ДенсаулықПсихологияҮйден шықпай-ақ бақытты болудың жолы

Үйден шықпай-ақ бақытты болудың жолы

26 сәуір 2026
7 мин
Как стать счастливым, не выходя из дома
"Идеальные дни" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Бақытты болу үшін ерекше сәтті, ерекше мәртебені немесе ерекше табысты күтудің қажеті жоқ. Оған дәл қазір – осы мақаланы оқып болған соң-ақ қол жеткізуге болады. Біз мұны дәлелдей аламыз, сенбесеңіз – тексеріп көріңіз. 


Бақыт дегеніміз...


Анықтамасы күрделі, бірақ сезіне білсек, біз ойлағаннан әлдеқайда оңай дүние. Біз бақыттың механизмін түсіну үшін  бос теорияны айтпай, эмпирикалық әдіске сүйенеміз. Қазіргі ғалымдар бақыттың кем дегенде үш қабатын бөліп көрсетеді: гедония, эвдемония және психологиялық байлық.


Гедония немесе ләззат алу – әдетте біз бақыт деп атайтын дүниелер: дәмді тамақ, керемет демалыс, күшті секс, сүйікті сериалдар, айналаңызда мазаңызды алатын адамдардың болмауы. «Менде қазір бәрі жақсы» деген сезім – осы гедониялық бақыт. Мұндай кезде жаныңыз жай табады, жағымды оқиға болады, өміріңізде күйзеліске орын жоқ. Бірақ мұнда бірнеше ескеретін жайт бар.


Демалыс немесе көптен күткен гаджетті сатып алу сияқты жағымды оқиғалардың әсері небәрі бірнеше күнге, ары кетсе екі аптаға ғана созылады. Тіпті адам лотереядан миллион доллар ұтып алса, бұл оған уақытша ғана бақыт сезімін сыйлайды.


1978 жылы Филип Брикман, Дэн Коутс және Ронни Янофф-Булман адамдардың үш тобының бақыт деңгейін салыстырды: 50 000 доллардан жоғары ұтыс ұтып алған лотерея жеңімпаздары мен қарапайым, соның ішінде сал болып қалған адамдар. Олардың қазіргі бақыт деңгейін, өткендегі күйін және болашақтан не күтетінін саралап өлшеген. Бір қызығы, жеңімпаздар мен қарапайым адамдардың көрсеткіштері бір-бірінен алшақ болмады: лотерея ұтқандардың орташа бақыт деңгейі 4,0 болса, қарапайым адамдарда 3,8 болды. Жарты немесе бір жылдан соң «байып кеткендер» өзінің базалық бақыт деңгейіне оралған. Мұны гедониялық бейімделу деп атайды. Бұл – көптен күткен телефон, жолдама немесе жылжымайтын мүлік сатып алған соң, оның тез арада үйреншікті нәрсеге айналып кетуі. Ләззат алу эмоцияны бір сәтке ғана лап еткізеді, бірақ бақытты өмірді құра алмайды.


Иә, ақша адамды уақытша болса да бақыттырақ етеді. Бірақ біз жаңа табыс деңгейін жаңа диван алғандай қабылдаймыз: алғашында қуанамыз, алайда бұл сезім ұзаққа созылмайды. Күнделікті ұсақ-түйек қуаныштар да дәл солай – олар тез жалықтырады. Адамның еті үйреніп кеткен соң, бұрынғыдай әсер етпейді, ақырында тіпті қанағат сезімін де бермей қалады. Мысалы, сүйікті пиццаңызды күнде жей берсеңіз, бір күні одан жалығып кетесіз. Курорттағы демалыс та екі-үш аптадан кейін алғашқы күндердегідей ерекше әсер қалдырмайды.


Соня Любомирскидің зерттеуі бойынша, сыртқы жағдайлар – ұзақ мерзімді бақыттың 10%-ын ғана құрайды. Адамдар «тағы сәл шыдасам, бақытты болып кетемін» деген позициямен өмір сүреді, бірақ шын мәнінде бұл – «сәлден соң мен бұған да үйреніп кетемін» деген сөз. Не істесеңіз де, бәрібір үйреніп кетесіз. Міне, осы нәрсе бізді өмірімізді үнемі жақсартуға итермелейді, бірақ түптеп келгенде, ол ішкі бақытымызға еш әсер етпейді.


Ұзақ мерзімді бақытқа шынайы әсер ететін дүние – эвдемония немесе мән-мағынаның болуы. Бұл – өміріңіздің босқа өтпей жатқанын, әлемге өз үлесіңізді қосқаныңызды, мақсаттарға жеткеніңізді және жалпы өзіңізді тұлға ретінде құнды сезінуіңіз. «Эвдемония» терминін Аристотель енгізген, бірақ ол бүгінгі психологияда да белсенді қолданылады. Өмірінің мәнін жоғары сезінетін адамдар өзгелерге қарағанда 15-20% ұзақ өмір сүреді және психологиялық тұрғыдан төзімді келеді. Рахаттанып қана қоймай, бәрінің «бекер емес» екенін түсінген маңызды. Сондықтан ләззат алуға болады, бірақ сонымен бірге іштей бостықты сезінуі де мүмкін.


Мартин Селигманның зерттеулері көрсеткендей, мән-мағына болмаса, бақыт сапасыз фанерден жасалған орындық сияқты қирап қалады. Мартин PERMA моделін қалыптастырды:

  • Positive emotions –жағымды эмоциялар, ләззат пен қуаныш (бұл баяғы гедониялық бейімделу);

  • Engagement –процесске араласу, «ағында болу» және қызық іске толықтай берілу;

  • Relationships –қарым-қатынас, жақын адамдардың болуы, қолдау;

  • Meaning –мағына, өз құндылығыңды сезіну және өмірге қосып жатқан үлес;

  • Accomplishment –жетістіктер, нақты нәтиже мен ілгерілеу. 


Бұл жерде M (Meaning) – тұрақты бақытты болудың негізгі факторы, онсыз бәрі тұрақсыз болады.



Соңғы және ең жас қабат –психологиялық байлық. Бұл термин қызық әрі оқиғаға толы өмірді (тіпті қиындықтарымен бірге) сипаттайды. Бұл тұжырымдама авторларының бірі –Шигэхиро Оиси. 30-дан астам елдің өкілдері қатысқан халықаралық сауалнама нәтижесі бойынша, адамдардың 17-26%-ы тұрақты бақытты өмірден гөрі, оқиғаға толы өмірді таңдаған. Зерттеулер көрсеткендей, адамдардың басым бөлігі өмір қызық болуы үшін тұрақтылықтан бас тартуға дайын. Бір сәтте жайлылықтың орнын «маған өмір сүру жалпы қызық па?» деген сұрақ басады. Психологиялық бай өмір көзқарасты өзгертеді, ойлауды дамытады және маңызды бір нәрсені бастан өткергендей сезім сыйлайды. Мұндай өмір әрдайым жеңіл бола бермейді, бірақ міндетті түрде қызық болады. Тіпті жағымсыз оқиғалар да оны байыта түсуі мүмкін.


Метр, тонна, ампер – бақыт немен өлшенеді?


Бақытты өлшеу мүмкін емес. Оны бағалау үшін бірден бірнеше көрсеткіш қолданылады: өзін-өзі бағалау, өмірге қанағаттану деңгейі және жағымды эмоциялардың жиілігі. Бірақ бұл деректер болса да, барлық метрика субъектив. Бір адамның «10-нан 7» деген қанағаттану деңгейі екінші адамдікімен сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Бақыт соңғы нәтиже емес, бұл – үнемі жұмыс істеуді қажет ететін процесс. Біржола бақытты болып кету де мүмкін емес. Тек тұрақты әрекеттер мен әдеттер ғана сізді осы күйде ұстай алады –бақыттың 40%-ы күнделікті істерге байланысты.


Соня Любомирскидің зерттеулері бақыт формуласын анықтады:

  • 50% –Генетика (базалық деңгей);

  • 10% –Жағдайлар (ақша, мәртебе, тұрғын үй);

  • 40% –Күнделікті әрекеттер.


Бұл жерде генетикаға эмоциялық фонның базалық деңгейі, темперамент, эмоцияларға сезімталдық, гормонал жүйенің жұмысы (дофамин мен серотонин), гедониялық бейімделу жылдамдығы, сондай-ақ оптимизмге немесе пессимизмге туа біткен бейім жатады. Осылай, генетика бақыттың деңгейін алдын ала шешіп қоймайды, тек оның шегін белгілейді.


Сонымен, қалай бақытты болуға болады?


Адамдар айналасында болып жатқан дүниенің бақытқа әсерін тым асыра бағалайды да, күнделікті әдеттердің маңызын ескермейді. Мұның атауы – аффектив болжам. Біз байығанда, үй сатып алғанда, демалысқа барғанда немесе арықтағанда бақытты боламыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде, дәл қазір-ақ бақытты болуға болады.

Өмірдің мәні мен бақытты табу мүмкін емес, оларды тек жасауға болады. Сонымен қатар, бұл сіздің ісіңізге, тұратын жеріңізге немесе табыс деңгейіңізге байланысты емес. Баянды бақыт – ләззат алу, мағына және қызық өмір тоғысқанда пайда болады. Егер осы элементтердің бірін алып тастасаңыз, ішіңізде бостық, қажу және тұрақсыздық болуы мүмкін. Қосымша факторлар ретінде жағымсыз эмоцияларды қабылдау керек және өмірді жалғастыру қажет. Ал не болса да бақытты болуға тырысу – бақыт концепциясын жойып жібереді.


Дәл қазір бақытты болудың шағын чек-листі:

  • Бақыт болашақта күтіп тұр деп ойламаңыз. Бүгінмен өмір сүріңіз.

  • Күнделікті істеріңізді мағыналы етіңіз. Тіпті күніне бір-екі әрекетті өзіңіз үшін емес, өзгелер үшін жасасаңыз. Бұл эмоциялық күйіңізді тұрақтандырады.

  • Араласып қана қоймай, қарым-қатынас орнатыңыз. Бір-екі жақын адам жүздеген таныстан әлдеқайда құнды.

  • Қиындықтардан қорықпаңыз және кез келген процеске барынша беріліп жұмыс істеңіз.

  • Жаңалыққа ашық болыңыз. Жаңа жерлер, тапсырмалар, өмір сүру форматтары. Үйреншікті істерді бұзатын дүниелер гедониялық бейімделудің әсерін азайтады.

  • Үнемі позитив қуудың қажеті жоқ. 24/7 бақытты болу мүмкін емес, эмоция толқын сияқты.

  • Кішкентай жетістіктеріңізді түртіп отырыңыз. Орындалған тапсырмалар, біткен істер және тіпті ең аз әрекеттің өзі миға бақыт гормондарын бөлуге көмектеседі.

  • Өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз. Салыстыру – бақыттың басты жауы.

Бөлісу: