ДенсаулықДенеТүйенің астынан өткізу: бұрын толғақты қалай шақырған және қазір қалай шақырады?

Түйенің астынан өткізу: бұрын толғақты қалай шақырған және қазір қалай шақырады?

24 маусым 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Босанатын уақыты жетсе де, толғағы басталмаған келіншекті түйенің астынан өткізу – қазақ арасында ертеден келе жатқан ырым. Бұл дәстүрдің астарында қандай мән жатыр? Ал медицина мұндай тәсілге қалай қарайды?


Түйенің астынан-үстінен өткен қаншалық тиімді?


Қазақтар жүкті келіншекке түйенің етін жегізбеген, саумалын ішкізбеген. Ішіп-жесе жүктілік ұзақ өтеді деп сенген. Себебі түйе – төлін 13 ай көтеріп жүретін, ұзақ буаз болатын жануар.


Нұргүл Маулина, этнограф:

«Бір қызығы, түйе 13-14 ай көтеретін, төзімді әрі күшті жануар саналған соң, жүкті әйел түйенің астынан не үстінен өтсе, «түйенің ұзақ көтеретін мерзімінен де аттап өтеді», жүкті әйелдің толғағы тезірек басталып, жеңіл босанады деген наным да болған».


Бұл ырымды бүгінге дейін қолданып жүргендер бар. Бірақ қазір түйені табу оңай болмаған соң, кейбірі оның жүнін тұтатып немесе түйенің бейнесін салып, соның үстінен өтіп жатады. Дегенмен бұл ырымның ғылыми мәні жоқ.


Қаракөзайым Абылбекқызы, гинеколог: 

«Медицина бойынша, бұл – дәлелденбеген әдіс.  Сондықтан оны ғылыми тұрғыда дұрыс деп айта алмаймыз. Бірақ кей жағдайда әйелдің сенімі психологиясына әсерін беріп, жағдайға ықпал етуі мүмкін». 


Толғақ не себепті кешігеді?


Қалыпты жағдайда жүктілік 37-42 апта аралығында толық мерзімге жеткен болып саналады. Осы уақыттан асып кетсе, дәрігерлер «мерзімінен асқан жүктілік» деп бағалап, қажет болса, толғақты жасанды түрде шақырады.


Гинекологтың айтуынша, әйелдің толғағы гормон дисбалансына, қорқыныштан бөлінетін адреналинге, жатыр патологиясына, эндокриндік ауруларға немесе ұрықтың даму ерекшеліктеріне байланысты кешігуі мүмкін.


Қаракөзайым Абылбекқызы, гинеколог: 

«Әйел 41 апта 3 күн болғанда міндетті түрде перзентханаға жатып, дәрігердің бақылауында болуы керек. Себебі жүкті әйелдің ағзасы іштегі балаға қажет витаминді белгілі бір уақытқа дейін ғана бере алады. Ұрық өскен сайын оған оттегі жетпей бастайды. Тіпті мұндайда бала іште жатып шетінеп кетуі де мүмкін. Сондықтан дәрігерлер кейде толғақты жасанды жол арқылы шақырады». 


Дәрігерлер әйел бұрын босанса, денсаулығы жақсы болып, бала да қалыпты дамыса, қажет жағдайда толғақты жасанды түрде шақыруы мүмкін. Ал 35 жастан асқан және алғаш рет босанатын әйелдердің жағдайын мұқият қарап, кейде кесір тілігін ұсынады.

«35 жастан кейін сүйек қатаяды. Кіші жамбас қуысынан баланың шығуы қиындайды. Бала да уақыт өткен сайын іште жатып өсе береді». 


Айтолғақ па, шын толғақ па?


Айтолғақ кезінде толғақ тұрақты болмайды, әлсіз болады және ұзаққа созылмайды. Ол жүргенде немесе жатқанда басылып қалады, жатыр мойны да ашылмайды. Бұл ерте босанудың белгісі емес, тек ағзаның босануға дайындалып жатқанын көрсетеді. Мұны медицинада «Брэкстон хикс толғағы» деп аталады. 


Шын толғақ – жатырдың жиырылуы. Бастапқы кезде ол әлсіз, сондықтан оны айтолғақпен шатастырып жатады. Әйел іштің тартып, қайта босағанын сезеді. Кейде ол етеккір кезіндегі ауырсынуға ұқсайды.


Уақыт өте толғақ күшейеді және жиілей бастайды. Басында арасы 20-30 минут болса, кейін 5-10 минутқа дейін қысқарады. Жатыр мойны ашыла бастайды. 


Көп жағдайда әйелдің ішінің төменгі бөлігі, белі және жамбас аймағы ауырады, демалса да басылмайды. Кей әйелде ауыр болады, ал кейбірінде жеңіл өтуі мүмкін. Бұл әйел ағзасының ерекшелігіне байланысты. Сондықтан дәрігерлер толғақ кезінде сабыр сақтап, тыныс алуды бақылау өте маңызды екенін айтады.


Толғақты медициналық әдіс арқылы қалай шақырады?


Дәрігердің айтуынша, жүкті әйелдің толғағын шақыру үшін медицинада бірнеше әдіс қолданылады:

  1. Жатыр мойнын жұмсарту үшін гель, таблетка, қынап препараты сияқты простагландиндер береді.

  2. Дәрігер арнайы құрал арқылы қағанақ суын жарады. Бұл толғақтың күшеюіне көмектесуі мүмкін.

  3. Тамырға окситоцин егеді. Сонда жатыр қаттырақ жиырылып, тұрақты толғақ пайда болады.

  4. Кейде жатыр мойнына арнайы баллон катетері қойылады. Бұл да жатыр мойнының біртіндеп кеңеюіне көмектеседі.


Толғақты табиғи жолмен қалай шақырады?

  • Қозғалу

    Көп жаяу жүру мен жеңіл жаттығулар жатыр бұлшықеттерін белсенді етеді. Сонымен қатар баланың дұрыс орналасуына және жамбас сүйектерінің ашылуына көмектеседі. 

  • Жыныстық қатынас

    Жыныстық қатынас кезінде бөлінетін окситоцин мен простагландиннен жатыр жиырылып, жатыр мойны жұмсарады. 

  • Тамақтану

    Ананас, құрма, малина жапырағы сияқты кей өнім мен шөп толғақты шақыруы мүмкін деген пікір бар. Бірақ оларды тұтынбай тұрып, міндетті түрде дәрігермен кеңескен жөн. Кей әйел толғақ шақыру үшін кастор майын ішіп жатады. Ол ішекті қатты қоздырып, соның әсерінен жатыр жиырылады деп ойлайды. Алайда бұл тәсілдің салдарынан әйелдің іші өтуі, жүрегі айнуы, әлсіреуі мүмкін. Толғақ келгенде көбіне бел, іштің төменгі жағы тартып ауырады. Жиі-жиі ауырсына бастайды. 

Толғақты табиғи жолмен шақырудың кез келген әдісін қолданғанда ана мен баланың жағдайын міндеттерді ескеру қажет. 


Жатыр мойны қанша сантиметр ашылуы керек?


Босанып жатқанда әйелдің жатыр мойны біртіндеп ашыла бастайды. Алғашқы кезеңде ол шамамен 0-3 сантиметрге дейін ашылады. Кейін толғақ басталғанда жатыр мойны 4-7 сантиметрге дейін кеңейеді. Әйел жатыр мойны 8-10 сантиметрге жеткенде дұрыс тыныс алып, баласын дүниеге әкеледі. 


Кей жағдайда толғақ келгенімен жатыр мойны жеткілікті ашылмай жатады. Бұған әлсіз толғақ, күйзеліс, қорқыныш, гормон өзгерістері, нәрестенің салмағы әсер етуі мүмкін. Толғақ басталмай тұрып қағанақ суы кететін жағдайлар да жиі кездеседі. Бұл – қауіпті белгі. Мұндай жағдайда әйел дереу перзентханаға баруы керек. Себебі қағанақ суы кеткеннен кейін бала инфекция жұқтыруы мүмкін және ұзақ уақыт толғақ болмаса, асқынып кетуі мүмкін. Дәрігерлер жүктілік мерзіміне қарай босануды бақылап, қажет болса жасанды толғақ шақырады.


Қашан дәрігерге бару керек?


Толғақ жиілеп, арасы қысқарып немесе ауырсыну күшейсе, қағанақ суы кетсе, қан кетсе немесе ауырсыну басылмаса – бірден дәрігерге қаралған дұрыс. 


Қорытындыласақ, толғақ әр әйелде әртүрлі өтеді, бірақ қазіргі медицина жүктіліктің ұзаққа созылуы ана мен бала денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Бірақ жүкті әйелді түйенің астынан өткізу сияқты ырымдар халық сеніміне негізделгенімен, оның ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Сондықтан мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – ырымға сеніп қалмай, дәрігерге бару.

Бөлісу: