ӘлемдеҚаржыТОП-7 актив. Қай жерге ақша салған дұрыс?

ТОП-7 актив. Қай жерге ақша салған дұрыс?

27 сәуір 2026
5 мин
ТОП-7 активов. Куда лучше вкладывать деньги?
Фото: Tamga Media

Қаржы нарығында «қай активке ақша салған дұрыс?» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Әр инвестор өз стратегиясына сүйенеді. Біз қаржы сарапшысы Дәур Иманмадировтан, инвестиция сарапшысы Оразгүл Әжікеевадан және қаржыгер Еркебұлан Әріпбайдан өздері үшін ең тиімді деп санайтын ТОП-7 активті атауды сұрадық. 


Дисклеймер:
Бұл ұсыныстар сарапшылардың жеке тәжірибесі мен көзқарасына негізделген, сондықтан мұны дайын инвестициялық нұсқаулық ретінде қабылдауға болмайды. Әр шешімді өз қаржы жағдайыңыз бен тәуекел деңгейіңізге қарай қабылдаған жөн.


Үш сарапшы тиімді деп санайтын жеті активті атады және олардың көпшілігі ұқсас болып шықты. Сол себепті біз ортақ бір тізім құрадық. Ендеше, кеттік.


1. АҚШ акциялары


АҚШ акциялары ұзақ мерзімге, мәселен 10 жылдан көп уақытқа арналған тәуекелі төмен әрі табысы жоғары болуы мүмкін активтердің бірі болып саналады. Қаржыгер Еркебұлан Әріпбай бұл активті бірінші орынға қойса, Оразгүл Әжікеева үшінші орынға қойған.


2. Алтын


Алтын – геосаяси және экономика дағдарыс, соғыс кезінде қорғайтын актив. Ол әдетте нарық құбылғанда да құнын сақтап қалады. Сондықтан портфельдің 5-15%-ын алтынға бөлу жалпы тәуекелді азайтуға, ақшаны сақтап қалуға көмектеседі.


Сарапшы Дәур Иманмадировтың тізімінде алтын екінші орында, ал Оразгүл Әжікеева мен Еркебұлан Әріпбайдыкінде төртінші орында.


3. АҚШ және әлемдік нарықтың ETF-тері


ETF – бірден көптеген компанияның акциясын қамтитын құрал. АҚШ нарығына кеңінен диверсификацияланған ETF-тер (мысалы, SPY) немесе әлемдік нарықты қамтитын ETF-тер (мысалы, VT) кез келген инвестициялық портфельдің негізі болып саналады. Себебі бұл – тәуекелі төмен, басқару жеңіл және ұзақ мерзімге арналған тиімді стратегия. Бірден жүздеген, тіпті мыңдаған компанияға инвестиция жасайсыз, комиссиясы да төмен.


4. Облигация 


Қазіргі мөлшерлемелер жағдайында облигациялар орташа тәуекелмен тұрақты табыс береді. Бұл – құбылмалы кезеңде портфельге «тыныштық» беретін құрал. Қысқа мерзімді мақсаттар үшін ақша жинағанда да тиімді. Еркебұлан Әріпбай облигацияны үшінші орынға қойса, Оразгүл Әжікеева бесінші орынға қойған.


Ал сарапшы Дәур Иманмадировтың сөзінше, облигациялардың ішінде ең тиімдісі – АҚШ облигациялары. Себебі бұл – әлемдегі ең сенімді құралдардың бірі. Жылына доллармен есептегенде шамамен 4% доллар табыс береді. Валютадағы қорғаныс ретінде қолайлы.


5. Қазақстандық компаниялардың акциялары


Бұл – жергілікті нарыққа инвестиция. Көп жағдайда тұрақты, дивиденд төлейді және бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді. Дәур Иманмадировтың айтуынша, мәселен, Halyk Bank-тің акциялары тұрақты әрі біртіндеп өсіп келе жатыр. ЦентрКредит Банкі қарқынды дамып, нарықтағы үлесін кеңейтіп жатыр. Ал Kazatomprom – жаһандық трендпен байланысы бар жалғыз компания: уран атом энергетикасына қажет, ал бұл сала өсіп келеді. Компания әлемдік уран өндірісінің шамамен 20%-ын бақылайды.


Сарапшы Еркебұлан Әріпбайдың айтуынша, қазақстандық компаниялардың акциялары кейінгі бес жылда KASE индексінде өте жақсы көтерілді. Тіпті кейбір жылдары АҚШ акцияларынан да жоғары болды. Алайда біздің қор нарығында кейбір түсініксіз жағдайлар болып тұрады, мұндай кезде тәуекел өседі.


6. Үй немесе жылжымайтын мүлік


Орзагүл Әжікееваның айтуынша, адамның өз баспанасы болмаса, басқа инвестиция туралы ойлау қиын. Үй – тұрақтылықтың негізі және ең маңызды активтердің бірі. Сондықтан ол оны екінші орынға қойған. Дегенмен Еркебұлан Әріпбайдың сөзінше, жылжымайтын мүлік алтыншы орындағы актив, себебі оның құны нарыққа байланысты құбылып тұрады. Пайыз мөлшерлемесі жоғары кезде сұраныс төмендейді. Депозит тартымды кезде үйді сатып алу-сату қиын. Себебі ипотека қымбат. 


7. Депозит. 


Депозит – қарапайым әрі өтімді құрал. Тұрақты әрі шамалап болжап табыс табуға мүмкіндік береді. Ақшаны тез салып, тез алуға болады. Қазір кей жағдайда инфляцияны да жеңуі мүмкін, бірақ үнемі емес. 


Негізгі жоғарыдағы ТОП-7 тізімінен бөлек, әр сарапшы өз тәжірибесіне сүйеніп, тек өзі ерекше атап өткен актив түрлері де болды. Бұл активтер ортақ тізімге кірмегенімен, олардың жеке көзқарастарын толықтыра түседі.


Оразгүл Әжікеева:

  • Білім мен денсаулыққа инвестиция – ең сенімді актив. Өйткені адамның білімі мен денсаулығы кез келген жағдайда, кез келген жерде табыс табуға мүмкіндік береді.

  • Криптовалюта – әлі толық реттелмеген, құбылмалы, бірақ болашақта цифрлық қаржының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін. Бірақ қазіргі кезде тәуекелі жоғары екені рас.


Дәур Иманмадиров:

  • Дисконтпен алынған жеке акциялар – нарықта уақытша арзандаған компания акцияларын дұрыс таңдап, жоғары табыс алуға болатын белсенді инвестиция түрі. Мұқият талдауды талап етеді, бірақ дұрыс тәсіл болса, нарықтағыдан да жоғары табыс әкелуі мүмкін.

  • Салалық ETF-тер (уран, технология, жартылай өткізгіштер) – әлемдік трендтерге байланысты перспективасы жоғары секторларға бағытталған құралдар. Қазір энергетикалық ауысым мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатыр, сондықтан өндірістік металдар мен технологияларға сұраныс өседі. Демек, бұл активтерге де сұраныс артады.


Еркебұлан Әріпбай:

  • Күміс – құбылмалы актив болғанымен, кейінгі жылдары технология мен өнеркәсіп сұранысының өсуіне байланысты қайта өзекті болып келеді. Қорғаныш актив ретінде де қарастыруға болады.

Бөлісу:

ТОП-7 актив. Қай жерге ақша салған дұрыс? — Tamga media