Нью-Йоркта бір суретші галереяда тұрған өнер туындысын байқамай жеп қойғанын білесіз бе? 1989 жылы Нью-Йоркта суретші Эд Бжезински бір дорба тоқашты көріп, "біреу тастап кеткен шығар" деп ойлайды да, біреуін алып жей бастайды. Сөйтсе, бұл тоқаштар америкалық мүсінші Роберт Губердің Bag of Donuts атты гиперреалистік жұмысы екен. Осындай қызықтар заманауи өнер көрмелерінде жиі кездеседі. Өйткені кейде өнер туындыларын өмірдегі кәдімгі қарапайым заттардан ажырату қиын. Ендеше заманауи өнер деген не? Оның дәстүрлі өнерден қандай айырмашылығы бар? Материалда тарқатамыз.

Дәстүрлі және заманауи өнердің айырмасы неде?
Заманауи өнер – ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған жаңа өнер түрлері. Уақыт өткен сайын адамдардың өнер жасау тәсілдері де өзгерді. Бұрын, модернизм кезінде, дәстүрлі сурет салу маңызды болса, кейін постмодернизммен бірге заманауи өнер алға шықты.
Бұрын суретшілер адамдарды, оқиғаларды барынша дәл салуға тырысатын. Бірақ фотоаппарат пайда болған соң, оған сұраныс азайды. Сол кезде суретшілер заттың өзін емес, одан алған әсерін, көңіл-күйін бейнелеуге көбірек көңіл бөле бастады. Сөйтіп заманауи өнер пайда болды.

Дәстүрлі өнер мен заманауи өнер бір-бірінен өзгеше. Дәстүрлі өнерде басты мақсат – әсемдік пен нақтылықты көрсету. Ал заманауи өнер көрерменге ой салғысы келеді. Мұнда суретші еркін, оған ешқандай шектеу қойылмаған соң, қиялына ерік береді. Классикалық өнер көбіне бәріне түсінікті болса, заманауи өнер кейде түсініксіз болып, оны тамашалаған адамда көп сұрақ пайда болуы мүмкін.
Кез келген зат өнер туындысы бола алады. 1914 жылы француз суретшісі Марсель Дюшан Париждегі дүкеннен бөтелке кептіргіш сатып алып, оған қолтаңбасын қойып, ештеңе өзгертпей көрмеге қойды. Дюшанның ойы қарапайым еді: біреу затты өнер деп жарияласа, ол зат шынымен өнерге айналуы мүмкін. Осылай ол өнердің шекарасын кеңейтіп, ХХ ғасырдағы өнер тарихында үлкен төңкеріс жасады.

Заманауи өнерді қалай түсінуге болады?
Заманауи өнерде авторлар өз ойларын дәстүрлі өнердегідей әдемі сурет пен мүсін арқылы ғана емес, ерекше және тосын тәсілдермен көрсетеді. Ол кез келген формада болуы мүмкін: қоқыс, бас сүйек немесе тіпті қарапайым банан арқылы. Осы ерекшелігі үшін заманауи өнер кейде сынға ұшырап, "түсініксіз" деп сыналады. Сонда оны қалай түсінуге болады?
Автордың еңбегіне қарағанда қандай сезімді бастан кешетініңізге мән беріңіз. Жасырын мағыналар мен метафораларды іздеңіз. Туындының атауын, көрме кураторы жазған қысқаша сипаттамасын оқыңыз. "Суретші нені айтқысы келді?" деген сұрақ қойып, өз ойыңыз бойынша болжам жасап көріңіз. Автордың өмірбаяны, сұхбаттары, туындының жасалған уақыты мен жағдайын зерттеу оның мәнін түсінуге көмектеседі.
Өзіңізді қызықтырған бірнеше туындыны таңдап, олардың жанында 5 минуттай тұрыңыз. Көбіне жаңа ой мен сезім дәл осы "шағын медитация" кезінде ашылады. Заманауи өнерді тек ақылмен емес, жүрекпен қабылдаған кезде ғана шынайы рахат аласыз.

Заманауи өнер туындыларын қайдан тамашалауға болады?
Заманауи өнер туындыларын биеннале, триеннале, мұражайлар мен өнер жәрмеңкелерінен көруге болады. Мысалы, Венеция биенналесі, Documenta, Сан-Паулу және Стамбұл биенналелері халықаралық деңгейде өтеді және жылына екі рет ұйымдастырылады. Ал триенналелер жылына үш рет өтеді және көбіне ұлттық, жергілікті сипатқа ие.
Алматыда Almaty Museum of Arts бар. Бұл жер – Орталық Азиядағы алғашқы заманауи өнер орталығы. Онда Қазақстанның және шетелдің танымал суретшілерінің, мүсіншілерінің туындылары қойылады. Қазақстанда заманауи өнер өкілдері ретінде Алмагүл Меңлібаева, Сауле Сүлейменова, Эрбосын Мелдебеков танымал. Әлемдік деңгейде Ай Вэйвэй, Йайой Кусама, Дэмиен Херст, Джефф Кунс және Марина Абрамович еңбектерімен белгілі.





