ДенсаулықПсихологияТоптық психотерапия: бізге бейтаныс адамдардың қолдауы не үшін қажет?

Топтық психотерапия: бізге бейтаныс адамдардың қолдауы не үшін қажет?

28 шілде 2026
6 мин
Фото: Pexels

«Бойцовский клуб» фильмінің басында бас кейіпкердің терапиялық топтарға барғаны есіңізде ме? Демек, оның қалай өтетінін түсініп тұрсыз: адамдар бір бөлмеде шеңбер құрып отырады да, ішкі уайымдарын ашық айтады. Оның үстіне, олар жай әңгімелесіп қоймай, әлдеқайда шынайы әрі терең қарым-қатынас құрады. Tamga Media IPA психоаналитигі Оксана Ждановичпен әрі клиникалық психолог Элеонора Хафизовадан топтық терапияның ерекшелігі, пайдасы туралы сұрап білді. 


Қысқаша айтсақ:


Топтық психотерапия – бірнеше адамның психотерапевтпен тұрақты кездесіп, бірге жұмыс істеуі. Әдетте топта 6-12 адам болады. Лекция мен тренингтерден айырмашылығы – қатысушылар бір-бірімен ашық сөйлесіп, тәжірибе бөлісіп, өзара бір-бірін қолдайтыны.


Топтық психотерапия мына нәрселерге көмектеседі:

  • сау қарым-қатынас құруға;

  • шынайы кері байланыс алуға;

  • қауіпсіз ортада эмоция көрсетуге;

  • жалғыз қалу сезімін жеңілдетуге;

  • жеке шекараны қорғап, сөйлесу қабілетін дамытуға.

Тарихы


Мақаланы «Бойцовский клуб» фильмінен бекер бастаған жоқпыз: кезінде  бірінші рет  топ болып туберкулезбен ауыратын науқастар жинала бастаған. 1905 жылы Бостонда Джозеф Пратт сырқаттардың басын қосып, емделу жолдары мен гигиенаны түсіндіріп, оларға моральдық қолдау көрсетеді. Уақыт өте келе Пратт емделушілердің сауығуына тек дәрігердің кеңесі емес, топтағы адамдардың бір-біріне демеу болып, өз уайымдарын ашық айтып, жалғыз емес екенін сезінуі де маңызды рөл атқаратынын аңғарды.


«Топтық психотерапия» терминін 1932 жылы психиатр Якоб Леви Морено ресми түрде ғылымға енгізді. Ол психодрама әдісін жасап, топтық психотерапияға арналған алғашқы ғылыми журналды шығарды. Сондай-ақ осы бағыттағы мамандардың алғашқы кәсіби қауымдастығын құруға мұрындық болды.


1940-1950 жылдары психоаналитикалық топтар пайда болды. Британ психиатры Зигмунд Генрих Фоулкс топты біртұтас ағза деп санады. Мұндағы ең басты нәрсе – қатысушылардың өзара араласуы. Қазір Еуропа мен ТМД еліндегі аналитикалық топтар дәл осы тәсіл бойынша істейді. Ал британ психиатры әрі психоаналитик Уилфред Бион топтың өзін ішкі бейсаналы өмірі бар біртұтас дүние ретінде қарастырған алғашқы мамандардың бірі.


1960 жылдары гуманизм психологиясының арқасында топтық психотерапия жаңа серпін алды. Карл Роджерс, Фриц Перлз бен өзге де мамандар шынайы болуға, бірін-бірі қабылдауға, «осы жерде әрі қазір» сезіп тұрған сезімдерге және қатысушылардың тұлғалық дамуына назар аударды.


Адамдардың бөгде жандардың қасында жеке өмірі туралы ашық айтуына мәдениет пен менталитет ерекшеліктері әрдайым мүмкіндік бере бермейтініне қарамастан, бұл формат Қазақстанда да бар. Еліміздегі бұрыннан келе жатқан терапиялық топтардың бірі Алматыда 2010 жылдан бері істейді. Оны IPA (Халықаралық психоанализ қауымдастығының) психоаналитигі әрі топтық аналитик Оксана Жданович жүргізеді.

«Қазақстанда топтық терапия жүргізетін маманның көбі осы бағыттың негізін қалаған Фоулкс пен Бионның идеяларына сүйенеді. Қазақстанның өзіне тән ерекшеліктері бар: бізде отбасы мен ата-ананың беделі өте жоғары. Ал Еуропа мен Америкада жеке бас мүддесі басым. Отбасы да – белгілі бір топ. Сондықтан мұндағы қатысушылардың қарым-қатынасы да көбіне отбасындағы сценарий бойынша өрбиді. Тағы бір ерекшелігі – топқа көбіне әйелдер келетіні. Өкінішке қарай, ер адамдар психологқа әлі де сирек келеді: ішкі сезімін шағымданып айтуды ұнатпайды әрі өзін түсінуге тырыса бермейді. Дегенмен Қазақстан азаматтарының ішкі жан дүниесі де әлемдегі халықпен бірдей, сондықтан топтық терапия біздің елімізде де өте тиімді», – дейді Оксана Жданович.

Ғылыми ізденіс


Топтың адамға қалай әсер ететіні туралы мәселе топтық психотерапия пайда болмай тұрып-ақ ғалымдардың назарын аударған. Ежелгі грек философы Аристотель адамды «қоғамдық тіршілік иесі» деп сипаттап, адамдардың бір-бірімен араласып, қауымдастықта өмір сүруі табиғи түрде қажет нәрсе екенін айтқан.


Топтағы адамдардың мінез-құлқын ғылыми тұрғыда зерттеу XIX ғасырдың соңында басталды. 1895 жылы француз психологы Гюстав Лебон «Халық мен бұқара психологиясы» деген еңбегін жариялап,онда алғаш рет топтық сана туралы жазды. Ол адам үлкен топта жалғыз жүргенге қарағанда мүлдем басқаша болатынын байқады. Себебі көптің арасында адам сезімге тез беріледі әрі айналасындағыларға еліктегіш келеді.


XX ғасырдың басында зерттеуді ағылшын психологы Уильям Мак-Дугалл мен психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фрейд жалғастырды. Мак-Дугалл – топтың ортақ мақсаты, нақты ережесі мен жүйесі болса, оның оң ықпал ететінін алғаш айтқандардың бірі. Ал Фрейд топтағы адамдар мен көшбасшының қарым-қатынасын, қатысушылардың бір-бірін қабылдауын, жанашыр болу және эмоциялық байланыс механизмдерін зерттеді.


АҚШ психиатры Ирвин Ялом да көп үлес қосты. Ол көп жыл бойғы зерттеуі мен тәжірибесіне сүйеніп, мынадай маңызды факторларды көрсетті. 

  • Бәріне ортақ сезім;

  • Өзіндегі уайым өзгеде де бар екенін түсіну;

  • Қолдау алу және қолдау көрсету мүмкіндігі;

  • Шынайы кері байланыс;

  • Араласу, тіл табысу дағдысын дамыту;

  • Ересек позициясынан қарым-қатынас құру.

Бұл фактордың көбі кейінгі ғылыми зерттеулерде де дәлелденді.

Зерттеулер


2001 жылы Clinical Psychology: Science and Practice журналына жарияланған «Күйзеліс уақытында топқа терапия жүргізудің тиімділігі» деген зерттеу шықты. Авторлары – психологтар Уильям Макдермут, Айван Миллер мен Ричард Браун. Зерттеуге 2218 адам қатысқан. Зерттеушілер 48 зерттеуді талдап, топтық терапияның шынымен көмектесетінін анықтады. Терапия алғандардың шамамен жартысының (48,2%) жағдайы жақсарса, терапияға қатыспағандар арасында мұндай нәтиже бар-жоғы 18,5% болған.


2025 жылы Frontiers in Psychiatry журналына «Депрессия мен жағымсыз эмоциялар кезіндегі топтық психотерапия» тақырыбындағы ауқымды анализ жарияланды. Зерттеу нәтижесі топтық терапия емге жақсы көмектесетінін көрсетті. Әсіресе адам мазасызданғанда, қорыққанда, жарақаттан кейін күйзелгенде, тамақтану режимі бұзылғанда, сондай-ақ түрлі нәрсеге тәуелді болғанда  пайдалы болып шықты. 


Топтық терапияға әдетте кімдер барады?


Адамдар әр топқа әртүрлі себеп бойынша жиылады. Бірі – ажырасып, күйзелісте жүрсе, енді бірі – мазасыз күйде не жалғызсырап жүруі мүмкін. Біреудің басқалармен қарым-қатынасы қиындап кетсе, кейбірі эмоциялық тұрғыдан қажып кетеді. Терапияға қатысқандар өз сезімін байқап, өзгелердің де жағдайын жақсырақ түсінуге әрі үйреншікті мінез-құлқын біртіндеп өзгертуге тырысады. Дәл осы топ ішінде қалыптасатын қарым-қатынас – психотерапиядағы ең басты құрал.


Жұмыстағы ең басты ереженің бірі – құпия сақтау. Кездесуде айтылғанның бәрі топ ішінде қалады. Сол себепті, әдетте бір топта туыстар, достар, әріптестер болмайды. 

Топтық психотерапияның қалай өтетінін түсінуге АҚШ жазушысы Кристи Тейттің «Топ. Бір психотерапевт пен бес бейтаныс адам менің өмірімді қалай құтқарды» тақырыбындағы автобиографиялық кітабы жақсы көмектеседі. Автор мансап жолы табысты, бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, жылдар бойы жақын қарым-қатынас орната алмай, іштей жалғызсырап жүргенін баяндайды. Психотерапевттің кеңесі бойынша ол топтық терапияға қатысып, сол жерде сезімін ашық айтуды, өзгенің қолдауын қабылдауды және дұрыс қарым-қатынас құруды үйренеді. Шынайы оқиғаға негізделген бұл кітап халықаралық бестселлерге айналып, топтық терапияның мүмкіндіктеріне көпшіліктің назарын аудартты.


Бір ескеретін жайт, кітапта сипатталған топ белігілі бір ережелерге сүйеніп жұмыс істеген. Топты жүргізген маман құпияны қатаң сақтау талабынан бас тартқан: қатысушыларға кездесуден тыс уақытта да іште не болғанын өзара талқылауға, ақпарат бөлісуге рұқсат берілді. Ал әдеттегі топтық психотерапияда құпияны сақтау – қауіпсіздік пен сенімнің негізі.


Топ түрлері


Топтық психотерапияның негізгі ережелері бірдей болғанымен, әр топтың жұмыс істеу тәртібі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан топ таңдағанда бірнеше нәрсеге назар аударған жөн. Мысалы, топ жаңа қатысушыларды қабылдай ма, жоқ па, ерлер мен әйелдер бірге қатыса ма, әлде бөлек пе, белгілі бір жасқа арналған ба, кездесулер қанша уақытқа созылады, нақты бір тақырыпқа арналды ма, әлде әртүрлі мәселелер талқылана ма, кездесулер офлайн өте ме, әлде онлайн ба – бәрін біліп алған жөн. 

«Менің тобым – бірте-бірте толығатын ашық топ. Оған жаңа қатысушылар кез келген уақытта қосыла алады. Өз мақсатына жетіп, терапияны аяқтағандардың орнына жаңа адамдар келеді. Бұл – үздіксіз процесс. Барлық жұмыстағыдай, топтың да демалыс уақыты болады. Ол қатысушыларға да, топты жүргізушіге де қажет. Менің топтарым тамызда демалады. Топтағы қатысушылар саны 10 адамға жеткенде, жаңадан келушілерге есік жабылады. Дегенмен кезекке жазылып, орын босағанда кейінірек қосылуға болады», – дейді Оксана Жданович.

Ашық және жабық топтар


Топтардың бір-бірінен басты айырмашылығы – жаңа қатысушыларды қабылдау тәсілінде. Ашық топтарға кездесулер басталып кеткеннен кейін де қосыла аласыз. Біреу терапияны аяқтап, топтан шыққанда, оның орнына жаңа адам келеді. Осының арқасында топ жылдар бойы жұмысын тоқтатпайды, ал құрамы біртіндеп жаңарып отырады. Бұл формат топтық талдауда жиі қолданылады. Қазақстандағы мұндай ашық топқа Оксана Жданович жүргізетін аналитикалық топты мысалға келтіре аламыз.


Жабық топта бәрі жұмысты бірге бастайды да, бірінші кездесуден кейін жаңа адамдарды қабылдамайды. Бұл форматта адамдар бір-біріне тез сеніп, өзін қауіпсіз сезінеді, себебі топ құрамы соңына дейін өзгермейді. Мұндай топтарды көбіне белгілі бір уақытқа, айталық, 10-20 кездесуге ғана ашады да, сосын жұмысын тоқтатады.


Жыныс бойынша бөлу


Әр адамның өмірлік тәжірибесі мен айтқысы келетін мәселесі әртүрлі. Кей адам өз жынысындағы адамдардың арасында өзін еркінірек сезінеді.


Ерлер тобы көбіне ер адамға тән мәселелерді талқылауға арналған. Мысалы, эмоцияны білдіру, әкемен қарым-қатынас, әке болу, жұптық қарым-қатынас, жалғыздық, ашу-ыза немесе жұмыстағы қысым.


Әйелдер тобында өзін бағалау, ана болу, қарым-қатынас, зорлық-зомбылықтың салдары, күйзеліс пен шаршау сияқты тақырыптар жиі көтеріледі.


Дегенмен ерлер мен әйелдер бірге қатысатын аралас топтар да көп. Клиникалық психолог, когнитивті мінез-құлық терапиясының маманы Элеонора Хафизованың айтуынша, көп жағдайда адамдарды жынысына қарай бөлудің қажеті жоқ.

«Өйткені топтық терапия – шынайы өмірдің көрінісі. Ал өмірде біз жынысына қарамай әртүрлі адамдармен араласамыз», – дейді маман.


Жасы


Көбіне студент те, өмір көріп ысылғандар да, жасы үлкендер де бір топта бола алады. Топтық жұмыс сонысымен де қызық. Дегенмен кейде категорияға бөлуге тура келеді. Мәселен, ересектер тобында қарым-қатынас, неке, интим өмір, бала тәрбиесі, тәуелді болу сияқты тақырыптар қозғалады. Ал жасөспірімдер тобына 18 жасқа дейінгі балалар қатысады. Топта өзін бағалау, құрдастармен және ата-анамен қарым-қатынас құру, үрей, буллинг, өзін табу мен есею мәселелері талқыланады.


Егде жастағы адамдарға арналған топта жасқа байланысты өзгерістер, жалғыздық, жақынынан айырылу, зейнетке шығу және өмірдің жаңа мәнін іздеу жайы сөз болады. Адам өзі сияқты жаңа кезеңнен өтіп жатқан адаммен сырласқанда жалғыз емес екенін түсінеді, қолдау алады. Бірақ Оксана Ждановичтің айтуынша, аралас топтардың мүмкіндігі мол.

«Аралас топта ата-анамен де, құрдастармен де арадағы мәселелерді шешуге болады. Өйткені топ – шағын отбасы. Адамдар онда әртүрлі рөлге еніп, үйде көрген қарым-қатынасын топтағы қатысушылармен қайта бастан кешеді».

Ұзақтығы


Топтық психотерапияның ұзақтығы да әртүрлі. Кейбір топтар бірнеше жыл бойы жұмыс істейді. Мұндай топтарда нақты аяқталатын күн болмайды. Қатысушы өз мақсатына жеттім немесе терапияны аяқтауға дайынмын деп шешкенде ғана кетеді.


Ал қысқа мерзімді топтар белгілі бір уақытқа ғана құрылады. Мысалы, 8, 12 немесе 20 кездесу ұйымдастырады. Әдетте мұндай топтар бір нақты мәселеге арналады. Мысалы, үрейді жеңу, жақынынан айырылғаннан кейінгі қайғыны еңсеру, зиян әдеттен арылу, көпшілік алдында сөйлеуді үйрену, эмоцияны басқару немесе басқа да белгілі бір қиындықты шешу.


Белгілі бір тақырыпқа арналған топтар


Мұнда басына түскен қиындығы мен өмірлік жағдайы ұқсас адамдар жиналады. Мысалы, ажырасуды немесе жақынынан айырылуды бастан кешіріп жатқандарға, сондай-ақ жаңадан ата-ана атанғандарға арналған топтар бар. Жанында өзі сияқты жағдайды басынан өткергендер болса, адамға ашылу да оңайырақ. Олар бір-бірін сөзсіз түсінеді әрі демейді.


Онлайн топтар

Пандемиядан кейін терапияның көбі онлайн өтетін болды. Мұнда да бәрі кәдімгі кездесудегідей: сабақ видео арқылы өтеді, сыр сақтау, белгіленген уақытты ақсатпау сияқты ережелер түгел орындалады. Бұл формат қолы босамайтын аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, шағын ауылда немесе қалада, шетелде тұратындарға ыңғайлы.


Бағасы


Топтық психотерапияның көбі ақылы. Оларды жеке психологтар, психотерапевтер мен арнайы орталықтар жүргізеді. Бір кездесу құны 5 000 теңгеден басталып, 20 000-30 000 теңгеге дейін барады. Бұл маманның тәжірибесіне, кездесу уақытына, терапия әдісіне, топтағы адам санына байланысты.

Топтық терапия жеке терапияға қарағанда арзанырақ, өйткені маманның ақысы барлық қатысушыға бөлінеді. Тегін топтар да бар, бірақ сирек. Оларды мемлекет емханалары, қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық қорлары, дағдарыс орталықтары мен білім беру жобалары ұйымдастырады. Мұндай топтарда орын аз болады, содан кіру де қиынырақ.


Өзіңе ыңғайлы топты қалай табуға болады?


Қазір топтық психотерапия барлық бағыт бойынша жұмыс істейді: 

  • психоанализ

  • топтық анализ 

  • гештальт-терапия

  • когнитив-мінез-құлық терапиясы

  • психодрама

  • экзистенциялық

  • гуманистік бағыт.

Кей бағытта жаттығу орындап, үй тапсырмасын жасаса, енді бірінде әркім іштегі сырын еркін айтады. Қай әдіс қолданылса да, басты мақсат – адамның өзін терең тануына, елмен қарым-қатынасын түсінуіне және өмірдегі тығырықтан жол табуына көмектесу.


Топ таңдағанда ішкі түйсігіңізге сүйеніңіз. Өзіңізді қауіпсіз сезініп, сенім арта алатын орта тапқан жөн. Дұрысы, топқа қосылмай тұрып, психологпен оңаша жүздесіп, сөйлесіңіз. Одан топ жұмысы қалай жүретінін біліп, көкейдегі сұрақты қоюға, маманмен танысуға және бұл форматтың қаншалық ыңғайлы екенін түсінуге болады.


Топқа келген бойда ешкім бірден іштегін бөлісуді талап етпейді. Адам айналасына сенім пайда болғанда өзі ашыла бастайды. Клиникалық психолог Элеонора Хафизованың айтуынша, ортаға бой үйрету әр адамның болмысы мен жеке қасиеттеріне байланысты:

«Біреулер топқа алғаш келгеннен-ақ іштегі мазалаған ойын немесе бастан өткерген ауыр жағдайын ашық айтып бере алады, ал енді біреулерге бұған уақыт керек. Бастапқыда адам өзгелерді тыңдап, ортада жай отыруына да болады, кейін ашыла бастайды.Үйренісуге кем дегенде үш айдай уақыт қажет», – дейді Элеонора Хафизова.

Топ ұнамаса не істеу керек?


Бірден өзіңізге ұнайтын орта табу оңай емес. Бұған ортаның жайсыздығы, маманның жұмыс әдісі мен адамдарға ашыла алмау сияқты жайттар әсер етеді.


Алайда алғашқы кездесуден кейін асығыс шешім шығармаңыз. Басында қорқыныш пен ыңғайсыздану, бойды аулақ ұстау – жаңа ортада болатын реакция. Біраз уақыт өтсе де өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, маманға айтыңыз. Мәселені бірге шешіп, топтың сізге неге сәйкес келмейтінін түсінуге көмектеседі.


Топтан кеткіңіз келсе, үн-түнсіз кетпей, ашық айтқан дұрыс. Ұзақ мерзімді топтарда қоштасатыныңызды алдын ала талқылау қалыпты. Бұл терапияны дұрыс аяқтап, кері байланыс алуға мүмкіндік береді.


Бір рет жайсыз ортаға түсу топтық терапия сізге мүлде келіспейді дегенді білдірмейді. Жеке психолог іздегендей, мұнда да өзіңізге ыңғайлы орта мен сенімді маманды табуға уақыт кетеді.


Топтық терапия кімге келмейді?


Топтық терапия бәріне бірдей жарай бермейді. Кейде алдымен психологпен оңаша жұмыс істеп, топқа содан кейін қосылған дұрыс.

«Бұған адамның мінезі мен өзіне сенімі әсер етеді. Кейде ауыр соққы алған жандар үрейдің салдарынан топта отыра да алмайды. Ондай адамдар әуелі психологпен оңаша сөйлесіп, арада сенім қалыптастырып алғаны дұрыс. Қорқынышы сейіліп, ішкі мәселе шешілген соң, топқа қосылуға болады», – дейді Оксана Жданович.


Мынадай жағдайларда адамды топқа қабылдамауы мүмкін:

  • Адамның психикалық жағдайы өте ауыр болып, шұғыл көмек қажет болса;

  • Кездесуге ішімдік ішіп немесе есірткі қолданып келсе;

  • Өзіне немесе өзгелерге зиян тигізсе;

  • Топтың ережесін сақтағысы келмей, өзгелерді сыйламаса;

  • Кездесуді бұзып, жанжал шығарғысы немесе топтың жұмысына кедергі жасағысы келсе.

Бөлісу: