Ұшатын көліктер – бала кезімізден бізге уәде етілген болашақтың бір бөлшегі сияқты. Олар мультфильмдерде, кино мен кітаптарда – барлық жерде болды. Бәрі солай болатындай көрінетін. Кептелісте тұрмайсың, жолдың шұңқырына түсіп кетпейсің – нағыз арман. Бірақ неге біз әлі күнге дейін ұшатын көліктерді күнделікті өмірде көрмейміз? Тікұшақтар ұшып жүр, адамның салмағын көтеретін дрондар да бар, тіпті гуманоид роботтар жасалып жатыр. Ал ұшатын көліктер ше?
Шын мәнінде, жауабы қарапайым. Мұнда ешқандай құпия жоқ. Оны түсіну үшін технологияны терең білудің де қажеті жоқ. Ең негізгі себептеріне тоқталып көрейік.
Адамның аты – адам
Біз, яғни бүкіл адамзат, кәдімгі көліктің өзін ептеп айдай алмайтынымызды мойындайық. Әлемдік статистикаға сүйенсек, әр 24 секунд сайын жол апатынан бір адам көз жұмады. Дәл осы жол-көлік оқиғалары 4-29 жас аралығындағы адамдар өлімінің басты себебі болып отыр. Жыл сайын 50 миллионға жуық адам жарақат алса, 1,3 миллион адамның өмірі тас жолда қиылады.
Технология көкті шарлайтын көлік жасауға әлдеқашан мүмкіндік берген, бірақ адамдар оған дайын емес. Мұндай алып техниканы басқаруды кімге сеніп тапсырасыз? Бір адам оны айдау үшін қанша жыл оқуы керек? Мұны қалай жаппай қолдануға болады? Автопилот дейсіз бе? Дұрыс-ақ! Бірақ барлық ұшатын көлік автопилотпен жүрсе де, мәселе шешілмейді.

Еркіндік туралы елес
Елестетіп көрейік: біз адамға байланысты факторды толық шештік делік. Яғни бәрі автопилотпен ұшады немесе адамдар оқып-біліп, аспанда көлікпен ұшуды үйренді. Көліктеріміз көкке көтерілді. Ұшу жолақтары мен қонатын орындарын айтпай-ақ қояйық. Бірақ кез келген дүние жаппай сипат алғанда, оған қатаң бақылау мен ереже керек. Бұл көліктердің бәрі ереже сақтап, бір-біріне кедергі жасамай және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс. Қауіп деңгейінің жоғары екенін ұмытпаңыз: көліктің жол жиегіндегі бағанаға соғылғаны бір басқа, ал аспаннан үйіңіздің төбесіне құлағаны мүлдем басқа. Сондықтан ережелер мен талаптар әлдеқайда қатал болады. Нәтижесінде, біз бар болғаны кептелістер мен бағдаршамдарды жоғарыға көшіріп, қауіпті бірнеше есе арттырып аламыз.
Зәулім үйлердің арасымен зымырап ұшу әдемі көрінгенімен, шын мәнінде қол жетпес қиял ғана. Иә, мүмкін бір күні бір көлік ұшып өтер, бірақ оны қоғамдық көлік ретінде қарастыру ақылға сыймайды.
Бірақ әрі қарай елестетіп көрейік. Бұл мәселе де шешілді делік. Жерде тек классиканы сүйетіндер қалды, ал қалғандары көп деңгейлі жүйе бойынша аспанда «сыпырғыш мінген мыстан кемпірдей» ұшып жүр делік. Сонда бұл әлемде қалай өмір сүруге болады?
Дыбыс тұзағы
Жаныңыздан ұшақ өтіп бара жатқанын соңғы рет қашан байқадыңыз? Оны қалай білдіңіз? Әрине, дыбысынан. Ал тікұшақ ше? Олар өте қатты дауыс шығарады. Мәселе мынада: біз әлі күнге дейін толық дыбыссыз, жылдам ұшатын аппарат жасай алған жоқпыз.
Қазіргі уақытта әуежайдың жанында тұру артықшылық емес, кемшілік. Ал енді аспанда жүздеген, мыңдаған көлік жүйткіп жүргенін және әрқайсының өз қозғалтқышы мен винті бар екенін елестетіңізші. Мұндай қалада немесе әлемде өмір сүру мүмкін емес.
Айталық, бұл мәселе де технологиялық серпілістің арқасында шешілді. Бірақ келесі кедергі де алыс емес.

Қуат көзін қайдан аламыз?
Иә, мәселе тек технологияда емес дедік, бірақ оның да әсері бар. Көлік айдап бара жатқанда, ол тек үйкеліс пен ауа кедергісіне қарсы тұрады. Ал оны жерден көтерсеңіз, гравитация пайда болады, ол көлікті барынша жерге тартып тұрады. Бұл неге маңызды? Өйткені тікұшақ дәл сондай қашықтағы жолға қарапайым көліктен 10 есе көп отын жұмсайды. Демек, үлкен отын багы қажет, бұл – қосымша салмақ. Ал электрокарлар ше? Қазір коммерциялық тасымалға сертификатталған бірде-бір электрлі ұшақ жоқ. Мұның бәрі энергия тығыздығына келіп тіреледі. Мәселен, 2023 жылы эксперимент ретінде ұшуға рұқсат алған Alef Model A көлігі бар. Бірақ ол бар болғаны 177 шақырым ғана ұша алады. Оның өзінде оның ішінде сіз жалғыз болуыңыз керек, жүгіңіз болмауға тиіс және ауа райы мінсіз болуы шарт.
Түсініспеушілік болмасын, кезінде электрокарлар да ең көп дегенде 100 шақырым жүретін, ал қазір 500 шақырымды бағындырады. Бірақ аспанда бәрі басқаша.

Ауа райында назардан қалдырмайық.
Ауа райы бәрінен маңызды
Жылдар бойы қалыптасқан коммерциялық авиация жүйесінің өзі ауа райына байланысты бір тәулікке (немесе одан да көп уақытқа) тоқтап қалуы мүмкін. Жерде жаңбыр жауса – кептеліс пен апат көбейеді. Оған бүйірден соққан желді, көз байлайтын тұман мен қақаған суықты қосыңыз. Онда жағдай тіпті қиындай түседі. Сонымен қатар, жанармай таусылса, жай ғана тоқтап, ыңғайлы жерге қона алмайсыз. Ал аспанда ұшып жүріп, өзгенің үйіне үңілуді ермек ететіндер пайда болса, өз үйіңізде емін-еркін отырудан қаласыз. Әрине, бұл жерде сәл әсірелеп айтып отырмыз.
Шындық ащы
Адамзат ұшатын көлік жасау идеясының соңында жүргеніне бірінші жыл емес. Алғаш 1917 жылы Гленн Кертисс әрекеттеніп көрген. Оның ең басты жетістігі не екенін білесіз бе? Оның сынақтарында ешкім өлген жоқ, бірақ көлігі сол беті ұшпады. Автоплан (Autoplane) тек «сүйкімді» түрде секіріп қана қойды. Одан кейінгі ізбасарларының жолы болмады. Моултон Тейлор 1949 жылы Aerocar құрастырды, ол тіпті сертификаттаудан өтіп, сатылымға шықты. 30 жыл ішінде бар болғаны алты данасы ғана сатылды. Пол Моллер ондаған жыл бойы өзінің Skycar көлігін уәде етіп, инвесторлардан жүздеген миллион доллар алды, бірақ 2021 жылы бірде-бір көлікті жаппай өндіріске шығарып үлгермей, келмеске кетті.
Бірақ біздің заманымызда да арманды әдемілеп сатуға болады. Мәселен, 250 шақырымға ұшатын, алты орындығы бар электрлі джет уәде еткен немістің Lilium стартапы 10 жыл ішінде 1,5 миллиард еуроға жуық қаржы тартты. Бірақ ол 2024 жылғы қазанда банкротқа ұшырады. Оған Германия үкіметінің 50 миллион еуро несие етіп беруден бас тартуы себеп болды. 2024 жылғы желтоқсанда стартап инвесторларды «тағы 200 миллион берсеңіздер, ұшамыз» деп сендірді, олар келіскендей де болды, бірақ 2025 жылғы ақпанда барлық жұмыс тоқтап қалды. Бұл осы саладағы алғашқы құлаған «домино» тасы болды. Көп ұзамай еуропалық eVTOL саласының екінші флагманы Volocopter де банкрот болды. Миллиардтармен бірге ғайып болған қиялдар.

Ал бұл ақшаны неге жұмсауға болатынын білесіз бе? Инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жол айрықтарын салуға, навигация мен апаттың алдын алу жүйелерін жетілдіруге, аштықпен күресуге – кез келген пайдалы нәрсеге жұмсауға болар еді. Басты мәселелер ешқайда кеткен жоқ, бірақ біз фактілерге көз жұмып, қайта-қайта тырыса береміз. Одан да беті бері қарап тұрған жүргізушісіз таксилерге ақша салған дұрысырақ сияқты, себебі бұл жобаның келешегі зор.
Соңғы мүмкіндік
Сарапшылардың пікірінше, ұшатын көліктерді тек әуе таксиі ретінде қолдануға болады. Яғни ол адамдарды бір нақты нүктеден екінші нүктеге жеткізеді. Мұндай қызмет қазірдің өзінде бар: Қытайда, Калифорнияда сынақтан өтіп жатыр, ал жақын арада Дубайда да пайда болуы мүмкін. Бірақ ол арзан емес – кәдімгі таксиден шамамен бес есе қымбат.
Тағы бір мәселе: мұндай көліктер үшін арнайы қонатын алаңдар керек. Олар тұрғын үйлерден алыс орналасқаны дұрыс және үлкен инфрақұрылымды талап етеді. Яғни бұл технология өмірде болуы мүмкін, бірақ бәріне қолжетімді көлікке айналуы қиын. Оның үстіне, мұндай жүйе байлар мен қарапайым адамдар арасындағы айырмашылықты одан әрі күшейтуі мүмкін: біреулер аспанда ұшады, ал басқалар жерде қалады.
Сондықтан қазір ұшатын көліктерді жаппай қолданылатын болашақ деп айту қиын. Әрине, бір күні «біз қателескен екенбіз» деген жағдай болса, ол үлкен жетістік болар еді. Бірақ әзірге бар нәрсемен өмір сүруге тура келеді.



