2025 жылы ТМД елдері арасында Threads әлеуметтік желісін ең көп қолданған — Қазақстан халқы. Елімізде бұл платформаны 1,85 миллион пайдаланады. Мұнда жұрт әзілдесіп, ішкі ренішін, ойын бұқпай, ашық айтады. Threads қазақстандық азаматтар үшін жай ғана әлеуметтік желі емес, құдды үлкен әулеттің ортақ чатына айналған. Ендеше ел тұрғындары неге дәл осы платформада ерекше белсенді? Threads қазақ қоғамына несімен ұнады? Осы сұрақтарға Tamga Media әлеуметтанушы Айман Жүсіповамен бірге жауап іздеп көрді.
Threads әлеуметтік желісінің Қазақстандағы сегменті контентке толы. Қолданушылар жұмыстағы, күнделікті өміріндегі жағдайын, отбасындағы әңгімесін, қарым-қатынаста мазалаған сұрақтарын жазады. Көбіне кеңес сұрамайды, ішіндегісін бөліскісі келеді.
“Мұнда иерархия жоқ, тыныш. Адамдар өзін жақсы қырынан көрсетуге, бір образды ұстанып, бірдеңе дәлелдеуге тырыспайды. Визуалдан, жарыстан, мінсіз өмір мен жарнамадан шаршаған адамдарға бұл формат ұнады”, – дейді әлеуметтанушы.
Threads-та мінсіз видео немесе сапалы сурет салудың қажеті жоқ. Адамдар арнайы контент дайындамай-ақ, өз оқиғасын, көзқарасын жаза береді. Қолданушының парақшасына тіркелген оқырман саны да маңызды емес. Сол себепті бұл желі көпшілікке бейтаныс адамдар жиналған алаңнан гөрі жеке чат сияқты жылы көрінеді.
“Мұнда адамдар өзін қатты сынамайды, мазасызданбайды. Себебі өзгелердің табысы мен мінсіз өмірін күнде көріп отырмайды. Ал мұндай ортада шынайы ойды жазу оңайырақ. Кей жазбалар ұқыпсыз, осал көрінуі мүмкін, бірақ дәл сол жерден шынайы қарым-қатынас сезіледі”, – дейді сарапшы.
Threads-те мәртебе емес, ішкі күйің маңызды
Көптеген әлеуметтік желіде конттенттердің басты тақырыбы – жетістік пен мансап. Ал Threads-те адамның ішкі күйі маңыздырақ. Пайдаланушылар шаршағанын, күмәнін, кішкентай қуанышын мотивацияға айналдырмай, қалай бар – солай жазады. Бұл платформада атақ та, статус та шешуші рөл атқармайды. Танымалсың ба, студентсің бе, ауылда тұрасың ба – маңызды емес. Жазбаң шынайы әрі қызық болса, оны оқиды, талқылайды.
“Threads жеке бренд құрудан, демонстративті табыстан уақытша бас тартатын кеңістікке айналды. Мұнда жай ғана диалог бар. Сонысымен бұл желі халыққа ұнады”, – дейді әлеуметтанушы.
Әзілің жарасса, Threads-те пікіріңді жаз
Қазақстандық Threads-тегі қолданушылардың коммуникациясының басты тілі – әзіл-қалжың. Мұнда пафос пен агрессия аз. Әзіл, мысқыл арқылы тұрмыстағы, жұмыстағы, қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлап жеткізеді. Платформадағы әзіл аралас пікірлерді оқып, қазақстандық жастардың креативін, өмірге көзқарасын, ұстанымын, қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға позициясын анық көруге болады.
“Әзіл мен ирония – күрделі тақырыптарды үстем болмай айтуға мүмкіндік беретін қауіпсіз тіл. Threads-тегілер мысқылмен, қалжыңмен өзіңді сынап, ойыңды ирониямен жеткізеді. Бұл коммуникация формасы қазақтарға майдай жағады”, – дейді сарапшы.
Өз үніңді естіртетін протест алаңы болды
Threads-те адамдар жеке мәселесін де ашық көтереді. Егер қолданушылар оны өзекті деп санаса, пікір жазып, қолдау білдіріп, мәселені журналистер мен жауапты органдардың назарына жеткізуге тырысады. Кей жағдайда аудитория белгілі бір адамның немесе компанияның аморалды әрекетінен соң кәнсіл жасап, жұмысына айтарлықтай ықпал етіп жатады.
Көп адам Threads-ті күніне кем дегенде бір рет бір шолып шығуды әдетке айналдырған. Онда мәтін қысқа, диалог әрі сториттелинг форматында болған соң, оқыған да, жазған да оңай. Дегенмен уақыт өте платформаның қызуы басылуы мүмкін.
"Threads – коммуникация мәдениетіндегі үлкен өзгерістердің белгісі. Бұл желі қазіргі қоғамның сұранысын дәл тауып, соны іске асыра алды”, – дейді әлеуметтанушы.




