Ойын-сауықКиноТәуекелге тігілген тағдыр: Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмі жай ғана бизнес-драма емес

Тәуекелге тігілген тағдыр: Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмі жай ғана бизнес-драма емес

11 қыркүйек 2026
3 мин
«Қара алтын» фильмінен үзінді | Фото: instagram @qara.altyn_film

Қазіргі таңда мемлекет есептен шығарған деп таныған қос кен орнын меншіктеп, мұнай кәсібіне келу оңай емес сияқты көрінеді. Ал тоқыраулы 90-шы жылдары бұл аса қиын шаруа болса да, әбден мүмкін еді. Әрине, мұндай іске бақ сынауға бел буғандар ғана бара алатын. Қазақстан тарихындағы осы бір кезең нақты оқиғаға негізделген «Қара алтын» фильміне өзек болды. Tamga Media тілшісі туындының тұсаукесеріне қатысып, өз әсерімен бірінші болып бөлісті.


10 қыркүйекте көрерменге жол тартқан «Қара алтын» фильмін бір қарағанда тәуелсіздік таңындағы мұнай өндірісі мен алғашқы кәсіпкерлердің тартысынан құрылған кезекті драма деуге болады. Фильм мұнай кәсібі туралы, бірақ бұл беткі қабаты ғана. Ал фильмнің мазмұны тоқырау мен белгісіздік жайлаған заманда тәуекелге бел буып, тағдыр сынына қарсы тұрған шынайы тұлға болмысы туралы.

Хаос және ірі бәс


Оқиға 1992 жылы өрбиді. Одақ ыдырап, ел іші терең экономикалық дағдарысқа батқан шақ. Ескі жүйе келмеске кетіп, жаңа тәртіп әлі қалыптаса қоймаған алмағайып кезең. Осындай өліара шақта құрылыс холдингінің директоры Қасым Исағалиев (актер Қуандық Қыстықбаев) геолог серіктесінің ұсынысымен мемлекет есептен шығарып тастаған қос кен орнына лицензия алуға бел буады. 


Бұл істі дөңгелетіп әкету үшін ақша, білікті мамандар мен инвесторлардың қолдауы ауадай қажет. Алайда бәрінен бұрын бақ пен бап шабуы. Өйткені мемлекеттің өзі қол үзген жерден мұнай шығару екіталай еді. Сондықтан фильмде тәуекел тақырыбы алдыңғы қатарға шығады. Бас кейіпкердің «Тәуекелсіз бизнес –  бизнес емес» деген сөзі оның бүкіл болмысын ашып тұр.



Мұнай –  стратегия құралы


Мұнай саласы жай ғана бизнес емес, үлкен стратегия. Себебі кен орнының төңірегінде мемлекет пен шенеуніктердің, бәсекелестер мен шетелдік инвесторлардың сан түрлі мүддесі түйіседі. Оның үстіне, 90-шы жылдары іргесі енді қаланған жас Қазақстанға шетелдік капитал да сақтана қадам басатын. Мұндағы бизнес  әрбір жүрісті алдын ала жіті есептейтін шахмат ойынына ұқсайды.


Қасым – осы бір күрделі ойынның шебер стратегі. Ол өзгелер тайсалған межеден жасқанбай аттап, бойындағы қасиеті мен айналасында болып жатқан дүниелерді дәл таразылай біледі. Бірақ ол тек дәулет қуған қатардағы алыпсатар емес. Кеңестік жүйенің тар шеңберіне сыймаса да, отбасыдан алған тәрбиесі мен ұлттық діліне адал, ар-намысты барша байлықтан жоғары қоятын азамат. Оның: «материалдық шығынның орнын толтыруға болады, ал ар-намыстан айырылудың бағасы мүлдем басқа» деген ұстанымы өз сөзінің айқын дәлелі. 


Қасым ойынды адал жүргізуге тырысады, ал қарсыластары заңға да, арға да бағынбайды. Фильмде бас кейіпкерді мінсіз идеал етіп көрсетпесе де, оның амал-айлаға жүгінетінін, тәуекелге баратынын, күмәнмен күресетінін көруге болады. Фильмнің құндылығы да осы шынайлылықта. Ол қанша жерден тығырыққа тірелсе де, ең бастысы адамгершіліктен аттамайды. 

Құмар, Ұларбек және Шәкәрім


Фильмдегі басты антагонист – Құмар (актер Марат Әміраев), ықпалды, байланысы, тамыр-танысы көп, бірақ ар-ұяттан жұрдай, зұлым кейіпкер. 90-шы жылдардағы жемқорлық пен криминалдың, біреудің табысын көре алмайтын солақай ортаның жиынтық бейнесі. 


Қытайдан оралған маляр Ұларбектің де бейнесін айналып өтуге болмайды. Ол бірнеше тілді білсе де, орысша білмейді. Сол кездегі қоғамда бұл оның басты кедергісіне айналады. Режиссер Ұларбек арқылы ана тілі, ұлттық болмыс пен тұрақсыз замандағы адамның орны туралы салмақты ой түйеді.


Ал фильмдегі ең күтпеген кейіпкер – Шәкәрім Құдайбердіұлы, дәлірек айтқанда, оның рухани мұрасы. Бас кейіпкер жаңа нарықтың көзін ашып жатқан шақта, онымен қатар халқымыздың тарихи-мәдени жады да қайта жаңғырады. 

Премьераға шақыру 


«Қара алтын» жай ғана 90-шы жылдардағы «жабайы капитализм» дәуірін бейнелейтін драма емес. Картинаның түпкі түйіні: нағыз капитал баррельмен өлшенетін қара май емес, байлықтың сынағынан аман өтіп, адамгершілікті, ана тіліне деген сүйіспеншілік пен бабалар аманатына адалдықты сақтап қалу екенін меңзейтін салмақты туынды. Осы филмді міндетті түрде көруге кеңес береміз. Тіпті отбасыңызбен барып тамашалауға тұрарлық дүние. 

Бөлісу: