Тау – қаншалық сұлу әрі тыныш көрінгенімен, соншалық қауіпті мекен. Мәселен, кейінгі бес жылда Алматы тауларында 20-ға жуық адам көз жұмған. Ал құтқарушылардың айтуынша, былтырдың өзінде олар тауда қалып қойған немесе жарақат алған 600-ге жуық адамның өмірін сақтап қалған. Оның 88-і – кәмелетке толмағандар. Биыл жыл басынан бері тағы 65 адам құтқарылған.
Мұның бәрі тауға дайындықсыз шығудың қаншалық қауіпті екенін көрсетеді. Тауға барғанда нені ескеру керек? Қандай қате адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін? Tamga Media осы сұрақтарды кәсіби альпинист Ершат Аязбаевқа қойды.

Таудағы шыңдар туристік және альпинистік болып бөлінеді. Альпинистік бағыттардың қиындығы әртүрлі болады: 1Б, 2А, 2Б, 3А, 3Б, 4А, 4Б, 5А, 5Б, 6А және 6Б. Мұндай шыңдарға арнайы дайындықсыз және құрал-жабдықсыз шығу өте қауіпті.
Ал туристік бағыттарға көбіне 1А санатындағы жеңіл тау бөктері жатады. Бұл жерлерге адамдар жиі серуендеуге барады.
Кәсіби альпинист Ершат Аязбаевтың айтуынша, қазір жастар арасында жеңіл хайкинг танымал. Яғни адамдар арнайы дайындықсыз-ақ қысқа тау серуеніне жиі шыға бастаған. Бірақ маман тауды жай серуендейтін орын деп қабылдамау керек дейді.
Ершат Аязбаев, 9 жылдық тәжірибесі бар кәсіби альпинист:
«Көп адам әдемі көрініс пен романтиканы ғана көреді, бірақ тауда ауа райы минут ішінде өзгеруі мүмкін. Адам тез шаршап қалады. Сондықтан өз физикалық жағдайын дұрыс бағалау керек. Қарапайым қате үлкен қиындыққа әкелуі мүмкін. Тауда эго емес, тәртіп аман алып қалады».
Маман тауға шығатын адамдардың көбін қауіп-қатер жағы емес, әлеуметтік желідегі әдемі кадр ғана қызықтыратынын айтты.
«Кейбіреулер жеңіл аяқ киіммен, су алмай, маршрутты зерттемей шығып кетеді. Негізі “жеңіл хайкинг” деген шартты ұғым ғана. Тіпті оңай деген шыңның өзі жаңбырда, тұманда немесе қараңғыда тым қауіпті болып кетеді. Сондықтан жеңіл хайкингтің өзіне де жауапкершілікпен қарау керек».

Ершат Аязбаев тауда жүріп қауіпті жағдайларды өзі де бастан өткергенін айтады. Оның сөзінше, «тау қатені кешірмейді» дегенді тауға шыққан адам ғана шын түсінеді. Себебі кейде қауіп үлкен апаттан емес, көзге елеусіз көрінетін қарапайым нәрселерден басталады.
Маманның айтуынша, тауда адамдар жиі мән бермейтін бірнеше қауіп бар: ауа райының аяқ астынан өзгеруі, сусыз қалу, энергияның таусылуы, биікке ағзаның бейімделмеуі, күн өтуі, қатты тоңу, маршрутты дұрыс білмеу және психология тұрғысынан шаршау.
«Көп адам қауіп десе, бірден тас құлағанын не қар көшкінін ойлайды. Бірақ шын мәнінде, адам көбіне кішкентай қателерді елемегеннен қиналады. Мысалы, уақытты дұрыс жоспарламау, кеш шығу, байланыстың болмауы немесе шаршағанын жасыру. Тауда ұсақ нәрсе болмайды. Кейде бір қолғап немесе бір бөтелке су адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін».
Тау ауруы деген не?
Тауда жиі кездесетін қауіптің бірі – тау ауруы. Көп адам оның белгілерін жай шаршаумен шатастырып жатады. Алайда тауда биіктеген сайын ауа сиреп, ағзаға жететін оттегі азаяды. Соның салдарынан адам денесі әдеттегіден әлдеқайда көп энергия жұмсайды. Бұл – ағзаның жаңа жағдайға бейімделуі, яғни акклиматизация.
Мамандардың айтуынша, осы кезде адамда бас ауруы, жүрек айну, бас айналу, ентігу мен әлсіздік пайда болуы мүмкін. Мұндай белгілер байқалса, бірден демалып, су ішіп, қажет болса төмен түскен дұрыс. Өйткені ауыр жағдайда тау ауруы өкпенің немесе мидың ісінуіне дейін әкелуі мүмкін. Сондықтан тауда өз жағдайыңды бақылап, ағзаның белгісіне дер кезінде мән берген өте маңызды.

Шетелдегі тау туризмі: өлім-жітім статистикасы
Ұлттық парк қызметтері, ДДСҰ есептері және әлемдегі тау құтқару ұйымдарының базалары негізінде жинақталған статистика бойынша, тауға шығатын қарапайым адамдар арасындағы қайғылы жағдайлар әр елде әртүрлі деңгейде тіркеледі. Бұған соқпақ жолдардың жағдайы, құтқару қызметінің жылдамдығы, биіктік ерекшелігі және статистиканы есептеу тәсілі әсер етеді.
2025 жылғы мәлімет бойынша, Непалда бір жыл ішінде 300-ден астам адам тауда қаза тапқан. Индияда – 187 адам, ал Жапонияда 200-ден аса адамның өлімі тіркелген.
Сонымен қатар, 60 жастан асқан адамдар 20-39 жастағыларға қарағанда тауда төрт есе көбірек қауіпке ұшырауы мүмкін екен. Мұның негізгі себептері – жүрек-қан тамыр аурулары, құлап қалуы және шұғыл көмектің кеш жетуі.

Тауға шықпай тұрып нені ескеру керек?
Ауа райы. Тауда ауа райы әп-сәтте өзгеруі мүмкін. Таңертең ашық болған күн, түске қарай жауынға айналуы ықтимал. Сондықтан сапар алдында ауа райы болжамын тексеріп алу міндетті.
Дұрыс жабдық. Тауға шығатын адамда ыңғайлы, таймайтын аяқкиім, жеткілікті су мен тағам, алғашқы көмек қобдишасы, қолшам, телефон болуы керек.
Жалғыз шықпау. Тауға жалғыз шығу – үлкен тәуекел. Тіпті тәжірибелі альпинистердің өзі топпен жүргенді жөн көреді. Біреу жарақат алса немесе адасса, жанындағы адамдар көмек қолын созады. Сонымен қатар, жақындарыңызға қай бағытта кетіп бара жатқаныңызды айтып кеткен дұрыс.
Тау – сұлулық пен қауіптің тоғысқан жері. Сондықтан әрбір қадамды ойланып басып, сақтықты бірінші орынға қою керек.




