Қанша жерден сыншыл болсақ та, энергиясы ерекше, киелі орындарға барғанда іштей тілек тілемейтін адам кемде-кем. Қазақстанда мұндай жер өте көп. Бірі ол жаққа табиғат тамашалап, қаланың у-шуынан демалу үшін барса, енді бірі ең асыл арманын айтып, іштей толғану үшін барады. Біз сіздер үшін ең танымал сегіз локацияны іріктеп алдық. Демалысыңызды жоспарлағанда осы жаққа жол тартып қаларсыз.
Үңгіртас тауы
Үңгіртас тауы Алматыдан шамамен 100-120 шақырым жерде, Үңгіртас деген ауылда орналасқан. Мұнда автобус-автобус болып туристер барады. Дегенмен адамдар мұнда әдемі көрініс үшін емес, армандарының орындалуына көмектесетін әлдебір тылсым күштің барына сеніп барады. Үңгіртас – «Жердің кіндігі» және энергиялар тоғысатын нүкте. Эзотериктерге сенсек, Жер ғаламшарының энергиясы күшейетін немесе қиылысатын орындар бар. Үңгіртас– солардың бірі. Дәл осы жерде адам қажет психоэмоциялық күйге еніп, өзінің нағыз шынайы ниеттерін айта алады.
Таудың басында бірнеше негізгі орын бар. «Әйелдер алаңына» қарым-қатынас, отбасы және бала сүю бақытына қатысты сұрақтармен барады. «Ерлер алаңында»– ақша мен дұрыс шешім қабылдау туралы өтініштер жиі айтылады. «Тау жүрегі» – медитация мен тыныштыққа арналған (мұнда адамның көкірек көзі ашылуы мүмкін деген болжам бар). Сондай-ақ, мұнда «қуат тастары» бар. Бұл – адамдар тастың күші мен энергиясына қанығу үшін үстінде отыратын немесе жататын, сөйтіп тілек тілейтін арнайы тас бөліктері.

Тамғалы тас шатқалындағы «Арман ағашы»
Іле өзенінің жағасында жартасына салынған суреттерімен және петроглифтерімен танымал шатқал орналасқан. Бұдан бөлек, ол жерде «Арман ағашы» бар. Оны табу оңай– ағаш толығымен шүберектермен байланған. Адамдар тілек тілеп, ағашты сағат тілімен айналып өтеді де, бұтақтардың біріне лента немесе мата қиығын байлайды. Бұл ағаш ондаған жыл бұрын таңдап алынған және әлі күнге дейін ең асыл армандарды тыңдап келеді. Түркі мәдениетінде қасиетті ағаш ұғымы бар. Ол аспан, жер және жер асты әлемдерін жалғап тұрады деп есептеледі. Сондықтан оны өтініш-тілектерді «жоғарыға» жеткізуші ретінде пайдаланады, бұл дәстүр әлі де жалғасып келе жатыр. Ал шүберектер – ниеттің символы. Оны байлау – өз ниетіңді барлық әлемде бекіту дегенді білдіреді.

Ақмешіт үңгірі
Үңгір Түркістан облысындағы Байылдыр ауылына жақын жерде орналасқан. Бұл – диаметрі 50-60 метр, биіктігі 30 метр болатын табиғаттың алып күмбезі. Төбесінде көкке ашылған терезе сияқты ойық бар. Негізінде, ол төбенің бір бөлігі құлағаннан пайда болған. Үңгір ішінде ағаштар мен шөп өседі, жазда салқын, ал қыста жылы. «Ақмешіт» атауы үңгірдің күмбез тәрізді пішініне, жоғарыдан түсетін жарыққа және жергілікті халықтың оған баяғыдан бері киелі орын ретінде қарағанына байланысты қойылған. Ақмешіт ішінде кез келген ниетті күшейтетін ерекше атмосфера бар деп есептеледі. Көне заманнан бері бұл жер оңашалану мен қуат алу орны болған. Қазір де адамдар мұнда медитация жасап, тыныс алу жаттығуларын орындайды және өз армандарын дауыстап айтады.

Мұзтау (Белуха)
Сібірдің ең биік нүктесі (4506 м) Ресей мен Қазақстан шекарасында орналасқан. Мұзтауды аңызға айналған Шамбала елімен, рухани кемелденген тіршілік иелері мекендейтін жасырын елмен байланыстырады. Шамбаланы табу үшін тар өткелді іздеп табу керек. Бірақ оны тек іштей дайын болғанда және ерекше күйде ғана таба аласыз. Тау ғаламшардың энергия ағындары тоғысатын полюстерінің бірі саналады. Рухани тәжірибемен айналысатындар мұнда өзінің «Жоғарғы Менімен» байланысу үшін, іштей тазару (катарсис) үшін және өмірлік мәнін табу үшін келеді. Мұнда жиі ретриттер ұйымдастырылып, басты киелі орындардың бірі – Ақкем көліне жорықтар жасалады.

Үстірт
Үстірт үстірті Қазақстанның батысында орналасқан және Өзбекстан аумағын да ішінара қамтиды. Бұл – Каспий мен Арал теңіздерінің арасындағы алып шөлді жазық. Ол өзінің «чинк» деп аталатын, ондаған метрге төмен құлайтын және «жердің шеті» деген сезім ұялататын құздарымен танымал. Мұнда шексіз көкжиек, тас, құм және аспан. Үстіртті «нөлге түсу» (обнуления) кеңістігі деп атайды.
Бұл жер шексіз бос және бағыт беретін бағдарлары жоқ болғандықтан, адамның кез келген ішкі күйін күшейтеді, артық ойларды жойып, адамды өзімен-өзі бетпе-бет қалдырады. Көп саяхатшы Үстіртке табан тірегенде әуелі үрейленіп, кейін тыныштық тапқанын айтады. Үстіртке адамдар көбіне іштей тынығып, үнсіз қалу үшін барады. Өйткені мұнда ойды бөлетін, назарыңды аударатын артық ештеңе жоқ. Ескере кететін жайт – бұл аумақ өте алыс және ешқандай инфрақұрылым жоқ: су, байланыс, тіпті көлеңке де таппайсыз. Жазда мұнда аптап ыстық, ал қыста қақаған суық пен жел.

Шерқала тауы
Бір жағынан киіз үйге, екінші жағынан жатқан арыстанға ұқсайтын бұл тау Маңғыстау облысында, Шетпе ауылынан алыс емес жерде орналасқан. Кезінде бұл тау миллиондаған жылдар бойы мүжілген ежелгі үстірттің бір бөлігі болған. Қазір ол жазық далада жалғыз тұр және күштің, тұрақтылық пен тіректің символы. Адамдар бұл тауға ішкі тыныштық, жинақылық пен ішкі қуатты сезіну үшін барады. Сондай-ақ, Шерқала тауының жанында тілек тілеп, өз ниетін білдіреді.

Ұлытау
Бұл жер қазақ даласының жүрегі секілді. Ұлытау Орталық Қазақстанда, Ұлытау облысында орналасқан. Бұл аумақ арқылы ежелгі сауда жолдары өткен, дәл осы жерде адамдар түнеп, лагерь тігіп, маңызды мәселелерді шешкен. Бұл жердің ата-баба рухы қолдайтын, тектің қуатын сезіндіретін мекенге айналуы заңдылық. Сондықтан да мұнда өз тамырын іздеген, жерден қуат алып, тегімен қайта қауышқысы келетіндер ағылып барады.




