ДенсаулықПсихологияТұлғаның 7 психотипі: истероид, эпилептоид, шизоид…

Тұлғаның 7 психотипі: истероид, эпилептоид, шизоид…

1 қыркүйек 2026
8 мин
«Настоящий детектив» сериалының постері

Әлеуметтік желіде осы терминдердің ең болмағанда біреуін естіген шығарсыз. Tamga Media интегративті психолог Алевтина Рябцевамен бірге тұлғаның 7 психотипін, олардың мықты және осал тұстарын сараптап көрді. 


Неге адам жалғыз бір психотип түрі бола алмайды?


Шындығында, өмірде мінезі жүз пайыз бір сипаттамаға ғана сай келетін адамды кездестіру өте қиын. Себебі адам болмысы - бірнеше қасиеттің күрделі тоғысы. 


Біреу өте пысық әрі елдің назарында жүргенді ұнатса, екіншісі сәл мазасыз, бірақ ұқыпты болуы мүмкін. Ал үшінші тым сезімтал болғандықтан, кикілжіңнен бойын аулақ ұстауы мүмкін. Сондықтан адамды бір психотиппен саралауға болмайды, керісінше бойындағы басым қасиеттерге мән берген жөн.


Демек мінездегі қандай да бір оғаш немесе ерекше қасиет ол адамның «психикалық ауытқуы» бар дегенді білдірмейді. Бұл – кез келген сау адамда болатын қалыпты жағдай.


Тұлғаның 7 психотипі: талдау 

  1. Истероидты (ел назарын жақсы көретін) тип

Атауының өзі айтып тұрғандай, өзіне назар аударып тұратын жандар. Олар үшін жұрттың реакциясын алу өте маңызды. Біреудің таңғалып қарағанынан, мақтағанынан, тіпті жай ғана қызығушылық танытқанынан қуат алады. 


Неміс психиатры Карл Леонгард мұндай адамдарды пысық, өз-өзін көрсете білетін, кез келген жанмен тез тіл табысып, өзіне баурап алатын жандар дейді. Ал психиатр А. Е. Личко оларға елдің сүйсінгені мен қошеметі ауадай қажет дейді. Олар үшін сын естуден де бетер ауыр нәрсе — елеусіз қалу.


Осы типке жататыныңызды қалай білесіз?


Сізге басқалардың алдында әдемі көрінген, елдің назарында болған ұнайды. Суретке түскенді, әңгіме айтқанды, көптің алдына шығып сөйлегенді, ортада бірінші болып сөз бастағанды жақсы көресіз. Бәрі сізді тыңдап отырса рахаттанасыз.


Жаңа ортаға тез сіңіп кетесіз, кімге қалай сөйлеу керек екенін де жақсы сезесіз. Бірақ біреудің елемегені ұнамайды. Мысалы, жұмыста әріптесіңізді мақтап, сізді елеусіз қалдырса, оны ішіңізге ұзақ уақыт сақтайсыз. Отырыста назар басқа біреуге ауып кетсе, оны қайтадан өзіңізге қаратқыңыз келіп тұрады.


Мықты тұсы: бұл типтегі жандарда табиғи харизма болады, өзін жақсы көрсете алады әрі адамдармен тез тіл табысады. Көптің назарын аудару қолынан келеді. Мұндай қасиеттер көпшілік алдында сөйлегенде, шығармашылықпен айналысқанда, сондай-ақ адамдармен тығыз араласатын жұмыстарда көмектеседі.


Әлсіз жағы: өзгелердің мақтауына тәуелді. Біреудің елемегенін, сын айтқанын жеңіл қабылдай алмайды. Сонымен қатар өзгелердің назары өзге біреуге ауып кететін жағдайларда өзін жайсыз сезінеді.

  1. Эпилептоидты (тәртіп пен бақылауды сүйетін) тип

Атауы медициналық терминнен алынғанымен, ешқандай да ауру немесе диагноз емес.


Мұндай жандар бәрін бақылауда ұстағысы келеді. Олар үшін айналадағының бәрі ережеге сай, түсінікті, не болатынын алдын ала белгілі болуы шарт. Кімнің не істеп жатқанын біліп отырғаннан жаны жай табады.


Психиатр А. Е. Личко бұл типке ашулы, кенеттен бұрқ етуді, тез бейімделе алмау мен таңғажайып темірдей тәртіппен қатар сипаттайды.


Осы типке жататыныңызды қалай білесіз?


Айналаңыздың бәрі тәртіпке сай, ережелер түсінікті болса, айтқан сөз орындалса жаныңыз жай табады. Не істейтініңізді алдын ала біліп отырған ұнайды. Ал біреулер кенеттен жоспарыңызды бұзса, уәдесінде тұрмаса, ережені сақтамаса, бұған ашуланасыз.


Ренішті ұзақ уақыт іште сақтап, бір күні «жарыласыз». Ондай кезде тез басылу да оңай болмайды. Іште ашуды жинап жүріп, бір-ақ күнде жарылу – осы типтің басты белгісі.


Мықты тұсы: темірдей тәртіп, уақытылы жүру, өз шекарасын білу, төзімді болу, табандылық таныту, ұсақ-түйекке мән беру.


Әлсіз жағы: берекетсіз дүниеден, тағдырдың тосын сыйларынан, ереженің бұзылуынан, айналадағы жағдайды бақылаудан шығарып алудан қорқу.

  1. Шизоидты (өз бетінше жүретін) тип

«Шизоидты» термині гректің schizein («бөліну, ажырау») деген сөзінен шыққан. Бұл сөз ғалым Эрнст Кречмердің еңбектерінен кейін кең тарады.


Олар өзгелерден арақашықтық сақтап, өз ішкі әлемінде өмір сүреді. Сырттай сабырлы әрі суық көрінгенімен, ішкі дүниесі өте сезімтал. Психиатр А. Е. Личко бұл типті мінездің ерекше бір түрі (акцентуация) деп сипаттайды. Өз әлемі бар адамдар немен айналысатынын, кіммен қалай араласатынын өзі шешеді. Ұнатқан ісін ұзақ уақыт өзі істей береді. Қандай жағдай болмасын өзінің пікірімен өмір сүреді.


Осы типке жататыныңызды қалай білесіз?


Көппен жүргенде тез шаршап, оңашада қалғанды ұнатасыз. Сырыңды түсінетін бір ғана жақын адаммен отырған жаныңызға әлдеқайда жақын. Көңіліңізге аман-саулықты сұраудың өзі мәнсіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ жаныңыз сүйетін идея, шығармашылық немесе ерекше хобби туралы сөз болса, бар назарыңыз бен ынтыңызды салып сөйлесуге дайынсыз. 


Сырт көзге суық, тым сабырлы, тұйық көрінгеніңізбен, ішкі әлеміңіз өте терең әрі сезімтал. Сырттай сыр бермей, іштей терең тебірену – осы типтің басты белгісі. Сондықтан өзгелерге сізді бірден түсіну оңай емес.


Мықты тұсы: әлемге өзгеше көзқараспен қарап, терең анализ жасау әрі қарапайым нәрсенің өзінен керемет идеялар таба білу.


Әлсіз жағы:
еркіндігін біреудің шектеуінен, өзгеге жіпсіз байланып қалудан және тым жақын, жүрекке ауыр тиетін қарым-қатынастан қорқу.

  1. Мазасыз (психастеникалық) тип

«Психастеникалық» сөзі өзіне сенбейтін, кішкентай нәрсеге мазасы қашып, үнемі күмәнданып жүретін мінезді білдіреді. Психиатр А. Е. Личко мұндай типтегі адамдар тез шешім қабылдай алмай, тым күмәншіл болатынын, өзін-өзі мүжіп жей беретінін, оған қоса болашақты үнемі ойлап сарсаңға түсетінін айтады.


Бұл типті «мазасыз» деп атайтыны да сондықтан. «Ертең не болып қалар екен?» деген уайыммен жүреді. Әлі болмаған нәрсенің жаман жағын ойлап, қателік іздеп, соның алдын аламын деп әлек болады. Болған іске емес, әлі басынан өтпеген нәрсегені ойлап басы ауырады.


Осы типке жататыныңызды қалай білесіз?


Басқалар көзді жұмып шеше салатын нәрсеге сіз ұзақ ойланасыз. Маңызды кездесуге дейін «не айтамын?» деп іштей дайындаласыз, ол біткен соң «артық сөз айтып қоймадым ба?» деп уайымдайсыз. Жауапты іс болса, бәрін қайта-қайта тексермей көңіліңіз көншімейді.


Немен аяқталатыны белгісіз шаруаға тәуекел етіп кірісу сіз үшін қиын. Әйтсе де, осы ұқыптылық пен жауапкершіліктің арқасында кез келген іске тас-түйін дайындаласыз. Басқалардың көзіне түсе бермейтін қателерді бұрын байқап, мәселенің алдын алып жүресіз.


Мықты тұсы: адамды жақсы түсінеді, кез келген іске өте жауапты. Бәрін алдын ала ескеріп, кез келген шаруаны мінсіз аяқтайды.


Әлсіз жағы: қателесуден, кінәлі болып қалудан, әлі болмаған жағдайлардан қорқу.

  1. Жігерлі (гипертимді) тип

«Гипертимді» термині гректің hyper («асыра, тым») және thymos («көңіл-күй, рух») деген сөздерінен шыққан. Осы атаудың өзі-ақ мұндай жандардың көңілі үнемі көтеріңкі, өмірге құштар әрі белсенді болатынын аңғартады. Психиатр А. Е. Личко бұл типке жататын адамдарды үнемі жақсы көңіл-күйде жүретін, сергек, ашық-жарқын, еркін, бір орнында отыра алмайтын жандар ретінде сипаттайды.


«Жігерлі» адамдар үнемі жаңа нәрсені байқап көргісі келеді, тез тіл табысады, бір істен екіншісіне ауысып, оқиғаның ортасында жүреді. Олар кез келген ортаға тез үйреніп, өзгерістерге бейімделуден, бастамашыл болудан қорықпайды. Сәйкесінше, ондай адамдар бір орында ұзақ уақыт бос отыра алмайды. Жалғыз қалған, қатал тәртіпке бағынған, зеріктіретін жұмыстар ұнамайды. 


Осы типке жататыныңызды қалай білесіз?


Қол қусырып бос отыру өте қиын. Жаңа идея пайда болса, бірден қанаттанып, іске кіріскіңіз келіп тұрады. Адамдармен тез тіл табысып, әңгімені іліп әкетесіз, жаңа жобаларға да оңай араласасыз. Тіпті жолыңыз болмай қалса да, тез арада қайта еңсе тіктеп, көңіл-күйіңізді түсірместен жұмыс істей бересіз.


Бірақ жаңа нәрсеге елеңдеп, басталған істі соңына дейін жеткізбеуіңіз де мүмкін. Жалықтыратын істерге шыдамыңыз жетпейді.


Мықты тұсы: өте жігерлі, бастамашыл, адамдармен тез тіл табысады, тапқыр әрі кез келген жағдайға оңай бейімделеді.


Әлсіз жағы: бірсарынды тірлік пен шектеуге шыдай алмайды, бір нәрсеге ұзақ қызыға алмайды. Өз мүмкіндігін тым жоғары бағалап, асығыс қимылдап қоюы мүмкін. Ал белсенділігін ұзақ уақыт шектеп тастаса, салы суға кетеді.

  1. Нарцисс (жетістікке ұмтылғыш) тип

«Нарцисс» сөзі психологияда өзін бағалауда, жетістіктері мен беделіне аса мән береді.  Табысқа ұмтылу, өзін жоғары бағалау, сондай-ақ қошемет күту психикалық ауытқу емес.


Бұл мінез сырттай өзіне тым сенімді, үстем болып көрінгенімен, өте нәзік, өзіне сенімсіз әрі біреудің бағасы мен сынына өте сезімтал келеді.


«Жетістікке ұмтылғыш» деген екінші атауы мұндай адамдардың сыртқы мінезін айқын көрсетеді: үнемі биіктен көріну, табысты болу, сондай-ақ жоғары стандартқа сай келу. Олар үшін үнемі даму, жоғары лауазымға жету, еңбегін бағалату, сонымен бірге мықты екенін өзіне де, өзгеге де дәлелдеу аса маңызды.


Осы типке жататыныңызды қалай білуге болады:


Алдыңызға үлкен мақсат қоясыз. Өз деңгейіңізді, мықты екеніңізді көрсететін нәтижеге жетсеңіз, марқайып қалайсыз. Үнемі өсу, өз ісіңіздің үздігі болу, сондай-ақ еңбегіңіздің елге көрінгені сіз үшін өте маңызды.


Сүрініп кетсеңіз қатты уайымдайсыз. Сын естісеңіз, бірден ашуланып, өзіңіздің дұрыс екеніңізді, елден артық екеніңізді дәлелдеуге тырысасыз. Сырт көзге сенімді көрінгенмен, өзіңізді бағалауыңыз елдің мақтауы мен жетістігіңізге тікелей байланысты.


Мықты тұсы: үлкен мақсат қоя білу, өз күшіне сену, үнемі дамуға ұмтылу, сондай-ақ діттеген межеге жете алу. Адам бұл мінезді дұрыс пайдаланса, мақсатына жетеді әрі әр ісін ұқыпты атқарады. Сонымен бірге өзгелердің де үлкен жеңістерге жетуіне мүмкіндік береді.


Әлсіз жағы: көптің бірі болып қалудан, әлсіз болудан, ұятқа қалудан қорқу.

  1. Депрессив-эмпатиялық (қамқор) тип

Атауының өзі бұл мінездің сипатын білдіріп тұр. Мұндағы «депрессив» сөзінің медициналық күші жоқ. Ол – адамның сабырлы болуын, өзінен жиі есеп алуын, сондай-ақ қиындықты іштей жалғыз көтеруін көрсетеді. Ал «эмпатиялық» дегені – біреудің көңіл-күйін бірден сезу, сонымен бірге өзгенің қайғысына шын жаны ашу.


Осы типке жататыныңызды қалай білуге болады:


Өзгенің көңіл-күйін бірден сезесіз. Адам ішіндегісін айтпай-ақ, оның дауысы мен мінезіндегі өзгерісті бірден байқайсыз. Жақындарыңыздың амандығы үшін бар күшіңізді салып, қолдау көрсетесіз, айналадағылардың жайлылығын ойлайсыз.


Сөзге келіп қалсаңыз, біреу сын айтса немесе біреуді ренжітіп алсаңыз, оны іштей ұзақ уайымдайсыз. Жақын адамыңыз алыстап кетсе, қиналасыз. Өзгеге кешірімді болсаңыз да, өзіңізге келгенде қаталсыз: үнемі өз бойыңыздан мін іздеп, іштей күмәндана бересіз.


Мықты тұсы: өзгені түсіну, биязы болу, адал жүру, жауапкершілікті мойнына алу, қарым-қатынаста тыныштық сыйлау. Мұндай адамдар өзгеге не керегін тез сезеді, қиын сәтте демеу болады, уәдеге берік.


Әлсіз жағы: жалғыз қалудан, жақын адамының теріс айналуынан, араның суып кетуіне себепкер болудан қорқады.


Өз типіңізді қалай білуге болады:


Тестің бір сұрағымен шектелмеңіз, өзіңізге ұнаған жауапты таңдай салмаңыз. Одан да әртүрлі сәтте өзіңізді қалай ұстайтыныңызды ойланып көріңіз.


Мына жағдайларға назар аударыңыз:

  • Кикілжің кезінде өзіңізді қалай ұстайсыз?

  • Қатты күйзеліс кезінде не істейсіз?

  • Шешімді тез қабылдайсыз ба?

  • Елдің назарын ұнатасыз ба?

  • Сынды қалай қабылдайсыз?

  • Жалғыз жұмыс істеген ыңғайлы ма, әлде көпшілікпен бе?

  • Жоспарды оңай өзгерте аласыз ба?

  • Жағымсыз жағдайға ұзақ уақыт алаңдайсыз ба?

Психолог психотиппен қалай жұмыс істейді:


Интегратив психолог Алевтина Рябцева тәжірибесінде когнитив-мінез-құлық терапиясын (КПТ), символдраманы, сондай-ақ метафоралық ассоциативті карталарды (МАК) біріктіріп қолданады. Маманның айтуынша, адам мінезіндегі ерекшелігін түсініп, оны дұрыс бағытқа қолданса, бойындағы қай әдетінің демеу болып, ал қайсының кедергі келтіріп жүргенін анық көре алады.


«Алдыма келген адамға «мәселесі бар» немесе «мінезі осындай» деп бірден айтпаймын. Ең әуелі оның ішкі болмысын, өзін қалай қорғайтынын байқаймын. Психотип адамды тану үшін қажет. Бұл – бағыт беретін карта сияқты. Осы карта арқылы адамның мықты әрі әлсіз жағын көріп, оған артық салмақ түсірмей, дұрыс жол тауып береміз».


Терапиядағы ең басты үш нарсе:

  1. Сізге ыңғайлы «ортақ тілді» табу

Адамның мінезі әртүрлі болады, сол себепті бір тәсіл бәріне бірдей жаға бермейді. Алғашқы кездесуде-ақ адамға ыңғайлы әдісті таңдау қажет.


«Алдыма бәрін бақылап отырғысы келетін (эпилептоид) немесе көп уайымдайтын адам келсе, біз жұмысты КПТ-дан бастаймыз. Түсінікті кестелер, ой күнделігі мен нақты қадамдар оған тірек болады да, іштегі уайымын басады. Ал егер өз әлемінде жүретін (шизоид) немесе көңіл бөлгенді ұнататын (истероид) адам келсе, мұнда құрғақ логика жүрмейді. Ондай кезде адамның ішіне үңілудің ең қысқа жолы – МАК карталары мен символдрама. Сөзбен жеткізу қиын жерде метафора өте жақсы көмектеседі».

  1. Шынайы болмысыңыз бен ішкі қорғанысыңызды ажырату

Кейде үйреншікті мінез-құлқымыз бойымызға сіңіп кететіні сонша, оны өз мінезіміз деп ойлап қаламыз. Сондықтан терапияда ненің шын мәнінде өз қалауыңыз екенін, ал нені «жұртқа жақпай қаламын ба», «елеусіз қаламын ба» деген қорқыныштан істеп жүргеніңізді ажыратасыз.


«Адамның күнделікті әрекетінің астарында мүлдем басқа сыр жатуы мүмкін. Мысалы, адам өзінің құнды екенін дәлелдегісі келгендіктен үнемі алға ұмтылуы мүмкін (бұл жалғыз амбициядан емес). Ал енді бір адам «жоқ» десем теріс айналып кете ме деп қорыққандықтан ылғи көмекке дайын тұруы мүмкін (бұл шын жанашырлықтан болмауы да ықтимал). Терапияда біз адамның шынайы болмысы мен әдетке айналған болмысын ажыратамыз».

  1. Өз-өзіңді іштей кінәлауды тоқтату

Адам өз әрекеттерінің түпкі себебін түсінгенде, өзіне қоятын талаптары мен реніші азаяды. «Менде бірдеңе дұрыс емес» деп өзін жегідей жеудің орнына, жағдайға басқаша қарай бастайды: қай сәттерде қиналатынын, бойды тіктеу үшін не көмектесетінін, өзіне қандай тәсілдердің шынымен жағатынын ұғына бастайды.


«Адам өз психикасының қалай жұмыс істейтінін түсінгенде, іштей қуанамын. Мысалы «Сіз жалқау да, ынтасыз да емессіз. Жүйке жүйеңіз тез шаршағандықтан  сізге басқаша демалу керек» дегенді естіген клиенттер өзін-өзі жеуді қояды».


Өмірде таза психотиптер болмайды. Бәріміз де — қайталанбас мозаикамыз. Психологтың міндеті – өз табиғатыңызбен арпалыспай, мықты тұстарыңызға сүйеніп, осал тұстарыңызға қамқор болуды үйрету.

Бөлісу:

Тұлғаның 7 психотипі: истероид, эпилептоид, шизоид…