Қазақтың "Жеті атасын білмеген – жетесіз" деген сөзі бекер айтылмаған. Біз әлі күнге дейін жүзге, руға мән береміз, қыз алыспау тәртібін қатаң сақтаймыз. Бірақ осының барлығы қайдан басталды? Қазақтар қалай және неге үш жүзге бөлінді? Әр жүздің өз мінезі, өз тарихы бар деген рас па? Жүзге бөлінген соң қазақтардың өмірі қалай өзгерді? Тарихшы Радик Темірғалиевтің Tamga кітабындағы деректер бойынша талдаймыз.
Қазақтың үш жүзі қалай пайда болды?
ҮшҚазақтар Ұлы, Орта, Кіші жүз деп үшке бөлінеді, бірақ бұл жүздердің қалай пайда болғаны туралы әлі күнге дейін нақты дерек жоқ. Бұл жайында тарихшылар әртүрлі пікір айтады. Шығыстанушы Вениамин Юдиннің айтуынша, Дешті Қыпшақ даласындағы түркі халықтарының ішінде тек қазақтар ғана үш жүзге бөлінген. Ал "Мәджма әл-ғараиб" деген шығармада таудың жоғарғы жағында мекендеген халықты – Ұлы жүз, одан төменірек жерде өмір сүргендерді – Орта жүз, ал ең төмен аймақта мекен еткендерді – Кіші жүз деп атағаны жазылған.

Тарихшы Мұхаммеджан Тынышпаев жүздер Шыңғыс ханның немересі Батый ханның тұсында қалыптасты дейді. Ал Юрий Зуев көшпенділердің әскери-саяси жүйесі “оң қанат, сол қанат, орта қанат” болып бөлінгенін, жүздердің осы жүйеден шығуы мүмкін екенін айтады.
Ғалымдар Василий Бартольд, Санжар Асфендияров және Ирина Ерофеева қазақ жерін көшпелі шаруашылыққа ыңғайлы үш географиялық аймаққа бөліп, қазақтың үш жүзін осы үш аймақта пайда болған дейді. Тұрсын Сұлтанов болса, көшпенділер күймелі арбадан киіз үйге өткен кезде “жүз” деген ұғым бірге пайда болды деп есептейді.
Қазақ хандығының ішкі құрылымын толық зерттеген Қадырғали бектің дерегі бойынша, Қазақ хандығы оң және сол қанатқа бөлінген. Есім хан басқарған сол қанат үш “саннан” (әскери бөлімнен) тұрған, ал Тұрсын ханның оң қанаты екі сан болған. Екі ханның қақтығысынан кейін оң қанат жойылып, Есім ханның сол қанаты негізгі күшке айналған. Зерттеуші Жақсылық Сабитов осы үш “сан” кейін қазақтың үш жүзіне айналды деген пікірде. Ал Сұлтан Әкімбеков жүздер тек XVII ғасырдың соңында, Тәуке хан тұсында ғана нақты қалыптасты деп санайды.

Алаша хан туралы аңыз
Қазақтың үш жүзі қалай пайда болғанына қатысты аңыз да бар. Ең танымалы – Алаша хан туралы аңыз. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің айтуынша, қазақтың алғашқы ханы Алаша ханның 300 әскері болған. Әскердің әрқайсына түрлі міндет жүктелген. Бірінші жүзді Үйсін басқарған: олар салық жинаған, бірақ соғысқа қатыса алмаған. Екінші жүзді Болатқожа басқарған: олар хан ордасын күзеткен, ал елге жау кіргенде қосымша күш ретінде ғана шыққан. Үшінші жүзді Алшын басқарған: олар хан ордасының шекарасын қорғап, соғыс басталғанда алдыңғы шепте тұрған. Осыған байланысты Майқы бидің мынадай сөзі бар:
“Ұлы жүзге қамшы бер де, малға қой
Орта жүзге қалам бер де, дауға қой,
Кіші жүзге найза бер де, жауға қой”
Қазақтар үш жүзге бөлінген соң өмірі қалай өзгерді?
Әр жүздің ішінде ру-тайпалар болды. Әр рудың өз шежіресі, таңбасы, ұраны болған. Бұл таңбалар қасиетті саналып, қаруға ойылып салынып, киім-кешекке кестеленген. Тіпті оны мөр ретінде де қолданған. Ұран шақырылғанда үйде қалуға да болмайтын. Ұран шақырылғанда үйде қалған адамды қатты сынаған. Мұндай адамға қыз да бермеген. Ал балаларына жеті атаны толық жаттауды міндеттеген.
Әр жүздің өз билері, сұлтандары, әскери күші болды. Бұл хандықтың қорғанысын күшейтті. Ру ішіндегі дау-жанжал сыртқа шығарылмай, өз ішінде шешілген. Бір рудан қыз алысуға тыйым салынып, басқа рулармен құдандалық жасалды. Бұл қан тазалығын сақтауға, руаралық байланысты нығайтуға және диалектілердің қалыптасуына жол бермеуге көмектесті.
Тәуке ханның тұсында Жеті жарғы бүкіл қазаққа ортақ заң болды. Онда Шыңғыс әулетін өлтірген адам қарапайым адам өлтіргендегі құннан жеті есе көп төлеуі керек деп белгіленген. Ал ханды өлтіру – Құдайдың қаһарына қалатын ең ауыр күнә деп есептелген. Бұл заңдар Ұлы және Орта жүзде қатаң сақталса, Кіші жүз аса ұстана бермейтін. Себебі олар "қанға-қан, жанға-жан" қағидасы қатты ұстанды.Орта жүздің билері мен жыраулары тіл мен әдебиетті дамытты. Кіші жүз батырлық дәстүрімен танылды. Ұлы жүз діни-рухани бағытта беделге ие болды.

Ұлы жүзге кімдер кірген және олар қандай болған?
Ұлы жүз – Шағатай ұлысынан бөлінген Моғолстан тайпаларының негізінде қалыптасқан. Оның құрамына жалайыр, үйсін, сары үйсін, шапырашты, ошақты, ысты, суан, албан, дулат, қаңлы, сіргелі, шанышқылы рулар кірді. Ұлы жүз адамдары дінге берік болған: намаз оқып, ораза ұстаған, ата-баба дәстүрін құрметтеген. Төле би, Майқы би, Наурызбай батыр, Қарасай батыр, Райымбек батыр, Өтеубойдақ Тілеуқабылұлы осы жүзден шыққан.
Орта жүзге кімдер кірген және олар қандай болған?
Орта жүз – ең қуатты әрі саны көп бірлестік. Олар әртүрлі тайпа одағынан құралған, сондықтан олардың мекен еткені жеріне, шежіресіне қатысты қарама-қайшы дерек көп. Орта жүзге арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, керей, уақ, тарақты және тағы басқа рулар жатады. Орта жүздің халқы дәулетті, үйір-үйір жылқысы болған. Бұл жүзден билер мен ақын-жыраулар көп шыққан: Кетбұқа, Ақжол би, Қазыбек би, Бұхар жырау, Тәттімбет, Ақан сері, Біржан сал, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ыбырай Алтынсарин. Орта жүздің хандары мен сұлтандары өзін қалған екі жүздегі Шыңғыс ұрпақтарына қарағанда текті әрі биік санаған.
Кіші жүзге кімдер кірген және олар қандай болған?
Кіші жүздің негізін түркі тектес алшын тайпасы құраған. Алшындар бұрын Ноғай ордасының аумағында көшіп-қонып жүрген. Ноғай ордасы ыдырағаннан кейін Кіші жүз қалыптасты деген пікір бар. XIX ғасырда кей қазақтар Кіші жүзді “Ноғай” деп атаған. Бірақ оны тек Ноғай Ордасының жалғасы деуге болмайды, өйткені XV–XVI ғасырларда екі хандықтың билеушілері жауласып отырса да, халықтары өзара тату болып, жиі араласып көшіп жүрген. Кіші жүз құрамына алшын, табын, адай, қаракесек, шеркеш, шекті, тама және басқа да рулар енеді.
Кіші жүз халқы жаугершілікке көп қатысқан. Олар қалмақтармен, башқұрттармен, Жайық казактарымен, түрікмендермен, хиуалықтармен, қарақалпақтармен соғысып, Жоңғар шапқыншылығына қарсы маңызды рөл атқарған. Ресейге қарсы көтерілістердің көбі де осы өңірде болған.
Кіші жүз адамдары батыл, мінезді, қызуқанды болған. Орта жүзде билер беделді болса, Кіші жүзде батырлар құрметке ие болған. Соған қарамастан бұл өңірден Махамбет сияқты өр рухты ақындар, Құрманғазы сияқты күйші-композиторлар да шыққан.




