Тарихтағы ерекше саяхаттар спорттық жарысқа ұқсамайды. Ұзақ жолға шыққан әр жүректің өз сыры бар: біреуі ішкі күйзелісті жеңгісі келсе, енді біреуі өзінің ақиқатын дәлелдеуге ұмтылады. Бұл материалда «Форрест Гамптан» бастап, ұлы идея үшін мыңдаған шақырымды жаяу жүріп өткен шынайы адамдардың таңғажайып оқиғалары баяндалады.
Осы мамырда орын алған мына бір оқиға мақаламызға азық болды. Қазандық Никита Кузнецов 17 келілік жолдорбасын асынып, Алматыға қарай 3 мың шақырымды жаяу бағындыруға тәуекел етті. Қызығы сол, дәл осы сәтте Көкшетаудан оған қарсы 20 жастағы Мирас есімді жас жігіт жолға шыққан еді. Екі саяхатшы Бурабайда кездесіп, пікір алмасқан соң, өз сапарларын ары қарай жалғастырды.
Никита бұл сапарын «Бейбітшілік пен достық шеруі» деп атады. Ол Қазақстанды өз көзімен көріп, халқымыздың қаншалық қонақжай әрі бауырмал екенін әлемге танытқысы келді. Жол үстіндегі қызықтар да аз болмаған: ол жүрген қашықтығын әзілдеп, жол-жөнекей ішкен компот стақандарымен есептеп отырыпты. Оның есебінше, Мираспен Бурабайда жолыққанға дейін-ақ жүзден астам стақан компот ішіп үлгерген. Жолдағы жүргізушілер саяхатшыны сырттай танып, әдейі тоқтап амандасатын, естелікке суретке түсіп, жолазығын ұсынып, ақ тілегін жаудырып жатты. Бұған дейін ол Иерусалимге дейін 204 күнде 4 385 шақырымды жаяу жүріп өткен болатын.
Адамдар мұндай сапарға неге шығады?
Жаяу, велосипедпен немесе жүгіріп жолға шығатындардың саяхаттары туралы оқиғалар неге елдің есінде ұзақ сақталады? Мәселен, ұшаққа отырсаңыз, мыңдаған шақырым санаулы сағатта артта қалады да, сапардың өзіндік сынақ сияқты басты мәні жоғалып кетеді. Ал саяхатқа жаяу немесе жүгіріп шықсаңыз, жолдың ұзақтығы, бір жерден екінші жерге дейін жететін жол арақашықтығы ұмытылмас мәнді процеске айналады. Айлап, тіпті жылдап жолда болу — асықпай ой толғауға, жүздеген тағдырмен тоғысып, өмірді мүлдем басқа қырынан тануға мүмкіндік береді.
«Форрест Гамп» фильмде елгісіз бір себеппен бүкіл Американы шарлап шыққанына көрермендер таңғала қойған жоқ. Өйткені өмірде де осындай жағдайлар болған. Тек шынайы өмірде жолға шыққан әр жолаушының себебі, ойы және мақсаты бар.
Луи Майкл Фигероа: Американы жүгіріп өткен адам
«Форрест Гамп» фильміндегі басты кейіпкердің бүкіл құрлықты жүгіріп өтуі ойдан шығарылған дүние емес, шынайы өмірден алынған оқиға.
1982 жылы Нью-Джерсилік 16 жасар мектеп оқушысы Луи Фигероа қатерлі ісікке шалдығып, өмірден үмітін үзе бастаған 10 жасар Бобби есімді балаға қолдау білдіру үшін бүкіл Американы жүгіріп өтуге уәде береді. Ол Нью-Брансуиктен Сан-Францискоға дейінгі қашықтықты 60 күнде бағындырып, АҚШ-ты жүгіріп өткен ең жас әрі ең жылдам марафоншы ретінде тарихқа енді. Сапар барысында Луи Онкология қорына қаражат жинап, қоғам назарын рак ауруына аудартты. Фильм сценаристері оның сұхбатта айтқан: «Шаршасам, ұйықтаймын, қарным ашса, тамақ ішемін, дәретханаға шыққым келсе, барамын» деген сөздерін кейіпкер монологына өзгертпей енгізген.
Фигероа 14 жылдан соң інісінің ЖИДС-пен ауыратынын біліп, бұл жолы Мэн штатынан Сан-Диегоға дейін жаяу жүреді. Кейіннен отбасылы болған шағында, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардың құқығын қорғау үшін Американы айнала 7,5 мың мильді жаяу жүріп өтпек болады. Өйткені өзі де бала кезінде жыныстық зорлық-зомбылық көріп, оны жылдар бойы жасырған. Бұл сапары денсаулығы мен белгілі бір себептерге байланысты бес жылға тоқтап қалады. Алайда Фигероа кейін тоқтаған жеріне қайта барып, сол жерден жүгіруін жалғастырады. Ол өзінің де, өзгелердің де ішкі қайғысын жеңу үшін өмір бойы бір-ақ емге сенді. Ол — тоқтамай, тек алға қозғалу еді.
Терри Фокс: протезбен бағындырылған «Үміт марафоны»
1980 жылы 22 жастағы Канада азаматы Терри Фокс өзінің әйгілі «Үміт марафонын» бастады. Осыдан үш жыл бұрын жаман ауру салдарынан бір аяғынан айырылған ол онкологиялық ауруларды зерттеуге елдегі әрбір тұрғыннан 1 доллардан жинауды мақсат етті. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін Терри Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейінгі аралықты жүгіріп өтуге бел байлайды.
Денсаулығының жағдайына қарамастан, ол протезбен күн сайын, демалыссыз 42 шақырым қашықтықты бағындырып отырды. Бұл — толыққанды бір марафонның қашықтығы.
143 күн ішінде 5 373 шақырым артқа қалғанда, қатерлі ісіктің асқынуы мен метастаздардың өкпеге таралуына байланысты сапарды амалсыз тоқтатуға тура келді. Терри 22 жасқа толуына бір ай қалғанда өмірден өтті. Бірақ ол сол уақыттың өзінде ракпен күрес қорына 24 миллион доллар жинап үлгерген еді. Ал содан бері оның есімін иеленген қор бүкіл әлем бойынша онкологияны зерттеуге 900 миллион доллардан астам қаражат жинады.

