МәдениетСалт-дәстүрҰлыңның еншісін бердің бе? Қазақтың енші беру салты:

Ұлыңның еншісін бердің бе? Қазақтың енші беру салты:

30 қаңтар 2026
5 мин
 Обычай енші беру: Как семья помогала сыну начать семейную жизнь
Фото: Tamga Media / ЖИ

Қазақ халқы бала дүниеге келген сәттен бастап тиісті жөн-жоралғысын жасап, тәрбиелеп өсірген. Балаға ең жақсысын ұсынған. Кейін ер жеткен ұрпағын құр алақан қалдырмай, жинаған дүниесін бөліп, батасын берген. Мұны “енші беру” деп атайды. Қазақтар баласының еншісін қалай берген? Не берген? Оның астарында қандай мән жатыр?


Енші – бұл баланың өз алдына жеке отбасы болып, өмірге жауапкершілік алатынын білдіретін дәстүр. Ата-ана ұлдарына мал-мүлік, тұрмыстық заттар беріп, отау көтеріп, бөлек шығарады.  



Қазақтар енші беру дәстүрін кішігірім той сияқты өткізген. Ата-анасы мұрасын бөліп берсе, туыстары жаңа отау құрғандарға барын – алды мал, арты бір сырмақ сыйлаған. Бұл “емеурін” деп аталған. Ал жас-жұбайлар жұртқа жеке бір отбасы болғанын, өз бетімен шешім қабылдай алатын жасқа жеткенін көрсету үшін қонақты жақсылап күткен. 


Енші ретінде не берілген?


Мал, мүлік, жер, киіз үй – негізгі енші. Сондай-ақ қазан-ошақ, ыдыс-аяқ, үй жабдықтары да еншіге саналған. Шәкәрім Құдайбердіұлы “Қазақтың ескі жолының бірі – енші” шығармасында еншіге берілген барлық төрт-түлік тоқты басымен есептеліп, бір өлшеммен бағаланғанын жазған. Мысалы, бір жақсы түйе 20 тоқтыға, бір буаз сиыр 10 тоқтыға, бір қысыр байтал немесе қысыр сиыр бес тоқтыға тең болған. Осылай, мүлікті әділ бөлуге тырысқан.


Қазақтар еншіні тек ұлға берген, бірақ бұл қыздың қадірі болмаған деген сөз емес. Ұзатылған қыздың артынан жасау апарған. Бұрын жасауға киім-кешек пен ыдыс-аяқ қана емес, мал, киіз үй, тіпті қызметшілер де кірген. Ал этнограф Болат Бопайұлы қыздың еншісі “жиенқұрық” салты арқылы берілгенін айтады. Бұл салт бойынша, қыз төркіндеп өзі туып-өскен үйіне келгенде әкесі жиеніне мал атаған. 



Еншіні қалай үлестіріп берген?


Әдетте әке малды жетіге бөліп, бір бөлігін балаларының анасына қалдырып, қалғанын ұлдарына теңдей үлестірген. Жерді бөлгенде де әке өзіне бір жарым бөлігін жұбайына алып қалып, қалғанын балаларына берген. Ал тоқалға мал да, жер де тимеген. Бәйбішеден де, тоқалдан да балалары болса, бәйбішеден туған баласына мүліктің көп бөлігін алған. Мәселен, бәйбішеден туған бала әкесінің қарамағындағы жерді теңдей үшке бөліп, кейін тоқалдан туған бала өзі қалаған бір бөлігін алған. Ал тоқалдан туған бала жерді үшке бөлсе, ең әуелі бәйбішеден туған бала өзі қалаған екі бөлігін таңдаған. Мұндағы мақсаты – еншіні бөлген ұл ең құнарлы жерді бөліп алып, өзіне ғана алып алмай, әділ болуы. Ал бауырлар өзара келісе алмаса, бұл істі билер шешіп, әділ бөліп берген.

“Енші” сөзі “ен”, “белгі” деген сөздерден шыққан. Бұл ұлдың ата-анасының үйінен бөлініп, өз шаңырағы мен өз мал-жайы болатынын білдірген.


Бөлек шыққан ұл малды өзінің таңбасымен белгілеген, яғни әкесінің таңбасын аздап өзгерткен. Ал кенже ұл ғана әкесінің таңбасын көшіруге құқылы болған, себебі ол әкесінен қалған үй мен мүлікке өзі иелік ететін. 


Ұл әкесінің берген еншісіне разы болмаса, ауылдағы биге жүгінген. Кейде әкесі еншісін бермей жатса, туыстары малға өз таңбасын салып, басқа өріске айдауға көмектескен.


Еншіні әке көзі тірісінде балаларына үлестіріп береді. Әкесі қайтыс болған соң қосымша мүлік қалса, балалар оны талап ете алмайды. Ал егер әке еншіні бермей дүниеден өтсе, тұңғыш ұл әкенің орнын басып, інілеріне мал-мүлікті өзі бөледі. Мұны “еншібас” деп атаған.

Бөлісу: