МедиаҚоғамТау басында түнеп, Алматыны селден қорғайтындар кімдер?

Тау басында түнеп, Алматыны селден қорғайтындар кімдер?

16 наурыз 2026
9 мин
Кто ночует на вершине горы, защищая Алматы от селей?

Алматы ұйықтап жатқанда, қаладан 3600-3700 метр биікте орналасқан кішкентай үйшікте екі адам радиостанцияға құлақ түріп отырады. Олар – таудағы мұздықтан шыққан көлдердің жанында апталап, кейде айлап түнейтін маусымдық бақылаушылар. Егер сол көлдердің бірі су арнасынан асып кетсе, төмендегі екі миллионнан аса халқы бар Алматыны сел басуы мүмкін. Tamga Media осындай жауапты әрі ерекше маман иелерімен тілдесіп, олардың жұмысы туралы әңгімелесті. 


Алматының тауында 51 мұздықтан пайда болған таулы көл бар. Бұл көлдер Ақсай, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің алаптарында орналасқан. Соның жеті-сегізі қауіпті саналады. Сондықтан мамандар бұл көлдерді үнемі бақылап отырады. Алайда қауіп жыл бойы бірдей болмайды. Сел мен қар көшкіні сияқты табиғи апаттардың қаупі белгілі бір маусымдарда күшейеді. Мәселен, қараша мен сәуір аралығында қар көшкіні болуы мүмкін, ал мамырдан бастап қыркүйекке дейін сел қаупі артады. Сол себепті дәл осы кезеңдерде бақылау күшейтіп, көлдердің үстінен тікұшақпен тексереді. Қауіпті деп танылған көлдерге инженерлер мен гидрологтар барады.


Ең ерекше әрі қауіптісі – маусымдық бақылаушылардың жұмысы. Олар қар көшкіні мен сел қаупін бақылау үшін таудағы арнайы бекеттерде апталап немесе айлап тұрады. Бұл бекеттер – екі-үш адамға арналған шағын ғана үйлер.


Әлішер Тоқтасын, қазір «Қазселденқорғау» мекемесінде басшының орынбасары:


«Мұндай үйлер орта және биік таулы аймақтарда орналасқан. Мысалы, қар көшкінін 2000 метр биіктегі орта таулы аймақтардан, сел қаупін 3600-3700 метр биіктегі биік таулы аймақтардан бақылайды». 


Әлішер бұрын өзі де маусымдық бақылаушы болған. Оның айтуынша, маусымдық бақылаушы болу үшін арнайы диплом қажет емес. Кез келген адам бұл қызметке орналаса алады. Дегенмен маусымдық бақылаушының жұмысы оңай емес, себебі таудың климаты қатал. Жазда да қар, бұршақ жауып тұрады. Ауа қысымы жоғары, оттегі аз болған соң, қозғалудың өзі қиынға соғады. Сонымен қатар «тау ауруы» деген де бар. Бақылаушының ағзасы ол жақтың климатына үйренгенше бес күн, тіпті бір апта қажет болуы мүмкін. Ұйқысы да бұзылады. Қысқасы, маусымдық бақылаушы физикалық әрі психологиялық тұрғыда өте төзімді болуы қажет. Сондықтан оларды тауға жібермей тұрып, денсаулығын толық тексереді.


Сонда бір ай бойы не істейді деп ойлайтын шығарсыз. Маусымдық бақылаушылар тау басында отырып, көлдің көлемін, деңгейін, оған қандай мұздық қосылып жатқанын және одан су деңгейі қаншалық көтеріліп-түсіп жатқанын қадағалайды. Тіпті көл суының қаншалық мөлдір екеніне дейін есептейді. Себебі су лайланып кетсе, мұздық тез ериді деген сөз. Бақылаушы осының бәрін көзбен бақылап, су деңгейін арнайы сызғышпен өлшеп отырады да, ақпаратты күніне үш рет тиісті орынға хабарлайды. 


«Тауда интернет жоқ. Бірақ рация, спутниктік телефон сияқты байланыс құралдары бақылаушының қолында міндетті түрде болады. Иә, интернеттің жоқтығынан уақыт өтпеуі мүмкін. Бірақ тау – таза ауа мен тыныштықтан ләззат алуға болатын таптырмас орын», – дейді Әлішер.


Бақылаушы көлді айналып, жағдайды тексереді. Жанында тек тас пен мұз бар, шөп өсімдік жоқ. Кейде көлде байқамай қалатын сынықтар болуы мүмкін, оған түсіп кетсең, шығу қиын – бұл өте үлкен тәуекел. Тіпті қар барысын кездестіріп қалуы да ғажап емес екен. 


«Бақылаушылардың қолына мылтық берілмейді. Бірақ қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр. Дегенмен биік таулы аймақта қар барысынан басқа жануар жүрмейді. Оның өзі адамды алыстан сезіп, қашады», – дейді маман. 


Ал кейде тау басында жалғыз қалуға мәжбүр болады. Ойлаңызшы, тау шыңында сіз және сізді алыстан бақылап тұрған қар барысы ғана қалды… 


«Жанымдағы адам ауырып, ауысымға кетті. Ауа райы қолайсыздығынан тікұшақ ұша алмай, орнына басқа адам бесінші күні бір-ақ келді. Ол кезде күндіз мүлдем ұйықтамауға тырыстым. Себебі айдалада жалғыз өзің болып, түн ішінде оянып кеткен өте қорқынышты. Басқа уақыттарда кітап оқыдым, сурет салдым. Дегенмен айдаладағы жалғыздық – ол еш нәрсемен тең келмейтін қиындықтың бірі. Сол үшін қазір бақылаушылардың жалғыз қалмауын үнемі қадағалаймыз», – дейді Әлішер.  


Технология дамыған заманда неге сонша қауіпті жұмысқа адамдарды жібереді деп ойлап отырған шығарсыз. Әлішердің айтуынша, сел қауіпін болжау қиын. Ал күнде тікұшақпен ұшып тексеру, қаржы жағынан тиімсіз. Тікұшақтың бір сағат ұшуына екі миллион теңге кетеді. Сол себепті бұл жұмысты бақылаушылар атқаратын көрінеді. 


Әлішер Тоқтасын:


«Сел көбіне таңға жуық жүреді. Өйткені түнде жылу алмасады. Күні бойы су қызып, беткі қабаты жылып, ериді. Түнге қарай жылу төменге қарай барады. Осы кезде су деңгейі көтеріліп, су арнасынан асып түсуі мүмкін. Сол себепті көл маңында бақылаушы тәулік бойы кезекшілік етуі керек. Көлді бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайды». 


Бұл жұмысқа төленетін еңбекақы да соған сай. Себебі аз жалақыға таудың басына баруға кез келген адам келісе бермейді. Оған қоса оларға құнарлы тамақты алын ала есептеп, тікұшақпен апарып отырады. Олардың рационында нан, ет, балық, шұжық, консервіленген өнімдер, жеміс-жидектер бар.


Сел қаупі байқалса, бақылаушылар радиобайланыс арқылы Орталық диспетчерлік пунктке хабар береді. Содан соң ақпарат қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне жетіп, дабыл жүйесі іске қосылады. Қауіпті аймақтағы тұрғындар ескертіліп, қажет болса эвакуацияланады.


Әлішердің айтуынша, оның тәжірибесінде жойқын сел әлі болмаған. Дегенмен ол адамдарға сел, қар көшкіні жөнінде ескерту келсе, елеусіз қалдырмауға кеңес береді. Себебі табиғат қателікті кешірмейді. 

Бөлісу: