Әлемде●Қаржы●Теңге: ұлттық валютаның тарихы, дизайны және эволюциясы

Теңге: ұлттық валютаның тарихы, дизайны және эволюциясы

13 қараша 2026
6 мин
«Қазақстан өз валютасын қалай жасады?» деректі фильмінен үзінді

Осыдан 33 жыл бұрын теңгенің алғашқы нобайлары қарапайым қағазға қолмен салынып, алғашқы партиясы Лондонда басылып жатқанда, бұл валютаның әлемдік деңгейде үздік атанарын ешкім болжамаған еді. Содан бері төл теңгеміз тарихи тұлғалар бейнеленген классикалық үлгіден бүгінгі заманауи «Сақ стиліне» дейінгі үлкен эволюцияны бастан кешірді. Бүгінде теңгенің дизайны халықаралық сарапшыларды таңғалдырып, әлемдегі ең үздік банкноттардың қатарына кірді. Tamga Media теңгенің құпияға толы тарихын парақтап, оның дизайны неліктен жиі өзгеретінін, коллекциялық монеталардың несімен құнды екенін және цифрлық теңгенің өмірімізге қалай енетінін зерттеп көрді.


Теңге қалай пайда болды және оны кім шығарады?


Қазақстанның Ұлттық банкі елдің валютасын – теңгені 1993 жылғы 15 қарашада айналымға шығарды. Банк ақшаны шығарып қана қоймай, оның қауіпсіздігіне жауап береді әрі айналымын қадағалайды.


Қазақстанда арнайы өндіріс орны болмаған соң, алғашқы банкноттар Ұлыбританиядағы Harsorin & Songs фабрикасында жасалды. Оны елге жеткізу үшін тасымалдаушылар 18 әуе сапарын жасаған. Кейін 1995 жылы Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы ашылып, cол жылдың өзінде 83 миллионнан астам банкнот шығарып үлгерген. 1997 жылдан бастап фабрика төлқұжаттарды, жеке куәліктерді де басып шығара бастады. Қазіргі таңда барлық банкнот пен монета елде жасалады.  

Неге «теңге» деп аталды? 


Ұлттық валюта атауы үшін бірнеше нұсқа ұсынылды: «алтын», «ақша», «танга» (теңге). Тіпті оны «сом» деп те атамақ болған. Бірақ 1993 жылы Қырғызстан сомын енгізген соң, Қазақстан валютасына «теңге» деген атау берді. Бұл атау ортағасырлық түркі күміс монеталарындағы «денге» немесе «танга» сөзінен шыққан. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Ақша бөліктері «тиын» деп аталды.


Теңгенің өз символы – 〒. Бұл белгі «т» дыбысын және «тәңірі» сөзіндегі дыбысты білдіреді. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығын, дамуын және Қазақстан экономикасының өсуін көрсетеді.


Теңгенің алғашқы эскизі қағазға салынды


Алғашқы теңге банкноттары Қазақстанда ұлттық валюта әлі қалыптаспай тұрған кезде жасалды. Сол кезде арнайы тәжірибе немесе технологиялық база болмаған, сондықтан дизайн толық қолмен әзірленді: цифрлық бағдарламалар болмады да, эскиздерді қағазға салды.


Арнайы дизайнерлер де болмаған соң, барлық жұмыс қазақстандық суретшілерге жүктелді. Алғашқы теңгені жасаған авторлар – Тимур Сүлейменов, Мендібай Әлин, Әбілсайын Дүзелханов, Досбол Қасымов және Хайрулла Ғабжалилов. Суретшілер әлемдік валюталарды зерттеді, бірақ дайын үлгіні көшірмей, өзінің ерекше стилін жасауға тырысты. Нәтижесінде алғашқы теңге банкноттарына тарихи тұлғалардың портреттерін, сәулет нышандары және ұлттық ою-өрнектерді салғанды жөн көрді.

Вижуал 1. Суретшілердің фотолары


Банкнот дизайны қалай өзгерді?


1993-2000 жыл аралығы. Алғашқы «Портрет» сериясы


Ең алғаш 1 теңге, 3 теңге, 5 теңге, 10 теңге, 20 теңге, 50 теңге және 100 теңге банкноттары шықты. Оларды бірден көзге түсетін классикалық үлгіде, көлденең етіп жасады. Алдыңғы бетіне халыққа жақсы таныс ұлы тұлғалардың – Абай Құнанбайұлының, Шоқан Уәлихановтың,  әл-Фарабидің, Абылай ханның суреті бейнеленді. Ал артқы бетінде Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш сияқты әдемі табиғат көріністері мен тарихи мешіттер, кесенелердің бейнесі салынды. Осылай, алғашқы теңгелер тек ақша емес, қазақтың тарихы мен мәдениетін танытатын ерекше белгіге айналды.


Вижуал 2. 1993–2000 жылдары айналымда болған теңге суреттері


2006 жыл. «Бәйтерек» сериясы.


Ол кездің банкноттары: 200 теңге, 500 теңге, 1 000 теңге, 2 000 теңге, 5 000 теңге және 10 000 теңге болды. 2006 жылы шыққан «Бәйтерек» сериясы теңгенің жаңа дәуірін бастады. Бұл кезеңде адамдардың портретінен гөрі сәулет ғимараттары, мемлекеттік рәміздер мен табиғат көп бейнеленді. Банкноттардың ортасында елорданың символына айналған Бәйтерек монументі тұрды. Оның жанында елтаңба мен ту, ал фон ретінде мемлекеттік әнұранның ноталары қолданылды. Төменгі бөлігінде ашық алақан бейнесі бейбітшілік пен ашық қоғамды білдірді.


Әр банкнот өз түсімен ерекшеленді: көк, жасыл, сарғыш, күлгін реңдегі купюралардың дизайны заманауи бола түсті.


Артқы бетінде Қазақстан картасы, Астанадағы ірі ғимараттар, ел табиғаты, құстар бейнеленді. Қауіпсіздік белгісі ретінде көп банкнотта қар барысының сутаңбасы қолданылды.

Вижуал 3. 2006 жылдан бастап айналымда болған теңге суреттері


2011 жыл. «Самұрық» сериясы


Бұл кезең теңге тарихында ерекше есте қалды. Банкноттар алғаш рет тік форматта шығып, Қазақстан валютасын халықаралық деңгейде ерекше етті. Көп валюта банкноттарының көлденең, яғни ені ұзын, биіктігі қысқа болады. Ал тік форматтағы банкноттарға суреттерді, элементтерді өзгеше етіп орналастыруға болады. Бұл дизайн қорғаныс элементтерін қолдануға және оны машиналар арқылы өңдеуге ыңғайлы.


Бұл сериядағы банкноттардың алдыңғы бетінде «Қазақ Елі» монументі, көк аспанда қалықтаған көгершіндер, елдің әр өңірінің әдемі табиғаты мен сәулет ғимараттары бейнеленді. «Самұрақ» сериясы бойынша 500 теңге, 1000 теңге, 2000 теңге, 5000 теңге, 10 000 теңге банкноттарының дизайны өзгеріп, алғаш рет 20 000 теңгелік қағаз ақша шықты.


Вижуал 4. 2011 жылдан бастап айналымда болған теңге суреттері


2023-2026 жыл аралығы. «Сақ стилі» сериясы


«Сақ стилі» деп аталатын жаңа банкноттар сериясы айналымға кезең кезеңімен енгізіліп жатыр. Азаматтар соңғы 20 000 теңге номиналы биылдан бастап қолдана алады.


Жаңа банкноттар сериясының дизайны ежелгі көшпелілердің дүниетанымын, олардың табиғат пен жан-жануарлар әлеміне көзқарасын бейнелейді. Дизайнерлер бұл серияны қазақстандық және шетелдік ғалымдармен, археологтармен, этнографтармен және реставраторлармен кеңесе отырып әзірледі. Банкноттарға көне қорғандардан табылған, алғашқы қалпын жақсы сақтаған бірегей жәдігерлер енгізілген. Сериядағы әрбір номинал сақ өнеріндегі белгілі бір аңның бейнесімен таңбаланған. Бұл образдардың тағы бір ерекшелігі, бейнеленген жануарлар бүгінге дейін Қазақстан аумағында мекендейді.

Вижуал 5. 2023 жылдан айналымға енген теңге суреттері


Неге теңгенің дизайны жиі өзгереді?


Теңгенің дизайны жай ғана әдемілік үшін жаңарып отырмаған. Біріншіден, уақыт өте келе, банкноттар тозып, қағазы ескіріп, соның салдарынан қағаз бетіндегі қорғаныс қабаттары бұрынғыдай тиімді болмай қалады. Екінші жағынан, күннен-күнге алаяқтар айла-тәсілін жаңартып, жалған ақша жасап жатыр. Бұл Ұлттық банк те теңгенің дизайнын, қауіпсіздігін жаңартып отыруға тиіс деген сөз. Дизайнер жаңа дизайндағы банкноттарға жаңа әрі қиын сутаңбаларды, құбылмалы бояуларды, микроөрнектерді қолданады.


Оған қоса жаңадан қосылған элементтерді ескі дизайнға бейімдеу мүмкін емес,  өйткені олар банкнотты басып шығару барысында біртұтас процесс ретінде енгізіледі. Сонымен қатар теңгенің әр жаңа сериясында қағаз ақшаның өлшемі ықшамдалады. Бұл ақшаны қолдануды, тасымалдауды жеңілдетіп қана қоймай, оны шығаруға кететін шығынды да едәуір қысқартады.


Мерейтойлық банкноттар


Ұлттық валюта тарихында естелік және мерейтойлық банкноттардың орны бөлек. Мұндай ақша маңызды оқиғаларға, атаулы күндерге немесе танымал тұлғаларға арналып, аз данамен ғана шығарылады.  


Ұлттық банк мерейтойлық банкноттарды жасағанда әдеттегі үлгіден шығып, ерекше дизайн мен жаңа идеяларды қолданады. Сол себепті мұндай банкноттар тек төлем құралы емес, шағын өнер туындысы сияқты көрінеді. Көп жағдайда олар халықаралық байқауларда әдемі безендірілгені және заманауи технологиясы үшін жоғары бағаланып жатады.


Вижуал 6. Әр жылдары шығарылған теңге суреттері

Коллекциялық тиындар


Коллекциялық монеталар күнделікті төлем жасау үшін емес, көбіне елдің тарихы мен мәдениетін көрсету үшін шығарылады. Әдетте мұндай монеталар алтын мен күміс сияқты бағалы металдардан аз мөлшерде жасалады.


30 жыл ішінде Ұлттық банк 30-дан астам серияға кіретін шамамен 600 түрлі монета шығарды. Әр монетаның дизайны мен тақырыбы мұқият қаралады. Себебі әр монета бір рет қана соғылады, кейін дәл сол күйінде қайта шығарылмайды. Сондықтан олардың коллекциялық құндылығы жоғары.


Қазір коллекциялық монеталарды ресми интернет-дүкеннен немесе Kazcoins мобайл қосымшасынан сатып алуға болады. Монетаның бастапқы бағасы оның өндіріс құнына байланысты, ал қайта сатқандағы бағасы коллекционерлер арасындағы сұранысқа қарай өзгереді.


Вижуал 7. Коллекциялық тиындар суреттері


Инвестициялық тиындар


Инвестициялық монеталар – жинақты сақтау және оны арттыру үшін сенімді құрал. Олар көбіне сынамасы 999,9 болатын ең таза алтын мен күмістен жасалады. Басты ерекшелігі – монетаның бағасы металдың нарықтағы бағасына тікелей байланысты.


Қазақстанда инвестициялық монеталар Қазақстанның теңге сарайында шығарылады. Олар айналымдағы ақша мен коллекциялық монеталармен бірге еліміздің ақша жүйесінің маңызды бөлігі болып есептеледі.


Вижуал 7. Инвестицилық тиындар суреттері

Цифрлық теңге


Цифрлық теңге – Ұлттық банк айналымға қосатын төл валютамыздың заманауи түрі. Бұл жаңа ақша емес, тек үйреншікті теңгеміздің қағаз немесе тиын түрінде емес, электрон код түріндегі баламасы.


Көпшілік мұны картадағы ақшамен шатастыруы мүмкін, бірақ айырмашылығы жер мен көктей. Картадағы ақша – бұл сіздің нақты бір банкке сеніп тапсырған қаражатыңыз, сондықтан оның тағдыры сол банктің жағдайына тікелей байланысты. Ал цифрлық теңгенің қауіпсіздігіне, қолдағы қағаз ақша сияқты, мемлекеттің өзі кепіл береді. Мұндай ақша Ұлттық банктің орталық жүйесінде сақталады, сондықтан ешқандай жекеменшік банктің жағдайына тәуелді емес.


Цифрлық теңге төлемдер мен аударымдарды жылдамдатып қана қоймай, қаржының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға да мүмкіндік береді. Бұл ақша айналымының жаңа деңгейге көтеріліп, заман талабына сай өзгергенін көрсетеді.


Әлем мойындаған теңге дизайны


Қазақстанның төл валютасы халықаралық деңгейде бірнеше мәрте ең үздік деп танылды. 2000 жылдардың басынан бері Ұлттық банк пен Қазақстан теңге сарайы әлемдік байқауларда дизайн, соғу сапасы мен технологиялық жаңашылдығы үшін 20-дан астам марапатқа ие болды.

Халықаралық банкноттар қоғамдастығы (IBNS) теңгені бірегейл деп жоғары бағалап, үш жыл қатарынан әлемдегі ең үздік банкнот деп жариялады:

  • 2011 жылы – номиналы 10 000 теңгелік банкнот;

  • 2012 жылы – номиналы 5 000 теңгелік банкнот;

  • 2013 жылы – номиналы 1 000 теңгелік «Күлтегін» банкноты үздік атанды.

Оған қоса 2015 жылы 20 000 теңгелік банкнот аймақтағы ең үздік ақша белгісі ретінде ерекшеленіп, IACA халықаралық сыйлығының финалистер қатарына енді. Бұл жетістіктер отандық валютаның төлем құралы ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейдегі өнер туындысы екенін дәлелдейді.

Бөлісу: