«Трансформерлер» – авторлық кино десем, сіз мақала авторының кино туралы жазбаларын қайта оқымай қояр едіңіз. Себебі көз алдыңызға бірден минут сайынғы жарылыстар, алып роботтар, «слоу-моментте» жүрген жартылай жалаңаш Меган Фокс және миллиардтаған бюджет келеді. Сонда мұнда авторлық қолтаңба қайда дейсіз ғой?
Ал енді Альфред Хичкокты алайық. Оның «Бас айналу» (Vertigo) фильмі бүгінде классика саналады. Бірақ қызығы – 1958 жылы шыққанда бұл фильмді сыншылар қатты сынаған. Оны «жалықтыратын, түсініксіз, еш құндылығы жоқ» деп те атаған. Сол кезде Хичкоктың фильмдері жоғары өнер емес, жай ғана көңіл көтеру ретінде қабылданған.
Бір қарағанда, «Трансформерлер» мен «Бас айналу» мүлдем екі бөлек әлем сияқты. Бірақ екеуін біріктіретін бір ортақ сұрақ бар: киноны «өнер» деп кім шешеді? Бұл өзі қандай ұғым?
Ең әуелі мынаны түсіну керек: «авторлық» деген міндетті түрде «жақсы кино» дегенді білдірмейді. Оның үстіне «жақсы» деген ұғымды әрқайсымыз әртүрлі түсінеміз. Кино да – басқа өнер түрлері сияқты өте субъективті дүние. Әркім өзіне ұнайтынын таңдайды. Киносыншылардың айырмашылығы – олар көп фильм көрген және теорияны жақсы біледі. Бірақ соңында олар да өз пікірін айтады. Ал пікір – таласатын нәрсе емес.

Бәрі қалай басталды: Бәріне қарсы жас француздар
1954 жылдың қаңтары, Париж. 21 жастағы журналист Франсуа Трюффо (кейін әйгілі режиссер болған) Cahiers du Cinéma журналына «Француз кинематографындағы бір тенденция туралы» деген мақала жариялайды. Бірақ бұл жай мақала емес, үлкен мәдени оқиғаға айналады.
Трюффо сол кездегі француз киносын қатты сынға алды. Ол кезде режиссер көбіне тек сценарийді экранға түсіретін адам ретінде қарастырылатын. Ал басты автор – сценарист еді. Трюффо бұған қарсы шығып, режиссерды «актерларды мизансценаға қоюшы» емес, нағыз автор деп санады. Яғни қатаң студиялық жүйеде жұмыс істесе де, фильмге өз тұлғасын, көзқарасын және стилін енгізетін адам.
Осылай la politique des auteurs, яғни «авторлар саясаты» деген ұғым пайда болды. Оның мәні өте қарапайым, бірақ сол кезде өте жаңа идея еді: фильм тек біреудің жазған сценарийін экранға түсіру емес, бұл – режиссердың өз ойы мен көзқарасын білдіретін жеке шығармасы. Бұл идея кино әлемінде үлкен талқыға түсті.
Ең қызығы үлкен дау теорияда емес, нақты мысалдарда пайда болды. Cahiers du Cinéma журналының сыншылары «автор» деп тек артхаус режиссерларын емес, Голливудта жұмыс істейтін Альфред Хичкок пен Говард Хоуксты атады. Ал сол кезде кино индустриясы оларды жай ғана көрерменге көңіл көтеретін фильм жасайтын шеберлер деп есептейтін.
Кейін сыншы Серж Данейдің айтуынша, Саррис сыншыларының басты жетістігі – америкалық коммерциялық киноның ішінен екі режиссерды бөліп алып, «бұлар жай ғана жүйеде жұмыс істейтін адамдар емес, бұлар нағыз авторлар» деп дәлелдеуі.

Елестетіп көріңіз: бүгін біреу шығып, «Форсаж» фильмін авторлық кино деп ғылыми түрде дәлелдеп жатса, біртүрлі естіледі ғой. Бірақ шын мәнінде, кино туралы түсінік уақыт өте өзгереді. Әзірге мұхиттың арғы бетіне өтейік.
Саясаттан теорияға дейін
1962 жылы америкалық киносыншы әрі теоретик Эндрю Саррис «Авторлық теория туралы жазбалар» деген эссе жазып, француздардың идеясын ағылшын тіліне енгізді. Осылай, «авторлық теория» деген термин кеңінен тарады.
Сарристің айтуынша, кез келген фильмнің авторы бар, ол автор – режиссер. Яғни фильмді тек студия немесе сценарий емес, режиссердың жеке стилі мен көзқарасы қалыптастырады.
Алты жылдан кейін ол «Америка киносы: режиссерлар мен бағыттар, 1929-1968» деген үлкен кітап шығарды. Бұл кітап авторлық теорияны жүйелеп берген негізгі еңбектердің бірі болып саналды, тіпті оны «авторизмнің інжілі» деп те атады.
Сол кітапта Саррис «мәнерлі эзотерика» (Expressive Esoterica) деген қызық ұғымды да ұсынды. Бұл категорияға стилі өте айқын, көзге бірден түсетін, бірақ сол кезде сыншылар жоғары бағаламаған режиссерлар кірді. Яғни олардың нақты қолтаңбасы бар, бірақ кино иерархиясында «жоғары өнер» деңгейіне жатпайтын авторлар. Бұл ұғымды ұмытпай жүріңіз, кейін керек болады.
Әрине, бұл теория бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Сарристің басты қарсыласы Полин Кейл автористерді «мағынасыз, бірсарынды коммерциялық өнімдерді асыра бағалайтын адамдар» деп атады. Ал сценарист Уильям Голдман бұл теорияны естігенде: «Ал мұнда қай жері күлкілі?» деп сұраған деседі.
Айта кету керек, ол кезде режиссерлер қазіргідей киноның басты символы емес еді. Бүгінде біз фильмді кім түсіргеніне қарап талқылаймыз. Бұл – дәл сол теориялардың нәтижесі. Қазір кез келген сыншы, тіпті байқамай-ақ, авторлық тәсілді қолданады. Мысалы, «Warner Bros. фильмі» демей, «Ноланның фильмі» дейміз.
Уэс Андерсон десе симметрия мен пастель түстері елестейді, Тарантино десе диалог пен қан, Шьямалан десе күтпеген финал ойға келеді. Бұл – Трюффо мен Сарристің мұрасы.

50 жылдан кейін: «Трансформерлер» өнер ретінде
Ал енді «Трансформерлерге» оралайық.
Беделді сыншы, Роджер Эберт сайтының бас редакторы болған, Пулитцер сыйлығының финалисі Мэтт Золлер 2009 жылы Сайтц Майкл Бэйді Salon.com сайтында «Онжылдықтың режиссерлары» тізіміне қосады. 10-орын болса да, бұл – үлкен көрсеткіш. Ол Бэй туралы былай дейді:
«Бэй басқа режиссерлар бүкіл мансабында бір рет түсіруді армандайтын керемет композицияларды жүздегенін жасай алады».
Сайтц оның стилін «бұлшықетті барокко» деп атады. Әр кадр детальға толы, экран жарық пен түтінге бөленген.
Дәл осы уақытта онлайн-киносынында жарты ғасыр бұрынғы Трюффоның әрекетін қайталайтын қозғалыс пайда болады. Оны vulgar auteurism – «тұрпайы авторизм» деп атап кетті.
Бұл терминді 2009 жылы канадалық сыншы Эндрю Трейси Cinema Scope журналында әдейі сынау үшін қолданған. Оның ойынша, «Голливудтың қоқысын ақтап, оны өнер деп көрсету дұрыс емес». Бірақ жас сыншылар бұл сөзді керісінше қабылдап, ұранға айналдырып жіберді. Дәл сол 50 жылдардағы Саррис сыншылары Хичкокты қорғағандай.
2013 жылғы 24 мамырда шыққан Калум Марштың “Fast & Furious & Elegant: Джастин Лин және тұрпайы авторлар” деген мақаласы бұл қозғалысты күшейтіп жіберді. Ол Бэй, Джастин Лин және Пол Андерсон сияқты режиссерлердің де өзіне тән визуалды қолтаңбасы бар нағыз авторлар екенін айтты.
MUBI сыншысы Адам Кук мұны былай түсіндіреді: тұрпайы автор дегеніміз – бұқаралық мәдениеттің ішінде жүріп-ақ жанрлық киноның барлық құралдарын (зорлық, эффект, экшн) қолдана отырып, сонымен бірге өз стилін сақтайтын режиссер.
Бұған жауап ретінде Ричард Броди өзінің эссесін жазды. Ал Роджер Эберттің шәкірті Игнатий Вишневецкий бұл қозғалыстың басты дауысына айналып, Тони Скотттың фильмдерін шеберлікпен талдап берді. Майкл Бэй осы даудың қақ ортасында қалды.
2025 жылы Британия кино институты (BFI) Бэй туралы мақала жариялап, оны ашықтан-ашық «тұрпайы автор» деп атады. Оның стилін «тұрпайылығы соншалық, тіпті ортағасырлық деңгейдегі дөрекі әрі балалық әзілдері бар, бірақ өзіндік визуал қолтаңбасы анық» деп жазды. Бэйдің екі туындысы әлем бойынша ең мықты кинолар ғана кіретін Criterion коллекциясынан орын алды.

Сонымен, авторлық кино деген не?
Міне, басты мәселеге де келдік. Сонымен авторлық кино деген не?
Міне, негізгі сұраққа келдік. Авторлық кино – жанр да емес, бюджет те емес, күрделі сценарий де емес. Бұл – фильмнен бір адамның тұлғасын сезіну. Қайталанатын стиль, визуалды қолтаңба, тұрақты тақырыптар. Егер камера артында нақты бір ойлау жүйесі бар адам тұрғанын сезсеңіз – ол авторлық кино.
Ол сізге ұнай ма, жоқ па – бұл басқа мәселе. Әрине, мен үшін Джармуш әрқашан Бэйден жоғары тұратын автор болып қала береді. Бірақ бұл екіншісінің еңбегін жоққа шығару деген сөз емес.
Қазір салалық киноға тиісу де, оны асыра мақтау да сәнге айналған. Бірақ уақытша болса да, авторлық кино алға шығып тұр. Киностудиялар енді режиссерлерге өз тарихын айтуға көбірек мүмкіндік беріп жатыр. Біз оны кинотеатрлардан да көріп жүрміз. Тек бұл тренд кассалық табыс аз болса да сақталса екен, әйтпесе бәрі бірдей болатын, немесе Стэтхэм әрдайым ең мықты жалдамалы адам болатын кезеңге қайта ораламыз.
Жеке өзім «попкорн жеп көретін» фильмдердің жанкүйері емеспін. «Кек алушыларды» да көрдім, Сталлоне дәуіріндегі экшндерді де білемін, бірақ мен үшін кино – зерттеу нысаны әрі ішкі қайшылық. Ал авторлық кино – сол қайшылықтың бір бөлігі.
Тарковский – автор, онсыз болмайды. Қазіргі сәндегі Перкинс – автор. Кезінде халыққа арналған триллерлер түсірсе де, Хичкок та автор. Майкл Бэй де, қанша жерден сыншыл болса да – автор. Оны ешкіммен шатастыру мүмкін емес. Жарылыстар, күн батқандағы жарық, камераның тым төменнен түсіруі, пафос, қанық түстер – ешбір басқа режиссер бұлай түсірмейді. Көбі миллиардтаған бюджетпен, мықты кастпен соған ұқсатқысы келеді. Netflix-тің «Электрлі штат» фильмін еске түсіріңізші. Оған тіпті 320 миллион доллар бюджет те көмектесе алмады.
Бэйді жақтаушылардың бірі жазғандай: «Ессіз, жарылғыш, балаша тұрпайы? Мүмкін. Бірақ бұл – көзқарас. Және мен артында ешкім тұрмаған құрғақ контенттен гөрі Бэйдің өз көзқарасымен жасаған дүниесін артық көремін».

Баяғы жест
Авторлық киноның тарихы – бұл негізінен әр жарты ғасыр сайын қайталанатын бір ғана іс-қимыл. 1950 жылдары Cahiers du Cinéma сыншылары: «Хичкок қолөнерші емес, автор» деді. 2010 жылдары Village Voice сыншылары: «Майкл Бэй қолөнерші емес, автор» деді. Екеуі де үлкен шу тудырды.
Сіз «Бас айналу» немесе «Трансформерлерден» конвейердің өнімін емес, біреудің жеке мәлімдемесін көруге дайынсыз ба?
Айтпақшы, бұған жауап беру міндетті емес. Тек роботтардың әдемі жарылғанын көріп отыра беруге де болады немесе Стэтхэмнің бұл жолы ең қанішер үй тазалаушы болғанын тамашалауға да болады.



