Ойын-сауықСаяхатТиімді саяхаттаймыз: дайын турпакет пен авторлық турдың айырмашылығы

Тиімді саяхаттаймыз: дайын турпакет пен авторлық турдың айырмашылығы

25 ақпан 2026
5 мин
Тиімді саяхаттаймыз: дайын турпакет пен авторлық турдың айырмашылығы
Фото: Unsplash

Қазақстанда саяхатты өмір салтына айналдырған саяхатшылар көбейіп келеді. Бірі дайын тур сатып алып барса, енді бірі авторлық тур гидімен бірге саяхаттайды. Tamga Media қайсы кімге қолайлы екенін білу үшін эксперттермен сөйлесіп көрді.


Дайын турпакет – алғаш рет саяхаттайтындарға, комфортты ұнататындарға тиімді нұсқа


Дайын турпакет – туроператор мен турагенттік арқылы ұйымдастырылатын турлар. Оның ішіне әуе билеті, трансфер, қонақүй, тамақ, медицина сақтандыруы және туркод кіреді. Турагент Дана Русланқызының айтуынша, бұл нұсқа әсіресе алғаш рет шетелге шығатындар, тіл білмейтіндер немесе ата-анасына сыйлық ретінде саяхат жасағысы келетіндерге ыңғайлы. Себебі турагент барлық ресми құжаттарды алдын ала дайындап, реттеп, жоспарлайды. Бұл демалысты қауіпсіз әрі күйзеліске түспей өткізуге мүмкіндік береді.


“Турагент туристтің жасын, қалауын, барған елдің тілін қаншалық біліп-білмейтінін, шетелге қаншалық жиі шығып-шықпағанын – көп факторды ескереді. Әр туристке жеке түсіндіріп, ақпарат беріп, тіпті сапар алдында қандай құжат керек, әуежайда қалай тіркелу керек, сөмкеге не салуға болатынын, қонақүйде, баратын елде қандай маңызды ережелер барын – бәрін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Тур кезінде түсініксіз жағдай болса да, үнемі байланыстамыз. Әр туристің мәселесін жеке қарастырып, демалысының жайлы әрі қауіпсіз өтуіне жауап береміз”, – дейді маман.






Турагенттің сөзінше, туроператорлар мен турагенттіктердің өз жүйесі бар. Олар чартер рейсіне билетті әлдеқайда тиімді бағаға алып, турпакетті де тиімді ұсына алады.


“Біз өзіміз де отбасымызбен саяхаттағанда базадағы әуе билеттері мен қонақүйлерді пайдаланамыз. Себебі туристік компаниялардағы баға көптеген сайт пен сервистегіге қарағанда төмен болады. Бұл – чартер рейстерінің блокпен алынатын орындардың артықшылығы”, – дейді ол.


Туроператорлар мен турагенттіктер сататын дайын турпакеттердің тағы бір артықшылығы – соңғы сәттегі тиімді турлар. Мұндай кезде баға айтарлықтай төмендейді. Бұл – уақыт пен бюджетті ұтымды пайдаланғысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік. Дегенмен мұндай турпакетті алғысы келетіндердің тез шешім қабылдауға, бір күн ішінде ұшып кетуге дайын болуы қажет.


Саяхатқа шыққан адам ауырып қалуы мүмкін. Дайын турпакетте медицина сақтандыруы бар, турист сол арқылы тегін ем ала алады. Ал турист барған елде форс-мажор немесе төтенше жағдай болса, турпакеттегі туркод арқылы елге бірінші болып оралу мүмкіндігі бар. Мұндай мүмкіндік болмаса, компания оны далада қалдырмай, уақытша тұратын орнын, қайтар билет тауып береді.


“Көп адам сақтандыруды артық шығын, бір аптада ешнәрсе бола қоймас деп ойлайды. Бірақ қиын сәтте оның құнын түсінеді”, – дейді Дана.


Дайын турпакеттің де тиімсіз тұстары бар. Әдетте пакетке әуе билеті, трансфер, қонақүй кіреді, бірақ қосымша шығындар туристтің өз қалтасынан шығады. Мұндай турлар икемсіз: бағдарлама алдын ала бекітілген, оны өзгерту қиын. Көп жағдайда туристер тек танымал жерлерді аралайды, жергілікті халықтың күнделікті өмірі мен мәдениетімен танысу мүмкіндігі аз.






Қазіргі нарықта алаяқтар да көбейген. Сондықтан Дана Русланқызы турагент таңдағанда аса сақ болу керегін ескертеді:


“Қазір нарықтағы барлық турагенттің сататын турының бағасы шамамен бірдей. Тым арзан тур көрсеңіз, мұқият тексеріп алғаныңыз жөн”, – дейді ол.


Авторлық тур – жай маршрут немесе бизнес емес, жаңа орта мен инсайт


Әдетте авторлық турды сол елдерге, қалаларға бірнеше рет барып көрген, сол мекенді жақсы білетін саяхатшылар ұйымдастырады. Мысалы, Ақмаусым Жанатқызы күйеуімен бірге Бали, Баку, Өзбекстан, Еуропа елдері мен Түркияның бірнеше қаласына, Қазақстанда Бурабайға авторлық тур ұйымдастырады. Ол авторлық турын эстетикаға толы, есте қалатын әрі қолжетімді сапар етуге тырысады. Өзінің айтуынша, күйеуі екеуі авторлық тур ұйымдастырмай тұрып, алдымен сол елге барып, маршрутты нақты сызып келеді. Кейде кейбір елде біраз уақыт тұрып, жергілікті халықтың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, көзге көрінбейтін қыр-сырын зерттейді. Осы тәжірибенің арқасында Ақмаусым туристерін стандартты туристік нүктелерге емес, елдің шынайы болмысын сезінуге болатын, колориті сақталған орындарға апарады. Оның айтуынша, авторлық турдың басты айырмашылығы осында.






Әр гидтің авторлық туры әртүрлі, бірақ көбінде турдың ішінде ұшақ билеті, жатын орын, тамақ, экскурсия маршруты және гид қызметі бар. Авторлық турда гид туристтердің жанында тәулік бойы жүріп, әр барған жерінде маңызды әрі қызық ақпарат айтып отырады.


“Кейде өзім де жаңа елге тәжірибелі гидпен бірге барып, демалығым келеді. Ешнәрсені ойламайсың, уайымдамайсың, жайлы орын, маршрут бәрі дайын. Ойлашы, жаныңда сол жердің мәдениетін, тілін, әр бұрышын, тіпті қай жердің тағамы дәмді екенін жатқа білетін маман бар. Ал сен жай ғана алаңсыз демаласың”, – дейді Ақмаусым.


Авторлық турда 10-20 турист бірге жүреді. Тур топтық болғандықтан, сапарластармен уақытты тиімді пайдалану, оларды күту қажет. Кейде белгілі бір орынға шектеулі уақыт қойылады, себебі бәріне ортақ және ыңғайлы шешім табу керек. Мұндай саяхат біреуге ұнауы мүмкін, біреуге аздап ыңғайсыз болуы мүмкін.





“Авторлық турда адам тек жаңа елді көріп қоймайды, сол елдің ішкі атмосферасын сезінеді. Турист өзіне бөтен ортада емес, жаңа қауымдастықтың бір бөлігіне айналады. Біздің авторлық турымызда әр турист жаңа ел, мәдениетпен ғана танысып қоймай, жаңа орта табады”, – дейді Ақмаусым.


Қорытындылай келе, кез келген саяхат түрінің өз артықшылығы мен нюанстары бар. Біріне дайын тур ұнауы мүмкін, енді біріне авторлық немесе жеке саяхат қызық болуы мүмкін. Әр адам бюджетін, уақытын, жоспарларын ескере отырып, өзіне ыңғайлы әрі қызық форматты таңдағаны абзал.

Бөлісу: