Ата-әжелеріміздің үйінде болатын баяғы тікенді кілемше (Кузнецов аппликаторы) есіңізде ме? 1980 жылдары кеңес азаматтары арасында «Кузнецов аппликаторына» деген сұраныс қазіргі Садху тақталарынан (шегеге тұру) бірде-бір кем емес еді. Ол кезде адамдар шегеге табанымен тұрмай, бел ауруын басуға, шаршауды кетіруге, тіпті қан айналымын жақсартуға жүздеген пластмас тікеннің үстіне арқасымен жата кететін.
Осы бір кілемшеге қарап отырып: «Кезінде елдің осындай нәрсеге сенгені таңғалдырады» деп ойлайсың. Бірақ бұл құрылғыны ойлап тапқан адамның өзі қызық қылықтарымен жұртты таңғалдырған. Ал оның өмір жолы кейде драмаға, кейде психологиялық триллерге ұқсайтынын көбі біле бермейді.
Иван Иванович Кузнецов 1926 жылы Челябинск қаласында дүниеге келген. Ол мектепте музыка және ән айту сабағынан мұғалім болды. Ал медициналық білімі болмаса да өзін-өзі емдеумен айналысқан. Бөлмедегі зиянкестерді улаймын деп жүріп, өзі де байқаусызда улы химикатпен демалып, өкпесін күйдіріп алады. Сөйтіп ол ағзасын қалпына келтірудің амалын іздейді. Осылайша ол инемен емдеуге қызығушылық танытып, пенопласт кесіндісі мен қарапайым тігін инелерінен болашақ аппликатордың алғашқы нұсқасын жасап шығарады.

Бір қызығы, автор бұл құрылғыны «аппликатор» емес, «ипликатор» деп атауды талап еткен. Бұл — «Инелі профилактикалық-емдік ипликаторы ағзаны сергітіп, еңбекке қабілеттілікті арттыратын құрал» деген сөздердің қысқартылған түрі еді.
Бұл туынды қаншалықты тосын көрінсе де, ел арасында лезде тарап, үлкен сұранысқа ие болды. 1980 жылы Кузнецов кеңестік авторлық куәлігін алып, арада бірнеше жыл өткенде оның ойлап тапқан құралы кәсіпорындарда жаппай өндіріле бастады. Өнертапқыштың өзі бұл кілемше кез келген дертке дауа екеніне бек сенді. Тіпті ол бұл бұйым арқылы СПИД-ті де жеңуге болады деп жорамалдады.
Сұраныстың шарықтағаны сонша, 1987 жылдың жазында Мәскеудегі «Лужники» спорт тауарлары жәрмеңкесінде Кузнецов зауыттарға 80-нен астам техникалық құжаттама жинағын тапсырды. Нәтижесінде, сауда ұйымдары келесі жылға ипликатордың 11 түрінен 20 миллионнан астам данасына тапсырыс берді.
Бірақ Кузнецов бұнымен тоқтап қалған жоқ. Дүбірлі танымалдылықпен бірге қомақты қаржы да келді, алайда өнертапқыштың мінезі мен тұрмыс-тіршілігі бұрынғыдан өзгере бастады.
Айлап шомылмай, ашыған сүт ішкен
1980 жылдары Дене шынықтыру институтында Кузнецовпен бір кабинетте отырған спорттық массаж жасаушы Роман Кашигин оны «табысты өнертапқышқа емес, көшедегі қайыршыға көбірек ұқсайтын адам» ретінде еске алады. Ол умаждалған үсті-басы кір костюм киіп, протез бен таяққа сүйеніп жүретін. Жарты жылда бір-ақ рет шомылатын болған. Бұнысын «терімдегі пайдалы микроэлементтерді жуып тастағым келмейді» деп түсіндіріпті.

Тамақтануы да ерекше еді. Кузнецов сүт өнімдерін, оның ішінде тек ашып кеткенін ұнататын. Кабинеттегі батареяның үстінде іріп-шіріген айран мен сүт пакеттері тұратын. Оны кейін сарымаймен, қантпен араластырып, үстіне ыстық су құйып іше беретін. Ауруын да дәл осылай емдейтін: марганцовкамен, ашыған сүтпен және өз кілемшесімен.
Байлық пен адам ұрлау
Кузнецовтың қылықтары бизнесіне тосқауыл болмады. Кайта құру жылдары басталғанда Кузнецов кооператив ашып, ипликатор өндірісін жаппай жолға қойды. Ол КСРО-дағы алғашқы миллионер-кооператорлардың біріне айналып, Мәскеуден сәулетті пәтер мен су жаңа автокөлік сатып алды. Қызының естелігіне сүйенсек, әкесі күн сайын үйге ақшаны дорбалап тасыған екен.
Оралдың кедей, көпбалалы отбасынан шыққан қарапайым жан үшін бұл үлкен жетістік еді. Бірақ ол заманда қомақты байлық тыныштық әкелмеді. Туған-туыстарының айтуынша, рекетирлер өнертапқышқа жиі сес көрсетіп, патентті талап еткен. Содан да болса керек, оның пәтер есігі іштен бірнеше құлыппен тас бекітулі тұратын.
Тіпті қарақшылар өнертапқыштың әйелін ұрлап кетіп, төлем ретінде ипликатордың патентын сұрағаны туралы да сұмдық аңыз бар. Кузнецов патентті бермей, келіншегінің көз жұмған жерінен тапқан деседі. Бұл оқиғаны растайтын ресми құжаттар сақталмағанымен, ел аузында жиі айтылады.

Бірақ бұл трагедия да өнертапқышты тоқтата алмады. 1990 жылы ол ипликатордың адам өмірін 100 жасқа дейін ұзартатыны туралы арнайы кітап басып шығарды. Тек кілемшеге қанағаттанбаған Кузнецов енді мүлде басқа, тосын құрылғыларды ойлап табуға кірісті.
Ажал шақырған инелі скафандр
1992 жылы Кузнецов тікендері ішке қарай бағытталған арнайы костюмді патенттеді. Тігін инелері серіппелерге бекітіліп, денеге тигенде қозғалып тұруы тиіс еді. Адам енді жай ғана кілемшеге жатпайды, үстіне мыңдаған инеден тұратын тұтас костюмді киіп алатын болды.
Арада бірнеше жыл өткенде конструкция тіпті күрделене түсті. 1997 жылғы патентте Кузнецов «инелі модульдері мен вакуумдық механизмі бар герметикалық костюмді» сипаттайды. Оның ішіндегі ауаны кәдімгі шаңсорғышпен сорып алу көзделген еді. Құжатта капюшоны бар толық комбинезон нұсқасы да қарастырылған.
Авторының идеясы бойынша, вакуум пайда болғанда инелер денеге жабысып, санаулы секундта бүкіл ағзаға бірден әсер етуі тиіс болатын. Кузнецов қауіпті экспериментті өз денесінде сынаймын деп шешеді.

Міне, дәл осы жерде оқиға сұмдық трагедияға ұласады. Туыстарының айтуынша, Кузнецов осы бұйымды сынақтан өткізу кезінде қаза тапқан. Бұл туралы екі түрлі нұсқа бар. Бірінші нұсқа бойынша, процедура кезінде жүрегі шаншып, қатты ауырсынуды сезсе де, сынақты тоқтатпаған. Нәтижесінде — скафандрдың ішінде тұншығып көз жұмған.
Екінші нұсқа бойынша, жағдайы нашарлаған соң костюмді шешіп тастап, марганец қосылған ашыған сүт ішкен де, ипликаторға жатқан күйінде қайта тұрмаған.
Қалай болғанда да, бұл скафандрдың ресми патенттелгені анық. Бір қызығы, өнертапқышты ажалға айдаған тікенді кілемшелер бүгін де сөрелерде тұр, ал адамдар оның шипалы құдіретіне әлі де сенеді.



