Түсіңізде біреу артыңыздан қуып жүр ме? Әлде биіктен құлап бара жатырсыз ба? Тісіңіз түсіп қалды ма, емтиханнан өте алмай қалдыңыз ба немесе елдің алдында жалаңаш жүргеніңізді көрдіңіз бе? Баспалдақпен көтеріле алмай, қайта-қайта сүрініп жүрген шығарсыз... Мұндай түстерді тек сіз ғана көрмейсіз. Оларды әлемдегі миллиондаған адам көреді. Ғылымда мұндай түстерді «жалпыға ортақ түстер» деп атайды және мұның нақты себептері бар.
Түсті қалай зерттейді?
Түстің қалай пайда болатынын және нені білдіретінін зерттейтін ғылым онейрология деп аталады. Бұл атау гректің oneiros – «түс» деген сөзінен шыққан. Ғалымдар түсті зерттеу үшін бірнеше әдісті қолданады. Мысалы, ұйқысынан оянған адамға бірден көрген түсін жаздырады. Сондай-ақ мидың белсенділігін (ЭЭГ), REM немесе жылдам ұйқы фазасын бақылайды, түстерді арнайы жүйелер бойынша талдайды, фМРТ арқылы миды сканерлейді. Тіпті кейбірі адам түс көріп жатқан кезде көзімен белгі беріп, ғалымдармен байланыс орнатады екен.

Түсімізде не көреміз?
Ғалымдар түсті зерттеу үшін Typical Dreams Questionnaire (TDQ) деп аталатын арнайы сауалнаманы да қолданады. Оны 1997 жылы Антонио Задра мен Тор Нильсен жасаған. Сауалнамада 50-ден астам сұрақ бар және ол әртүрлі елдегі адамдардың жиі көретін түстерін салыстыруға мүмкіндік береді. Мұнда адамға түсіңді толық баяндап бер демейді. Оның орнына қуу, құлау, ұшу сияқты нақты сюжеттер туралы сұрақтар қойылады.
Канадалық ғалымдар 1100-ден астам студентке зерттеу жүргізіп, адамдардың ең жиі көретін түстерін анықтады (Nielsen et al., 2003). Ең көп кездесетіні – біреудің қуып келе жатқанын көру (81,5%). Одан кейін сексуал мазмұндағы түстер (76,5%) және мектеп пен оқуға қатысты түстер (72,4%) тұр. Сондай-ақ қатысушылардың шамамен төрттен үші түсінде биіктен құлағанын айтқан.
Одан кейін ұшаққа, емтиханға, маңызды кездесуге кешігу (59,2%), бір істі қайта-қайта тырысса да істей алмау (58,1%), қайтыс болған адамды тірідей көру (55,4%), ұшу (49,9%) және емтиханнан құлау (47,8%) сияқты көріністерді көреді. Респонденттің 39-40%-ы түсінде тістерінің түсіп немесе үгітіліп жатқаны кемінде бір рет көрген.
Түсінде ұшқанын көргендер туралы деректер де қызық. 1958 жылғы зерттеуде адамдардың 39,5%-ы түсінде ұшқанын айтса, 2003-2004 жылдары бұл көрсеткіш 50-63%-ға дейін өскен. Ғалымдар мұны адамдардың ұшақпен жиі ұша бастағанымен байланыстырады.

Оған қоса адамдар жасына қарай әртүрлі түс көре бастайды екен. Ересектер жастарға қарағанда түсінде ақшаны немесе қайтыс болған адамды тірі күйінде жиі көреді. Зерттеушілер адам жасы ұлғайған сайын өмір мен өлім туралы көбірек ойлайды, сол себепті осындай түстер көреді дейді.
Бұдан бөлек, түсінде көпшілік алдында киімсіз қалғанын немесе әжетхана таба алмағанын көретіндер де көп. Адамдар жиі көретін түстер ұқсас болғанымен, әр елде айырмашылық бар. Мысалы, жапон халқы Америка халқына қарағанда түсінде өртті жиі, ал киімсіз жүру сияқты түсті өте сирек көреді. Бұл әр елдегі мәдениет пен қоғамның уайымы екі бөлек екенін көрсетеді.
Түстердің мазмұны да әлемдегі оқиғаларға қарай өзгереді. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде жағымсыз сюжеттер мен маска, оқшаулану, ауруға қатысты түстер көбейген.

Неге дәл осы түстерді көреміз?
Мұндай түстер мистика мен кездейсоқ емес. Бұған мидың жұмысы, ұйқы кезіндегі денемізде болатын өзгерістер мен бәрімізге ортақ уайымдар себеп. Қай елде тұрсақ та, ересек адамдарды көбіне бірдей қорқыныш пен уайым мазалайды.
Түсімізді мынадай үш болжаммен түсіндіре аламыз.
1. Қауіпке дайындалу. Түсімізде біреуден қашсақ немесе қауіптен құтылуға тырыссақ, миымыз осындай жағдайға дайындалады. Бұл – адамға ата-бабасынан қалған қорғаныс инстинкті. Тек заман өзгерген. Бұрын адамдар түсінде жыртқыштан қашса, қазір ұшаққа кешігіп жүреді, біреу қуалайды немесе интернетте қиын жағдайға тап болады. Бұрын емтиханнан қорықсақ, қазір қате хат жіберіп қоюдан немесе маңызды қоңырауды өткізіп алудан қорқамыз. Яғни қорқыныш өзгерген жоқ, тек оның себебі өзгерді.

2. Денедегі сезімдер. Кейде түске денеміздегі жайсыздық та әсер етеді. Мысалы, көп адам түсінде тісінің түсіп қалғанын немесе үгіліп жатқанын көреді. Израиль ғалымдары мұны іштегі уайымнан ба, әлде тістің шын ауруынан ба деп тексеріп көрген. Нәтижесінде екіншісі дәлелденді: мұндай түс көргендер оянғанда тісі немесе қызыл иегі сыздап тұрғанын байқаған. Яғни, ми іштегі психологиялық себепті іздемей-ақ, денедегі физикалық ауырсынуды түске қоса салған.
Зерттеуде мұндай адамдардың түсінде ұшу, құлау немесе біреуден қашу сияқты оқиғалар да жиі кездесетіні байқалған. Бұл олардың ұйқы кезінде денедегі сезімдерді күштірек қабылдайтынын көрсетеді. Сондықтан мұны жалғыз психологиямен түсіндіру қиын.

3. Күндізгі уайымдар. Күндіз көп ойлаған немесе уайымдаған нәрселеріміз түнде түске енуі мүмкін. Ұйқы кезінде ми күндіз болған оқиғаларды өңдеп, реттейді. Сондықтан емтиханнан қорқу, бір істі үлгермей қалу немесе көпшіліктің алдында ыңғайсыз жағдайға түсу сияқты алаңдаушылықтар түсімізде жиі қайталанады. Сол себепті емтиханнан құлап қалу немесе жұрттың алдында киімсіз қалу сияқты түстер жылдар өтсе де ең жиі кездесетін түстердің қатарында қала береді.
Бұның бәрі не білдіреді?
Ғылым өз алдына, бірақ мұндай түстерге қатысты бұрыннан келе жатқан басқа да түсініктер бар. Ол – түс жору, эзотерика мен психоанализ.
Түс жору кітаптарында біреуден қашу – өмірдегі шешілмеген мәселеден қашу немесе шамаң жетпейтін мақсатты қуу деп түсіндіріледі. Егер түсіңде қуғандардан қашып құтылсаң, өңіңде де үлкен қиындықтан аман өтесің дейді. Ал эзотерикада бұл – іштегі ескі өкпе мен кедергілерден арылудың белгісі.
Түсте құлау – істі немесе қарым-қатынасты бақылаудан шығарып алудың белгісі. Егер адам жерге жетпей оянып кетсе, жаны денесіне қайта оралған екен-мыс. Ал жерге құлап түссе, алда ұсақ-түйек қиындықтар болуы мүмкін деген сенім болған. Бірақ мұның ғылыми дәлелі жоқ, бұл – халық арасында сақталған ескі нанымдардың бірі.

Ал түсте тістің түсуіне қатысты болжам әртүрлі. Ислам дәстүрінде бұл – ұзақ өмірдің белгісі болса, енді бірі жақын адамың ауырады деп жориды. Мұнда үстіңгі тістер ерлерді, астыңғы тістер әйелдерді білдіреді. Психолог Карл Юнг тісті «адамның өзін қорғай алуы» деп түсіндірген. Сондықтан түсіңізде тісіңіз түсіп жатса, өзіңізді дәрменсіз сезініп, қартаюдан қорқатыныңызды көрсетеді.
Ал түсте ұшу – әрдайым жақсылықтың нышаны. Бұл – қиындықтан құтылып, еркіндікке шығып, өміріңізде жақсы өзгерістердің болуы. Түсіңізде неғұрлым биік ұшсаңыз, өңіңізде де бәрі соғұрлым керемет болады. Ал биіктен төмен құлап бара жатсаңыз, қолымдағы мүмкіндікті пайдалана алмай қаламын ба деген ішкі үрейіңізді білдіреді.
Түс жору мен ғылымның айтар ойы кейде бір жерден шығады. Екеуі де түсте құлау мен қашуды іштегі уайым мен үрейден дейді. Айырмашылығы – ғылым мұны жай ғана стресстің белгісі десе, түс жору оны нақты оқиғаға айналдырып, болашақты болжауға тырысады.



