ДенсаулықБиохакингУыз неге «суперфуд»?

Уыз неге «суперфуд»?

21 маусым 2026
4 мин
Фото: Tamga Media / ЖИ

Көктем шыға сала ауылдағы ағайын бір-бірін уызға шақырып, қыстан аман шыққандарын атап өтеді. Батыс әлемі үшін бұл енді ғана нағыз биохакингке айналды. АҚШ пен Еуропада иммунитет көтеріп, жасушаны жаңарту үшін мыңдаған адам “Bovine colostrum” (сиыр уызы) ұнтағын қыруар ақшаға сатып алып жатыр. Tamga Media ғасырлар бойы қазақтың дастарқанынан үзілмеген бұл тағамның әлемдік зертханада қалай зерттегенін талдап көрді. 


Анықтама: Уыз – мал төлдегеннен кейінгі алғашқы күндері сауылатын ерекше сүт. Ол кәдімгі сүтке қарағанда әлдеқайда қою, сарғыш түсті және дәрумендер мен антиденелерге, яғни иммунитет қалқанына бай.


Қазақ танымындағы уыз қандай?


Көшпелі мал шаруашылығында төлдің амандығы бүкіл отбасының әл-ауқатына тікелей әсер еткен. Сондықтан уызды ысырап ету, төгіп тастау ең жаман ырым саналған.


Дала гастрономиясы уызды уақытына қарай «сары» және «ақ» деп екіге бөлген. Алғаш сауылған желім сияқты қою, сары уызды төлдің өзіне берсе, бір тәуліктен кейінгі сұйық ақ уыздан адамдарға арнап түрлі деликатес жасаған. Ауылдағы әжелеріміз оны жай ғана қайнатып қоймай, қойдың бүйеніне немесе ащы ішегіне құйып, кәдімгі қазы секілді суға пісірген. Мұны «қатырған уыз» дейді. Тіпті көктемде төлбасы, яғни алғашқы төл туғанда соғымнан қалған сүр етті асып, үстіне осы қатырған уызды турап, ауыл-аймақты арнайы қонаққа шақыратын ерекше дәстүр болған. Бұдан бөлек сұйылтылған уызға тары немесе күріш қосып «уыз көже», ал тәттісүйер қауым үшін қант пен мейіз қосып «тәтті уыз» дайындаған.


Бұл қазақтың тілі мен фольклорына да терең сіңген. Біз оны көбіне тазалық, балғындық және шынайылық метафорасы ретінде қолданамыз.

  • «Аузынан уызы арылмаған» – өте жас, өмірлік тәжірибесі аз, пәк адам.

  • «Уыздай ұйыған» – бірлігі жарасқан, ынтымақты, ыдырамаған қауым не отбасы.

  • «Уызға тойған бұзаудай» – тоқшылықта, ерекше мейірім мен қамқорлықта өскен жан.

Уыздың химиялық паспорты


Зерттеулер көрсеткендей, уыздың құрамындағы басты «қазыналар» мыналар:

  • Иммуноглобулиндер (әсіресе IgG): Инфекциялар мен вирустардан қорғайтын негізгі антиденелер.

  • Өсу факторлары (IGF‑1, TGF‑β): Тіндердің өсуіне, бұлшықеттің қалпына келуіне және жасушалардың жаңаруына қатысады.

  • Лактоферрин: Микробтарға қарсы және қабынуды басатын ақуыз.

  • Олигосахаридтер: Ішек микробиомының саулығын қалыптастыратын негізгі элемент.

Ғылыми әлем бұл табиғи өнімді ХХ ғасырдың басынан бері зерттеп келеді. Тіпті сал ауруына қарсы вакцинаны ойлап тапқан атақты ғалым Альберт Сэбин өз уақытында сиыр уызының құрамындағы антиденелерді арнайы зерттеген. Бірақ уыз қандай да бір ауыр дертті жазып жіберетін «сиқырлы дәрі» емес. Ғалымдар оны ағзаның қорғаныш жүйесін қолдайтын мықты құрал ретінде қарастырады.


Сиыр уызынан жасалатын биологиялық белсенді қоспа


Қазақтардың бұрыннан тұтынып келе жатқан табиғи уызы қазір шетелдік зертханаларда өңделіп, “Bovine colostrum powder” (сиыр уызының ұнтағы) деген атпен түрлі дәрі және биологиялық белсенді қоспа сататын платформаларда сатылып жатыр. Бұл қалай жасалады? Сиыр бұзаулағаннан кейінгі алғашқы сүтті жинап, құрамындағы пайдалы антиденелерін жойып алмас үшін төмен температурада пастерлейді де, кептіріп ұнтаққа айналдырады. Оны көбіне иммунитетті көтеру, ішек денсаулығын жақсарту және ауыр спорттық жаттығулардан кейін қалпына келу үшін ішеді. 


Уыз адам ағзасына қалай әсер етеді?


Кейінгі жылдары халықаралық медицина орталықтары сиыр уызының адам денсаулығына әсерін белсенді зерттеп жатыр.


Уыз ішкен адамның иммунитеті мықтырақ болады. 2023 жылғы зерттеулер уыз ішкен жастардың тұмаумен сирек ауыратынын, ал ауыра қалған күннің өзінде жеңіл өткеретінін көрсеткен, инфекция белгілері 40%-ға дейін азайған. Уыз сырттан келетін ауру-сырқауға уақытша мықты қорғаныс қабатын жасап береді.


Көбіміз дұрыс тамақтанбағандықтан немесе күйзелістен ішектің қабырғасы зақымдалып, токсиндер қанға өтіп кететін «өткізгіш ішек» деген дерт пайда болады. Уыздың құрамындағы лактоферрин деген пайдалы зат сол зақымдалған жерлерді кәдімгідей «жамап», ішектің жұмысын қалпына келтіреді. Қазіргі медицина үшін бұл – ең үлкен жаңалық. 


Ауыр жаттығудан кейін адамның иммунитеті бірден түсіп кетіп, кез келген вирусқа осал болып қалады. Мұны спортта «ашық терезе» феномені дейді. Уыз дәл осы кезде иммунитетті құлдыратпай ұстап қалады әрі шаршаған ағзаның тез қалпына келуіне көмектеседі.


2026 жылы жасалған үлкен шолу уызды үзбей ішу ағзадағы артық майды ерітіп, жаман холестериннің деңгейін сәл де болса түсіретінін байқаған. Бірақ бұл «уыз ішсең, бірден арықтайсың» деген сөз емес, ғалымдар мұны әлі де тереңірек зерттеу керек дейді.


Уыздың биологиялық құндылығы өте жоғары екені даусыз. Бірақ зерттеулер әлі де аз. Зерттеудің көбі қарапайым адамдарға емес, кәсіби спортшыларға немесе белгілі бір шағын топтарға ғана жасалған. Ғалымдар әлі күнге дейін адам күніне қанша грамм уыз ішуі керек екенін дөп басып айта алмайды – ортақ ереже жоқ. Лактозаны көтере алмайтын адамдарға абай болу керек, дегенмен уыздың құрамындағы лактоза мөлшері кәдімгі сүтке қарағанда әлдеқайда аз.


Батыс әлемі миллиондаған доллар жұмсап зерттеп, дәріхана сөрелеріне шығарып жатқан биологиялық белсенді заттың табиғи нұсқасы қазақ даласында ғасырлар бойы қастерленіп келеді. Қазақтың «уызға жарымаған» деген бір ауыз сөзінде заманауи иммунология мен нутрициологияның үлкен шындығы жатыр. 

Бөлісу: