Жазда тіпті кофеқұмарлардың өзі ыстық американодан айналып өткісі келеді. Күн 40° градус ыстық болса, түстен кейін ұйқы басатыны тағы бар. Осындайда серігіп алатын салқын бірдеңе ішкіңіз келеді. Ол үшін кофеханаға жүгірудің де қажеті жоқ, ең дәмді кофелерді үйден жасап көріңіз. Tamga Media осы жазда өзіңіз дайындай алатындай ең дәмді салқын кофе рецептерін ұсынады.
Cold Brew
Әдеттегі кофе тым ащы, кейде тым қышқыл болса, салқын сусын ішуді Cold Brew-дан бастаңыз. Оны қайнаған сумен демдемей, салқын суда 12-24 сағат ұстайды. Сонда дәмі жұмсарып, кофе дәндерінің табиғи тәтті дәмі ашылады. Алдын ала жасап, тоңазытқышта бірнеше күн сақтай беруге де болады.
Не керек?
75 грамм ірі ұнтақталған кофе
1 литр салқын су
Қалай жасау керек?
Банкаға немесе құмыраға кофені салып, үстіне су құйыңыз. Қақпағын жауып, тоңазытқышқа 12-15 сағатқа қалдырыңыз да, кейін сүзіп алыңыз. Мұз салып, қалауыңызша сүт не сироп қосып іше бересіз.

Айс латте
Ең танымал салқын кофе. Жақсы сергітеді, сүт қосылған соң дәмі жұмсақ. Кофе ішуді енді бастап жүрсеңіз, айс латтеден бастаңыз.
Не керек?
Қос эспрессо
180-220 миллилитр салқын сүт
Мұз
Қалауыңызша сироп не қант
Қалай жасау керек?
Биік стақанға мұз толтырып, жаңа демделген кофені, кейін салқын сүт құйыңыз. Тәтті ұнатсаңыз, сироп не қант қосып араластырасыз. Кофемашина болмаса, кофені туркада, гейзер кофеваркада немесе аэропрессте өте қою етіп демдесеңіз болады.

Айс американо
Сүт пен сироптың дәмін емес, кофенің өзін ұнататындарға айс американо бар. Құрамында артық ештеңе жоқ: тек эспрессо, су және мұз. Содан да болар, мұнда кофе дәндерінің сапасын бірден байқайсыз.
Не керек?
1-2 шот эспрессо
150-250 миллилитр салқын су
Мұз
Қалай жасау керек?
Стақанға мұз салып, эспрессоны құйыңыз, үстіне салқын су қосыңыз. Дайын! Өте оңай дайындалса да, адамдар ыстық күнде өте көп ішеді. Калориясы аз, нағыз кофенің дәмі білінеді.
Жапон айс кофесі
Cold Brew-дың дәмі жұмсақ әрі тәттілеу келсе, жапон айс кофесінен жаңа демделген кофенің хош иісі аңқып тұрады. Мұз үстіне ыстық кофе құйғаннан сусын бірден суиды. Мұндай тәсіл кофенің жеміс пен гүлге ұқсас нәзік дәмін сақтайды.
Не керек?
32-33 грамм ұнтақталған кофе
500 миллилитр ыстық су
200 грамм шамасында мұз
Қалай жасау керек?
Ыдысқа мұз салыңыз. Пуровер V60, Кемекс немесе кез келген кофе сүзгіш арқылы кофені бірден мұздың үстіне демдейсіз. Соңында араластырып, стақандарға құйсаңыз болғаны.

Фраппе
Грекияда пайда болған сусын жазда ең көп ішілетін кофенің бірі. Фраппенің басты сыры – әдеттегі ерігіш кофеден жасалатын қою, үлпілдек көбігі. Басқа рецептер сияқты емес, мұнда қарапайым ерігіш кофенің дәмі өте жақсы шығады.
Не керек?
2 шай қасық ерігіш кофе
50 миллилитр су
Қалауыңызша қант
Салқын сүт немесе су
Мұз
Қалай жасау керек?
Кофе, су мен қантты араластырып, қою көбік шыққанша жақсылап шайқаңыз. Сосын қоспаны мұз салынған биік стақанға құйып, үстіне салқын су не сүт қосасыз. Ыстықта жақсы сергітетін, бетінде көбігі бар жеңіл сусын дайын.
Қоюланған сүт қосылған Вьетнам кофесі
Айс латте тым жұмсақ, ал қара кофе тым ащы болса, Вьетнам кофесін жасап көріңіз. Қоюланған сүт қосылған сусын қою әрі тәтті боп шығады. Тіпті десертке де ұқсайды, бірақ өзіне тән ерекше дәмі бар.
Не керек?
2-3 ас қасық қоюланған сүт
1 қасық қою кофе
Мұз
Қалай жасау керек?
Стақан түбіне қоюланған сүт құйыңыз. Үстіне жаңа демделген қою кофені қосасыз. Жақсылап араластырып, мұз салыңыз. Кофені гейзер кофеқайнатқыштан, аэропресс не френч-пресстен өткізген дұрыс, бірақ сапалы ерігіш кофе де жарайды.
Эспрессо-тоник
Кейінгі жылдары эспрессо-тоник жаздың нағыз хитіне айналды. Мұздай газдалған сусынның жеңіл ащы дәмі мен цитрус иісі ыстық күні бірден сергітеді.
Не керек?
120-150 миллилитр салқын тоник
1 шот эспрессо
Мұз
Қалауыңызша лимон, лайм не апельсин тілімі
Қалай жасау керек?
Стақанға мұз толтырып, тоник құйыңыз. Әр қабаты араласпай, әдемі көріну үшін эспрессоны үстіне ақырын қосыңыз. Қаласаңыз, цитрус тілімін салсаңыз болады. Тоник сапалы болса, дәмі де ерекше шығады.

Тайланд айс кофесі
Өзгеше дәм іздейтіндерге бұл кофе сөзсіз ұнайды. Құрамында қоюланған сүт, қаймақ пен дәмдеуіш бар, сондықтың сусының тәтті дәмі мен хош иісі бөлек.
Не керек?
240 миллилитр қоюланған кофе
180 миллилитр қаймақ
120 миллилитр қоюланған сүт
Шым-шым кардамон
Мұз
Қалай жасау керек?
Қаймаққа кардамон салып, сәл жылытып алыңыз да, толық суытыңыз. Қойытылған сүт қосып араластырып, салқын қою кофеге қосасыз. Мұз салсаңыз да болады. Тәтті кофе ұнататындар үшін керемет таңдау.
Фреддо-эспрессо
Грекия кафелерінде жазда ең жиі ішілетін сусын – осы фреддо-эспрессо. Әдеттегі айс американо сияқты мұнда кофеге су қосылмайды. Жаңа демделген эспрессоны мұзға шайқап суытады, содан кофе ащылығын жоғалтпайды, бірақ дәмі жұмсарып, бетінде көбік пайда болады.
Не керек?
2 шот эспрессо
Мұз
Қалауыңызша қант
Қалай жасау керек?
Қос эспрессо демдеп, шейкерде мұзға қосып, шайқаңыз. Сосын жаңа мұз салынған стақанға құйыңыз. Шейкер болмаса, кофені мұзға жақсылап араластырсаңыз да болады, тек көбігі азырақ шығуы мүмкін.

Кокос қосылған салқын кофе
Өзгеше бірдеңе қаласаңыз, кофеге кокос суын қосып көріңіз. Сусын жеңіл, сүт қосылған кофе сияқты тым тәтті болмайды. Ыстықта қою кофе ішкіңіз келмесе, осы сусынды байқап көріңіз.
Не керек?
50 миллилитр колд брю немесе қою кофе
100 миллилитр кокос суы
Мұз
Қалауыңызша жалбыз
Қалай жасау керек?
Стақанға мұз салып, кокос суы мен кофені құйыңыз. Ақырын араластырып, үстіне бір-екі жалбыз жапырағын саласыз. Кокос суының орнына кокос сүтін қосуға да болады, онда сусынның дәмі жұмсағырақ шығады.
Қай салқын кофені таңдаған жөн?
Шөлді тез басатын, калориясы аз сусын іздесеңіз, колд брю, жапон айс кофесі немесе айс американоны ішіп көріңіз. Дәмі жұмсақ кофе ұнаса, айс латте мен фраппе бар. Өзгеше дәм іздейтіндерге эспрессо-тоник ұнайды, ал кофені тәтті десерт орнына ішетіндерге Вьетнам не Тайланд рецепті келеді. Бұл сусындарды арнайы аппаратсыз-ақ үйде дайындап, жаздың соңына дейін дәмін татып көріңіз.



