Шахмат – біреулер үшін зияткерлік ойын, ал енді біреулер үшін – нақты спорт. Әлемнің 137 елі шахматты ресми түрде спорт деп мойындайды. Бірақ оған келіспейтіндер де бар. Олардың айтуынша, шахмат Олимпиадаға енбеген және ойыншылар қозғалмай ойнайтын болған соң, оны спорт деп айту қиын. Бүгінгі материалда Tamga Media шахматты неге спорт деп қарастыруға болатынын түсіндіреді.
Халықаралық шахмат федерациясы бар
Әр спортты бақылайтын халықаралық ұйымдар бар. Мәселен, футболды FIFA, баскетболды NBA федерациясы қадағалайды. Ал шахмат ойынын бақылайтын ұйым – FIDE. 1999 жылы Халықаралық олимпиада комитеті FIDE-ні халықаралық спорт федерациясы деп таныды. Бұл - енді шахмат әлемде бокс, волейбол, теннис сияқты спорт түрі ретінде саналады деген сөз. FIDE басқа ұйымдар сияқты ережелер құрып, чемпионаттар өткізіп, шахматшыларды бағалап, оларға “гроссмейстер”, “халықаралық шебер” деген сияқты халықаралық атақтар береді.
Дегенмен шахмат Олимпиада бағдарламасына қосылмаған. Себебі Олимпиада шарты бойынша, жарыс кезінде спортшы белсенді түрде қозғалуы керек. Ал шахмат атлетикалық спорт болып саналмайды.

Шахмат та – бәсеке толы спорт түрі
Десе де шахматтың да өз турнирі бар. Бұл жарыс екі жыл сайын өтеді, бірақ оны Халықаралық Олимпиада комитеті емес, FIDE ұйымдастырады.
Шахматшылар да басқа спортшылар сияқты дәрежеге ие болады. Спортшы жекпе-жекте “спорт шебері” деген атақ алса, шахматта “FIDE шебері”, “халықаралық шебер”, “гроссмейстер” деген атақтар беріледі.
Кәсіби спортшылар сияқты жоғарғы деңгейдегі шахматшылар да өмірін толықтай шахматқа арнайды. Олар шахматтан табыс табады және күн сайын қатаң режиммен үнемі жаттығып отырады.
Ереже мен тәртіп бар
FIDE турнирлердің бәрін спорт талабы бойынша қадағалап отырады. Мәселен, 2001 жылы FIDE WADA кодексіне қол қойды. Ол бойынша, шахматшыларға күшті, зейінді арттыратын дәрі ішуге болмайды. Сондықтан жарыс алдында ойыншыларды допингке тексереді.
Оған қоса ойыншылар регламентке мән беруі керек. Ойын кезінде телефон қолдануға, біреуден көмек сұрауға болмайды. Мұның бәрін қазылар алқасы бақылайды.
Шахматта тәртіп пен әдеп өте маңызды. Ойын басталарда және аяқталғанда қарсыластар міндетті түрде қол алысады. Ойын кезінде себепсіз тұрып кетуге немесе қарсыластың фигураларына тиісуге болмайды. Қолы тисе, қадам жасауы керек.
Шахматшылар ойын басталғанда қарсыласына сәттілік тілеп, аяқталғанда алғыс айтып, құрметін білдіреді. Әдеп сақтамаған ойыншы айыппұл алуы, тіпті турнирден шеттетілуі мүмкін.

Физикалық дайындықты да қажет етеді
Ұзақ уақыт бір орында тапжылмай отырып, миын қатты жұмысқа салу үшін де шахматшылардың денсаулығы мықты болуы керек. Мысалы, 1984 жылғы әлем чемпионатында Анатолий Карпов 5 айда 10 келі салмақ жоғалтып, матч тоқтатылған. 2004 жылы Рустам Қосымжанов чемпионаттан кейін 8 келі тастапты. Polar компаниясы 2018 жылы гроссмейстер Михаил Антиповтың 2 сағат ойында 560 калория жоғалтқанын айтқан. Дәл осы мөлшердегі калорияны спортшы Роджер Федерердің бір сағат теннис ойнағанда жұмсайтын қуатына тең. Ал ғалым Роберт Сапольски турнир кезінде шахматшы 6000 калорияға дейін жоғалтуы мүмкін дейді.
Қорытындылай айтқанда, шахмат – тек ақ-қара тақтадағы ой емес. Ол - тәртіпті, үздіксіз жаттығуды, бәсекені, халықаралық ережені және физикалық дайындықты талап ететін толыққанды спорт.




