Қант – интернеттегі жарнама сияқты: арнайы іздемесеңіз де, алдыңыздан шыға береді. Ол тек тәтті сусын мен шоколадта емес, нанға, соустарға, йогуртқа, дайын тамақтарға, тіпті «пайдалы» деп сатылатын фитнес өнімдерге де қосылған. Сондықтан жұрт «бізді қантқа әдейі тәуелді етті» деп күмәнданады. Әуелі жарнама арқылы қызықтырып, кейін тамақтың бәріне қантты аямай қосқан-мыс. Шынымен «қант мафиясы» бар ма? Адамдар неге тәттіден бас тартуға қиналады? Tamga Media зерттеп көрді.
«Қант мафиясы» туралы әңгіме қайдан шықты?
Тамақ өнеркәсібі ондаған жылдар бойы адамдарды қантқа әдейі үйретті деген сөз бекер емес. 2010 жылдары зерттеушілер ескі құжаттарды қопарып, қызық дерек тапты. Сөйтсе, 60 жылдардың өзінде-ақ қант өндіретіндер ғалымдарға арнайы ақша төлеп, мақалалар жаздырған екен. Ол мақалаларда қанттың зиянын барынша жасырып, жүрек ауруларына қант емес, май кінәлі деп көрсеткен екен.
Әңгіме 1967 жылы New England Journal of Medicine журналында шыққан мақала туралы болып отыр. Содан кейін үлкен қулық әшкереленді: ғалымдар қанттың зиянын тексеру үшін тек қант өндіретіндердің өздері іріктеп берген «ыңғайлы» зерттеулерді пайдаланған екен. Қазір мұндай жағдай болса, ғылым әлемінде үлкен жанжал туар еді.
Бірақ бұл жерде «әлемді құпия қант үкіметі басқарып отыр» деп асыра сілтеудің қажеті жоқ. Тарихшылардың айтуынша, 60 жылдары ғалымдар жүрекке май зиян екеніне шынымен сенген. Ал қант компаниялары тек өзіне тиімді осы сөзді іліп әкетіп, барынша таратқан.

Бірақ бір нәрсе анық: компаниялар ондаған жылдар бойы жарнамаға ақшаны аямады. Жұртқа қантты «энергияны арттырады» деп таныстырды. Тіпті тәтті сулар мен тамақтарды зиян емес деп ақтайтын зерттеулерге де өздері ақша төлеп отырды.
Неге қазір барлық тағамның құрамында қант бар?
Мәселе мынада: қант біз күнде жейтін тамақтың бәрінде дерлік бар. Оны нанға, кетчуп пен соустарға, «пайдалы» йогурттарға, үлпектер (хлопья) мен гранолаға қосады. Тіпті жартылай дайын өнімдерде, батондарда, шұжықтар мен консервілерде де қант бар.
CDC дерегі бойынша, супермаркеттегі тамақтардың 74%-ға жуығында қант бар.
Мысалы, бір ғана жеміс йогуртында 30 граммға дейін қант болуы мүмкін. Бұл кәдімгі тәтті десертпен бірдей. Ал «фитнес» үлпектері немесе мюслидің бір порциясынан-ақ ағзаңызға тағы 10-20 грамм қант оңай қосылып кетеді.
Өйткені қант – тамақты дәмді етудің ең арзан жолы. Ол тамақтың дәмін кіргізеді, кейді өнімнің нашар екенін білдірмей жібереді және адам қантқа тәуелді болып қалады. Бір компания тамақты тәтті етіп, жақсы ақша тапса, басқалары да содан қалғысы келмейді. Осылай, өнімдер жылдан-жылға тәттілене береді де, біздің ағзамыз да соған біртіндеп үйреніп кетеді.

Неге тәтті жегеннен кейін қайтадан қарнымыз ашады?
Өйткені қант ағзаға тез арада көп энергия береді. Қандағы глюкоза мөлшері бірден көтеріледі де, ұйқы безі инсулин бөліп шығарады. Денедегі жасушалар осы қуатты қабылдаған кезде адам бойына күш біткенін сезеді.
Бірақ бұдан ештеңе ұтпайсыз. Көп ұзамай қандағы қант бірден төмен түсіп кетеді. Содан адамның ұйқысы келіп, шаршайды, артынша қарны қайтадан аша бастайды. Тәтті жеп алған соң, бір-екі сағаттан кейін-ақ қайтадан тамақ іздейтініміз де сол.
Уақыт өте келе ағзаның инсулинді қабылдауы нашарлайды. Оның соңы денсаулыққа зиянын тигізіп, артық салмақ жинауға және қант диабетіне шалдығуға әкеп соғуы мүмкін.
Қант артық салмақтан да басқа да проблемаға әкеледі:
Теріңіз бұзылады (безеу, бөртпе шығады);
Тез қартаясыз;
Тісіңіз құртылады;
Тойғаныңызды сезбей қаласыз;
Үнемі бір нәрсе жегіңіз келіп тұрады.
Қантты көп жесеңіз, денеде AGEs деген зиян заттар пайда болады. Олар теріні тығыз әрі жас етіп ұстап тұратын маңызды талшықтарды құртады. Соның кесірінен тері тез босап, әжім түседі және бетке безеу көп шығады.

Тәтті жемеу неге соншалық қиын?
Шынымен де, тәттіден бас тарту оңай емес. Адамның мазасы қашып, ашуланып, тез шаршайды әрі үнемі көз алдына тәтті нәрселер елестеп, бірдеңе жетпей тұрғанын сезеді. Мұның басты себебі – қанттың біздің миымызды «алдап», өзіне үйретіп алуында.
Адам тәтті жегенде, ми мұны рақат деп қабылдайды да, бірден қуаныш гормоны, яғни дофаминді бөліп шығарады. Уақыт өте келе, ми бұл жүйені жаттап алады: мазаң қашты ма – тәтті же, сонда бірден жеңілдеп қаласың деген дайын сызба пайда болады.
Міне, содан кейін тәтті жеу көңіл-күйді көтерудің жалғыз жолы сияқты болып қалады. Әсіресе, кешке қарай, адам шаршағанда өзін тыя алмай, бірден тәтті жегісі келіп тұрады. Ал күні бойы дұрыс тамақ ішпей, құрғақтай тіскебасармен жүрсеңіз, кешке тәттіні тіпті есіңіз кетіп іздейсіз.
Өзіңізді қинамай-ақ, қантты қалай азайтуға болады?
Тәтті атаулыға мүлдем тыйым салу тиімсіз. Себебі тәттіден бірден бас тартқан соң, шыдамай, еселеп жеп қоясыз. Содан кейін жүйкеңіз тозып, өзіңізді іштей кінәлап ренжитін боласыз. Одан да тәттіні күнделікті мәзірден біртіндеп, азайтқан әлдеқайда жақсы нәтиже береді.

Мысалы, шай мен кофеге салатын қантты ақырындап азайтуға болады. Дүкеннен зат алғанда қантсыз немесе тәтті емес түрлерін қараңыз, ал тәтті йогуртқа табиғи йогуртты араластырып ішіңіз. Үйдегі тәттілердің орнын ақырындап жеміс-жидек, жаңғақ немесе ащы шоколадқа ауыстырыңыз.
Құнарлы тамақ ішссеңіз де, жақсы көмектеседі. Құрамында ақуыз бен жасұнығы (клетчаткасы) бар ас ішсеңіз, біраз уақытқа дейін тоқ жүресіз әрі тәттіні де іздемейсіз. Сондықтан таңертең тәтті кофе мен тоқаш жеп алсаңыз, қарныңыз тез ашады. Одан да жұмыртқа, сүзбе немесе жаңғақ қосылған ботқа жеген әлдеқайда дұрыс.
Тағы бір пайдалы әдет – өнім құрамын оқу. Қант көбіне «қант» деп тура жазылмайды. Ол сироп, декстроза, мальтоза, фруктоза, шырын концентраты немесе патока деген атаулармен тұруы мүмкін. Осы айтылғандардың бірнешеуі құрамның ең басында тұрса, демек бұл өнімде қант өте көп.
Тағы бір маңызды нәрсе – ұйқы мен күйзеліс. Ұйқы қанбағанда адамның бірден тәтті жегісі келіп тұрады, өйткені ми шаршағаннан ең оңай жол арқылы қуат алғысы келеді. Сондықтан кейде ерік-жігерді қинағаннан гөрі жақсылап ұйықтап тұру тәттіні азайтуға әлдеқайда жақсы көмектеседі.
Өкінішке қарай, қант өмірімізден мүлдем жоғалып кетпейді, мұны мойындау керек. Өйткені тамақты тәтті, арзан әрі миға «жағымды» етіп жасау өндірушілер үшін өте ыңғайлы әрі тиімді. Тарих пен зерттеулер де мұны дәлелдеп отыр: біздің тамақтану әдетіміз тек өзіміздің таңдауымызға емес, тамақ индустриясының қалай жұмыс істейтініне де тікелей байланысты.
Ең бастысы, тәттіден біржола бас тартып, өзіңізді үнемі детокспен қинап жүрудің қажеті жоқ. Тәттіні ойланбай, байқамай жей беруді қойып, күнделікті тамағыңыздың ішінде қаншалық қант барын біліп жүрсеңіз болғаны.



