ДенсаулықПсихологияТас қылып байлап алған жүк: неге кей адамдар кешіре алмайды?

Тас қылып байлап алған жүк: неге кей адамдар кешіре алмайды?

16 қыркүйек 2026
5 мин
«Брачная история» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Халқымызда «Кешірімді болу - кеңдіктің белгісі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Өмірде бәріміз де біреуге ренжуліміз: бірі - жұбайына, бірі - ата-анасына, енді бірі - енесіне, бауырына немесе кезінде сенім білдірген досына. Бірақ кейбіреулер бұл өкпені демде ұмытса, енді біреулері соны жылдар бойы жүрегіне жүк етіп, ішіне жинап өтеді.


Адамдардың араздықты ұмыта алмауына, іштегі өкпе-ренішті тас қылып байлап жүруіне не кедергі? Мұның артында қандай психологиялық механизмдер жатыр? Tamga Media сараптап көреді.

  1. Адам ренішті қайта-қайта ойлай берген сайын, кешіру қиындайды.

Психологияда бұл құбылыс руминация деп аталады. Яғни адам болған жайсыз оқиғаны ойлап, өзін мазалаған сұрақтарға айналып келіп жауап іздей береді. Бұл ойлардың жетегіне кеткен сайын іштегі өкпе-реніш күшейіп, араздық оты қайта тұтанады.  


Психолог Майкл Маккаллоу және оның әріптестері жүргізген зерттеуде өзін ренжіткен адамды жиі ойлай беретін адамдардың кешіруі қиынырақ болатыны анықталды. Ғалымдар бұл жерде адамның ашуы да маңызды рөл атқаратынын айтады. Яғни адам оқиғаны қайта еске алған сайын ашуы шығып, кешіруі қиындайды. 

European Journal of Social Psychology журналында жарияланған ғылыми зерттеуде ғалымдар адамның болған жағдайды ойлауының өзін екіге бөліп сипаттайды.

  • Болған оқиғаға байланып қалу.

Адам ұрыс-керістің ұсақ-түйегін қайта-қайта еске алады.


Адамның «Ол маған ауыр сөз айтты», «көз -қарасы ұнамады», «мен айтатын сөздерімді ұмытып қалдым», «неге былай деп жауап бермедім» деген ойлары тұншықтырып, кешіруге кедергі болады.

  • Жағдайға кеңірек қарау.

Адам оқиғаның барлық деталін қайта қазбаламай, оның жалпы мәнін түсінуге тырысады. «Бұл жағдайдан мен не түсіндім?», «бұл қарым-қатынас мен үшін қаншалықты маңызды?» деген сұрақтарға жауап іздейді. 


Зерттеу нәтижесі бойынша, жағдайға кеңірек әрі түсіністікпен қарайтын адамдардың тезірек кешіретіні анықталды. 

  1. Кешіру – кей адамдардың табиғатына да байланысты 

Кейбір адамдар ренішті ұзақ уақыт бойы іште сақтауға бейім келеді. Ғалымдардың пайымдауынша, өшпенділігі бар адамдар ренжіткен адам туралы кекке толы ойларды көбірек ойлайды екен. Ал түсінігі мол, тіл табысуға бейім адамдар болған жағдайды тез ұмытып кетеді немесе өкпе-ренішін айтып, ішін босатады. Жағдайды ушықтырмай тез арада басын ашып алады. Ал кейбірі өзін ренжіткен адаммен сөйлесуден қашқақтайды, өкпелеткен адаммен ашық сөйлеспей, бар ренішін ішіне жинай береді. 


Айта кетер тағы бір жайт, адам жуастық танытып, ақылға салып немесе басқа адамдардың араласуымен «кешірдім» дей салуы мүмкін. Бірақ оның жан дүниесі әлі де қапалы еместігіне кім кепіл?! Сол үшін ішкі халіңіз әлі дайын болмаса, «кешірдім» деуге асықпаңыз. 


26 зерттеу нәтижесін біріктірген мета-талдау бойынша, өзін сенімсіз сезінетін адамдардың өкпені тез ұмытпайтыны, оңай кешіре салмайтыны белгілі болған. Әсіресе жақын адамынан айырылып қалудан қатты қорқатын немесе тым жақын араласудан қашқақтайтын адамдардың кешіруі қиынырақ болады. 

   3. Балалық шақтағы эмоциялық «тәрбие»

Адамның кешіре алмауына оның қазіргі жағдайы ғана емес, бала кезіндегі эмоционалдық күйі де әсер етеді. Биыл психологтар мен ғалымдар 691 адамнан тұратын көлемді зерттеу жасаған. Зерттеу барысында балалық шағында сезімі ескерілмей, сөзі еленбей қалған  адамдардың өкпе-ренішті ұмытуы қиынырақ болатыны анықталған. 


Мамандардың пікірінше, ата-ана балаға «бұған бола жылама», «ренжи берме» деп айтып, эмоциясын жоққа шығарса, бала өз сезімін дұрыс түсіне алмайды. Бала күнінде ішкі сезімдерін дұрыс танымаған адамдар оны қалай реттеу керегін де білмейді. Сондықтан кей жағдайда адамның кешіре алмауы оның әлсіздігінен емес, эмоциямен жұмыс істеу дағдысы қалыптаспағаннан болып жатады.

  1. Реніштің ауырлығы да маңызды

Адамды ренжіткен әрекет неғұрлым ауыр болса, соғұрлым оны ұмыту қиындайды. Опасыздық, қорлау, алдау немесе сатқындық сияқты оқиғалар ұмыта салатын жағдайға жатпайды. Сондықтан бұл жерде «болды ғой, ұмыта сал» деген кеңес іске аспайды. 


Кешіру үшін не істейміз? 


«Кешіруді үйретуге арналған бағдарламаларды құру» атты психологиялық нұсқаулықта мамандар «кешіру үшін қандай тәсілдер тиімді?» деген сұраққа жауап іздеген. Зерттеулер кешіруді бірнеше психологиялық қадамнан тұратын процесс ретінде қарастырады. 

  • Алдымен болған жағдайды мойындаңыз

«Ештеңе болмағандай» түр танытып, өзіңізді «ұмытуым керек» деп қинауға болмайды. Керісінше, нақты не болғанын, не үшін ренжігеніңізді түсініп, саралаңыз.  

  • Өз сезіміңізді қабылдаңыз

Ашуланғаныңызды, көңіліңіз қалғанын, ренжігеніңізді елеусіз қалдырмаңыз. Ішкі күйіңіздің жаман болып тұрғанын мойындаңыз. 

  • Ренжіткен адамның неге олай әрекет еткенін түсінуге тырысыңыз

Бұл – оның жасағанын ақтап алу деген сөз емес. Бірақ ренжіткен адамға жақсы көзқараспен қарауға болады. Яғни «ол дұрыс жасады» деп емес, «оның әрекетіне қандай жағдайлар әсер етуі мүмкін?» деп ойлану керек. 

  • Кешіру туралы саналы шешім қабылдаңыз

Біреуді кешіруіңіз міндетті түрде «сіз болған жағдайды ұмытып кеттіңіз» дегенді білдірмейді. Бірақ адам реніштің көңіл-күйіне, өміріне әсер етуін азайта алады. Кейбір адам қарсы тарапты кешірмей-ақ, кешірім сұрауын күтпей-ақ алға жылжиды. 

  • Кешірім бергеніңізбен, шекараңызды сақтаңыз

Кешірім берген адамыңызбен қайта тату-тәтті болып араласып кету шарт емес. Сізді алдаған немесе қиянат жасаған адаммен сол күйі ат құйрығын кесіскеніңіз өзіңізге тиімді болады.  

  • Өзіңізге уақыт беріңіз

Өкпе-реніш бір күнде басыла салмайды. Өзіңізді «неге әлі кешірмедім?», «неге әлі ұмытпадым?» деп кінәламауға тырысыңыз. Әйтпесе өзіңіз жайсыз күй кешесіз. Болған жағдайды қабылдауға да,  кешіруге де уақыт керек. 


Айта кетейік, психологтар әзірлеген кешіру әдістері адамдарға өкпесін жеңуге айтарлықтай көмектескен. Зерттеу нәтижесінде бұл тәсілдерді қолданғандардың кешіре білу деңгейі ешқандай әдіс қолданбаған адамдарға қарағанда айтарлықтай жоғары болғаны анықталған.


Психосоматика: реніш ағзаға қалай әсер етеді?


Қазір әлеуметтік желіде адамның сырқатын психосоматика ғылымымен байланыстыру әдетке айналып кетті. «Адам іштегі ренішін айтпаса, обырға шалдығады, қалқанша безі ұлғаяды» деген ақпараттар шындыққа жанаспайды. Кешіре алмау өздігінен белгілі бір аурудың себебі болмайды.


Алайда адам ренішті ұзақ уақыт бойы іште сақтап, болған жағдайды қайта-қайта ойлай берсе, бұл созылмалы стресске алып келуі ықтимал. Зерттеулерде мұндай эмоционалдық күй жүрек соғысы мен қан қысымының өзгерісіне әкелуі мүмкін екені байқалған. 

Кешірудің адамға қандай пайдасы бар?


Кешірген адам 

  • реніш пен күйзелістен біртіндеп арылады; 

  • өзін жеңілірек сезінеді; 

  • стресс азайып, көңіл-күйі жақсарады; 

  • адамдарға деген сенімі қайта орнайды.

Кешіру тек кешірген адам үшін ғана емес ренжіткен адамның да психологиялық жағдайына оң әсер етеді. Бірақ кейбір адамдар үшін кешірім сұрау да қиын. Мысалы өзін кінәлі сезінбейтін, жауапкершілікті басқа адамға артатын, қателескенін мойындамайтын, қарым-қатынасты сақтап қалуға ниеті жоқ адамдардың кешірім сұрауы да қиынға соғады. 


Кешіру – айтылған сөзді, болған жанжалды, тараған өсекті ұмытып кету деген сөз емес. Бұл – сол жағдайдың жанға бататын әсерін біртіндеп жеңілдету. Сондықтан кейде біреудің кешірім сұрауын күтпей-ақ, болған жағдайды қабылдап, іштей кешіріп, өзіңізге, денсаулығыңызға және болашағыңызға көңіл бөлген артығырақ екенін ескертеміз.

Бөлісу: