Кейінгі кезде «парентизация» (ағылш.Parent–ата-ана) термині пайда болды. Бұл сөз жат естілгенімен, оның астарында Қазақстандағы мыңдаған отбасыға таныс жағдай жатыр. Ата-ана жұмыста, ал үйдің үлкені бауырларын балабақшадан алады, сабағына көмектеседі, үйге бас-көз болады. Көбіміз мұны баланы жауапты болуға тәрбиелеудің ең дұрыс жолы деп білеміз. Алайда үй шаруасына көмектесу мен баланың тым ерте есеюінің арасында қандай айырмашылық бар? Tamga Media осы тақырыпты зерттеп көрді.
Парентизация – баланың ата-ана рөлін атқаруы, яғни бала үй шаруасына көмектесіп қана қоймай, бүкіл отбасының жауапкершілігін үлкендермен тең бөліседі. Психологияда мұны «рөлдердің ауысуы» дейді. Мұнда бала өз қалауын ұмытып, үлкендерше шешім қабылдауға, үнемі біреудің қамын ойлауға мәжбүр.
Мұны жай ғана «ыдыс жуа сал» немесе «бауырыңа қарай тұр» сияқты көмекпен шатастырмаңыз. Бұл – баланың мойнына күнделікті жүктелген нағыз міндет.
Мамандар мұны екіге бөліп түсіндіреді. Біріншісі – үй тірлігіне қатысты. Мұнда бала үлкендердің бүкіл жұмысын істейді: тамақ пісіреді, үй жинайды, бауырларын бағады. Тіпті ата-анасын ертіп мекемелерге барады, сондағы шаруаларды да өзі шешеді.

Екіншісі – эмоция арқылы көрінеді, бұл тіпті ауыр. Мұнда бала ата-анасына психолог болады. Мәселелерін тыңдайды, жұбатады, үйдегі ұрыс-керісті басады. Үйдегі үлкендердің көңіл-күйі мен жағдайына өзін жауапты сезінеді.
Осы айтылғандардан таныстарыңызды, мүмкін өзіңізді де көргендей болған шығарсыз. Бала бауырларын мектепке тасиды, сабағын қарап, тамағын беріп, ұйықтатады. Сәл есейгендері құжаттарға араласып, ата-анасына аударма жасап береді немесе ақша тауып, үйге көмектесе бастайды. Қыздар жағы анасының сырласына айналып, мұңын тыңдап, жұбатады. Ал кейде бір бала осының бәрін жалғыз өзі атқарады. Мұндай кезде бала бала болудан қалып, үйдің тірегіне, нағыз ересек адамға айналады.
«Мұң шаққаным емес»
Асқар 24-те. Соңынан ерген 19 жасар қарындасы мен 9 жасар інісі бар. Ес білгелі өзін жай ғана үйдің үлкені емес, жақындарына жауапты адамдай сезінеді. Бұл әдейі істелген дүние емес, кішкентайынан көріп өскен соң бойына сіңіп кеткен қасиет. Олардың үйінде бір-біріне қолғабыс етіп, әрдайым демеу болу – айтпаса да түсінікті, кәдімгі қалыпты нәрсе.
«Қарындасым туғанда мен небәрі төртте болдым. Перзентханада оны маған көрсетіп: "Енді бұл балаға сен жауаптысың. Бауыр – адамның ең жақын адамы" дегендері әлі есімде. Содан бері осы оймен өстім. Әкем жұмыс бабымен жиі жол жүріп кететін, анам үйде жалғыз қалатын. Ондай кезде қолымнан келгенше көмектестім. Бес-алты жасымда шаршаған анам ұйықтап алсын деп, қарындасымды серуендету үшін арбасын тоғызыншы қабаттан өзім түсіріп, өзім шығаратынмын. Тіпті кішкентай болсамда, қарындасымды шомылдыратын ваннаны анама әзірлеп беріп, көмектесуге тырысатынмын. Ол кезде мұның бәрі қалыпты нәрсе сияқты көрінетін, басқаша болуы мүмкін-ау деген ой мүлдем келмепті», – дейді ол.
Осылай, үй тірлігі Асқардың күнделікті өміріне айналды. Ата-анасы жұмыста болғанда, қарындасын балабақшадан алады, тамақ пісіреді, үй шаруасына бас-көз болады.
Есейе келе үй шаруасынан бөлек, басқа да міндет шықты. Асқар ата-анасының арасындағы ұрыс-керісті басуға тырысып, ренжіп қалған анасын жұбатып, әкесін сабырға шақыратын болды. Ал кенже інісі дүниеге келгенде, жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. 17 жасында ол жұмысқа орналасып, үйге де ақшалай көмектесе бастады.
«Мен ерте есейдім: бір уақытта оқу оқып, жұмыс та істедім. 18 жасымда бірінші рет сатушы болып ресми жұмыс істедім. Тапқан-таянғанымның көбі үйдің қажетіне жұмсалатын, ол кездер ең қиын уақыт еді. Тіпті нан мен сүтке, өзіме де тиын-тебен болсын деп, қаламыздағы "Арбатта" аспап ойнап ақша табатынмын. Қазір 24 жастамын. Жұмыс істеймін, ата-анама, қарындасыма қарайласып, ініме бас-көз болып жүрмін. Кейде балалық шағым болмаған сияқты сезінемін. Екінші жағынан, өкінбеймін де, налымаймын да. Өйткені көбі кейін көретін өмір мектебінен мен ерте өттім», – дейді Асқар.

Зерттеулер көрсеткендей, мұның екі жағы бар. Үйдің үлкені болған соң, иығыңа түскен міндет көп, оның үстіне бала кезден босаңсуға болмайды деп өсесің. Бірақ мұның пайдасы да жоқ емес. Бала ерте бастан өз бетінше шешім қабылдап, жауапкершілік алуды үйренеді. Бұл қасиеттер өмірге керек-ақ.
«Мен бұған еш өкінбеймін, керісінше, жақындарымның амандығына, оларға көмектесуге күш-қуатымның барына шүкір деймін. Отбасымның амандығы – ең бастысы. Бауырларың – ата-анаңнан кейінгі ең жақын адамдарың. Иә, кей кезде қиын болады, жауапкершілік те көп. Бірақ мен өзімнің де далада қалмайтынымды, жақындарымды да ешкімге жәутеңдетпей, таршылық көрсетпейтінімді білемін», – деп түйіндеді ол.
Зерттеулер не дейді?
Зерттеулер бала жастан үлкендердің міндетін арқалаудың екі жағы бар екенін көрсетеді. Бұл адамды шыңдайды әрі жан дүниесіне ауыр тиюі де ғажап емес. Сондықтан бұған бір жақты қарауға болмайды.
Баланың ерте жастан жауапкершілік алғанының еш ағаттығы жоқ. Міндеттің қаншалық көптігіне және оның өз өміріне уақыты қала ма, жоқ па – соған байланысты.
Бұл неге әкеп соғады?
Бірақ мұның теріс жағы да бар. Бала кезден отбасы жүгін арқалап өскендер көбіне мазасыз болады, тез шаршайды және өзгенің шаруасына араласпай тұра алмайды. Өз шекарасын қорғауға да қиналады. Ондай адам «мен болмасам, бәрі қирап қалады» деген оймен өмір сүруге үйреніп кетеді. Соңында бұл сезім адамды іштей жегідей жейді.
Жеке өмірде де қиындықтар жиі кездеседі. Өзгеге қамқор болып үйренген адам үнемі біреуді «құтқарып» жүретін қарым-қатынасқа тап болады. Олар «жоқ» деп айта алмайды, оған қоса, өз қалауынан жиі бас тартады. Көбі мұны «балалық шағым болмады» деп түсіндіреді, өйткені өздеріне уақыт мүлдем қалмаған.

Бұл жағдай оқуға да кесірін тигізеді. Мойнына көп міндет алған баланың сабаққа үлгеруі қиын, тіпті жақсы білім алуға мұршасы болмай жатады. Өйткені бар күші отбасына кетеді. Бәрінде бірдей олай болмаса да, мамандар көбінің оқуға шамалары жетпей жататынын жиі айтады.
Мұның жақсы жағы бар ма?
Зерттеушілер мұндай балалардың пысық, төзімді болатынын, өзгеге жаны ашып тұратынын, қиындықтан шығуды ерте үйренетінін айтады. Артық жүк артпай, үлкендер демеу болып отырса, мұндай жауапкершілік баланы тек шыңдайды.
Ең бастысы – жауапкершіліктің шегін білу. Мұндағы шекара өте нәзік: отбасына қолғабыс ету – баланы ерте есейткенімен, абайламаса, бір сәтте бүкіл жүкті жалғыз арқалап қалуы мүмкін.
Қазақстандағы жағдай
Бізде бұл туралы нақты зерттеулер аз болса да, айналамызға қарап-ақ бәрін түсінуге болады. Орталық Азияда үлкен әулет болып тұру салты әлі де берік. Содан болар, балалар ес білгелі үй шаруасына араласып, бауырларына бас-көз болып өседі.
Бұған отбасындағы тұрмыс та әсер етеді. Ата-аналар көбіне жұмыстан қолы тимей, табыс табу үшін басқа жаққа кетіп, үй шаруасына үлгермей жатады. Мұндайда үй тірлігі өз-өзінен балаларға, көбіне үйдің үлкеніне қалады.

ЮНИСЕФ-тің айтуынша, бізде әкелердің көбі бала күтіміне араласа бермейді (тек 6%-ы көмектеседі екен). Оның үстіне, ажырасу мен тұрақсыз жұмыс та жығылғанға жұдырық болып тұр. Айналып келгенде, үйдің тұңғыш баласы бәріне қарауға мәжбүр, ал біз мұны қалыпты жағдай деп көреміз.
Біздің елде бұл қалыпты, тіпті мұны проблема деп те көрмейді. Қайта мұндай балаларды өзгелерге үлгі етеді. Өйткені бізде жеке адамның қалауынан бұрын, отбасының қамы бірінші орында тұрады.
Бірақ қазір бұл мәселеге көзқарас өзгере бастады. Психологтардың айтуынша, баланың көмектескені бір бөлек те, үйдің бүкіл жауапкершілігін арқалап жүргені бір бөлек. Егер баланың оқуға, демалуға, қателесуге, тіпті жай ғана алаңсыз бала болып жүруге шамасы келмесе – демек, ата-ана шектен шығып жатыр.



