МәдениетСалт-дәстүрТілі шықпаған баланы қой ішегімен қылғындыру қаншалық дұрыс?

Тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылғындыру қаншалық дұрыс?

17 мамыр 2026
3 мин
Традиции: насколько правильно обматывать ребенка овечьими кишками, если он не начал говорить?
Фото: Tamga Media / ЖИ

Бала кеш сөйлеп, тілі шықпай жатса, қазақ «ішекпен қылғындыру» ырымын жасаған. Қызығы, бұл ырым халық арасында әлі кездеседі. Бірі оны дұрыс десе, бірі баланың психологиясы мен денсаулығына зиян болуы мүмкін екенін айтады. Толығырақ материалда мамандармен бірге талдаймыз.


Ырым бойынша, нағашысы жаңа сойылған қойдың ішегін баланың мойнына орайды. Қызығы, бұл наным-сенім тосыннан, күтпеген жерден жасалады. Сондықтан балалар шошынып, жылап жатады. Психолог Айгүл Асқарқызының бұл ырымның бала психологиясына зияны бар дейді. Маманның айтуынша, қазір ырымның түпкі мән-мағынасын түсінбей, асыра сілтеп жүргендер көп. 


Айгүл Асқарқызы, психолог:

«Ата-бабамыз баланы шырылдатып, ішекпен тұншықтырмаған. Тек ішекті мойнына үш рет орап, ырымын жасаған. Көшпелі халықтың салт-дәстүрі, сана сезімі төрт түлікпен егіз болған, ал Шопан ата төлі төрт-түліктің басы, береке мен байлықтың көзі, ішегі бауырмалдық негізі саналған. Мұнда “қойдың ішегіндей адамдарға бауырмал, жылы, жақын болсын, тілі жатық болсын” деген ниет жатыр. Ал қазіргідей баланы шошытып қылғындыру, әрине, баланың психологиясына зиян. Бала шок алады. Дене өте сезімтал, бәрін есте сақтайды». 


Маманның айтуынша, әр баланың физиологиялық жетілу ерекшелігі әртүрлі. Сондықтан баланы басқа баламен салыстыру дұрыс емес. Мысалы, генетикасына байланысты кей бала төрт жасына дейін сөйлемейді. 

«Ал психосоматика бойынша, бала тілінің кеш шығу себебі – ата-ананың бір-бірінен рухани алыс болуы. Ерлі-зайыпты сөйлеспесе, ортақ шешім, келісімге келе алмаса, баланың тілі кеш шығады. Өйткені бала – ата-ананың айнасы. Баланың тілі тез, қалыпты шығуы ата-ананың сезімдеріне тікелей байланысты», – дейді Айгүл Асқарқызы. 


Психолог бала тәрбиесіне жатырда жатқан кезінен бастап, бес жасына дейін (бала осы жасқа дейін қалыптасады) ерекше мән беру керек екенін айтады. Осы уақыт аралығында оның танымын дамыту үшін көп әңгімелесу керек, ертегілер, жырлар оқып беру қажет, бір сөзбен айтқанда балаға рухани жақын болу керек екен. Себебі баланы емізіп, күту сияқты физиологиялық жақындық пен рухани жақындықтың арасында үлкен айырмашылық бар көрінеді. 

«Бала бағып жүріп, телефон қарау, баланың қолына телефон беріп қою дұрыс емес. Сөйлеу де үлкен еңбек арқылы келеді. Сөйлеу үшін бала естуі керек, есту үшін ол қарым-қатынаста болуы керек, қарым-қатынаста болу үшін көруі керек. Сол үшін ата-ана баланың бес сезім мүшесін дамытуға мән беруі керек. Мұндайда физиологиялық жақындық аздық етеді, баламен рухани жақын болу керек», – дейді психолог. 


Ал дефектолог-логопед Нұрлықыз Нұрлыбекқызы мұндай ырым маман көмегінің орнын алмастырмауы керек деп есептейді. Оның айтуынша қазіргі логопедия, нейропсихология және медицина тұрғысынан ырымның ғылыми негізі жоқ екені дәлелденген. 


Нұрлықыз Нұрлыбекқызы, дефектолог-логопед:

«Тілдің дамуы ми, есту қабілеті және сөйлеу мүшелерінің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты. Ішекті мойынға орау немесе қылғындыру баланың тілінің шығуына көмектеспейді, керісінше бұл өте қауіпті. Мойында тыныс алу жолдары, лимфа түйіндері мен маңызды тамырлар бар. Оны қатты қысып алса, балаға зиян келуі мүмкін. Тіпті қатты қорыққан бала кейін сөйлеуден қашқақтап, кекештеніп қалуы да ықтимал. Бұл ырым көбіне ата-ананың мазасыздығын басу үшін жасалады. Олар «амалын жасадық» деп тынышталған соң, баламен көбірек сөйлесе бастауы мүмкін. Сонда нәтиже ырымнан емес, дәл осы қарым-қатынастан келеді». 


Маманның айтуынша, баланың кеш сөйлеуіне есту қабілетінің әлсіздігі, телефонды көп көру, баламен аз сөйлесу және кейбір неврологиялық ерекшеліктер әсер етуі мүмкін. Кейде екі тілде өскен балалар да кешірек сөйлей бастайды.

«Бала бір жасында бірнеше қарапайым сөзді, ал  бір жарым жасында он шақты сөзді айтуы керек. Екі жаста екі сөзден сөз тіркесін құрауы керек. Үш жаста қарапайым сөйлемдер құрауға тиіс. Егер екі жаста мүлде сөз айтпаса, сөйлеудің орнына тек айқай не ишара қолданса, атына жауап бермесе, үш жаста бөтен адам түсінбейтіндей сөйлесе, міндетті түрде логопед, сурдолог, невропатолог мамандарға барып, тексерілу қажет», – дейді логопед. 


Нұрлықыз Нұрлыбекқызы балаға «өзі сөйлеп кетеді», «әкесі де кеш сөйлеген», «ырым жасап қойдық» деп салғырт қарауға болмайтынын айтады. Себебі есту қабілеті, сөйлеу моторикасы мен неврологиясы дұрыс болмаса, оны дер кезінде түземесе, уақыт өткен сайын қиындай береді. 


Этнограф Болат Бопайұлы да бұл ырымды бала өміріне өте қауіпті санайды әрі ырымды қолданбаған дұрыс деп есептейді.

Бөлісу: