Ойын-сауықӘдебиетТөлен Әбдіктің “Оң қолы”: оқырманды несімен баурап алды?

Төлен Әбдіктің “Оң қолы”: оқырманды несімен баурап алды?

23 қаңтар 2026
5 мин
Почему рассказ “Оң қол” (Правая рука) вызвал отклик у читателей?
Төлен Әбдік, “Оң қол” (Правая рука) әңгімесінің авторы | Фото: ruh.kz

Төлен Әбдіктің "Оң қол" әңгімесі – қазақ әдебиетінде ерекше орын алған шығармалардың бірі. Жастар мен ересектер оны бірдей қызығып оқиды, әлеуметтік желіде де оқырмандар өз әсерін жиі бөліседі. Бұл шығарма оқырманды несімен баурап алды? Tamga Media оқырман Еңлік Сақтанмен бірге талдап көрді.


1. Сюжеті қызық әрі адам психологиясының ерекшеліктерін көрсетеді


Әңгіме психиатрия ауруханасында істейтін дәрігердің атынан баяндалады. Ауруханаға 17 жастағы Алма түседі. Қыздың сырқаты ерекше әрі қорқынышты. Алма ұйықтағанда өзін-өзі оң қолымен қылқындырып, өлтірмек болады. Қыздың әрбір түні азапқа толы. Дәрігерлер науқастың оң қолын байлап та тастайды, түнімен оны күзетеді. Бірақ одан еш нәтиже шықпайды.


Түсініксіз аурумен арпаласып жатса да, жас дәрігер мен Алманың бір-біріне сезімі ашылады. Дәрігер ғашығын қорқынышты әрі беймәлім аурудан емдеу үшін барын салады. Дәрігер Алманы емдей ала ма? Екеуі қосыла ма?


Бұл ерекше сюжет оқырманды бірден қызықтырады. Классикалық шығармалардан айырмашылығы – кейіпкердің басты қарсыласы сырттан келген жау емес, адамның өз ішкі әлемі, өз тәні мен санағы арасындағы күресі.

“Туынды ауыр, ойландырады. Бұл өмірде тәні ауыратындардан бөлек жаны ауыратындардың да бар екені, түрлі тағдыр болатынын түсіндіреді”, – дейді Еңлік Сақтан. 


2. Мистика мен генетикалық жад жайлы айтылады


“Оң қол” әңгімесінде кейіпкердің сырқаты тек физикалық емес, мистикалық сипатта түсіндіріледі. Автор Алманың ауруы генетикадан, яғни ата-бабасынан қалған деп түсіндіреді. Бұл идея оқырманға адамның психологиясы мен мінез-құлқының ата-бабадан берілуі мүмкін екенін көрсетеді. Автор мысал ретінде табиғаттағы жануарлардың инстинктив әрекеттерін келтіреді: жаңа туған тасбақа бірден теңізге жүгіреді, жаңадан туған әр көбелек нақты бір бағыт бойынша ұшады. 

“Қазір психологтар ататекпен, ата-бабамен байланыс, олардың өміріміздегі рөлі туралы айтып жүр. Бізге ата-анамыздың сырт келбеті мен мінез-құлқы ғана емес, ішкі жандүниесінің қалтарыс-бұлтарыстары да беріледі екен. Бұл туралы “Оң қолда” жазылып қойған. Сонысы қызық болды”, – дейді оқырман Еңлік Сақтан. 


3. Жеңіл әрі тез оқылады


Әңгіменің тағы бір ерекшелігі – тілі қарапайым әрі түсінікті. Қысқа әрі қызық әңгіме болған соң, бір кеште оқып тауысуға болады. 

“Осы шығарма желісімен Т.Жүргенов студенті диплом жұмысы ретінде қысқаметражды фильм түсірген. Шығарманы оқып болған соң, осы фильмді көруді ұсынамын”, – дейді Еңлік Сақтан.

Бөлісу: