Marketreportsworld дерегі бойынша қазір UGC саласы әлемнің 90-нан астам елінде дамып жатыр. Дүниежүзіндегі жарнаманың 41%-ы UGC форматында болғандықтан, компаниялар бұл контентті саудада, қаржыда, ойын-сауықта және білім саласында белсенді қолдана бастады. Қазір Қазақстанда өз бизнесін дамытқысы келетін кәсіпкерлер де UGC-креаторлардың қызметіне жиі жүгінеді.
UGC-креаторлардың ерекшелігі неде?
UGC (User-Generated Content) – белгілі бір өнімді пайдаланып көрген адамның өз тәжірибесіне сүйеніп түсірген видеосы, фотосы немесе жазған пікірі. Сәйкесінше, мұндай контентті жасаған адамды UGC-креатор дейміз. Мысалы, TikTok не Instagram желісінде бір адам өзі қолданған өнім жайлы шынайы әсерін бөліседі. Оның контентінің басты артықшылығы – табиғилығында. Ол кәдімгі жарнама сияқты жасанды көрінбейді. Ал көрермен үшін өнімді шынымен қолданып көрген адамның пікірі маңыздырақ.
Бұл саланы TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts сияқты контент форматтары дамытты. Қысқа, шынайы әрі динамикалық видеолар аудиторияның назарын тез аударады. Оның үстіне, миллиондаған оқырманы бар блогерлердің жарнамасы қымбатқа түседі. Ал UGC-креаторлармен жұмыс істеген қаржылай әлдеқайда тиімді. Кей жағдайда нәтижесі де жақсырақ болуы мүмкін.
Ең қызығы, UGC-креатор болу үшін міндетті түрде танымал блогер болудың қажеті жоқ. Тіпті оқырман саны аз болса да қалыпты жағдай. Бастысы – шынайы аудитория мен шынайы контент.
Жадыра Бекет, UGC-креатор:
«Былтыр қыркүйекте UGC саласын зерттей бастадым. Алғашқы тапсырысымды алған кезде Instagram-да небәрі 970 оқырманым бар еді. Сол кезде серіктестер төрт адамға арналған бассейн билетін, депозит пен жеке тапшан берді. Құшақ жая қарсы алды. Шынымды айтсам, мені танымал блогер секілді күтеді деп ойламадым. Осындай мүмкіндікті көргеннен кейін шабыттанып кеттім. Кейін ресейлік және кореялық брендтермен де жұмыс істей бастадым. Бизнес иелеріне қарапайым халық жасаған контент керек».
UGC саласындағы түсініспеушіліктер
Қазір шағын аудиториясы болса да, ірі брендтермен тұрақты жұмыс істейтіндер бар. Оның бәрі адамның идеясын қалай жеткізетініне байланысты. Егер контент өтімді болса, кәсіп иелері өздері-ақ ұсыныс білдіреді. Табысыңды да өзіңнің деңгейіңе қарай бағалайсың.
Дегенмен бұл нарық әлі толық қалыптасып үлгермегендіктен, кейде бизнес иелері мен креаторлардың арасында түсініспеушілік туындайды. Жадыраның айтуынша, кей кәсіпкерлер UGC-креатордан сатылым талап етіп, аудитория статистикасын сұрайды. Алайда UGC-креатордың міндеті – контент жасау. Ал адамдардың өнімді сатып алуы немесе алмауы оның жауапкершілігіне кірмейді.
Жадыра:
«UGC-креатормын деп тек өнімдерді түсіре беруге де болмайды. Парақша адамдарға пайдалы болуы керек. Сонда оқырман да көбірек тіркеледі. Мысалы, мен бір өнімді көрсетемін. Соңында оны сатып алуға шақырамын. Әрине, бұл көбіне ұнай бермейді. Оқырмандар шаршайды. Парақшаңызда басқа бағыт та болғаны жөн. Контент те уақытты, энергияны алады. Сол үшін 5-6 мыңның затын үйіп алып, енді не түсіремін деп бас шайқағаннан сапаға жұмыс істеген әлде қайда жақсы».
Неге адамдар UGC креаторға сенеді?
Адамдар өзіне ұқсайтын адамдарға көбірек сенеді;
«Басқалар қолданып жатса, демек жақсы шығар» деген түсінік қалыптасқан;
Көпшілік блогерлердің мінсіз өмірінен шаршап, шынайы контент іздей бастады;
Әлеуметтік желі алгоритмдері табиғи контентті жиі ұсынады.
WifiTalents жүргізген сауалнамасы бойынша, тұтынушылардың 92%-ы дәстүрлі жарнамадан гөрі UGC-креаторлардың пікіріне көбірек сенеді. Ал тауар сатып алу кезінде мұндай контент блогер жарнамасына қарағанда 9,8 есе тиімді болған. Зерттеулерге сүйенсек, TikTok-та UGC форматындағы жарнамадан түсетін табыс жыл сайын 200% өсіп келеді. Сонымен қатар шағын және орта бизнес UGC қолданғаннан кейін бір ай ішінде табысын орта есеппен 18% арттырған.
Әлемдегі статистикаға қарамастан пікір қайшылығы туындап отыр. Маркетолог Абат Алмасұлы UGC креаторлардың ғұмыры ұзаққа бармайтынын айтады.
Абат Алмасұлы, маркетолог:
«UGC-креатор деген мамандық жоқ. Қазіргі таңда UGC-креаторлар бартерге зат алып оған өтірік пікір білдіріп, жалған мақтау айтып жүр. Ал шындығында өнімді сатып алған клиент шынайы тауар туралы пікірін айту керек еді. Қазір өзін креатормын деп жүргендер мини блогерлер. Бір компаниядан бартерге тауар алып, өтірік кері байланыс беріп, контент жасап, аудиторияны алдағысы келеді».
Абат Алмасұлы кәсіпкерлер көбірек пайда табу үшін өздерінен тауар сатып алған адамдарға байланысқа шығуы керек деп есептейді. Шынайы пікір болған жерде «тірі» аудитория да болады дейді маман.
Мәселенің екінші жағын білу үшін Instagram-да 202 мыңнан астам оқырманы бар блогер Аяна Бердалының пікірін сұрадық.
Аяна Бердалы, блогер:
«UGC-креатор мен блогердің жұмысы екі бөлек. Мен блогер ретінде брендтен өнім де аламын, қосымша жарнама ақысы да төленеді. Ол сенің деңгейіңе байланысты. Егер брендке тек контент керек болса – UGC тиімді. Ал өнімді аудиторияға танытып, сенім арқылы сату қажет болса, блогердің аудиториясы маңыздырақ. Қазір ең жақсы нәтиже осы екеуін қатар қолданғанда шығып жатыр. Кімнің аудиториясы шынайы болса, жарнамадан сол ұтады».
UGC саласының қанша уақыт өзекті болатынын нақты айту қиын. Бірақ шынайы тәжірибеге негізделген контентке сұраныс әлі де жоғары. Қазір бұл нарықта ең маңыздысы – халықтың сенімі мен контент сапасы. Ал сенім жоғалған жерде кез келген саланың ғұмыры ұзақ болмайтыны анық.




