Денсаулық●Сұлулық●Топ-7 косметикалық процедура: бьюти-сарапшының кеңесі

Топ-7 косметикалық процедура: бьюти-сарапшының кеңесі

27 маусым 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Бұған дейін Tamga Media YELLOW Clinic антиэйдж клиникасының иесі Дина Маликпен бірге күмәнді бьюти-процедуралар туралы материал шығарған еді. Енді Дана ақшаңызды толық ақтайтын пайдалы косметикалық процедуралар тізімін ұсынды. Ендеше, соларға тоқталайық.


Анықтама: Эстетикалық медицина мен косметологияда аппарат жай құрал емес — ол процедураның технологиясын айқындайды. Сондықтан уақыт өте аппараттың атауы процедура атауына айналып жатады. Бұл мақалада да кейбір процедура көпшілікке таныс аппарат атауымен берілген.

PDRN терапия (лосось балығының сүтінен)


PDRN терапия, полинуклеотид терапиясы немесе реджуран – бір ғана процедураның атаулары. Негізгі затын аталық лосось балығының сүтінен алатындықтан, жарнамада «лосось спермасы» деп те атай береді. Ем кезінде ДНҚ-ның тазартылған бөлшектерін тері астына егіп немесе микронидлинг аппараты арқылы салады.


Бұл тәсіл теріні ылғал етіп, жинайды, майда әжімдерді азайтып, бетті жылтыратады. Тіпті пилинг сияқты ауыр емдерден кейін теріні тез қалпына келтіреді. Құрамындағы пайдалы заттар коллагенді тез бөліп, теріні жаңартуға көмектеседі.


Кемшілігіне келсек, уколдан кейін бет бірден ісіп, қызаруы мүмкін. Нәтижесі өнімнің сапасына тікелей байланысты, өйткені қазір көшірмелері (подделка) өте көп. Жақсы әсерін байқау үшін бір сеанс аздық етеді, толық курсын алған маңызды.

«Процедура косметологияға медицинадан келген. Бастапқыда қатты күйік шалған адамдардың терісін тез жазу үшін қолданылған. Теріні жылдам қалпына келтіретін қасиетінің арқасында кейіннен коммерциялық медицинаға, соның ішінде косметологияға ауысты. Ем шарасы бетті шынымен де жасартады, ең бастысы, сапалы препарат таңдау керек. Өз басым Rejuran мен Plenhyage өнімдерін ұсынамын».
– Дина Малик:


Алматыдағы бағасы: бір процедураға 80 000-250 000 теңге аралығында.


PRP


Бұл процедураны көбіне плазмолифтинг немесе «вампир стиліндегі күтім» деп атайды. Мұндағы плазманы адамның өз қанынан алады. Оның құрамындағы тромбоциттер теріні жаңартуға, коллаген бөліп, қан айналымын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ ол теріні ғана емес, шаш түптерін де жақсы қалпына келтіреді.


Процедура кезінде адамнан қан алып, плазмасын бөліп алу үшін центрифугаға салады. Содан кейін дайын плазманы уколмен егеді немесе микронидлинг әдісі арқылы жағады (бұл үшін мезороллер немесе дермапен сияқты арнайы аппараттар қолданылады).


Бұл әдіс терінің күтімін жақсартады, өңін кіргізіп, ұсақ әжімдерді азайтады. Сондай-ақ безеуден қалған іздерді кетіріп, шаш түскенге жақсы көмектеседі. Процедурада адамның өз қанын қолданатын болғансоң, аллергия мүлде болмайды.


Филлер немесе ботокс сияқты нәтижесі бірден біліне қоймайды, емнің әсері уақыт өте келе байқалады. Сондай-ақ қан аурулары бар адамдарға процедураны жасатуға болмайды, сондықтан әуелі міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек.


Дина Малик:

«Бұл процедура да бізге медицинадан келді. Оны бетке ғана жасамайды, тері мен жасушаларды қалпына келтіру үшін буынға, грыжаға да салады. Бірақ бұл әдіс барлық адамға бірдей әсер ете бермейді, әркімнің ағзасы әртүрлі. Біреулерге өте жақсы көмектеседі. Сол себепті емді өзіңіз жасатып көріп, нәтижесін байқау керек».


Алматыдағы бағасы: бір сеанс үшін 35 000 - 120 000 теңге аралығы.


«Барби мойын»


Иық пен желке бұлшықетіне (трапецияға) ботокс салып, мойынды ұзынырақ, ал иықты нәзік көрсетуге болады. Ботулотоксин еттерді босаңсытқанда, иықтың қатып тұрғаны жазылып, төмен түседі де, дене бітімі әдемі қалыпқа түседі. Процедура жасарту үшін емес, тек сыртқы келбетті түзеу үшін жасалады. Кейде иығы үнемі тартылып, ауырып жүретіндерге мұны арнайы ем ретінде де салуға болады.


Иық пен желке бұлшықеті (трапеция) қолды қозғалтуға және жауырынды ұстауға жауапты. Егер укол дұрыс жасалмаса (дәрі қате таңдалса, мөлшері көп болса немесе маман нашар болса), иық босап, қолды көтеру қиындап кетеді, тіпті дене бітімі (осанка) бұзылады. Сондықтан спортпен белсенді айналысып, ауыр көтеріп жүргендерге бұл емнен бас тарта тұрған дұрыс. Емнің нәтижесі 1-2 аптада білінеді, кейде процедураны бірнеше рет қайталауға тура келеді.


Дина Малик:

«Бұл өте жақсы процедура, одан кейін мойын шынымен ұзара түседі. Иықты құлаққа қарай тартып тұратын еттердің қатаюы басылады. Әдетте спазмды толық түсіру үшін дәріні тек иық пен желке бұлшықетіне (трапецияға) емес, мойынға да салады. Процедурадан кейін арқа тіктеледі».


Алматыдағы бағасы: дәрінің мөлшеріне қарай 120 000 – 350 000 теңге.


Morpheus8 микроинелі RF-лифтингі


Терінің терең қабаттарына жақсырақ әсер етуі үшін микроинелер мен радиожиілікті энергияны қатар қолданылады. Осылай, косметолог теріні тартып қана қоймай, оның құрылымын жақсартады, кеңейген тесіктерді, тыртық пен безеу ізін кетіреді.


Процедура – тері қатты босап, салбырағанда және бет пішінін нығайту үшін таптырмас ем. Микроинелі RF-лифтингтің басқа түрлеріне қарағанда ауыртуы мүмкін, есесіне нәтижесі жақсы, ал сеанстары аз.

«Өз басым ең күштісі Morpheus8 деп есептеймін. Көптен бері танымал, нәтижесі де, қауіпсіз екені де дәлелденген.
– Дина Малик:

Теріні керемет жинап, салбыраған жерлерін тартады, әжімді азайтып, терінің өңін де, күтімін де жақсартады. Әрине, қазір аппараттың да, насадкаларының да қолдан жасалған түрлері қаптап кетті. Содан кейін адамдар терісін күйдіріп, бетіне дақ түсіріп, тыртық қалып жатыр. Сондықтан міндетті түрде түпнұсқа аппаратты және дәрігерлерінің дипломы бар, сенімді клиниканы таңдау керек».


Алматыдағы бағасы: бүкіл бетке 180 000 – 500 000 теңге аралығы.


Монополяр RF-лифтинг


Теріні тарту үшін монополяр радиожиілікті энергия қолданылады. Процедура кезінде терінің ішкі қабаттары қатты қызып, жаңа коллаген бөліне бастайды. Оған қоса, терідегі ескі коллаген жиырылып, соның есебінен бет бірден тартылып, жиналып қалады.


Тері босап, салбырай бастағанда, бет пішіні бұзылғанда немесе ерте әжім түспесін деп алдын ала сақтану үшін осы тәсілге жүгінеді.


Бірақ бірден «он жылға жасарып кеттім» деп ойлаудың қажеті жоқ. Нәтижесі жарты жыл ішінде біртіндеп көрінеді. Ал әсері қандай аппаратпен жасалғанына және теріңіздің күйіне қарай бірнеше айдан бір жылға дейін жетеді.

«Бұл – инесіз жасалатын жаңа буын аппараты. Ол терінің ішкі қабаттарын қыздырып, теріні тартады және коллаген түзеді. Танымал әрі зерттелген, уақыт сынынан өткен процедура. Өз басым медицинадан келген, тиімділігін ұзақ уақыт бойы дәлелдеген осындай сенімді әдістерді қолдаймын».
– Дина Малик


Алматыдағы бағасы: аппаратқа және сызықтар (линия) санына қарай 250 000 – 1 200 000 теңге аралығы.


Аминоқышқыл уколдары


Бұл – теріні жаңартып, нәрлендіретін (биоревитализация мен биостимуляция жасайтын) дәрілер тобы. Мұндағы аминоқышқылдар терінің сапасын көтеруге және коллагеннің түзілуіне көмектеседі. 


Мұндай уколдардың құрамында әдетте глицин, пролин, лизин сияқты аминоқышқылдар болады, кейде оған гиалурон қышқылын, дәрумендер, пептидтер мен антиоксиданттарды да қосады. Мұндай «коктейльдің» құрамы әр адамның терісіне қарай жеке таңдалады.


Бұл уколдар теріні сергітіп, босап кеткен жерлерін жинау, жақсылап ылғалдандыру, майда әжімдерді азайту мен ерте қартаюдың алдын алу үшін жасалады. Мұндай процедуралардан кейін бет бір сәтте өзгеріп кетпейді, терінің сапасы уақыт өте келе, біртіндеп жақсарады.


Дина Малик:

«Құрамында аминоқышқылы көп, теріні тегістеп, өң беретін Jalupro сияқты керемет дәрілер өте көп. Теріні күтіп ұстауға арналған жақсы процедура, оны кез келген адамға жасатуға болады».


Алматыдағы бағасы: бір рет жасатуға 60 000 – 180 000 теңге аралығында.


LUMECCA


Бұл – жарық импульстері арқылы терідегі дақтарға (меланинге) және қан тамырларына (гемоглобинге) әсер етіп, коллагеннің жасалуына көмектесетін IPL-технологиясы. Қысқасы, жарық жарқылымен теріні жасарту әдісінде дақтар мен тамырлар сәулені өзіне тартып, қызады да, кейін жоғалып кетеді. Ал зақымдалған орында тері жаңарып, қайтадан коллаген түзіледі.


Бұл ем беттегі дақтар мен секпілге, қызарып тұратын қан тамырларына жақсы көмектеседі, сонымен бірге безеудің ізін кетіріп, теріні тегістейді. Алғашқы нәтижесі бірнеше күннен кейін-ақ байқалады, ал 1-3 апта ішінде беттің өзгергені анық көрінеді.


Дина Малик:

«Процедура теріні ағартуға және тесіктерді (пораларды) тарылтуға көмектеседі. Сондай-ақ қара нүктелер (комедондар) мен безеуден қалған дақтарды азайтады. Ең бастысы, мүлдем ауыртпайды. Жарық сәулесі беттегі дақтар мен тамырларды кішірейтетіндіктен, сезімтал теріге өте ыңғайлы. Мұны кез келген адамға жасатуға болады».


Алматыдағы бағасы: бетке жасатуға 70 000 – 250 000 теңге аралығында.

Бөлісу: