Тырнағын тістейтін, шашын ширататын, ерінін тістелейтін немесе саусағын сықырлататын балаларды жиі көреміз. Көпшілік мұндай әрекеттер уақыт өте келе өздігінен жоғалып кетеді деп ойлайды. Алайда кей адам бұл әдетінен есейген соң да арыла алмайды.
Психологияда мұндай әрекет «Қайталана беретін мінез-құлық пен әдеттер» (BFRBs) деп аталады. Бұл – адамның бейсаналы түрде қайта-қайта жасайтын, өз денесіне бағытталған әрекеттері. Оларға тырнақ тістеу, шашты немесе денедегі түкті жұлу, саусақ сықырлату, саусақ сору, ерін мен ұртты тістелеу, шаш ширату, теріні жұлу жатады.
Psychological Medicine журналындағы 1481 ересекке талдау жасалған зерттеу бойынша, дәл осы аталғандар – адамдар арасында ең жиі кездесетін әдеттер. Кейбір адамда бірнешеуі қатар болады екен.

Зерттеу тырнақ тістеуге қатысты қызық дерек көрсетті: 18-39 жас аралығындағылардың 62%-ы тырнағын тістейтінін айтса, 40 жастан асқандарда бұл көрсеткіш 24% төмендеген. Яғни адамның жасы ұлғайған сайын бұл әдет біртіндеп азаюы мүмкін.
Бұл әдеттер қалай пайда болады?
Күйзеліс пен қорқыныш. Бұл әдеттер көбіне бала кезден қалыптасады. Бала күйзелгенде, қорыққанда, мазасызданғанда эмоциясын басқарудың басқа тәсілін әлі толық үйренбеген соң, өзін тыныштандыру үшін осындай әрекетке барады. Сонда олар аз уақытқа болсын тынышталып, қысым, мазасыздығы бәсеңдейді.
Бірақ ми осы жеңілдік сезімін жаттап алады да, келесі жолы дәл осылай күйзелгенде осы әрекетті қайта жасап талап етеді. Кейін еріксіз әдетке айналады.
Жасөспірім шақта бұл әдеттердің күшеюіне отбасындағы қиын жағдайлар, мектептегі мәселелер, сырт келбетке қатысты уайым себеп болады. Ересек шақта да ми осы «тыныштық» сезімінен айырылғысы келмейді.

Мұндай әдеттер өздеріне тым жоғары талап қоятын, демалуға немесе босаңсуға «рұқсат бермейтін» адамдарда жиі кездеседі.
Зерігу мен ішкі жайсыздық. Бірақ мұндай әдет тек күйзелістен пайда бола бермейді. Зерттеу дерегіне сүйенсек, кейбір адам зеріккенде, қалағаны іске аспағанда, шыдамы жетпегенде тырнағын тістеуі, шашын ширатуы, саусағын сықырлатуы мүмкін.
Ғалымдар мұны адамның жағымсыз эмоцияларды азайту немесе ішкі жайсыздығын жеңілдету үшін істейтін бейсаналы тәсілі деп түсіндіреді. Сондықтан мұндай әрекеттер кейде емтиханға дайындалу, компьютерде ұзақ жұмыс істеу сияқты зейін шоғырланатын, жалықтыратын істермен айналысқанда болады.Тұқым қуалаушылық факторы да бар. Кейбір зерттеу бұл әдеттер тұқым қуалағаннан да пайда болуы мүмкін дейді. Яғни отбасы мүшелерінде осындай мінез-құлық, әдеті болса, олардың балаларында да қалыптасуы мүмкін. Дегенмен генетика жалғыз себеп емес екенін ескерте кетейік.
Жай әдет пе, әлде ауру ма?
Тырнақ тістеу, шаш ширату сияқты әрекеттің бәрі бірдей ауру емес. Мамандар мұны екі деңгейге бөледі: жеңіл және ауыр түрі.

Жеңіл түрі. Көпшілік адам өмірінде бір рет болса да осындай әдетке салынған Бұл – қалыпты жағдай. Мұндай кезде әрекет сирек қайталанады, дене зақымданбайды, күнделікті өмірге кедергі келтірмейді.
Ауыр түрі. Адам әдетін күніне бірнеше рет немесе аптасына бес реттен көп қайталайды, бұл ұзаққа созылады, дене зақымданады – тері қанайды, шаш түседі. Тіпті теріге инфекция түсуі мүмкін. Эмоциялық тұрғыдан адам осы әдетінен ұялады, өзін қолайсыз сезінеді және өзін бірнеше рет тоқтатуға тырысқан, бірақ сәтсіз болған. Дегенмен тек дәрігер мұны нақты ауру деп диагноз қоя алады.
Cleveland Clinic медицина орталығының мәліметі бойынша, мұндай әдеттердің ауыр түрі әлем халқының шамамен 0,5-4,4%-ында кездеседі. Алайда көп адам мұны ауру санамай, дәрігерге бармаған соң, бұл көрсеткіш шын мәнінде бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Бұл әдеттен қалай арылуға болады?
Ересектерге
Жалпы мұндай әдеттерден бірден арылу оңай емес, дегемен оны біртіндеп азайтуға болады.
Әдеттің қашан және қандай жағдайда пайда болатынын анықтаңыз. Қажет болса, күнделік жүргізіңіз.
Жағымсыз эмоцияны басқа жолмен шығарыңыз. Антистресс ойыншықтарын, арнайы шайнайтын бұйымдарды пайдаланыңыз немесе тыныс алу жаттығуларын жасап көріңіз.
Әдеттің орнына жаңа әрекет қалыптастырыңыз. Мысалы, тырнақ тістегіңіз келгенде тырнағыңызды егеңіз немесе қолыңызға крем жағыңыз.
Өзіңізге нақты мақсат қойыңыз. Бұл әдеттен не үшін арылғыңыз келетінін жиі еске түсіріп отырыңыз.
Балаларға
Баланың ішкі қысымын азайтып, жүйкесін тыныштандыруға белсенді ойындар көмектеседі.
2-3 жас: жер тепкілеу, жастықпен ұру, қағазды мыжу.
3-5 жас: аңдардың даусын салып ойнау, айғайлауға мүмкіндік беру.
6-8 жас: допты қабырғаға лақтыру, қарындашты қаттырақ басып сурет салу.
9-12 жас: көбірек қимылдау, спортпен айналысу, секіру, жүгіру. Сондай-ақ слайм, пластилин, саз балшық сияқты қолмен мыжып, созып ойнайтын материалдар да пайдалы.
Назар аударыңыз! Адам мұндай әрекеттерді аптасына бес реттен жиі қайталаса, салдарынан терісі, еріні немесе тырнағы зақымданса, дәрігерге тексерілгені дұрыс. Бұл әдеттер күнделікті өмірге, жұмысқа, оқуға немесе психологиялық жағдайына зиянын тигізсе, психологтың көмегіне жүгінген жөн.