Жан Бельво: жаяу өткен он бір жыл
2000 жылдың 18 тамызы. 45 жастағы Монреаль тұрғыны Жан Бельво жұмыссыз қалды. Орта жас дағдарысын бастан кешірген Бельво бір сәтте үйінен шығып, жаяу сапарға аттанып кетті. Ол туған жеріне 11 жылдан кейін, 2011 жылдың 16 қазанында бір-ақ оралды. Осы уақыт ішінде Бельво 75 500 шақырым қашықтық жүрген екен. Ол ішіне шатыры, ұйықтайтын төсек-орны мен дәрі-дәрмегі салынған балалар арбасын алдына салып, 64 елді жаяу аралап шықты. Бұл сапар балаларға жасалатын зомбылыққа қарсы бағытталған еді. Кейін бұл ауқымды миссияны ЮНЕСКО да ресми түрде мойындады.
Сапар барысында Бельво реті келген жердің бәріне түнеді. Тіпті Оңтүстік Африка Республикасында қонатын пана таппай, түнеу үшін жергілікті түрме камерасына өзі сұранып қонған сәттері де болды. Ал 2003 жылы Дурбанда ол Нельсон Манделаның қабылдауында болып, қолын алды. Сорабы бөлек саяхатшыға Мандела: «Әлемге дәл сіз сияқты адамдар керек», — деп ақ батасын берген еді.
Бельво жолға шыққанда әлі мобильді интернет пен цифрлық инфрақұрылым дами қоймаған еді, ал үйіне оралғанда смартфондар мен үздіксіз байланыс заманына тап болды. Өзінің айтуынша, елге оралған алғашқы күндері өз үйінің кілтін де қалай бұрау керегін есіне түсіре алмай қиналған екен.

Фауджа Сингх: жүгіру – қайғыдан арылудың жолы
Тоқсаныншы жылдардың басында Үндістан фермері Фауджа Сингх алдымен әйелінен, көп ұзамай қайғылы жағдайда ұлынан айырылып қалады. Қайғыдан қан жұтқан ол Пенджабтан Лондонға, туыстарына көшіп келеді. 89 жасында теледидардан марафонды көреді де, іштегі шерден арылу үшін жүгіруге бел байлайды. Ол бар-жоғы екі айдай жаттығып, 2000 жылы өміріндегі алғашқы толық марафонды жүгіріп өтеді. Араға жылдар салып: «Жүгіру арқылы өмірге қайта келдім, жүректегі қайғы мен шерімді ұмыттым, – деп еске алады.
2011 жылы 100 жасқа толған Сингх бұл қашықтықты толық жүгіріп өткен әлемдегі ең жасы үлкен марафоншы болды. Ол Toronto Waterfront Marathon қашықтығын 8 сағат 11 минутта бағындырды. Туу туралы куәлігі болмағандықтан, Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде ене алмаған. Бірақ «Сәлделі торнадо» лақап атымен бүкіл әлемдегі жүгірушілердің шынайы құрметіне бөленді. Сингх ұзақ қашықтыққа 101 жасына дейін жүгірді.

Максим Егоров: тағы бір Форрест Гамп
2021 жылы Санкт-Петербург тұрғыны Максим Егоров өзінің қаласынан бастап Владивостокқа дейін Орал, Сібір және Қорған облысының даласын бағындырып, бір жылын жолда өткізді. Осы аралықта 10 мыңға жуық шақырымды еңсеріп, алты жұп аяқ киім тоздырған, тіпті 30 жасқа толған туған күнін де жолда қарсы алды.
Кино кейіпкері сияқты Егоров та бұл қадамға не үшін барғанын нақты түсіндіріп бере алмайды. Тек елдің кеңдігін өз аяғымен сезіну үшін бір күні тәуекелге бел байлап, қалаған қашықтығын жүгіріп өткен.
«Көбі мені ақымаққа балауы мүмкін, – деді ол Владивостокқа жеткенде. – Бірақ ақылды болып көрініп, жүрек қалауыңнан бас тартқанша, ақымақ болып көрінгеннің өзі артық». Максим сапарында күнделікті жанына серік еткен, соның негізінде кітап жазуды жоспарлап отыр.

Қазақ ерлері
Атыраудан шыққан Сәрсенбай Қотырашов екі жыл бұрын бүкіл елді шулатты. Ол 72 жасында Қазақстанның барлық 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырымды артқа қалдырды. Мұнымен тоқтамай, келесі жылы туған қаласы Атыраудан бастап Ыстанбұлға дейін тағы 3 мың шақырым жолды бағындырды. Жасы 70-тен асса да, Сәрсенбай ата енді дүниежүзін жаяу аралауды көздеп отыр. Ол Ресей, Грузия, Түркия мен Болгария арқылы өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енгісі келеді. Себебі осы жаста бұндай тәуекелге әлі ешкім бармаған.
Сондай-ақ Сәрсенбай ата сапарында көшпенділер мәдениетін танытып, жұртты салауатты өмір сүруге шақырады. Ал өзімен бірге тек ауыстыратын киімі мен жеке бас гигиена заттары салынған шағын арбаны ғана сүйреп жүреді.

Асқар Серікпаевтың оқиғасы да таңғалдырмай қоймайды. Ол сапарға шықпас бұрын өзіне екі қатаң шарт қойды: екі жылда кем дегенде 10 мың шақырымды жаяу еңсеру және жолға бір тиын да қаражат алмау. Ол сапар бойы тек жолда жолыққан қайырымды жандардың қолдауына сенді.
Бұл сапар — оның мектеп қабырғасынан бері келе жатқан балалық арманы еді. Ол кезде Асқар одақтас 15 республиканы жаяу аралап шығуды көздейтін. КСРО ыдырағанда, ол бұл арманым енді орындалмайды деп ойлаған. Бірақ арада жылдар өтіп, бұрынғы одақ тарағанымен, сол елдер мен халықтардың ешқайда жоғалмағанын түсінеді. Сөйтеді де, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ауғанстанға қарай жаяу жол тартады.
Энни Лондондерри: велосипедпен әлемді шарлаған әйел
Бұл мақаламыздағы ерекше сапарларға тек қайғы мен үлкен миссия әсер еткен жоқ. Кейде саяхат әйелдердің де ерлермен тең дәрежеде, олардың жасаған дүниесін де жасай алатынын дәлелдеудің жолы болды.
1894 жылы Бостоннан шыққан 24 жастағы үй шаруасындағы келіншек Энни Коэн Копчовски үш баласы мен отбасын қалдырып, велосипедпен әлемді шарлауға шығады. Өзінің айтуынша, ол велосипед тебуді сапарға шығарда ғана үйренген, бұрын спортпен айналыспаған, саяхатқа да шықпаған. Сапарға шығар алдын Энни Londonderry Lithia минералды су компаниясымен келісімге отырады. Компания жолға 100 доллар береді, ал Энни велосипедіне жарнама қағазын іліп, өзіне компанияның атауын тегі ретінде алады. Тарихта ол Энни Лондондерри есіммен қалды.

Бостондағы еврей қауымдастығы оны райынан қайтаруға тырысқанымен, ешкімді тыңдамай 15 айдың ішінде Еуропа, Таяу Шығыс пен Азияны жүріп өтті. Сапар барысында ол әйелдерге арналған ауыр велосипед пен корсетті ұзын юбканың орнына ерлердің жеңіл велосипедін мініп, кең шалбар киді. Сол уақытта әйелдердің мұндай киіммен жүруге батылы да жетпейтін.
Сапар аяқталғанда New York World газеті мұны «әйел заты жасаған тарихтағы ең ерекше саяхат» деп атады. Ал Энни өзін журналист әрі «жаңа дәуір әйелі» деп таныстырды. Сондықтан кез келген ер адамның қолынан келетін істі өзі де істей алатынын дәлелдегісі келді.
Түйін
Кейіпкерлердің қай-қайсысының да сапарға шығуына бір нәрсе түрткі болды. Никита Кузнецов барған жерінде бауырмал да жомарт жандардың көп екенін көрсеткісі келсе, Терри Фокс өмірінің қалған сәтін мәнді іске арнағысы келді. Жан Бельво іштегі күйзелісі кезінде төрт қабырғаға қамалмай, алға ұмтылу, қозғалыс жеңдірді. Фауджа Сингх жүгіруді қайғысын ұмыту үшін қолға алса, Максим Егоров туған өлкесінің кеңдігін өз көзімен көрді. Ал Сәрсенбай ата мен Асқар арманын орындауға тәуекел етті. Энни Лондондерри болса саяхаттау жыныс талғамайтынын дәлелдеді.



