ДенсаулықПсихология“Тез жалығып кетемін”: желіде трендке айналған диагноз туралы не білеміз?

“Тез жалығып кетемін”: желіде трендке айналған диагноз туралы не білеміз?

23 қаңтар 2026
5 мин
«Я быстро устаю»: что мы знаем о синдроме дефицита внимания и гиперактивности, который стал трендом в социальных сетях?
Фото: Freepik

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде көп адам “Тез жалығамын”, “Ұзақ әңгімені соңына дейін тыңдай алмаймын”, “Ойым тез бөлініп кетеді” деп айтатын болды. Мұнысын олар “гипербелсенділік және зейін қоя алмау” диагнозымен байланыстырады. Бұл шынымен осы диагноздың белгісі ме, әлде заманауи өмір салтының әсері ме? Психолог Талшын Сағдатқызы жауап берді. 


Бұл синдром “Гипербелсенді болу және зейін қоя алмау” деп аталады. Кейбірі мұны орысша атауымен “СДВГ” деп біледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, синдром әлемдегі балалардың шамамен 5%-ында, ал ересектердің 2,5%-ында кездеседі. Тіпті Джастин Тимберлейк, Джим Керри, Майкл Фелпс, Пэрис Хилтон сияқты танымал адамдар да өзіне осы диагноз қойылғанын ашық айтады.


Гипербелсенді болу және зейін қоя алмау – ми жұмысындағы ерекшеліктерге байланысты пайда болатын жағдай. Синдромның үш түрі бар.


Гипербелсенді болу. Мұндай кезде адам тез алаңдап, бір нәрсеге зейін қоя алмайды. Тынымсыз болады, себептен-себепсіз қозғала береді, бір орында отыра алмайды.  


Зейін қоя алмау. Мұндай кезде адам бір істі бастап, оны соңына дейін аяқтай алмайды, бірдеңені ұйымдастырғанда қиналады, заттарын жиі жоғалтып жүреді, үнемі алаңдап жүреді, ұмытшақ боп келеді. 


Импульсивті болу.  Бұл кезде екі симптом да байқалады. Адам бір орында отыра алмай, тыным таппай кетеді, көп сөйлейді, шыдамсыз. Бір сұраққа ойланбай жауап береді, басқалардың сөзін бөліп жібереді, өз кезегін күте алмайды және тағы басқа. 


Психиатр Талшын Сағдатқызының айтуынша, гипербелсенді болу және зейін қоя алмау синдромы – туа біткен ерекшелік. Дәрігерлер бұл диагнозды көбіне балаларға қояды. Оның алғашқы симптомдары 3 жастап бастап байқалады. 


“Әдетте балалар өте белсенді болса, қазақтар “тентек, бұзық, тынымсыз бала екен” деп жатады. Бірақ мұны тентікпен шатастыруға болмайды. Себебі “гипербелсенді болу және зейін қоя алмау” синдромы – мидың даму ерекшелігіне байланысты пайда болатын синдром”, – дейді маман. 


Психиатрдың айтуынша, бұл синдром адамда жүре пайда болмайды. Дегенмен кейбір адам бала кезінен өзінде бұл ерекшелік бар екенін білмей, тек ересек өмірде жауапкершілік артқан сәтте ғана байқау бастауы мүмкін. 


“Адам өз бойынан осы синдромның белгілерін байқаса, өз бетімен диагноз қоюға асықпауы керек. Себебі кейде адам күйзелгенде, ұйқысы бұзылғанда, көру не есту қабілеті нашарлағанда да синдромдағыдай симптомдар болуы мүмкін. Нақты диагнозды дәрігер кемінде алты ай бойы бақылап тексерген соң ғана қоя алады”, – дейді Талшын Сағдатқызы.


Қоғамның қазіргі өмір салты “Гипербелсенді болу және зейін қоя алмау” синдромын тудыра ала ма?


Қазір өміріміздің көп бөлігін экран алдында өткіземіз. Себебі телефон, компьютер, ноутбук, теледидар – жұмыстың, демалыстың, күнделікті жүріп-тұрудың, қарым-қатынас құрудың басты құралы. Ал ұзақ уақыт гаджетке қараған соң және әлеуметтік желідегі қысқа-қысқа видеоларды көрген соң, “клиптік ойлау” қалыптасты. Мұндай кезде адам ақпаратты тез-тез, үстірт қабылдайды, бір тақырыпқа ұзақ зейін қоя алмай, келесісіне ауысып кетеді. Психиатр Талшын Сағдатқызының сөзінше, “клиптік ойлау” гипербелсенді болу және зейін қоя алмау синдромына себеп бола алмайды. Бірақ оның симптомдарына ұқсайтын белгілерді уақытша тудыруы мүмкін. 


“Бұл синдромы бар адам ұзақтығы 1 минуттан аспайтын қысқа видеоларды көп көрсе, оның бойындағы синдром симптомдары күшейіп, оның миын жалқау етуі мүмкін. Сондықтан зейінді дамытуға, миды жаттықтыруға мән беру керек. Балалар мен жасөспірімдердің миы 25 жасқа дейін дамитындықтан, қысқа видеоларды көп көрмеген абзал”, – дейді маман.

Бөлісу: