Қазір балалар әлеуметтік желіден жаңа дос тауып, хат алмасып, араласып, ойын ойнайды. Алайда дәл осы цифрлық кеңістік қылмыскерлер үшін де олжа табатын орынға айналды. Мысалы интернеттегі жасырын қауіптердің бірі – онлайн-груминг.
Онлайн-груминг – интернетте ересек адамның баламен немесе жасөспіріммен әдейі танысып, өзін мейірімді дос ретінде көрсетіп, сеніміне кіріп, кейін өз ойын іске асыруға тырысуы. Онлайн-грумингтің мақсаты әртүрлі болуы мүмкін. Олар баланы жыныстық мақсатта пайдалануы, интим фото немесе видеосын алдап алуы, кейбір жағдайда адам саудасы немесе баланы ұрлап әкетуге дейін баруы мүмкін.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша, кем дегенде әрбір оныншы жасөспірім онлайн-грумингтің құрбаны болады екен. Онлайн-грумингке көбіне 11-18 жас аралығындағы жасөспірімдер ұшырайтын көрінеді. Әсіресе қыздар бейтаныс адамдардан сексуал сипаттағы хабарламалар алып, қысым көреді екен. Ұлдар үшін бұл қауіп салыстырмалы түрде аз, бірақ мамандар оларды да назардан тыс қалдыруға болмайтынын ескертеді.
Онлайн-грумер қалай әрекет етеді?
Онлайн-грумерлер көбіне әлеуметтік желілерде жеке басын, нақты жасын, суретін жасырып, баланың құрдасы, досы ретінде немесе екі-үш жас үлкен «ағасы» ретінде танысуы мүмкін.

Грумерлер әрқашан бейтаныс адамдар бола бермейді. Кейде балалар өздерінің грумингке ұшырап жатқанын сезбейді, сол адаммен шынайы қарым-қатынаста жүрмін деп ойлайды. Сонымен қатар үлкенірек балалар кішілерге қатысты да осындай әрекет жасауы мүмкін. Олар әдетте белгілі бір психологиялық сценарий бойынша әрекет етеді.
Байланыс орнатады. Қылмыскер әуелі баланың желідегі суреттеріне лайк басып, жылы пікір жазып, көңілінен шығуға тырысады.
Сеніміне кіреді. Баланың мәселелерін тыңдап, оны түсінетін кейіп танытады, мақтайды, сыйлықтар ұсынады, ойын ішіндегі бонустар береді. Осылай, эмоциялық тәуелділік туғызады. Кейін жеке сипаттағы сұрақтар қойып, баланың тұрғылықты жері, отбасы, достары туралы жеке мәліметтерін жинайды.
Баланы оқшаулайды. Баладан бұл қарым-қатынас қалыпты жағдай екенін, ата-анасына немесе достарына өзі туралы айтудың қажеті шамалы екенін «түсіндіреді». Осылай, бала сыртқы бақылаудан алыстайды.
Сексуал қарым-қатынасқа тартады. Алғашында бейзарар көрінетін әзілдермен басталып, әңгіме бірте-бірте жеке өмірге, дене бітіміне қатысты тақырыптарға ауысады. Кейін жеке, интим суреттерін немесе видеоларын сұрайды. Онлайн-грумер баланың интим суреттерін өзі көріп қана қоймай, оны таратамын деп баланы бопсалауы мүмкін. Сөйтіп баладан тағы интим бейнелер жіберуін талап етуі, жеке кездесу шақыруы мүмкін. Тіпті жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуі мүмкін. Ол аздай қолда бар деректерді интернетке, жабық порталдарға таратып жіберуі ықтимал.

Ескерту! Онлайн-грумер міндетті түрде педофил бола бермейді. Кейбір грумердің мақсаты – баладан интим материал алып бопсалау немесе адам саудасы. Яғни мотиві экономикалық немесе өзге сипатта болуы мүмкін, бірақ клиникалық тұрғыдан олардың педофилиясы бар екені дәлелденбеген. Ал педофилия – жыныстық қызығушылықтың клиникалық ұғымы. Педофилия диагнозы қойылған адам онлайн-груминг жасамауы да мүмкін.
Баланың «онлайн-грумермен» сөйлесетінін қалай білуге болады?
Баланың «құпия досы» пайда болғанын анықтау оңай емес. Алайда баланың мінез-құлқындағы кейбір өзгеріске назар аударуға тура келеді. Мұндай балалар көбіне телефонын немесе әлеуметтік желідегі хабарламаларын жасыра бастайды, интернетте бұрынғыдан көп уақыт өткізеді және көңіл күйі жиі өзгеріп тұрады. Олар тұйықталып, ата-анасымен немесе достарымен қарым-қатынастан алшақтауы, жаңа таныстары туралы айтудан қашқақтауы мүмкін. Қылмыскерлердің қолында баланың интим материалдары болса, оған психологиялық қысым арта түседі.
Мұндай қысым ауыр эмоциялық жарақатқа, суицидке қатысты ойларының пайда болуына және жыныстық зорлық-зомбылық қаупінің екі еселенуіне әкелуі мүмкін. Алайда бұл белгілердің біреуі ғана онлайн-грумингті дәлелдемейді. Дегенмен бірнеше белгі қатар байқалса, ата-ананың баламен ашық сөйлесіп, оны қолдап, қажет жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуі керек.

Балаңыз құрбан болмауы үшін не істеу керек?
Біріншіден, баланың цифрлық сауатын арттыруы қажет. Олар интернеттегі қауіптерді ерте жастан білуге тиіс. Бейтаныс адамдардың достық ұсынысын қабылдамауды, жеке суреттерді жібермеуді, мекенжай мен мектепті, жеке деректерді айтпауды үйрету керек. Онлайн-грумингтің не екенін де айтып, ақпарат беру керек.
Екіншіден, ашық әрі жақын қарым-қатынас орнатып, ата-анасының назары мен қолдауын жеткілікті сезінбейтін, өзін жалғыз сезінетін, өз-өзіне сенімсіз немесе эмоциялық қолдауға мұқтаж балалар жоғары тәуекел тобына жатады. Мұндай балалар түсіністік пен қамқорлықты сырттан іздеуі мүмкін. Сол себепті баламен жақын қарым-қатынас болған жөн.
Үшіншіден, баланың интернеттегі өмірін қадағалаңыз. Terre des Hommes Netherlands ұйымының 2025 жылғы “OCSE” зерттеуі бойынша, көптеген ата-ана интернеттегі сексуал қанау мен онлайн-грумингтің қалай іске асатынын толық білмейтіні белгілі болды. Оған қоса көбі технологияны балаларына қарағанда нашарырақ меңгерген. Соның салдарынан олар баласының интернеттегі әрекетін, қауіптерді бақылай алмай қалып жатады. Сол себепті ата-ана өзінің цифрлық сауатын арттыруы қажет. Оған қоса балаларымен жақын араласып, цифрлық әлемде кіммен сөйлесіп жүргенін, әлеуметтік желісінде жаңа адамдардың пайда болып-болмағанын назарда ұстау керек. Алайда баланың қандай да бір ұнамсыз әрекетін байқаған жағдайда оны жазалауға асықпаған жөн.
Төртіншіден, мектепте де білім берілуін талап етіңіз. Балаға құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау керек екенін немесе күмәнді жайт кездессе ата-анаға дереу айту керек екенін үйретіңіз.

Мысалы, Save the Children халықаралық ұйымы мен Western Sydney University ғалымдары онлайнг-грумингке қатысты зерттеу жүргізген. Оған 604 бала қатысқан. Нәтижесінде балалардың көбі әлеуметтік желідегі немесе ойын платформаларындағы күмәнді аккаунттардың белгілерін ажырата алған.
Соған қарамастан мұндай жағдайға тап болған балалар әрдайым ересектерден көмек сұрай бермейтіні белгілі болды. Көпшілігі мәселені өз бетінше шешуге тырысады: күмәнді адамды бұғаттайды, хат алмасуды тоқтатады немесе жағдайды елемеуге тырысады. Ата-анаға айтпауының себебі – біз жоғарыда айтқан ұрыс есту мен телефоннан айырылып қалудан қорқу.
Баланың смартфонын алып қою қаншалық дұрыс?
Әрине, балаға телефон ұстауға, әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салуға болады. Алайда бұл баланы қазіргі цифрлық әлемдегі барлық қауіптен толық қорғайды деген сөз емес. Ең тиімді жол – баланы интернетте дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрету, қауіптер туралы баламен ашық сөйлесу.
Қазақстан заңы қалай қорғайды?
Қазақстан заңнамасында онлайн-груминг жеке қылмыс ретінде тікелей аталмайды. Дегенмен балаға қатысты мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қаралып, жазаланады:
120-бап – зорлау;
121-бап – сексуал сипаттағы күш қолдану;
122-бап – 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас;
123-бап – 16 жасқа толмаған адамды сексуал әрекеттерге мәжбүрлеу;
124-бап – жас балаларды азғыру.
Қорытынды
Интернеттің өзі қауіпті емес. Қауіп оны теріс мақсатта пайдаланатын адамдарда. Сондықтан балаларды цифрлық әлемнен шектеу емес, қауіпсіз өмір сүруге үйреткен, ата-анамен сенімді қарым-қатынас орнатқан және цифрлық сауатын арттырған маңызды.




