ зәйтүн майы мен жаңғаққа бай Жерорта теңізі диетасы бұл қауіпті едәуір азайтады.

Испанияда жүргізілген және 7447 адам қатысқан PREDIMED зерттеуі бұл диетаны ұстанғандарда инфаркт, инсульт және жүрек ауруынан қайтыс болу жағдайларын қамтитын ауыр жүрек-қантамыр оқиғаларының қаупі 28-31% төмендейтінін дәлелдеді. CORDIOPREV зерттеуіне сәйкес, тіпті жүрегі ауыратын адамдардың өзі осылай тамақтанса, ауруының асқынуын тоқтата алады.


Жаңа 2025 жылғы нұсқаулық бұл диетаның инсульт, жүрекше фибрилляциясы (аритмия) және шеткі артерия ауруларының алдын алудағы орны ерекше екенін, тіпті өлім қаупін тікелей азайтатынын растады.

  1. Қант диабеті мен артық салмақтан сақтайды

Бұл диета метаболизмді, яғни зат алмасуды реттеуде теңдессіз. Егер адам жүрек ауруына бейім болса, зәйтүн майы қосылған Жерорта теңізі асханасы 2-типті қант диабетінің даму қаупін 40%-ға дейін төмендетеді. Ең қызығы, бұл нәтижеге адам әдейі салмақ тастамай-ақ немесе спортпен ауыр шұғылданбай-ақ жете алады. Зәйтүн майындағы қанықпаған майлар мен антиоксиданттар инсулинге сезімталдықты жақсартады.

Сонымен қатар семіздігі бар ересектердің ғана емес, балалардың да қанындағы триглицеридтерді, яғни жаман майларды азайтып, май басқан бауырды емдеуге көмектеседі.

  1. Қатерлі ісік пен Альцгеймерді тежейді

Қатерлі ісікті болдырмауда тамақтанудың орны бөлек. Ғалымдар Жерорта теңізі диетасын қатаң сақтау тоқ ішек, төс, асқазан, өкпе және ауыз қуысы обырының қаупін азайтатынын анықтады. Ал қатерлі ісікпен ауырып жүрген науқастар үшін бұл диета өмір сүру ұзақтығын арттырып, аурудың қайталану қаупін төмендетеді.


Ми қызметіне келсек, бұл асхана құрамындағы омега-3, полифенолдар мен дәрумендер нейрон қабынуын басады. Зерттеулер көрсеткендей, осы диетаны ұстанатындарда депрессия, мазасыздану, Паркинсон ауруы, деменция және Альцгеймер дерті сирек кездеседі.

  1. Болашақ аналар мен егде жастағы кісілерге де ем

Жаңа зерттеулер бұл диетаның жүкті әйелдер үшін өте маңызды екенін көрсетті. Ол жүктілік кезіндегі қант диабетінің (гестациялық диабет), мерзімінен бұрын босанудың және баланың тым кішкентай немесе тым үлкен болып туылу қаупін айтарлықтай төмендетеді.


Ал егде жастағы адамдар үшін бұл диета сүйекті қатайтып, сыну қаупін азайтады. Остеоартрит кезіндегі буын ауруларын жеңілдетеді. Сондай-ақ, аутоиммун Крон ауруы, шашыранды склероз, колит ауруы бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатыны дәлелденді.


Жерорта теңізі асханасы жай ғана тамақтану тренді емес, бұл – ғылыми дәлелденген, жүздеген мың адамның қатыcып, сыналған медицина құралы. 2025 жылғы жаңа нұсқау бұл диетаның ауруды болдырмауда, онымен күресуде де маңызы зор екенін тағы да бекітті. Ет пен қамырды сүйетін біздің менталитетке бұл диетаға толық көшу қиын көрінуі мүмкін. Бірақ рационға көбірек көкөніс, жаңғақ, балық қосып, майды зәйтүн майына ауыстырудың өзі денсаулығыңызға салынған ең үлкен инвестиция болмақ.

Бөлісу: