EdTechITТехнология компаниялары бізді қалай алдайды?

Технология компаниялары бізді қалай алдайды?

22 мамыр 2026
8 мин
Как технологические компании нам врут
Фото: Tamga Media / ЖИ

Технология компаниялары ашықтан-ашық өтірік айтпайды. Бірақ олар бір нәрсені іштеріне бүгіп қалады. Есіңізде ме, мектепте оқып жүргенде ата-анаңызға: «Сабағым өте көп, сондықтан әжеме бара алмайтын сияқтымын» деуші едіңіз ғой? Сабағыңыз шынымен де көп болатын, бірақ сіздің оны оқиын деген ойыңыз да болған жоқ. Бұл жерде де дәл сондай жағдай. Компаниялар шындықты айтады, бірақ сіз оны дұрыс түсінбей қалатындай жеткізеді.


Түсінікті болу үшін мынадай мысал келтірейін: «бұрын-соңды болмаған ең жұқа телефон корпусы», «200 мегапиксель болатын камера», «жарығы 3000 нит  болатын экран», «процессор 40% жылдам істейді». Мұның бәрі – Apple мен Samsung сияқты кез келген компанияның жарнамадағы сөздері. Оқып отырсаңыз, мақтауы келіскен керемет бір жаңалық сияқты. Ал іс жүзінде, бұл – маркетинг.


Неге бұған өтірік деп тиісе алмаймыз? Өйткені ашық өтірік айтса – заң жазалайды. Ал «жұлдызшамен» қулық жасаса – заң ештеңе істей алмайды. Бұл жұлдызша – компаниялардың жұртты заңды түрде алдау тәсілі. Олар телефонның күшін өмірде қолдануға келмейтін, өзіне ыңғайлы, ерекше бір жағдайда ғана тексеріп алады да, соны жарнамалайды. Бір қызығы, қазір қораптың сыртындағы жалғыз шындық – телефонның аты мен сол баяғы кішкентай жұлдызша ғана болып қалды.


Ең алғашқы жұқа iPhone


Жақында ғана жаңа iPhone Air телефонын «тарихтағы ең жұқа iPhone» деп жарнамалады. Бұл рас па? Егер сіз бен біз сияқты кәдімгі адам өлшеп көрсе – өтірік. Ал компания сияқты барлық қулықты асырып, өзіне ыңғайлы жерін ғана өлшесе – иә, шындық.


Компания бұл телефонның қалыңдығы небәрі 5,6 миллиметр деп мақтанады. Бірақ бұл – оның ең жұқа шеті ғана. Ал ішіндегі бөлшектері мен камерасы тұрған ортасын өлшесең, қалыңдығы 8,7 миллиметрге жетеді. Егер объективінен өлшесең, тіпті 11 миллиметрден асып кетеді. Сонда күнделікті қолдануға жарамаса, «ең жұқа» деп мақтанудың не мәні бар? Мысалы, 10 жыл бұрын шыққан ескі iPhone 7-нің ең жуан жерінің өзі небәрі 7,1 миллиметр болатын. Сонда «ең жұқа» деген жаңа смартфон баяғы ескі телефоннан да жуан болып шыққаны ма?


Иә, ұстағанда шеттері шынымен жұқа екені білінеді, бірақ одан басқа таңғалатын ештеңе жоқ.


Қалта телефонындағы 200 мегапиксельдің сыры


Қазір тіпті ең арзан телефондардың жарнамасына да «200 мегапиксель» деп жазып қояды. Бұл камераның жақсы түсіретінін білдіре ме? Жоқ. Іс жүзінде ол кәдімгі 12,5 мегапиксельмен ғана суретке түсіреді. Сонда бұл өтірік пе? Жоқ. Бұл – пиксельдерді біріктіру әдісі. Мұндай камераның ішіндегі пиксельдері өте кішкентай болғандықтан, жарықты нашар ұстайды. Сол себепті камера 16 ұсақ пиксельдерді біріктіріп, бір үлкен нүкте жасайды. Енді 200-ді 16-ға бөлсек, сіз күнде түсіріп жүрген баяғы 12,5 мегапиксель шығады.


Әрине, жарнамадағыдай нағыз 200 мегапиксельмен түсіргіңіз келсе, оны телефоннан өзіңіз қоса аласыз. Бірақ мұның еш пайдасы жоқ. Мұндай суреттер телефонда өте көп орын алады. Оның үстіне, әдемі сурет шығу үшін жан-жақтан күннің көзі жақсы түсіп тұруы керек және қимылдамай түсіру қажет. Ең бастысы – суреттің сапасы камераның күшіне емес, телефонның ішіндегі бағдарламаның (жүйенің) оны қалай өңдейтініне байланысты.


Жарығы – 2000 нит дейін…


Экранның жарығы – алдаудың тағы бір жолы. Жарнамадағы 2000, 4000 немесе 6000 нит дегенді көргенде, экран сондай қатты жанады деп ойламаңыз. Компаниялар мұндай жоғары жарықты өлшегенде, оны тек арнайы сапалы видео (HDR) қосқанда, экранның 5%-дан аз кіп-кішкентай бөлігінде және дисплей күйіп кетпеуі үшін бірнеше секундқа ғана жағып тексереді.


Ал өмірде олай емес. OnePlus 12 жарнамасында жарығын 4500 нит десе де, далада күн астында 1600 нит қана, ал Galaxy S24 Ultra жарнамасында 2600 нит десе, үй ішінде жарығы 800-1000 нитке дейін түсіп кетеді.


Ең қызығы, 4000 нит жарығы бар экран 2000 нитпен салыстырғанда екі есе жарық болып көрінбейді, оны тіпті байқамаймыз. Сондықтан жаңа телефон аларда жарнамадағы үлкен сандарға алданбаңыз. Күнделікті өмірдегі кәдімгі жарығына қараңыз. Оны жарнамада айтпайды, бірақ сіз күнде соны пайдаланатыңызды ұмытпаңыз.


40%-ға дейін күштірек


Жарнамадағы «40%-ға дейін күшті» деген тіркестің бүкіл қулығы —осы «дейін»  сөзінде. Біріншіден, мұндай күш жүз жағдайдың біреуінде ғана болады. Екіншіден, компаниялар жаңа телефонды былтырғы үлгісімен емес, осыдан екі-үш жыл бұрынғы ескі үлгімен салыстырады. Одан мықты болатыны онсыз да түсінікті ғой.


Егер телефон жыл сайын шынымен 40% жақсарып отырса, онда бес жылда бес жарым есе, ал 10 жылда 30 есе күшейіп кетуі керек еді. Бірақ телефонның нақты күші жыл сайын тек 4%-15% аралығында өседі. Ал «былтырғыдан 4% жылдам» деп жазса, оны кім сатып алады? Сондықтан пайыздарды есептеудің осындай күрделі амалдарын қолданады.


... теңгеден бастап


Жарнамадағы «бастап» деген сөз – сатып алушыны қызықтырудың амалы. Жады өте аз, сим-картасы да жоқ смартфондар арзан болады. Өмірде ондай телефонды бәрібір ұстамайсыз. Қазір 128 гигабайт деген түк емес, галереядағы суреттер мен Spotify-дың уақытша файлдарынан-ақ толып қалады. Ал жады сәл көбірек телефон таңдасаңыз, бағасы да едәуір қымбаттай түседі. Сөйтіп, соңында жады 1 терабайт, ал бағасы бастапқыдан үш есе қымбат телефонды қалай алғаныңызды байқамай қаласыз.


Айдың суреттері


Телефондағы жақындату (зум) мүмкіндігі туралы бөлек жазуға болады. Оның шын және қолдан жасалған түрлері бар. Жарнамада ешкім сурет сапалы болады деп уәде бермейді, тек 100 есе жақындататынын айтады. Бұл тұрғыда Samsung бәрінен озды. Олар телефонның жақындату күші айдағы шұңқырларды көруге жетеді деп жылдар бойы мақтанды.


2023 жылы Reddit қолданушысы Айдың әдемі суретін алып, оның өлшемін 170х170 деген кіп-кішкентай деңгейге дейін кішірейтеді. Сосын суреттің майда-шүйде бөлшектерін өшіріп, бұлдыратып, жай ғана пішінсіз ақ даққа айналдырады. Осы дақты компьютер экранына шығарып, бөлменің екінші шетінен телефонмен суретке түсіреді. Сонда телефон баяғы бұлдыр дақтың ішінде өмірде болмаған айдың шұңқырларын тауып, анық сурет шығарып береді.


Иә, мұның сыры – нейрожеліде. Ол дөңгелек ақ затты көргенде бірден Айды танып, оның шұңқырларын өз жадынан алып, қолдан салып береді. Сонда бұл өтірік пе? Ай өмірде шынымен солай көрінеді ғой. Ал телефонның оны қалай жасап шыққаны аса маңызды емес.


Телефонға су өтпейтіні рас па? (IP68)


Мына қызықты қараңыз, «су өтпейді» деп жарналамайтын телефондар суға түсіп бұзылса, олардың көбіне кепіл уақыты жүрмейді әрі тегін жөндеп бермейді. Себебі IP68 жазуы зертханадағы тексерістен кейін ғана қойылады. Мысалы, IEC 60529 ережесі бойынша, жаңа телефонды тап-таза, қозғалмай тұрған суға салып қана тексереді. Бұл қасиеті уақыт өте келе шаңнан, тұзды немесе хлорлы судан құриды.


Шындықты ашық жазған Pixel телефонын мысалға алайық. Компания жарнамасында: «Телефонның су өткізбейтін қасиеті бара-бара жоғалады, ал ішіне су кірсе, кепіл уақыты күйіпк кетеді» деп анық көрсеткен. Сондықтан телефон байқаусызда ваннаға түсіп кетсе аман қалар, бірақ телефонды алып, бассейнге секіріп, су астында суретке түсуге болмайды.


Табиғатты ойлап, қуаттағышын алып тастадық


Бұл қулық 2020 жылы басталды. Сол кезде Apple компаниясы iPhone 12-нің қорабына қуаттағыш салмайтынын айтты. Оны «табиғатты қорғаймыз, электрон қоқысты азайтамыз» деп түсіндірді. Қызығы, қуаттағышы жоқ телефон арзандаған жоқ, қайта қымбаттады. iPhone 11 басында 699 доллар тұрса, iPhone 12 бірден 799 доллар болды. Ал қуаттағышын бөлек сата бастады.


Телефон қорабы жұқа болғандықтан, жүк көлігіне бұрынғыдан 70% көп телефон сыйып кетті. Соның арқасында тасымалдау шығыны 40% азайды. Осылай, Apple бірнеше жылда 6 миллиард доллардан астам ақша үнемдеп қалды. Табиғатты ойлау компанияның қалтасына өте тиімді болып шықты. Мұны көріп, басқа брендтер де «экологияны ойлағансып», қуаттағышты қораптан алып тастай бастады.


Телефонды жаңа нұсқаға көшіру?


Apple компаниясының ең үлкен масқарасы 2017 жылдың соңында басталды. Сол кезде смартфонға келетін жаңа жаңартулардың ескі айфондарды әдейі баяулататыны белгілі болды. Негізі Apple мұны жұртқа жаңа телефон сату үшін істемеген. Батареясы тозған ескі айфондар суықта немесе қуаттағышы аз қалғанда өшіп қалмасын деген. Сол үшін смартфонның жылдамдығын қолдан азайтып отырған. Бұл – негізі дұрыс-ақ шешім. Бірақ олар бұл құпияны жұрттан жасырған. Жаңартудың сипаттамасына ешқандай ескерту жазбаған.


Жұрт телефоны қатып, өше берген соң «айфоным ескірді» деп ойлады. Сосын жаңасын сатып алуға жүгірді. Ал шынында, телефонның батареясын ауыстыра салса, бәрі шешілетін еді. Телефонның «ескіргені» жай ғана кодтың бір жолы болып шықты. Бұл қулықтың соңы үлкен сотқа ұласты. Нәтижесінде Apple зардап шеккендерге 500 миллион долларға дейін өтемақы төледі. Оның үстіне, АҚШ-тың отыздан астам штатына тағы 113 миллион доллар айыппұл берді.


«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚОСЫЛҒАН», «ЖИ ФУНКЦИЯЛАРЫ», «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ»


2024-2025 жылдары кез келген затқа «Жасанды интеллект» белгісін жапсыру сәнге айналды. Ол функцияның шыққанына бес жыл болса да, артында ешқандай нейрожелі тұрмаса да, «ЖИ» деп жаза салады. Тіпті, Amazon-дағыдай, бағдарламаның орнында кәдімгі адамдар жұмыс істеп отырса да бәрібір. Бұл қулықтың кең тарағаны соншалық, оған AI washing деген арнайы атау да берілді. Мұндай өтірік көбейіп кеткен соң, 2024 жылғы күзде Американың FTC мекемесі бұған қарсы Operation AI Comply деген арнайы операция бастады.


Бұған бірнеше мысал бар. DoNotPay сервисі өздерін «әлемдегі алғашқы робот-заңгер» деп жарнамалады. Бірақ сотта бұл өнімнің тірі адвокаттың орнын баса алатынын дәлелдей алмады. Ал Workado компаниясы өздерінің ЖИ-мәтін детекторын «98% дәлдікпен тексереді» деп сендірді. Бірақ тексеріс оның нақты дәлдігі 53% екенін көрсетті. Бұл – жай ғана тиын тастап, сәттілікке сенгенмен бірдей.


«Жұлдызшаның» артында не тұр?


Бұл мәтінде ешқандай өтірік жоқ. Жұртты алдау немесе қулық жасау атымен жоқ, мұнда тек кәдімгі «жұлдызша» мен жарнаманың айласы ғана тұр. iPhone Air – шынымен де жұқа телефон. «40%-ға дейін» деген сөз де өтірік емес. 200 мегапиксель – тіпті күшті. Экранның ең жоғарғы жарығы да, су өткізбейтін IP68 стандарты да нақты зертханада расталған. Онда несіне мін тағамыз деп ойлайтын шығарсыз.


Мәселе – олардың айтқан сөзінде емес, сіздің оны қалай түсініп қалғаныңызда. Осы екі ортада үлкен айла жатыр. Заң өтірік айтуға рұқсат бермейді. Бірақ бәрін соңына дейін айтпай, жартылай жасырып қалуға да тыйым салмайды. Сол себепті жарнама жасайтындар өтірік айтпайды, жай ғана шындықты өздеріне тиімді жағынан әдемілеп көрсетеді. Мысалы, телефонның ең жұқа жерін ғана өлшеп мақтайды. Жаңа тауарды ең ескі модельмен салыстырады. Үлкен санның алдына «дейін», ал кішкентай санның алдына «бастап» деген сөзді қоя салады.

Бөлісу: