Ойын-сауық●Әдебиет●Тыйым салынған кітаптар: танымал бестселлерлер тарихы

Тыйым салынған кітаптар: танымал бестселлерлер тарихы

16 қазан 2026
6 мин
Иллюстрация: Tamga Media | ЖИ

Кітапты әлемдік бестселлерге айналдырудың ең сенімді жолы, оның таралуына рұқсат бермеу. Соңғы жүз жылдағы әдебиет тарихында бұл құбылыс талай рет қайталанды. Сот, цензура, тіпті діни пәтуалар да кейде кері әсер береді. Кітап таралуын шектеу, оны одан сайын танымал етеді. Осылайша, ешкімнің көзіне түспеген кітап ел аузындағы шығармаға айналды.


Әдебиет әлеміндегі Стрейзанд әсері


2003 жылы әнші Барбра Стрейзанд Малибудағы үйін суретке түсірген фотографты сотқа берді. Фотограф Калифорния жағалауының шайылуын зерттейтін жоба үшін сурет түсіріп жүргенде, әншінің үйі кадрға кездейсоқ іліккен. Сотқа арыз түскенге дейін сурет небәрі алты рет жүктелген. Соның екеуін әншінің адвокаттары жүктеген.


Ал сот туралы ақпарат БАҚ-та тараған соң, бір айдың ішінде суретті 420 мыңнан астам адам көрген. Сот әншінің талабын қанағаттандырмай, оған фотографтың сот шығындарын өтеуді міндеттеген.


Содан бері ақпаратты жасыруға немесе оған тыйым салуға тырысқан сайын, жұрттың оған қызығушылығы арта түсетін құбылысты «Стрейзанд әсері» деп атайды. Еш әрекет жасалмаса, көпшілік ол ақпаратты байқамай да қалуы мүмкін еді. Әдебиет тарихында мұндай жағдайлар бұл атау пайда болғанға дейін-ақ талай рет кездескен. Егер арнайы шаралар қолданылмаса, бұл ақпарат көпшіліктің назарынан тыс қалар еді. Әдебиет тарихында бұл термин ресми қалыптасқанға дейін де жиі кездескен.


«Леди Чаттерлейдің сүйіктісі»: бір айда екі миллион данасы сатылған кітап


Дэвид Герберт Лоуренс бұл романды 1928 жылы жазған. Алайда жыныстық қатынасты тым ашық суреттегені үшін кітап Ұлыбританияда отыз жылдан астам уақыт бойы толық нұсқада басылмаған. Бұл жағдай 1960 жылы ғана өзгерді. Penguin Books баспасы әдепсіз мазмұндағы басылымдар туралы жаңа заңның қалай жұмыс істейтінін сынап көрмек болып, романды ресми түрде шығаруға шешім қабылдады. Осыдан кейін қоғамда қызу талқыланған сот процесі басталды. Бұл - жаңа заң бойынша әдеби шығармаға қатысты қаралған алғашқы іс еді.


Айыптаушы Мервин Гриффит-Джонс алқабилерге: «Бұл кітапты әйеліңіз немесе үй қызметшіңіз оқығанын қалар ма едіңіз?» - деген сұрақ қойды. Оның осы сөзі адамдарды әлеуметтік жағдайына қарай бөліп қарайтынын аңғартып, залда отырғандардың күлкісін тудырды. Баспаны қорғаушы тарап ондаған сарапшыны, соның ішінде жазушы Ребекка Уэст пен Вулвич епископын шақырды. Ал айыптаушы тарап өз ұстанымын қолдайтын бірде-бір сарапшы таба алмады. Алқабилер небәрі үш сағат кеңесіп, бірауыздан баспаны кінәсіз деп таныды.

Penguin сот шешімі шықпай тұрып-ақ кітаптың 200 мың данасын басып қойған еді. Баспа ақталған күні роман сатылымға шықты. Бір айдың ішінде бүкіл елде екі миллион данасы сатылды.


«Лолита»: тыйым салынғанымен, 50 миллионнан астам данасы сатылған роман


Владимир Набоков «Лолитаны» бірнеше жыл бойы жазған. Бірақ бірқатар ірі баспа қолжазбаны басып шығарудан бас тартқан. Viking Press редакторларының бірі тіпті: «Мұны шығарсақ, бәріміз түрмеге түсеміз», - деген. Ақыры 1955 жылы кітапты Париждегі Olympia Press баспасы шығарды. Алғашқы 5 мың данасы тез сатылғанымен, әдебиет сыншылары оған аса назар аудара қоймады. Алайда жазушы Грэм Грин Sunday Times газетінде роман туралы жақсы пікір жазғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Оған жауап ретінде Sunday Express редакторы Джон Гордон кітапты «нағыз порнография» деп атады. Бірақ бұл сын оқырмандардың қызығушылығын одан сайын арттырды. Кітапқа Францияда, Ұлыбританияда, Канадада, Аргентинада, Жаңа Зеландияда және Оңтүстік Африка Республикасында тыйым салынды.


1958 жылы америкалық Putnam’s Sons баспасы романды жарыққа шығарды. Кітап бірден бестселлерге айналып, үш аптада 100 мыңнан астам данасы сатылды. Содан бері «Лолитаның» жалпы таралымы 50 миллион данадан асты.

«Доктор Живаго»: Мәскеудің ашуына тию үшін ЦРУ басып шығарған роман


Кеңестік баспалар Борис Пастернактың қолжазбасын қабылдамаған. Шығармада дінге көп мән берілуі, революция идеяларына немқұрайды көзқарас және басты кейіпкерлердің зиялы қауым өкілдері болуы советтік баспа үйлеріне ұнамаған. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) басшыларының бірі кітаптың негізгі ойын былай түсіндірген: әр адам өз өмірін сүруге құқылы. Ол билікті қолдаса да, қолдамаса да, құрметке лайық. Ал кеңес билігі мұндай пікірді өз идеологиясына қауіп деп санаған.


1958 жылдың қаңтарында британ барлауынан қолжазбаның фотокөшірмесін алған Орталық романды Гаагада орыс тілінде жасырын басып шығаруды ұйымдастырды. Кітаптың шамамен 9 мың данасы таратылды. Олардың бір бөлігі Брюссельдегі дүниежүзілік көрме мен Венадағы жастар фестивалі арқылы оқырмандарға жетті. Сол жылдың қазанында Пастернак Нобель сыйлығына ие болды. Бірақ кеңес билігі оны сыйлықтан бас тартуға мәжбүрледі. КСРО-да роман тек отыз жылдан кейін ресми түрде жарық көрді. Ол кезде Батыста бұл шығарма классикаға айналып үлгерген еді.

Михаил Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» романы да осындай жолдан өтті. Жиырма жылға жуық уақыт бойы оқырмандар оны өздері көшіріп, бір-біріне жасырын таратып келген. Тек 1966–1967 жылдары роман «Москва» журналында қысқартылған нұсқада жарияланды.


Ал Александр Солженицынның «ГУЛАГ архипелагы» 1973 жылы Батыста жарық көрді. Осы кітап үшін жазушы 1974 жылы КСРО-дан қуылды. Билік жазушыны қудалаған сайын, жұрттың кітапқа қызығушылығы арта түсті. Сөйтіп, шығарма сол ғасырдағы қуғын-сүргін туралы ең көп талқыланған кітаптардың біріне айналды.


«Ібілістің аяттары»: пәтуа да оқырмандарды тоқтата алмады


Салман Рушдидің романы 1988 жылы жарық көрді. Ал 1989 жылы аятолла Хомейни жазушыны өлтіруге шақырған пәтуа шығарды. Пәтуа - исламдағы діни-құқықтық мәселеге қатысты шешім немесе түсіндірме. Осыдан кейін Рушди жылдар бойы күзетпен жүруге мәжбүр болды.


Соған қарамастан, 2022 жылдың тамызында Нью-Йоркте оған шабуыл жасалды. Осы оқиғадан кейін романның сатылымы күрт өсті. Бұған дейін Amazon-да ең көп сатылатын жүз кітаптың қатарына да кірмеген «Ібілістің аяттары» бірден 26-орынға көтерілді. Ал проза мен сатира санаттарында алдыңғы орындарға шықты.


«Хәрри Поттер» мен «Жар жағалаған жалғыз»: тыйым салу саны бойынша «чемпиондар»


Америкалық кітапханалар қауымдастығының мәліметінше, 2000-жылдары «Хәрри Поттерге» басқа кітаптар сериясына қарағанда жиі қарсылық болған. Оны оқуға шектеу қойып, кітапханалардан алып тастауды талап еткен. 1999 жылы-ақ АҚШ-та сиқыршы бала туралы кітап ең көп наразылық білдірілетін кітап атанды. Ал 2001 жылы Нью-Мексикодағы бір шіркеуде Роулингтің кітаптарын жұрт алдында өртеген. Соған қарамастан, «Хәрри Поттер» тарихтағы ең көп сатылған кітаптар сериясына айналды. Оның 600 миллионнан астам данасы сатылды.


Сэлинджердің «Жар жағалаған жалғыз» романы да 1960 жылдан бері АҚШ-та жиі дау тудыратын кітаптар тізімінен түспей келеді. Бұған шығармадағы дөрекі сөздер мен басты кейіпкердің мінез-құлқына қатысты сын себеп болған. Соған қарамастан, кітаптың таралымы 65 миллион данадан асқан.


«Фаренгейт бойынша 451 градус»: автордан жасырын өзгертілген, оқуға арнайы рұқсат қажет болған кітап


Рэй Брэдберидің 1953 жылы шыққан бұл романы болашақтағы қоғам туралы баяндайды. Онда кітаптарға ресми түрде тыйым салынған. Ал өрт сөндірушілер отты өшірудің орнына, табылған кітаптарды өртейді. Бір қызығы, цензураның қаупін суреттеген шығарманың өзі де цензураға ұшыраған.


1967 жылы Ballantine Books баспасы романның мектеп оқушыларына арналған Bal-Hi нұсқасын шығарды. Автордың келісімінсіз мәтіннен «біреудің намысына тиюі мүмкін» деген балағат сөздер мен маскүнем туралы тұсты алып тастаған. Бірнеше жыл бойы кітаптың толық және қысқартылған нұсқалары қатар сатылды. Бірақ 1973 жылы баспа түпнұсқаны шығаруды тоқтатып, тек цензурадан өткен нұсқасын қалдырды.

Бұл өзгерісті алты жыл бойы ешкім байқамаған. Тек 1979 жылы Брэдбери өз кітабын оқып отырып, мәтіннің өзгертілгенін кездейсоқ анықтайды. Жазушы бұған ашық наразылық білдіріп, жағдайды ақылға сыймайтын іс деп атады. Осыдан кейін баспа кешірім сұрап, кітаптың толық нұсқасын қайта шығарды.


Қазір де АҚШ-тың кейбір штаттарында ата-аналар мен мектеп кеңестері оқушылардың бұл кітапты оқуына шектеу қойғысы келеді. Кей жерде кітапты оқу бағдарламасынан алып, орнына басқа шығарма ұсынылған. Техастағы бір мектеп округінде орта буын оқушылары «Фаренгейт бойынша 451 градус» романын және жалпы жасөспірімдерге арналған әдебиетті кітапханадан тек ата-анасының жазбаша рұқсатымен ала алатын ереже енгізілген. Кітапқа тыйым салудың қаупін түсіндіретін шығарманың өзіне де шектеу қойылған. Мәтіні автордан жасырын өзгертілген болса, кей жерлерде оны оқуға ата-ананың рұқсаты қажет. Нағыз ирония дерсің!


«Аз и Я»: саяжай мен «Москвичке» айырбастап оқылған кітап


Қазақстанда да кітап бар. 1975 жылы ақын әрі шығыстанушы ғалым Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабын шығарды. Бұл еңбегінде ол «Игорь жасағы туралы жырды» зерттеп, көшпелі түркі мәдениетінің славян әлеміне ықпалы кеңестік ресми тарихта айтылғаннан әлдеқайда терең болғанын дәлелдеуге тырысты. Ал сол кездегі идеология славян мәдениетін өзгелерден жоғары қойып, өздігінен дамыған деп түсіндірді. Сондықтан мұндай пікірдің өзі билікке қарсы әрекет сияқты қабылданды. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бас идеологі Михаил Суслов кітаптың шығуына үзілді-кесілді қарсы болды.


Бұл іске Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев араласты. Ол Леонид Брежневке тікелей хабарласып, қолжазбаны оқып шығуын сұрады. Брежнев мәтіннен кеңес билігіне қарсы ештеңе таппағанын айтып, кітаптың басып шығарылуына жол ашты. «Аз и Я» 1975 жылдың маусымында жарық көрді. Бірақ көп ұзамай оны сатылымнан да, кітапханалардан да алып тастады. Осыдан кейін кітап жасырын саудада саяжай мен «Москвич» көлігіне айырбасталатындай құнды дүниеге айналды. Кітап тіпті күтпеген жерлерден де табылған. Мысалы, Маңғыстаудағы бір түрмеден оның 300 данасы шыққан. Билік кітапты таратпауға тырысқанымен, жұрт оны іздеп оқып, қызу талқылаған. Осылайша, «Аз и Я» сол кездегі оқырмандары ең көп іздеп, оқыған кітаптардың біріне айналды.

Бірақ тыйым салынған кітаптардың бәрі бірдей танымал бола қойған жоқ. Біз көбіне оқырманға жеткен кітаптарды білеміз, ал жарық көрмей, ұмыт қалған шығармалар  қаншама. Қазақстанда кеңес билігі кітаптарға тыйым салумен шектелмей, олардың авторларын да қудалады. 1937-1938 жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары қазақтың ондаған ақын-жазушысы мен зиялысы атылды. Ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллинге түркі халықтарын біріктіру идеясын және Троцкийдің саяси бағытын қолдады деген айып тағылып, ол 1938 жылдың ақпанында атылды. Жазушы, «Жалбыр» операсы мәтінінің авторы Бейімбет Майлин де сол айда осындай қатаң жазаға ұшырады. Тұтқындалғаннан кейін оның есімін өзі жазған шығарманың авторлары қатарынан да алып тастады.


Екеуі де атылғанына көп жыл өткеннен кейін, тек 1957 жылы ақталды. Кітаптары оқырманға көп жылдан соң қайта жетті. Бірақ авторлар бұл күнді көре алмай, қапыда кетті. Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов та сол кезеңде қатты қысым көрді. Дегенмен олар тағдырдың тәлкегінен аман қалып, шығармашылық жұмысын жалғастырды.


Тыйым салынған нәрсе неге қызықтырады?


1960-1970 жылдары психологтар Джек және Шэрон Брем адамның шектеуге неге қарсы шығатынын түсіндіретін теория ұсынды. Бұл құбылысқа сәйкес, біреу таңдау еркіндігімізді шектесе, оны қайтаруға ұмтыламыз. Кейде сол үшін тыйым салынған нәрсені әдейі іздей бастаймыз.


Психолог Кристофер Фергюсон 12–18 жастағы 282 жасөспірімді зерттеген. Нәтижесінде тыйым салынған кітаптарды оқитындардың үлгерімі жақсарып, заң бұзуға да бейім болмайтыны анықталған. Керісінше, олар қоғамдағы мәселелерге көбірек қызығып, жоғарыдан келетін шешімдерге сын көзбен қарауға ықпал етеді.


2025 жылы АҚШ-тың кейбір штаттарында ресми түрде тыйым салынған кітаптар қайта басылғанда, олардың таралымы орта есеппен 12%-ға көбірек болған. Meta компаниясы бұрынғы қызметкері Сара Уинн-Уильямстың Careless People мемуарының таралуын сот арқылы тоқтатуға тырысқан. Осыдан кейін кітап NYT газетінің бестселлерлер тізімінде бірінші орынға шыққан.

Бөлісу: