Ойын-сауықӘдебиетТренд үшін емес, өзіңіз үшін оқитын кітаптар

Тренд үшін емес, өзіңіз үшін оқитын кітаптар

1 сәуір 2026
5 мин
Книги для себя, а не в угоду тренду
Фото: Unsplash, litres.ru

Кітап дүкеніне кіргенде табалдырықта тұрып қалмай, төрдегі сөрелерге қарай жүріңіз. Сол жерден өміріңізді өзгертуге немесе дүниені басқа қырынан көруге көмектесетін нағыз «жақұтты» табуыңыз мүмкін. Бұл материалда біз қазір хит болып жүрген кітаптардың орнын басатын ерекше туындыларды ұсынамыз.


Ескерту: спойлер көп, бірақ бәрібір бір оқып шығыңыз.


Джеймс Клирдің «Атомдық әдеттерінің» орнына – Нассим Талеб «Кездейсоққа алданғандар», «Қара аққу», «Антихрупкость» циклдері


Ескі жүйенің ішіне жаңа әдеттерді күштеп тықпалағанша, өмірге көзқарас пен тәсілді өзгерткен әлдеқайда тиімді. «Атомдық әдеттер» – кішкентай қадамдар арқылы өзіңді қалай қолға алуға болатыны туралы танымал кітап. Қысқаша айтсақ: әр әдет сигнал, ниет, әрекет және марапат деген төрт буыннан тұрады. Жаңа әдетке орын босату үшін ерік-жігермен емес, осы тізбектің әрбір буынымен жұмыс істеу керек. Кітапта жағдайды бақылауға көмек беретін ыңғайлы құрал өте көп. Бірақ бұл – бәрі реттелген, «өте таза әрі қауіпсіз» әлем үшін таптырмас техника. Ал біздің шынайы өміріміз мүлде олай емес.


Нассим Талеб өз кітаптарында кездейсоқ және күтпеген оқиғаларға толы әлемде «жынды» болып кетпей қалай өмір сүру керек екенін баяндайды. Мұнда тек сәтті мысалдар ғана емес, қауіп-қатерді дұрыс көріп, болашақты бос қиялдамай, нақты іске көшіп, кез келген тәжірибеден пайда тауып, өзін жетілдіру жолы айтылған.


Ольга Примаченконың «К себе нежно» кітабының орнына – Виктор Франклдың «Өмірден мән іздеген жан» кітабы


Эмоцияны уақытша «пластырьмен» таңып қоймай, ішкі жауапкершілікті оятып, өмірдің мәнін тапқан маңызды. «К себе нежно» – өзіңді қабылдау, жеке шекараны сақтау және өзіңе ұқыпты қарау туралы медитация секілді кітап. Ол сезімдерді “дұрыс-бұрыс” деп бөлмей, бәріне рұқсат беруді үйретеді. Сөйтіп сіз өзгенің үмітін ақтауды қойып, өзіңізді таңдайсыз. Бұл – «менде бәрі жақсы» деген қарапайым ойды бекітуге арналған тамаша кітап. Бірақ бір қауіпті тұсы бар: өзіңді аяп, нақты әрекетке көшпей, өз өмірің үшін жауапкершілік алуды ұмытып кетуің де мүмкін.


Ал «Өмірге Иә деп айт!» немесе «Өмірден мән іздеген жан» – әлдеқайда салмақты әрі қатал кітап. Мұнда концлагерьдегі адамдардың қалай өзгергені, біреулердің сағы сынып, екіншілерінің қалай аман қалғаны, олардың психикасы мен өмірлік құндылықтарына қалай әсер еткені баяндалады. 


Кітаптың өзегі – логотерапия, яғни өмірдің жеке мәнін табу. Франклдың айтуынша, адамда әрқашан екі нәрсе бар: өз көзқарасын таңдауға ерік және өмірінің мәнін іздеуге деген ішкі күш. Ол азапты романтизацияламайды. Тек одан қашып құтыла алмасаң, оны қалай еңсеруге болатынын түсіндіреді.


Ең маңыздысы – «еркіндік» ұғымын басқаша түсіндіреді: бұл «не істесем де өзім білем» емес, «мен не істеп жүрмін және кімге айналып барамын – соған өзім жауаптымын» деген ой.


Хэл Элродтың «Таң шапағаты» кітабының орнына – Дэн Ариэлидің «Болжамды қисынсыздық» еңбегі


Қалай болса да «таңғы бозторғайлар» клубына кіруге тырыспай, өз мінез-құлқыңызды зерттеп, өміріңізді соған сай жоспарлаңыз. «Таң шапағаты» ерте тұрып, күні бойы уақыт жетпейтін істермен айналысуды ұсынады. Кітапта «тек таңдаулы 5% табысты адам ғана осылай істейді» деген ой алға тартылады. Сіз де солар сияқты істесеңіз, табыс ауылы алыс емес дейді. Қысқасы, таңғы бесте тұрып, темірдей тәртіп бағынсаңыз, жетістікке жетесіз дегенге саяды.


Ал Дэн Ариэли біздің қай кезде қисынсыз (иррационал) әрекет ететінімізді, «тегін» нәрсені көргенде ақылы нұсқаның жақсы екенін біле тұра қалай тұзаққа түсетінімізді және неге алдауға дайын тұратынымызды түсіндіреді. Бұл кітап өз әрекеттеріңізді бақылап, нақты жағдайларда тиімді шешім қабылдауға көмектеседі.

Бөлісу:

Тренд үшін емес, өзіңіз үшін оқитын кітаптар — Tamga media