Еркіндікке шыққан қара нәсілді құл туралы эпикалық баян, нацистік Германиядағы партизандар жайлы фильм және аузы-аузына жұқпайтын екі пысық жалдамалы жендеттің қылмыстық хикаясы... Осының бәрінің басын не біріктіреді? Мұның бәрі – өмір жолы өте қызық бір адамның қиялынан туған үлкен әлемнің бөлшектері. Ол – Квентин Тарантино. Біз режиссердің құпиясы неде екенін түсіну үшін оның өмірбаянына үңіліп көрдік.
Оның тегі әлдеқашан фильм титрлерінен асып, жалпылама есімге айналды. «Тарантино стилі» десе, көз алдымызға ұзын-сонар, бір қарағанда үйреншікті көрінетін, бірақ сахнаның бүкіл сиқыры мен атмосферасын жасап тұрған диалогтар келеді. Оның туындылары «Оскар» алып, жүздеген миллион доллар касса жинайды және қазіргі поп-мәдениеттің төрінен мәңгілік орын алды.

Әкесіз өткен балалық шақ пен ерте есею
Квентин Джером Тарантино 1963 жылы 27 наурызда Теннесси штатындағы Ноксвилл қаласында дүниеге келген. Анасы Конни Макхью оны босанғанда небәрі 16 жаста еді. Ал туған әкесі, актер Доминик Тарантино, ұлы тумай жатып кетіп қалған, оны тәрбиелеп өсірмеген.
Квентин кішкентай кезінде анасымен бірге Лос-Анджелеске көшіп келеді. Анасы жұмыс істеп, жеке өмірін реттеуге тырысқан соң, ұлын жиі өзімен бірге кинотеатрларға, барларға, ересектер отыратын орталарға ертіп жүретін.
Квентин алты-жеті жасынан бастап киноға қызыға бастады. Оның үстіне, ол мультфильм емес, 70 жылдардағы қылмысқа толы драмалар мен қатігез соғыс фильмдерін көрді. Оның талғамы мен эстетикасы дәл осы кезден қалыптасты. Ол танымал кино болсын, мейлі арзанқол, оғаш жанрдағы дүниелер болсын – бәрін талғамай, сіміріп өсті. Кейінірек ол өз кітабында былай деп жазды:
«Сол дәуірдің фильмдері сапасына қарамастан өте қызық еді. Оларды міндетті түрде толы залда отырып көру керек».
Ол үшін кино қоғамды танудың құралына айналды. Ол экрандағы көріністі ғана емес, көрерменнің реакциясын, олардың қалай күліп, қалай қорқатынын бақылайтын. Кейін бұл оның режиссерлық «қолтаңбасына» айналды.

Жасөспірімдік бүлік: мектепке бармаймын деген кезі
Жасөспірім шағында Квентин мектептен біржола алшақтады. Оған оқу тым іш пыстырарлық дүние болып көрінді, өйткені оның нағыз құштарлығына, киноға, мектептің еш қатысы жоқ еді.
Сөйтіп ол 15 жасында мектепті тастаймын деді, анасы да бұған келісті, бірақ бір шарт қойды: «Жұмыс істейсің, өз-өзіңді асырайсың».
Квентиннің алғашқы жұмыс орны – порнокинотеатр болды (ол кезде АҚШ-та мұндай орындар көп еді). Ол жерде билет тексеруші болып істеді. Бұл оның алғашқы табыс көзі әрі өзгеше форматта болса да, кино саласында жүрудің тағы бір мүмкіндігі еді.
Осы аралықта ол актерлық курстарға да барды, бірақ ол жерде де ұстаздарымен үнемі салғыласып қалатын. Жас Квентин киноны олардан кем білмейтініне сенімді еді, сондықтан ешкімнің беделін мойындамады. Бұл уақытта ол өз болашағы тек киномен байланысты болатынын нақты түсініп қойған.

Киномектептің орнына өз бетімен ізденуді жөн көрді
Тарантино ешқашан режиссерлық білім алмаған. Дегенмен бұл оның индустриядағы ең білімді адамдардың бірі болуына кедергі келтірмеді. Ол бәрін өз бетімен үйренді: фильмдерді қатар-қатар көріп, сценарийлерді парақтап, режиссерлардың сұхбаттарын оқыды. Киноның қалай жасалатынын іштей зерттеді.
Уақыт өте келе, Тарантино киноны жай ғана тамашалауды қойды. Ол оны «бөлшектей» бастады: «Бұл сахна неге былай түсірілген? Мына диалог не үшін керек? Кейіпкердің бір шешімі бүкіл сюжетке қалай әсер етеді?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Оны экрандағы оқиға ғана емес, сол оқиғаның «ішкі механизмі» қызықтырды. Осылай, Тарантиноның алғашқы минуттардан-ақ танылатын бірегей стилі қалыптаса бастады.
Бейнепрокат – нағыз өмір мектебі
80 жылдардың басында 21 жастағы Квентин Манхэттен-Бич ауданындағы Video Archives деген бейнепрокатқа жұмысқа орналасты. Бір қарағанда, кассета сататын кәдімгі дүкенші. Бірақ дәл осы жер оның шығармашыл тұлға ретінде қалыптасуына көп ықпал етті.
Тарантино бүкіл уақытын сонда өткізетін. Киноларды бірінен соң бірін көреді, сатып алушылармен талқылайды, оларға кеңес береді, режиссерлармен жанрлар туралы дауласады. Кино ол үшін әуестік емес, күнделікті өміріне айналды.
Ең бастысы – ол көрерменнің реакциясын зерттеді. Ол адамдардан не нәрсе оларды баурап алатынын, ал қай тұста іштері пысатынын сұрап білетін. Сюжетті қалай құру керек екенін осылай меңгерді. Тарантино естеліктерінде: «Мен үшін ең жақсы киномектеп – бейнепрокат, өйткені мен ол жерде фильмдерді емес, сол фильмдерді көретін адамдарды зерттедім», – дейтін.

«Менің ең жақын досымның туған күні»: Алғашқы қадам
22 жасында Квентин алғаш рет өз фильмін түсіруге бел буады. Туынды «Менің ең жақын досымның туған күні» (My Best Friend's Birthday) деп аталды. Тарантино бәрін дерлік жалғыз істеді: сценарийін жазды, режиссеры болды, тіпті басты рөлдердің бірін өзі сомдады. Фильм арзан таспаға түсірілді, ақшаның жетіспеген соң, түсірілім бірнеше жылға созылды. Жұмыс кестесіне ыңғайлап, уақыт тауып түсіріп жүрді.
Сюжет бойынша, бейнепрокатта істейтін Кларенс ең жақын досы Миккидің көңілін көтеру үшін оған ең керемет туған күн ұйымдастырмақ болады. Күні бойы олар түрлі қызыққа тап болып, шытырман жағдайларға кезігеді. Бұл оның дебюті болса да, фильмде әйгілі «тарантинолық диалогтардың» нышаны байқалып тұрды.
Бірақ фильм жарыққа шықпады. Өрт кезінде түсірілген материалдың көбі жанып кетті, ал аман қалған бөліктері фильмді аяқтауға жетпеді. Сәтсіздік сияқты көрінеді, иә? Шын мәнінде, бұл бетбұрыс еді. Тарантино түсірілім алаңының «асханасын» іштен көрді. Ең бастысы кино әлеміне біреудің шақырғанын күтпей-ақ, өз күшіңмен кіруге болатынын түсінді.
«Құтырған төбеттер»: Есікті айқара ашқан фильм
1992 жылы 29 жастағы Квентин Тарантино «Құтырған төбеттер» (Reservoir Dogs) деген алғашқы толықметражды фильмін шығарды. Бұл – сәтсіз аяқталған тонау туралы хикая. Мұнда оқиға төбелеспен емес, кейіпкерлердің диалогымен, ішкі шиеленіспен өрбиді. Фильмнің бюджеті аз болса да, сценарийі өте мықты еді, тіпті танымал актерлар жас режиссерға сеніп, фильміне түсуге келісті.
Фильм касса жағынан көп қаржы әкелмесе де, индустрияда үлкен дүмпу туғызды. Бәрі мүлдем бөлек стильде жұмыс істейтін жаңа режиссердың келгенін түсінді. Фильмде кейіпкерлер тек сөйлесіп отырғанымен, экранға тесіліп, жіпсіз байланасың. Осы премьерадан кейін Квентин ақыры бейнепрокаттағы жұмысынан кетіп, бүгін біз білетін Тарантиноға айналды.

«Криминал оқиға»: Бәрін өзгерткен туынды
Нағыз төңкеріс 1994 жылы, экранға аңызға айналған «Криминал оқиға» (Pulp Fiction) шыққанда болды. Бұл фильм жай ғана табысты болып қоймай, заманауи киноның тілін өзгертті.
Тарантино үйреншікті сюжет құрылымын тас-талқан етті. Оқиға желісі рет-ретімен емес, араласып, алға-артқа жылжып отырады. Кейіпкерлер жай ғана тамақ, өмір туралы әзілдесіп отырады да, арада уақыт өтпей жатып қанды қырғын атыс басталып кетеді. Қатыгездік, әзіл мен философия бір жерде қалайша үйлесім тапқаны таңғалдырады.

Фильм Канн фестивалінде «Алтын пальма бұтағын», «Оскарда» үздік сценарий сыйлығын алды. Тарантиноның есімі әлемдік деңгейдегі режиссерлардың қатарына біржола қосылды.
«Криминал оқиғадан» кейін оны тек визуал үшін емес, мағынамен қалай жұмыс істейтіні үшін «гений» деп таныды. Оны қатыгездігі үшін жиі сынайтын, бірақ бұл – оның авторлық қолтаңбасы. Оның фильмдеріндегі зорлық-зомбылық бөлек емес, адамды қорқытатын әрі баурап алатын ерекше эстетиканың бөлігі ретінде жүреді.
Одан кейін ол «Джеки Браун», «Биллді өлтіру», «Атақсыз арамзалар», «Азат етілген Джанго» сияқты бірінен соң бірі жауһар туындыларды түсірді. Бұл фильмдер көрерменнің киноға тек оқиға үшін емес, Тарантиноның өзі жасаған бірегей әлемі үшін баратынын дәлелдеп берді.



