ДенсаулықБиохакингТесла, Джобс пен Бетховен неге оғаш тамақтанған?

Тесла, Джобс пен Бетховен неге оғаш тамақтанған?

13 сәуір 2026
5 мин
Диеты гениев: почему Тесла, Джобс и Бетховен странно питались.
Никола Тесла | Фото: Tamga Media / ЖИ

Көптеген данышпанның қандай да бір «құпиясы» бар дегенді жиі естиміз. Мысалы, ерекше режим, оғаш әдеттер немесе сиқырлы диета. Физик Никола Тесла түк ішпей-жемей жүре беретін, Apple негізін қалаған Стив Джобс апталап тек жеміс жейтін, ал ұлы композитор Бетховен кофенің дәнін санап салатын деген әңгімелерді естігенде, адам еріксіз соны қайталағысы келіп кетеді. Бірақ оның қажеті бар ма? Бәлкім, бұл олардың данышпандығына емес, жай ғана өзіне тән оғаштығына байланысты шығар. Соны талдап көрейік.


Ұлы физик Никола Тесла тамақтануға келгенде өте қатаң тәртіп ұстанатын. Мәселен, өмірінің әр кезеңінде ол ет жеуден мүлдем бас тартқан. Бұған қоса өзін тамақтан шектеп, кофе мен алкогольден аулақ жүретін.


Оның ас мәзірі өте қарапайым еді: сүт, нан, көкөніс жейтін, кейде сорпа ішетін. Тесла «аз жеу ойды жинақтауға және жұмысқа қажет дағдыны ұзақ сақтауға көмектеседі» деп сенген. Бірақ бұл бәріне ортақ әдіс емес, тек оның жеке таңдауы мен өмір салты екенін түсінген маңызды.


Ал Стив Джобсқа келсек, мұндағы жағдай әлдеқайда қатаң. Ол өмір бойы диета ұстап, тәжірибе жасаған. Апталап тек алма, сәбіз немесе жеміс шырындарын ішкен кезі болған. Тіпті аш жүруді әдетке айналдырып, «ағзаны тазарту ойлау жүйесіне әсер етеді» деп сенді.


Бұл оның шығыс философиясына және «тазару» идеясына қатты қызыққанынан туған еді. Айтпақшы, мұндай шектен шығудың соңы жақсылыққа апармады. Оған ұйқы безінің қатерлі ісігі (ота жасауға болатын түрі) деген диагноз қойылғанда, ол отаны ұзақ уақыт шегеріп келді. Биографының айтуынша, Джобс кейін бұған қатты өкінген.


«Ол денесін пышақпен тілдіргісі келмейтінін айтатын. Сондықтан тоғыз ай бойы әйелі мен жақындары үгіттегеніне қарамастан операциядан бас тартты. Ол бір нәрсені елемей қойсаң немесе оның болғанын қаламасаң, сиқырлы күштермен оны жоқ қылуға болады деп сенген сияқты. Кейін бұл туралы көп сөйлестік. Ол бұл шешіміне қатты өкінетінін айтты. Операцияны ертерек жасату керек еді деп есептеді», – дейді оның биографы Уолтер Айзексон.


Медицина тұрғысынан қарасақ, Джобстың мұндай шектен шығуы таңданыс емес, сұрақ тудырады. Иә, диета адамға «бәрін бақылап отырмын» деген сезім береді, бірақ сонымен бірге ағзаны әлсіретіп, ішкі жүйені бұзады.


Ал неміс композиторы Людвиг ван Бетховеннің тамаққа көзқарасы сәл байсалды болғанымен, оның да өз ерекшелігі бар еді. Ол кофені өте жақсы көретін және оны ішуді үлкен ритуалға айналдырған. Әр шынаяқ кофе үшін белгілі бір дән санап салатыны туралы атақты әңгіме бар. Оның ас мәзірінде ерекше ештеңе жоқ, бірақ ол үшін тамақ ішуге қатысты қарапайым әдеттер маңызды еді. Мысалы, жұмысқа беріліп кетсе, тамақ ішуді ұмытып кететін немесе үнемі бір түрлі тамақты жей беретін.


Ғылым не дейді?


Ұлы адамдардың хикаяларын жиып қойып, қазіргі зерттеулерге қарасақ, жағдай әлдеқайда қарапайым. Ғалымдар тамақтың миға әсерін зерттей келе, ешқандай «данышпандар диетасы» жоқ деген қорытындыға келді.


Қазіргі уақытта «MIND-диета» деген ұғым бар. Ол Жерорта теңізі тағамдарының элементтерін біріктіреді. Зерттеулер көрсеткендей, осы режимді ұстанатын адамдардың есте сақтау қабілеті, зейіні мен когнитив функциялары жақсарады. Бірақ бұл да бір «ғажайып» емес, жай ғана ағзаға қажет заттарды жүйелі түрде беріп отырғанның нәтижесі.


Тесла мен Джобс сияқты шектен шыққандардың әрекеті ешқандай тұрақты әрі жақсы нәтиже берген емес. Керісінше, қысқа мерзімді ашығу кейбір адамның зейінін нашарлатып жіберетіні анықталған. Қарапайым тілмен айтқанда: ми күйзеліске түскенде емес, оған қажет «отын» жеткілікті болғанда жақсы істейді.


Осының бәрін қорытындыласақ, қызық көрініс пайда болады. Иә, көп данышпанның тамақтануға қатысты оғаш әдеттері болған. Бірақ оларды данышпан қылған диетасы емес. Бұл – жай ғана олардың мінезінің, өмір салтының немесе сенімінің жанама әсері.


Демек, сізді бірден ақылды немесе креатив ететін ешқандай «ақыл диетасы» жоқ. Есесіне, айтуға сәл іш пыстырарлық болса да, нақты жұмыс істейтін формула бар: жүйелі болу және шектен шықпай, дұрыс тамақтану.


Сондықтан Тесла немесе Джобстың жолын қайталағыңыз келсе, диетадан емес, тәртіптен бастағаныңыз жөн.

Бөлісу: